Ғұмыры қысқа болса да, шығармашылық жолы жарқын болған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев халық жадында мәңгілікке сақталады. «Ақиық ақын» атанған тұлға 1931 жылдың 9 ақпанында Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында туған. Мұқағали Мақатаев шетелдің атақты ақындары Уильям Шекспирді, Уолт Уитменді, Алигерьи Дантені қазақшалаған.
Ақынның туған күніне орай бұған дейін республикалық stan.kz сайтында жарық көрген оның келіні Бақыткүл Мақатаеваның сұхбатын беруді жөн көрдік. Мақалада Мұқағалидің өмірі мен шығармашылығынан көпшілік біле бермейтін деректер айтылады.
Мұқағалидің екі туған күні тойланады
Бақыткүл Мақатаева ақынның туған күні құжаты бойынша 9 ақпан екенін, сондай-ақ, республика бойынша да осы күні тойланатынын айтады.
Мақатаевтың анасы баласын 8 наурызда дүниеге әкелгенін айтқан. «Мұқағалиім 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз», – депті сұхбаттардың бірінде ақынның анасы Нағиман.
«Қазір ол кісінің екі туған күні тойланып жүр», – дейді ақынның келіні Бақыткүл Мақатаева.
Мұқағали өлеңдерін кімдер иеленіп кетті?
Мұқағалидің бір кітаптай жарыққа шықпай қалған жазбалары әлі күнге дейін табылмады
Мұқағали Мақатаев өлеңін жазып, ұнатпай, мыжып-мыжып лақтырып жібереді екен. Оны Лашын апамыз байқатпай жинап жүріп, талай өлеңдерін жинаққа қосқан екен. Бір бума құжаттарын әкеле жатып, жол-жөнекей біреулермен кездесіп, сол жерде ұмытып кеткен жағдайлар болған. Бір кітаптай дүниесін өзі жоғалтып алып, таба алмай кетіпті. «Мұқағалидың өлеңін біреу иемденіп кетіпті» деген де әңгімелер тараған екен.
Алайда мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы ақынның өлеңін ешкім иемденіп кете алмайтынын айтқан. Себебі Мұқағалидің әрбір шығармасынан иісі аңқып, стилі көрініп тұрады, дейді.
«Атамыз кезінде Жазушылар одағына портфельмен барып, онда бір томдық таңдамалы шығармаларын, өлең жырларын жинақтап жүрген. Сөйтіп сол жерде қалдырып кеткен екен. Содан бері 45 жыл уақыт өтті, әрбір кездесуде біреулер портфельді тапқан болса, алып келіп, қайтарып берсеңіздер, алғысымызды айтар едік деп айтып отырамыз. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұл портфель табылмады», – дейді ақынның келіні.
Алғашқы «Өмір-дастан» жинағы 33 жасында шықты
Ақынның келінінің айтуынша, ол ұзақ жылдардан бері ақын атаның шығармашылығын халыққа таратумен айналысуда. Осыған орай Мұқағали атындағы Халықаралық қоғамдық қоры да құрылған.
«Көзі тірісінде пышақтың қырындай кітаптары шықты. Көлемді деген алғашқы жинағы «Өмір-дастан» болды. Бұл жинағын қолына ұстап, қуанған болатын. Ең алғашқы кітабын Әбділда Тәжібаевқа табыстады.
Одан кейін ақынның мұрағатымен Лашын апамыз 30 жылдай айналысып, маған табыстап кетті. 50, 60, 70 жылдығында «Жалын» баспасынан екі томдық, үш томдық, төрт томдық жинақтары шықты», – дейді Бақыткүл Мақатаева.
Дантені аударған алғашқы Орта Азия ақыны
«Ең алғашқы көлемді кітабы Дантенің аудармасы болды. Осы аударма кезінде атамыз өте көп жұмыс істеп, денсаулығына да біраз қиыншылықтар келді», – дейді Бақыткүл Мақатаева.
«Көзі тірісінде өзіне қызмет еткен жоқпын, енді рухына қызмет етіп жатырмын. 2005 жылы қор құрылған соң Лашын анамыз «артында қалған ұрпағысыңдар» деп аталарыңның мұрағатын, естеліктер, қолжазбаларын, кітаптарын, сол кісі туралы жазылған газет-журнал қиындыларына дейін жинаған екен. Солардың бәрін бір жерде отырып маған өткізіп берді. Әулеттің салмағы келіндеріне түседі. «Мен алып жүрдім, енді осы үлкен жауапкершілікті сен ғана алып жүре алатыныңа сенімдімін» деді. Содан бері біраз жұмыс істедік.
Атамыз «Ең бірінші бақытым – халқым менің, Оған берем ойымның алтын кенін» деп халқын жырлаған. Ал халқы да қанша жыл өтсе де, жырлары кеше ғана жазылған сияқты сиясы кеппегені секілді халық аузында жүр», – дейді ол.
Қыздарымызды аталарының мұрасын жалғастыруға дайындап жатырмыз
«Мәңгілік ештеңе жоқ. Біздің Әсел, Айжан есімді қыздарымыз бар. Аталарының творчествосын өте жақсы біледі, үлкен құрмет, қошеметпен қарайды. Осы бастан ән-жыр концерттерін ұйымдастырған кезде қыздарды бірге алып жүріп: көрсетіп, қайда бару керек, жоспарды қалай жасайды, кітапты қалай шығарады деген сияқты мәселелерді үйретіп жүрміз.
Аталарынан қалған дүниені шаң басқан архивтерден емес, халықтың жүрегінен, ұрпақтың қолына жеткізу үшін әулеттің атынан жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ақын келіні.
Бізге алтынның сынығы деп қарайды. Біз танымай қалса екен деп отырамыз...
Бақыткүл Мақатаева қазіргі жастар поэзияны да, кітапты да оқиды дейді.
«Ақын – халық ақыны, ал қазақ халқының қара өлеңге деген құрметі жоғары. Кейде көпшілік қазіргі жастар кітап оқымайды деп жатады. Жыл сайын біз ұйымдастыратын байқаулардағы жастарды көріп кітап оқымайды, поэзияны түсінбейді деген пікірмен келіспеймін. Өлең оқу республикалық байқауларына 600-700-дей бала Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. 5-6 жасар тілдері жаңа шыққан балалар, жүректерін керіп тұрып айтқанда, образға кіріп, көкіректерін қағып тұрып оқығанда оған сүйсінбеске, қуанбасқа амал жоқ», – дейді ол.
Айтуынша, ақынның артындағы ұрпағына жақсының, алтынның сынығы деп қарайды.
«Біз танымай қалса екен деп отырамыз. Қызы, келіні деп құрметтеп, қасымызға келіп, суретке түсіп қошеметтерін білдіріп жатады. Бұл ақынның рухына, шығармашылығына деген үлкен тағзым. Бұл біз үшін бұл үлкен жауапкершілік, сондықтан халықтың сүйіспеншілігіне сай өзімізді де солай ұстауға тырысамыз», – дейді ол.
Он бес жыл бойы ақынның келіні екенімді ешкім білмеді
«Балалар кішкентай кезінде олармен бірге балабақшаға тәрбиеші болып кірдім. Әсел қызымыз мектепке барғанша сонда жұмыс істедім. Өзіммен қатарлылар жұмыс істегендіктен, ол жерде «бәленшенің» келіні едім деп, көкірек қаққан сияқты болмайын деген оймен ешкімге айтпадым. Тек кейін телевизиядан, ақпарат каналдарынан мені көріп таңғалып, «Неге айтпайсың» деп ренжігендер болды. Бұл кемсіту емес, ол кісінің атына деген құрмет, қошемет сезімінен пайда болған нәрсе.
«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді. Дәрежелі болып, үлкен жұмыста отырған жоқпыз, бірақ ұлы ақынның ұрпағы болғаннан кейін соған сай болу үшін ешкімге айтқан да, мемлекеттен көмек сұраған да емеспіз. Қорды да өз күшімізден ұстап, кітаптарды шығарып, ән-жыр кештерін республика сарайында өз қаражатымызға ұйымдастырып жүрміз»,- дейді Бақыткүл Мақатаева.
Ақынның жұбайы өзінен 4 жасқа үлкен болған
Болашақ ерлі-зайыптылар танысқанда ақын 17 жаста, жас қыз 21-де болған. Ат үстінде отырған Лашынның сұлулығы оны тамсандырса керек. Бірден «Мына қызды жар етіп аламын» деген екен.
«Қарасудың жанында жолдастарымен әңгімелесіп отырғанда Лашын анамыз өтіп бара жатқан кезде оның әдемілігіне, отырысына қарап, атамызда керемет сезім пайда болған екен. Қайтсем де осы қызға үйленем деп айтқан екен.
Ақыр аяғында артынан қалмай жүріп, Лашын анамызбен танысып, ауылдың сыртында кездесіп жүріп, махаббаттың арқасында үйленген», – дейді Бақыткүл Қадырбайқызы.
Мұқағалидің бірінші сыншысы жұбайы болған
Лашын анамыздың атамыз туралы айтпаған күні болған жоқ. Ол кісі жайлы ақпараттар газетке шықса, не теледидардан көрсетілсе көзіне жас алып еске алып отыратын. Ол кісілердің арасында үлкен махаббат болатын.
Ауылдың сыртында қара таста отырып жігіт кезіндегі алғашқы өлеңдерін маған оқып беруші еді деп еске алатын. Совет үкіметі кезінде ауылда жастар Қозы мен Баян спектаклін қойғанда, атамыз Қозының, Лашын анам Баянның рөлін ойнаған екен.
Ақынның ұрпақтары қайда?
«Атамыздың алты баласы болған екен: тұңғышы – Ләззат. Ол алты айлығында шетінеп кеткен. Одан кейін Майгүл. Бұл қызы Алматыға келгенде оқушы болып жүрген шағында көлік апатынан 11 жасында қайтыс болды. Содан кейін біздің үйдегі Жұлдыз ағаларың. Әкесінің қалауымен заң факультетіне түсіп, оқу бітіріп, қырық жыл прокуратурада, ІІМ-де істеп, қазір демалыста.
Одан кейін Алмагүл есімді қарындасы бар, ол кітапханашы, зейнеткер.
Одан кейін Айбар деген ұлы болған. Оған да ақын бірқатар туындыларын арнаған. Айбар 2015 жылы 55 жасында дүниеден озды. Мектеп бітірген соң құрылыста жұмыс істеп жүріп, басымен құлап аурушаң болып қалды. Жанұясы болған жоқ.
Кішкентай кезінде пысық бала болған екен. Біз үйленген жылдары Пушкиннің, Есениннің өлеңдерін бір сәтте қағып алатын болған.
Айбардан кейін ең кенже қызы Шолпан. «Шолпанымды сағынғаным-ай» деген өлеңі бар. Ол қазір ҚазҰУ-да филология кафедрасында француз тілінен сабақ береді», – дейді ақынның келіні.
Жалпы Мұқағалидің бүгінде 6 немересі, 5 шөбересі бар. Алмагүл, Шолпан, Жұлдыз – үшеуінің де жағдайы жақсы. Немере, шөберелерін бағып отырған жайлары бар.
Ақындық ұлына дарыған...
«Жұлдыз ағаларың ақындыққа беріліп, берілмегенін тексеру үшін өлең жазып жүрді. Осылайша 80 жылдықта «Әке сарыны» кітабын жинақ қып шығардық. Онда да әуесқойлықпен жазды, өзін ақынмен деп санамайды. Бір-екі қалың дәптерге жазған өлеңдерін теріп, кітап етіп шығарғанмын. Соны алып келіп кітап сияқты бергенімде өзі қуанып, жап-жақсы дүниелер екен ғой деген еді. Бірқатар газет-журналдарға өлеңдерін жарияладық. Ақындық жеті атадан қайталанады дейді, сондықтан үмітімізді үзбейміз, шөбере-немерелерінен шығатын шығар деген үміт бар», – дейді ол.
«Қол көтерген емес»: Мұқағали балаларды ерекше жақсы көрген
Ақын келіні Бақыткүл Қадырбайқызы жұбайы әкесінің өте мейірімді болғанын жиі айтады, дейді.
«Жұлдыз ағаларың әкесін еске алғанда мейірімді болғанын айтып отырады. Қанша бұзықтық жасасақ та, ешқашан қолын алып, бізді ұрып көрген жоқ еді. Балаларға мейірімін төгіп тұратын. Көшеде келе жатқанда таңертең балаларын жылатып алып бара жатқанын көріп, балаларды басынан сипап, мұрнынан түртіп кетеді екен.
Ақын «Таңғы ұйқының тәттісі-ай» деген поэма жазуды жоспарлаған. Кішкентай балалардың балабақшаға кетіп бара жатқандағы жылағаны ақын жүрегін ауыртатын көрінеді. Сондықтан оларға арнап поэма жазамын деген екен. Осыдан оның жүрегінің нәзіктігін көреміз. Бірақ амал не, бұл поэмасы жазылмай қалды», – дейді ол.
Ақын 45 жасында қайтыс болғанда ұлы Жұлдыз 21 жаста болған. Ол кезде университетті бітіріп, Атырауда жұмыс істеп жүргенде М.Мақатаев қатты ауырып қалып, ұлын шақыртып алған екен. Әкесінің соңғы күндері ұлы мен анасы Лашын жанында болған.
Фариза Оңғарсынова мен Лашын Мақатаева жақсы араласқан
«Фариза Оңғарсыновамен ол кісінің соңғы күндеріне дейін жақсы араластық. Ол кісі Лашын анамыздан кіші болса да, онымен сөйлескенде, хабарласқанда оған қаратып «Ей, Лашын!» деп сөйлейді екен. Сол кезде біз неге ол кісі кіші бола тұра, сізге олай сөйлейді деп күлетінбіз.
Лашын анам оған күліп: «Ей, ол еркек мінезді ғой.. Мен еркек мінезді болсам, ол менен өткен ер мінезді. Ер мінезді азамат сияқты ғой, айта берсін!», – дейтін. Лашын анамыз бен Фариза апамыздың арасында өмірлерінің соңына дейін жақсы байланыс болды. Хабарласып, тойларында, қуаныштарда бірге жүрді, үйге де жиі қонақ болып келетін.
Біз көп жерге барған кезде «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» деген өлеңін халықтың кейбірі түсінбей: Осы Фариза мен аталарыңның арасында үлкен бір сезім болған екен, өлең арнаған екен деп сұрап жатады. Алайда мұндай ешқандай сезім болмаған. Мұқағали Фаризаны өнердегі қарындасы ретінде қабылдаған, сыймен қараған, ақын болатынына сенген. «Шеңберден» шық!» деген. Мұнысы ақын болғаннан кейін компартияның шеңберінде қалып қалмай, таза бол, әділ бол дегенді білдіреді.
Ол кісілердің арасында өнердегі аға мен қарындас арасындағы қарым-қатынас болды», – дейді Бақыткүл Мақатаева.
Бақыткүл Мақатаева Мұқағали бақытты ақын екенін айтып, болашақ ұрпаққа осы тұлғаның мұраларын жөнімен пайдалануды ұсынды.
«Ұрпаққа айтарымыз, атамыздың өлеңдері өмірге жол көрсететін шырақ сияқты. Жүректен шыққан дүниелерін егер әркім өзінің жүрегіне түсіп оқитын болса, жол сілтеушісі сияқты, күлгенді жылатып, жылағанды жұбататын, жүректен орын алатын дүние. Ұрпақтарға тілді, дінді, ешқашан ұмытпаңыздар, ұлыларды ұлықтап, артынан қалған мұраларын пайдаланыңдар деп айтқым келеді. Ол кісінің дүниесі жерде қалады деп ойламаймын. Атамызды бақытты ақын деп айтуға болады. Ол кісі көзі тірісінде құрмет, қошеметтің бір бөлігін ғана көрсе 45 жыл емес, одан да көп өмір сүрер ме еді. Ұрпағымыз қара өлеңнің қасиетін тұшынған ұрпақ. Ол өлеңмен өмір сүретіні сөзсіз», – деді Бақыткүл Мақатаева.
«Stan.kz» сайтының мәліметтері негізінде әзірлеген, Жұмабек Сманов.