Биыл ақын, журналист Павел Васильевтің туғанына 115 жыл толып отыр. Өткір тілді өршіл ақын 1909 жылдың желтоқсанында Зайсан қаласында туған. Әкесі қарапайым мұғалім, анасы көпес отбасында дүниеге келген екен.
Зерттеушілер болашақ ақынның өлеңге құштарлығы әжесі Мария Федоровна мен атасы Корнил Ильичтен дарыған дейді. Арнайы білімдері болмаса да ата-әжесі сөзге шешен, аңыз әңгімелер мен ертегі құрастырудың шебері болған екен. Ақынның анасы да әнге, өлеңге әуестігімен ерекшеленген.
Павел Васильевтің балалық шағы Ертіс жағасындағы Павлодар қаласында өткен. Тырнақалды туындысын мектеп қабырғасында жүріп мұғалімінің өтініші бойынша жазған екен. Поэзияға жол ашқан бұл өңірді ақын ерекше жырға қосып, шаһарды қыран қанатты құсқа теңейтіні де содан болар. Ұлан-ғайыр қазақ даласы ақынға ерекше шабыт береді. Тау-тасы мен көркем табиғатын көркем тілмен суреттеп, екі өлең жазса бірін осы далаға арнауы да тегін емес болса керек.
Поэзия әлеміне өткен ғасырдың 30-жылдары енген П.Васильевтің шығармашылығы бірден танымал болып, ірі тұлғалар қатарына қосылды. Қысқа ғұмырында өшпес із қалдырып үлгерген. Тіпті оның өлеңдерін Есенин, Маяковский сынды ақындармен қатар қойып, ерекше бағалаған.
Он алты жасында арман қуып Қиыр Шығысқа аттанып, Владивостоктағы шығыс тілдері университетінің жапон тілі бөлімшесіне оқуға түседі. Өмірден асығып өткен ақын мұнда көп оқымаған екен. Жергілікті басылымдарда өлеңдерін жариялап, шығармашылық ортада әдеби кештерге жиі қатысқан. Ең алғашқы «Октябрь» өлеңінің тұсауы осында кесілген.
Кейіннен Новосібір, Амур, енисей бойын жағалап, Жапон елінде де тұрақ тапқан. «Сибирские огни» журналына өлеңдерін жариялаған.
1927 жылы П.Васильев Мәскеуге барып, Брюсов атындағы жоғары әдеби-көркем институтына оқуға түскен. Алайда сол жылы оқу орны жабылып қалады да Сібірге қайтуға тура келген.
Ақынның отбасы 1928 жылы Омбыға қоныс аударады. Осындағы «Рабочий путь» басылымына жұмысқа кіріп, редакция тапсырмасы бойынша ақын Н.Титов екеуі Сібір мен Қиыр Шығысты саяхаттайды. Сапар нәтижесінде очерктері екі жинаққа жүк болады. «В золотой разведке», «Люди в Тайге» және басқа очерктері жергілікті басылымдарда кеңінен насихаттала бастайды.
Ақын шығармашылығының басым бөлігі қырғыз-қазақ даласының табиғатына арналады. Бұл ретте «Соляной бунт», «Лето», «Одна ночь», «Август», «Кулаки» өлеңдерін атап өтуге болады. Ақынның «Песня о гибели казачьего войска» поэмасы саяси мәселелерді қозғағандығынан баспадан алынып, жариялауға тыйым салынады.
Көпке ұзамай 1932 жылдың наурыз айында ақын тұтқынға алынып, екі ай тергеледі. Басылымдарда өлеңдерін басуға рұқсат берілмейді. Бұдан былай ол өлеңдерін Мухан Башметов деген лақап атпен жариялауға көшеді.
Өміріндегі саяси көзқарасы мен қарама-қайшылықтар оны одан ары жігерлендіріп, ғұмырының үзілетінін сезгендей соңғы бес жыл өндіріп жаза түседі. Алты айдың ішінде 10 поэма жазып шығады.
Павел Васильев шығармашылығы кең қанат жайып, оқырмандар сұранысына ие бола бастаған сайын оған құрылған тұзақ талабы да қатая түскен. «Правда» газетінде тапсырыс бойынша М.Горькийдің «О литературных забавах» атты сын мақаласы жарық көреді. Амалы құрыған ақын жауап хат жазып, бұдан былай бұл тақырыпқа бармайтындығын білдіреді. Десе де билік оған жібімей, 1935 жылы оны Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тастайды. Араға көп салмай Электросталь қаласындағы түзету колониясына этапталады.
Ақынның шығармашылығына үлкен сеніммен қараған әдеби сыншы, журналист И.Гронский тәуекелге барып, П.Васильевті ақтау жөнінде бірнеше ұсынымхат жазып, 1936 жылдың наурызында босатылады.
Өршіл өлеңдері ішіне сыймаған ақын «Кулаки» және «Принц Фома» поэмаларын «Новый мир» журналында жариялайды. Сол жылы «Прощание с друзьями» өлеңін жазып, онда әдебиет төңірегінде сырт айналған «достарын», олардың пасықтығын қатты сынға алады.
Ашу мен ыза, халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер мен кек Павел Васильевтің шығармашылығына жаңа леп, зор рух бергені анық. Ойындағысының бәрін қағазға түсіріп үлгермеді. Үлгертпеді.
1937 жылдың ақпан айында қайта тұтқынға алынады да, маусым айында ату жазасына бұйырылады. Денесі дон монастыріндегі бауырластар зиратында жерленеді.
Сол уақыттағы саяси жағдайға байланысты Жазушылар одағының басшылығы ақын өлгеннен кейін 20 жыл көлемінде ақтау туралы тіс жармайды. Павел Васильев тек сол баяғы И.Гронскийдің табандылығы арқасында ғана ақталды. Бұл уақытта И.Гронскийдің өзі терроршы мен халық жауын ақтаушы» деген айыппен өмірінің 18 жылын темір тордың арғы бетінде өткізген еді.
Көзі тірісінде ақынның небары екі кітабы жарық көрген. Кейіннен 1950-70 жылдар аралығында тағы 7 кітабы басылды. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы бір көшеге ақын есімі берілген. Сондай-ақ, қалалық кітапхана, әдеби бірлестік оның атымен аталады. «П.Васильевтің мұражай үйі», қаладағы бір мектепте ақын мұражайы жұмыс істейді.
Жұмабек СМАНОВ.