Өңіріміздегі қазақ өнерінің қара шаңырағы – Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры “RICHARD III” қойылымын сахналады. Оқиға ХVI ғасырдағы Англия корольдігіндегі таққа талас, зорлық-зомбылық пен қоғам қатыгездігі негізінде құрылған. Шекспирдің бұл шығармасы барынша күрделі, классикалық туынды. Сол себепті де оны қоюға асқан шеберлік, түкті жүрек пен рух керек. Біздің театрда мұның бәрі бар. Сонымен, қойылым басталды.
Шымылдық түрілген кездегі декорациядан-ақ қоғамның қалыпты өмір сүруі үшін бір-бірімен бітіспес қайшылықтағы күштерді ымыраластыру, зорлық-зомбылық билеген заңсыздықтар қақтығысы болатынын сезінесің.
Режиссер Сергей Левицкий XVI ғасыр оқиғасын заманауи қалыпқа салған. Қоғам “қотырын” көре білген. Сатқындық, екіжүзділік пен жағымпаздықты өз қырымен көрсетеді.
Басты рөлдегі Ричардты – актер Бауыржан Манатбекұлы сомдады. Бұл өте қатыгез образ. Билікке келу үшін талай тәуекелге барды, туыстарын “қырып-жойды”. Неге?! Мұндай қадамға не үшін барды?- деген сауал көмекейімізде түйіліп тұрды.
Бала Ричард әлеуметтік теңсіздік құрбаны болған. Кемтар бүлдіршін басқасын былай қойғанда ойынға қанықпаған. Ортаға ене алмаған. Жылы сөз бен мақтау естіп көрмеген. Біртіндеп қатыгездік, жауыздық сынды қасиеттер бойына сіңе бастайды. Жас жүрекке осылайша түскен «жарақат» есейген тұста кекке ұласып кеткенін аңғару қиын емес еді.
Кешегі күннің еншісінде кеткен есесін қайтару, жан-жағын зұлымдықпен жалмаудың бәрі Король Эдуардтың өлімінен кейін басталады. Таққа отыру құқығы тым төмен екенін сезген Глостер Ричард өз бетінше әрекет жасап, қанды жоспарлар құра бастайды. Бір қарағанда данышпандығы басым көрінгенімен, түбінде зұлымдықтың салтанат құратынын байқатқан актер маңайындағылардың екіжүзділігін, сатқындық әрекеттерін пайдаға асыра біледі.
Көзі қанталаған Ричард туған ағасы мен інісін өлімге қияды. Өлтіртеді. Қара жамылып, ерінен айрылып отырған жеңгесі Леди Аннаны (сомдаған – Айзана Тасболатова) алдап-арбап торға түсіріп, соған өзі ерекше масаттанған тұсында бұдан асқан жауыздық болмайтынын қырағы көз көрермен ұққандай болады.
Күйеуінің қабірі басында жылап отырған Аннаны әбжыландай азғырып, тілінен бал тамызған Ричардты нақ бейнелеген Бауыржан Манатбекұлы кәсіби шеберлігін анық байқатты. Дәл осы тұста көрермен демін ішіне тартып, оқиғаның арты қалай болады деген терең ойда отырды.
Актер ойынында шынайы шыққан тағы бір сахна өзі өлтірген адамдардың елесі келіп Ричардты мазалайтын тұсы. Нанымды ойнағаны соншалық тіпті оның кейіпкеріне аяушылық сезім туындайды. Ричард болса қара терге малынып, ар алдында өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, намыстан өртенгендей күй кешті.
Режиссер шеберлігіне таң қалмасқа болмайды. Бас кейіпкердің психологиялық толғаныстарын, бір күйден екінші күйге алма кезек ауысар сәттерін алғырлықпен бере алатын актерді таңдауы осы сөзіміздің айғағы бола алады.
Балалық шағында көрген көп бейнеті Ричардтың қайрат-жігер болаттай шыңдай түседі. Десе де ақсақ, бүкір, кемтар Ричардтан ақылман адам шықпасы анық еді. Бәлкім, Абылайға бағыт-бағдар сілтеп отырған Бұқардай біреудің болмағаны ма екен, әйтеуір Ричард жолайрықта дұрыс шешім қабылдай алмады. Оған тоқтау айтып, сабасына түсіруге герцог Бэкингем де шарасыз еді. Бәлкім өресі жетпеді. Ақыр аяғында Ричардтың таққа қол жеткізуі үлкен оқиғаға айнала алмады.
Шығармашылық ұжым тыңғылықты дайындалған. Шынайы образ, асқан шеберлік деңгейінде жасалған спектакль көпшілік көңілінен шықты. Шымылдық жабылғаннан кейін сахнаға шыққан Эдуардт рөліндегі Бейбіт Шәнімге деген қошемет ерекше болды. Герцогиния Йоркті сахналаған Талжібек Атамбаева, Кларенс рөліндегі Руслан Нығманов, лорд-мэрді сомдаған Дәурен Әділ, лорд Стэнли – Бек Тоқатов, Елизавтеа – Еркежан Төлеубек, Брекенбери – Медет Садығазин, Бэкингем – Рахат Халық сынды сахна саңлақтары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі ретінде бала Ричард рөлін Мұзаффар Төлеубек пен Иманжүсіп Амангелді, бала ханзада Эдуард рөлін Ерасыл Ерлан, бала Кларенс рөлін Ғазиз Атығаев, Нұрәли Қайыргелді жас актерлер тамаша ойнап шықты. Шеберлік шеберханасында шыңдалып келеді екен. Соған қуандық.
Мұндай ауыр туындыға білек сыбана кіріскен Арман Темірбек бастаған театр ұжымына бас иеміз. Жүсіпбек театрының хас шеберлері жасаған қойылымдардың куәсі бола берерімізге сенім мол.
Жұмабек СМАНОВ.