Ақын деген – Алланың елшісі секілді, оларды пенде емес Құдай жарылқайды.

Бейсенбі Мұқажанов.

             Айна көлдің айдындағы қызыл суды азан-қазан еткен тыраулаған тырналардың  мамыражай мамырдағы шағылысар ширегі. Мамырлаған  қаздардың да Қызылсуат қолатының қай қопасына ұя саларын білмей барлап жүрген кезі. Тоңы жібіген жердің жүзін бәйшешек жапқан. Құйрығын тік көтеріп шапқылаған құлындар танауға танау тірестіріп пысқыра осқырынып, бір-бірінің желкесін қыршып қасып, бауыр жазып ойнақтағаны да  суретшінің аңсарын арбап, шабытын еріксіз шақыратын табиғат-ананың бір кереметі. Тас төбеден түскен қызуы малақайсыз адамның миын қайнатып мең-зең қылатын мезгіл болса да, мидай даланың жүзін көк жауып, тіршілік иесінің қайсысы болса да тынысын терең алып қуанып тұрғандай. Қырдан соққан аңызақ жел жаңа тебіндеген  жусанның ашқылтым иісін ауылға бұрқыратып алып келетін шақ.

            Ақтоғай ауданына қарасты Мүткен ауылына тойға келген ұзын бойлы, қара торы, біреудің мінін беталбаты бетіне айтып, маңғазданып менсінбей қарайтын қыңыр мінезі жоқ, маңдайы кере қарыс  ақын аға менімен бірге Кереку шәріне  кетпек болып сөз байласқан. Берген сөзін  жұтпайтын ол уәделі уақытта ақсаңдай ептеп басып келді де көліктің алдыңғы орындығына жайғасты. Кеттік пе дегендей жүзіне тура қарап ишарат қылдым. Бірден түсінді. «Бежудің торы атындай турасынан тарт» деді жымиып. «Бежудің торысындай»…

– Иә, біссімілахи-рахмани-рахим, иә Аллам жолымызды оңғара көр!

Бұрыннан аңғарып жүргенімдей бұл көлікке отырғанда айтатын үйреншікті дұға-тілегі, тіпті Жаратқаннан сұраған жәрдем сөзі осы екенін бірден түсіндім де, темір тарпаңның сауырын қамшыммен сипап қойдым. Күре жолға шыққаннан кейін «кербестінің» тізгінін тартып, бүлкіл желіске  салдым. Қасымдағы жетпістің бесеуі қайдасың деп отырған ақсақал атақты «Ақтоғайдың қаранары», ақсүйек айтыс өнерінің құйындатқан қарагері, домбырасын серік етіп сахнаның саңылағы атанған Бейсенбі Мұқажанов. Ақтоғай өңірінің түп-тұқиян тұңғиығына сүңгімесе де, бергі тарихын тәпсірлеп, бекзада қалпын бұзбай өмірден өткен сүйегі асыл адамдар жайлы құнарлы  әңгімелерді хаттап парақтап, санасына мұртын бұзбай сақтатып қойған қазыналы сыр-сандық. Ел-жұрты «Бисөк» деп атап кеткен. Мұндай шежірелермен кездескен кезде суыртпақтап сөз сұрап «сауып» алған жөн, айтары мен түйгені мол жандар, миыңды жеп мезі қылмайды, жағын айырып жіліктеп айтады.

– Осы ауылды неге Серікбай Мүткенов атындағы селолық округ деп атаған? – деп бастадым сұраулы сөз-сүйменнің ұшын намысына түйреп. Жұлып алғандай жалт қарады да, жымиды. Сумақай ұры сауал қойғанымды іштей сезді, білем.

– Е, ол өз атамыз, Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің құрметіне қойылған ғой. Бұған дейін Мулявка деп аталған. Оны жұрт осы жерге алғаш қоныстанған украиналық қарашекпен Мулявка дегеннің атымен аталған дейді. Кейін Заверетинск, Пролетар деп аталды, одан соң Чкалов болды. Мен бір-ақ нәрсені анық білем. Бұл жердің тарихи атауы – Қызылсуат, ауылдың іргесіндегі шабындық жер. Серікбайдың арғы атасы әйгілі Жақсыбай абыз Құттықадамұлының құт-мекені осы аймақ. Бәсентиін руының Ақтілес тармағынан тарайтын Жақсыбай Құттықадамұлы өз заманында Қазанғап билермен үзеңгілес жүрген, ертемен тұрып ел ісіне араласқан әділдіктің таразысының тасын тең тартқан телегей тұлға болған адам, – деп қысқа тұжырым жасады.

Күннің құрық бойы көтерілген кезі, тас төбеге шығып алып шағырайып көзге түсіп, маңдайдан басып масайратып, есінетіп жүргізетін емес. Ұйқыға арбап, күлтесін күнге жайып қауызын ашқан тұңғиықтай бусандыра бастады. Қасымдағы Қаранар қара галстугін босатып, жейдесінің жағасындағы қылқындырып тұрған қос түймесін босатты да, басындағы құндыз бөрігін тізесіне қойды. Маңдайы терши бастаған екен, төс қалтасынан қол орамалын алып асықпай сүртті. Кере қарыс маңдайы май жаққандай жарқырап шыға келді, маса қонса тайғанақтап омақаса асатындай. Әдетте көрген жерде тілімді сұғып, бір қажап алатыным бар. Інілік еркелік қой. Сол әдетпен: – Басыңыздың бәрі маңдай болып кетіпті ғой, – дедім. Қапталынан жауап күтсем де Бейсекең бұл сөзіме қыңқ ете қоймады, керенау жауап та айтпады. Мүсіреповше айтсақ, «Қоңынан ет кессең қыңқ етпейтін, қыңқ етсе қиын қылатын» сабаз ғой. Қайта бір ыңыранып, үнсіз қалды. Бесенеден белі бесікке бөленіп өскен бабалардан қалған салмақты мінездің бәсіресі де зор боларын ішім сезеді. Содан кейін бір жөткірінді де тілге тізгін беріп, қарлыға бастап кетті.

– Е, Бейбітжан, бұл не көрмеген сормаңдай дейсің. Бейопа тірлікте Тәңірдің басқа салған біраз теперішін де, шат-шадыман шарапатын да осы маңдайдағы жазудан таттық қой. Тасқа да соқтық, тауға да соқтық. Жарылған түгі жоқ, адам қатарында келеміз, соған шүкір. Мен негізі «өледі», «адам қатарына қосылмайды» деген баламын. Қайта көрер жарығым бар екен, жетпісімнен желіп өттім. Негізі Құдайдың назары түскен пендемін.

– Қалай сонда?

– Ол көп әңгіме ғой, –  деді Бейсекең ширатылып шешіле сөйлегісі келмеген сыңай танытып. Әлде мүсіркеп жүрер деп есіне алғысы келмеді ме екен.

– Қайда асығамыз, айта беріңіз. Жылдамдықты да әдейі сол әңгімелеріңізді естиін деп әдейі жол жорғаға салдым ғой.

Қадалған жеріме жабысып, кене құсап қан алмасам көңілім көншімейтін әдетім. 

– Бірдеңе жазайын деп жүрсің ғой, ә?

– Аллам нәсіп етсе, қағаз, қалам қайда қашар дейсіз.

– Олай болса тыңда.

***

Елдің аузынан Бейсағаңның өмір тарихына қатысты кино түсіруге сұранып тұрған сценарий тәрізді түрлі шытырман, қиюы қанған әңгімелерді бұған дейін талай ауыздан естігенмін. Жеке жолығып, асты-үстін төңкеріп,  ағыл-тегіл төгіп алудың, сөлін сығып алудың сәті тумай жүрген еді. Тәңірім сәтін салып тұр. Тартыншақтауға болмайды. Өзі де сөзге мәттақым.

– Ал, бастаңыз.

Тамағын бір кенеп алған ақын аға асықпай кастюмінің жан қалтасынан шақшасын алып алақанына бір шөкім жасыл бұйра насыбай салды да, жан-жаққа шашылып кеткен түйіршектерді жамырап кеткен қойдың қозысындай бір жерге жинап, астыңғы еріннің астына сүңгіте салды. Салалы саусақ, сіңірлі білек, білеуленген тамыр  қара жұмыстың талайын өткергендігінен сыр шертетіндей.

– Бұрын сенің атаң Темеңнің, Темірғалы молданың, қолдан үккен насыбайын сұрап алып атушы едік. Ол кісілер кеткен соң осы Ақтоғай төңірегінде насыбай үгетін шал да қалмады. Ондай өнер бізге қонбаған. Жан серігімдей боп кеткен мына құрғыр болмаса тұлыпқа иіген түліктей жоқтаймын да тұрамын, әбден жаман әдетке айналған, қазір базардан сатып алып атамын. Қайтейін енді, айналдыратын осы насыбай мен жеңгең ғана, – деп Бейсекең үйреншікті қалжыңына басты. Аспанға бір қарады, үңіліп жолдың ау-жайын бажайлады, терезеден алысқа көз жүгіртті. Жастайынан жанарында ақау барын білемін, үндемедім. Әңгіменің алдында баптанып алатын, айтар ойын бір түйінге түйіншектеп алатын әдеті. Күтіп отырмын.

– Өмірімді айт дейсің бе, айтайын, құлағыңа түйіп ал. Қайбір жөнді өнегелі өмір бар дейсің. Мына Шоқпар деген ауыл аумағын бұрындары он алтыншы ауыл атаған. Тарихқа қарап отырсаңыз, кезінде ауылдарды нөмірлеген ғой. Егер Крекуден бері қарай санасаңыз Жаңатап он төртінші, Жаңабет он бесінші, Шоқпар он алтыншы ауыл болған. Енді Омбы жағынан бері қарай санасаңыз да Шоқпар он алтыншы ауыл. Жалпы өзі бұл ауылдың Әбжан жақ желкесі Шоқпар болса, Мүткен ауылы жағын Қожаберген тоғайы дейді. Ауылдың сыртында он төрт шақырым қашықтықта Жырыққұдық деген жер бар. Сол Жырыққұдықтың басында 1949 жылы 20 шілде күні дүниеге келіппін. Әкем 1974 жылы мен жиырма бестің иығына шыққан кезде қайтыс болды. Өмірінің соңғы кезінде мінген мүгедектерге арналған машинасымен, оған дейін  бала күнімде ат арбамен сол құдықтың басындағы бір төмпешікке апаратын. «Мынау сенің үйіңнің орны, кіндік қаның тамған жер, осы жерден саған қасиет жұғады» деп аунататын. Сол жерге малшылар тұрақтайтын, бір кездері егіншілердің төртінші бригадасы болды. Бер жағында жаңа Жырыққұдық бар, ар жағында ескі Жырыққұдық бар. Мен сол ескісінде туғанмын.

Әкем Мұқажан Ұлы Отан соғысының мүгедегі. 1944 жылы соғыста жараланып, елге келген. Екінші Украина фронтында болған екен. Елге оралғаннан кейін тылда ауыл шаруашылығында еңбек еткен. Ал шешем Жұмағыз колхоздың сиырын сауады екен де, бір аяғын майданға берген әкем сауыншылар жинақтаған сүтті ауылға өгізбен таситын көрінеді.

Мен туған кезімде оқтаудай, жаратылған ат секілді жұп-жұмыр, арпаға тойынған тайынша секілді тығыршықтай болыппын. Оның үстіне атадан жалғасып келе жатқан сүйегіміз де ірі. Сәби шағымда тынышсыздау болсам керек, көзім қарайған соң бауырымды жерден көтеріп еңбектейтін болыппын.  Он бір айымда тырбаңдап, аяғымды апыл-ғұпыл басып, қабырға жағалап жаңа тәй-тәй баса бастаған кезім. Ол кезде үйге кісі көп келеді, бәрі мені  қызықтайды екен.  Қазақ атам, аяғына тұрған балаға обалдық жасамай тездетіп тұсауын кеседі ғой. Тұсауы кесілмеген баланың тобығы қисық бітеді, талтақ болады, аяқтары айқасып шалына береді деп ырымдайды. Сонымен менің тұсауымды кесемін деп ауылдағы жамағайын екі кемпір таласып қалған екен. Әке-шешем екеуінің де көңілдерін жыға алмайды, ақыр соңында қосақтап кесіңдеп деп ұйғарыпты. Әлгі екі кемпір дүкендегі қалған соңғы үнділік кірпіш шайға таласқандай қатарласа шапқан ғой. Мүмкін әкем  қолақтығына қошқар берем деген шығар, ол жағын білмеймін. Сонымен  тұсауын мен кесемін деп таласып далбақтаған біреуі артқы жағымнан, екіншісі қарсы алдымнан жүгірген. Артқы жағымнан жүгірген кемпір маған жақындаған бетте абайсызда сүрініп құлап, қолындағы қайшысы балтырыма бырт етіп қадалған. Қайбір жөні түзу қайшы дейсің, қой қырқатын қырықтық қой. Қойдың көтерілмеген жабағы немесе кигіз боп қалған жүнін теріден аршып қырқу үшін қырықтықтың жүзі өткір болуы керек.  Шайырланып қалған сол қырықтық тілерсегімді қиып кетпегеніне де шүкір деймін кейде. Әйтпесе қазір «ақсақ Бейсенбі» атанып жүрер ме едім, кім білсін?!  Содан бастап өне бойыма жара қаптаған, екі көзді ақ жапқан, шашым түсіп қалған. Қырықтықтан сәби етіме, қаныма инфекция түссе керек, алпыс екі тамырыма тарап кеткен-ау шамасы. Бастапқыда бөртіп шыққан жара біртіндеп өсе береді екен. Қолымның бергі жағында пайда болған жара екінші жағынан тесіп шыққан. Аяқтың сіңірлерін зақымдаған болуы керек, құрысып қалған. Сол дерттен біраз запа көрген екенмін. Ақырында әкем Керекудегі «ақ бәлнісеге» әкеліп жатқызып, төрт жарым жасқа келгенше сонда болдым. Әкем менімен үш жылдай уақыт бойы бірге жатқан. Сол жерде емделіп, бойым түзеліп, шашым қайта тебіндеп шығып ауылға қайтыппын, – деп бір күрсінді Бейсағаң.

Көліктің аттанар жағында рөлде мен отырмын, қамшылар жағында ақын ағам. Терезеден бір ноқат тапқандай соған турасынан қадалып алған. Не еңкеймейді, не шалқаймайды. Қаққан қазықтай тік. Бүлкіл желіспен Естай ауылынан өте бергенде: «Атақты атбегі Бежу Итемгенұлы осы жерді мекен еткен ғой, аға?», – деп сұрадым қуланып көңілін аулап.

– Бежудің қара аты мен Бәйгеторы деген екі жүйрік аты болған ғой. Қайбір жылы басын музейге әкелмекке бел будым. 1990 жылдары ел Жеңіс Тілеке атап кеткен Жеңіс Марданов келді. Ол кісі облыста «Дауа» газетін ашқан, бұл әңгіме соның тігіндісінде болуы керек. Жеңіс біздің үйге келіп осы төңіректегі Бәсентиін-Ақтілес руының шежіресін жинады. Екеуіміз Мүткен ауылында тұратын Сұлтанов Сағадат деген мұғалімге барып, жинаған шежіресін қағазға түсірдік. Ол кісінің жинағаны да Қимадиден Нығымановтың жазған шежіресіндей екен. Одан кейін Әбжан ауылында тұратын Жүністің Сағындығы деген молдаға барып мәліметтер алдық. Ертеңінде Бежудің торы атының басын іздеп Естай ауылының сыртындағы Сүйіндік зиратына ат бұрдық. Оған бізді Нұрпейісов Ныған ақсақал апарды. Бежудің зиратының ішіне кіріп, дұғамызды оқып, қабірдің дәл кеуде тұсындағы қалың қурайдың арасыннан жылқының бас сүйегін алып шықты. Көлемі қошқардың басындай ғана кішкентай,  күн астында жатып қурап, әбден мүжіліп қалған. Жеңіс Марданов сол қу басты фото-суретке түсірді де, кейін «Дауа» газетіне бастырды.   Сонымен қатар Бежудің торы аты өлген соң мінген қарагер атының басын аяқ жағына қойыпты. Ол да қурайдың арасында жатты. Қу бастың сүйегі алғашқыдан анағұрым үлкен болды. Ірі жылқы болса керек. Соғыс ардагері, кейінгі жылдары елде молда болған, кезінде осы аудандық мәдениет бөлімін басқарған көзі қарақты ағамыз Қайыржан Ғалымов ақсақалға айтып, сол қу бастарды аудандық музейге әкелмекке бекіндік. Сөйтіп созбалақтап жүрген уақыттарда Нұрпейістің Нығаны о дүниелік боп кетті. Ақыр соңында сол жүйрік аттардың бас сүйектерін табалмай қалдық. Ит алып кетті ме, құс көтеріп кетті ме, Құдайым білсін. Адам алып кетпегені ақиқат енді. Дәу де болса тікелей ұрпағы болғаннан кейін Ныған ақсақал қабірдің бір жеріне көміп тастауы мүмкін. Сондай болжам бар, бірақ нақты деп айта алмаймын.

– Өткен жолыңызға оралайықшы аға.

– Сөйтейік. 1953-1954 жылдары «ақ бәлніседен» еңбектеп қырдың басына келген екенмін. Ол кезде әкем қырман басында істейді. Шешем колхоздың сиырын сауады. Жарадан мезі болып қалған болуым керек, төрттен ассам да еңбектеп жүріппін. Сол қырманның басындағы біздің үйдің ауласында арқандаулы ешкі бар екен. Қашып кете берген соң үйдегілер қазықтап байлап қойса керек. Бір күні ойнап жүріп әлгі ешкіні байлаған ұзын арқанға аяғым оратылып қалыпты. Шошынған ешкі бас жібін жұлқи тартып қалғанда, өзі оңбай жүрген екі тобығым теріс қарап қалған екен. Басымнан бейнет арылмаған біреумін ғой. Әке-шешем сынықшыларға каратып, қисайып қалған тобығымды түзеп салдырған. Оңалдым-ау деген кезде аяққа тұрдым. Тек жүрейін деп алға екі қадам түзу басамын, үшінші қадамымды басқан уақытта бір тобыққа салмақ түседі де аяғым майысып қалады. Тобық әлі дұрыс бітпеген болу керек. Ойнымалы боп қалды ма, әлде дұрыс салмады ма, кім білсін? Екі адым бассам болды бір жағыма қарай маймақ жылқы секілді қисаямын да қаламын. Бұл машақатты жасым алтыға шыққанға дейін тарттым. Сол қалпыммен 1955 жылы бірінші класқа бардым. Әкем бір аяғын майданға берген, таяққа сүйеніп жүреді. Маған қолдан үйеңкіден бала балдақ жасап берген. Сөйтіп «қос ақсақ» мектепке қарай аяңдаймыз, 1955 жылы бірінші класқа ендім, – деп күлді Бейсағаң.

Тақияңды теріс аударғандай ішкі дүниеңді  аунатып түсіретін мына әңгімені естігенде Бейсағаңның «менің бал балалық шағым» деуге құқығы жоқ екен ғой деп тұжырымдайды түпкі сезім. Көліктегі шынтақ қоятын «жәшіктің» үстінде жатқан кітапты ақын аға қолына алды да, мұрнының ұшына дейін жақындатып ежіктеп іштей оқыды. Бұл қылығына қарап тұрып: «Көз жанарыңызды кәрілік алған ба?  – деп сұрадым.

– Бір көзім сексен пайыз, екіншісін алпыс пайыз көретін етіп істеп шығарған. Мен сегіз жасымда тағы да бір жағдайға душар болдым ғой. Нағашы атам Әлібай Әбішұлы деген кісі темірден түйін түйген ұста, ағаштан оймақ ойған шебер болған екен. Бертін келе молда атанды. Сексеннен асқан шағында өмірден өтті. Әлібай атамның әкесі Әбіш Итемген еліне болыс болған, оның әкесі Думат қажылыққа барған кісі. Атақты Думат қажы сол. Менің шешемнің інісі Қайыр деген кісі өткен, артында жеті баласы қалды. Сол кісі 1957 жылы үйленіп, елде той берген ғой. Ол тойға мені де ала барған үйдегілер. Өзім ілініп-салынып жүрген баламын. Сол тойда біреулер қағып кетіп, қаңбақтай ұшып түсіппін де, көзім қызарып кетіпті. Көзімнің қызарғаны басылмады да, ертеңінде шешем Он алтыншы ауылда Әпсәләм деген молдаға үшкіртуге алып барды. Руы Ақтілестің ішінде – Шелек. Әлі есімде қазақы дөңгелек үстелді жаздырып, бір кесемен су алдырды. Сол суға ернін күбірлетіп дұғасын ұзақ оқып отырып екі қолын ұста деді. Шешем екі қолымды ұстады. Бірінші сол көзімді шеңберіне дейін ашып, суды ұрттап, демін терең алып үшкіріп жіберді.  Өкіріп жерге құладым. Қолымды жіберетін емес.   Содан соң оң көзімді де үшкірді. Оған су жөнді тимеді. Кейін дәрігерге апарған кезде сол көзімнің қарашығын жыртып жіберіпті деп айтты. Былайша айтқанда көзімді шығарып жіберген ғой. Міне сол уақыттан бері осы күнге дейін бір көзім көрмейді. Көзді қойшы, көресіні 9 жасымда тарттым. Сүзек жабысып жатып қалдым, әл-қуатым кеміп, жүретін шамам болмады. Тамақты жатып ішем, жатып дәретімді аламын. Мен де, әке-шешем де қатты қиналып кетті. Жасарға айла да жоқ. Бір күні ауылға  емші келді деген сөз шықты. Әкем ести салысымен барып сөйлесіп, үйге алып келді. Түрі есімде жоқ. Жағдайымды көргеннен кейін екі қап сұлы әкеліңдер деп бұйырды.  Әкем жігіттерге айтып совхоз орталығы Чкаловтан екі қап сұлы алдырды. Әлгі сұлыны тайқазандағы суға салып қайнатты. Ол кезде жатаған үйлерде тақтай еден деген атымен жоқ. Ескі шөпті алып тастады да орнына жаңа шөп төсеттірді. Оның үстіне мата жапты. Сұлы піскен кезде бөртіп өседі емес пе. Сұлыны қалақтап матаның үстіне жайды да, оның үстіне бір екі метр сиса төседі. Мен анадай жерде бәрін бақылап жатырмын. Басыма нәубет орнағалы тұрғанын ішім сезеді. Ес жиғанша болған жоқ, алып келді де басымды ғана шығарып орап тастады. Ыстық сұлының қызуы сүйекке жетті, өне бойымды күйдіріп барады. Ышқынып айғайлағаныма жандары ауырса да, әкем мен шешем емшіге имандай сенген. Қиналғаным соншалық есімнен танып қалыппын. Ертеңінде сұлылы матаны ашып, денемді босатқан уақытта торғайдың жұмыртқадан жаңа шыққан балапанындай қызылшақа күйге душар болдым. Денемнің  терісі әбден күйіп түсіп қалған. Бас жағым бүтін, екі табан бүтін, екі алақаным жұмырдығымды түйіп қысып жатқаннан кейін күймеген. Сосын құйрықтың терісі оңайлықпен күймейді екен, қалың ғой. Сол көрген күйімді дұшпанға тілемеймін, көрпенің орнына кірпі төсеп бергендей. Үйдің ішінде біреу жүрсе, есік ашылып жабылса тәніме миллиондаған ине піскендей болады. Қиналғаннан қайда қашарымды білмей шыңғырып тағатсызданамын. Азабының өткені сондай талып қала жаздайсың. Ақыры шешем  «палатканы» төбеге тартып үйшік істеп қойды. Соның ішінде тұрамын. Әкем бір шөркенің үстіне ешкінің терісін жауып қойды, соған отырамын. Бір көршім үш бұрыш үстел істеп берді. Тамағымды соған қойып ішемін. Шешем бір жастықтың жүнін алып тастап ішіне қазөті толтырып іліп қойды. Сол жерде отырып ұйықтаймын. Қасымда бір шелек, соған дәретімді аламын. Он бес күндей осындай қиямет күй кештім. Тек атың өшкір сүзек кетті ме, ол жағын білмеймін. Мезі болған мида сүзекті ойлайтын  дәрмен қалмады ғой, – деп танауын тартып қойды Бейсағаң. Жаны не деген сірі еді. Айыр ұстаған алақаныңа мүйізгек пайда болып, оны сылып алып тастасаң ашып, жаның шығып кетердей боласың. Өне бойыңдағы терің түсіп қалып, қызылшақа күй кешу деген тіпті айтуға да ауыр хәл. Бейсекең осы әңгімесін айтқан уақытта есіме ауылда шалдар айтқан қасқырды құртудың бір тәсілі түсті. Ауылға қасқыр шаба берсе аңшылар сол топтың арланын ұстап алып, тірідей іреп, терісін сыпырып алып қоя береді екен. Содан кейін ұлыма ауылдан алшақтайтын көрінеді-мыс. Бір қызығары әлгі қасқыр қанын шығарып, тірідей сойып жатса да қыңқ етпейді екен. Көз алдымнан көлбеңдеп қасқыр мен қаранар қатар тұрып кетпей қойғаны.

Жолшыбай Жаңатап ауылынан аса бере сырт жақтан бейіттөбе қарайды, жақындаған сайын зираттар да құлақтанып анық көріне бастады.

– Мынау Дәуек зираты ғой. Көлігіңді ақырындат, бір дұға оқиық, –  деген соң жылдамдықты бәсеңдетіп, жол жиегіне аялдадым. Аспанда ақ торғын бір шөкім шарбы бұлт қалқып жүр, құдды бір бізді аңдып жүрген секілді. Шымшық торғайлар үйірлесіп келіп жерге тастай құлайды да қайта көтеріледі. Бажайлап байқасам іннің аузында саршұнақ. Дәуде болса торғайларға тапқан жемін бермеудің амалымен жүрген сынды. Әйтеуір арпалысқан дүние, бірін-бірі жеп жатқан тірі жаратылыстың бәрінің ойлағаны қарын қамы.

– Мына зиратты ел «Дәуек зираты» дейді. Сүйегі Бәсентиін-Ақтілес. Уақытында Алқакөл болысын басқарған адам Дәуек Жақасұлы осында жерленген, әкесі бай болған адам екен. Алпыс балуан Бөрібайұлы да осы қорымның ішінде дамыл тапқан. Жоғарыда айтқанымдай Жеңіс Марданов ағамыз келген кезде қырды жағалап отырып Жаңатап ауылынан Керей ақсақалды алып осы зиратқа келгенбіз. Керей ақсақал Алпыс балуанның қабірін көрсетті. Оны да фото-суретке түсірдік. Алпыстың бойы екі метрден сәл асқан болуы керек, нақты айта алмаймын, бірақ қабірінің ұзындығы үш метрдей болды. Әлі көз алдымда.  Ана жылдары ұрпақтары басына тас қойыпты, жақсы болған екен. Уақытында бүкіл Алқакөл болысының намысын Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны Мұса Шормандардың алдында қорғаған алып адам болыпты деседі жұрт. Одан басқа мына Әбжан елінде Әбдіразақ деген балуан өткен. Нұрғали деген бала балуан да болыпты, Руы Ақтілес. Бірақ кімнің баласы, қайдан шыққаны жайлы білмеймін. Тек әкемнен естуім бойынша сұрапыл, жолындағысын жығып келе жатқан өте өжет күрескер болған екен. Бірде Ақтілестер мен Кенжебай-Күшіктердің арасында дүбірлі той өтіпті. Елдің бәрі түнемел қымыз ішкен шала мас. Ауылдың намысқой шалдары қымызға қызып алғаннан кейін қызық іздей бастаған. Ауылда атағы жер жарып тұрған, айналадағы мықтылардың жаурынын жер иіскетіп жүрген Әбдіразақ Тоқсейітұлы деген палуан бар. Сол уақытта Әбдіразақ алпыстарды жағалап қалған кезі, Нұрғали он алтылар шамасындағы бозбала. Кенжебайдың бір ақсақалы: «Әбдіразаққа қарсы шығатын Ақтілестен бір балуан бар ма екен?» – депті көпке қарап. Ақтілестердің шалдары үрпиісіп бір-біріне қарапты, бар үміт жас Нұрғалида. Алайда Нұрғали «ағамның белінен ұстамаймын» деп бас тартыпты. Әбдіразақ та немеремдей баламмен қалай белдесем деп ол да күресуге көнбепті. Алайда көптің қайрауы қоя ма? Кесір сөз миын шарпыған, жүйкесіне жындай енген сөзден Әбдіразақ намыстанып ашуланып, Нұрғалидың белбеуінен сығымдап ұстаған бойда көтеріп алып Ақтілестің бар шалының алдына өңгеріп тастай салыпты. Содан екі-үш күннен кейін бала балуан қайтыс болыпты. Сонда қабырғаларының сырты қап-қара болып кеткен екен. Сөйтсе сығымдап ұстаған уақытта қабырғаларын ішке кіргізіп жіберген көрінеді, – деп қайырды әңгімесін Бейсекең. Дұғамызды оқып, бет сипаған соң көлігімізге отырдық.

– Сүзектен кейін құлантаза айығып, адам қатарына қосылып кеткен шығарсыз аға?

 – Жоқ. Мен байғұстың бағы ашылған ба, алдымнан меһнат тосып тұрады ғой. Мүшелге қараған он екі жас шағымда туберкулез болып ауырдым.  Сегіз жыл бойы көресіні көрдім. Ол дерт 20 жасыма дейін кетпеді. Сүйек, өкпе туберкулезі емес, малдан жұққан туберкулез дейді. Дәрігерлердің айтқан ғылыми аты бар, ол есімде жоқ. Әйтеуір, қай жерім қозғалады сол жерлерге, яғни буынға тауықтың жұмыртқасындай бездер шығады. Шапқа да, қолтыққа да, тақымға да шықты. Ең қиыны иектің астына  шыққаны екен. Неге дейсің ғой?

– Неге?

– Жағың ашылмай қалады. Жағың қарыссын дегеннің көкесі сол екен-ау. Иектің астына без шықса, шешем байғұс шыр-пыр болады. Сорлы өлдің ғой деп іші қуыс қамысты алып тазартып, тісімнің арасынан өткізіп аузыма тығып қояды да қаймақ секілді сұйық тамақ құяды. Бөтелкеден сүт ішіп үйренген жетім лақ құсап лық-лық еткізіп ішіп аламын. Сөйтіп жүріп ауруға да безбүйрек болып алдық қой. Он үшке аяқ басқанда мені тірі қалады, адам қатарына қосылады деп ешкім ойламаған да екен. Өне бойым ит талағандай, адам қарайтындай ұсқыным жоқ енді. Содан бір күні мектепке барсам, «Он алтыншының» (Шоқпар) екі баласы төбелесіп жатыр екен. Өзім шалажансар халде болсам да соларды айырмаққа кірісіп кеттім. Чкаловта, қазіргі Мүткен ауылында класс жетекшіміз Кеңес Төкенов деген мұғалім болды.  Сол кісі төбелесіп жатқан біздерді көрген соң жүгіре жетіп келіп «тартқан» ғой. Қолы безге тиіп кетсе керек, әлгі жарылған. Кейін сол жаралар іріңдеп ушығып, дәрігерге апарған.  Содан денемде тыртық дақтар қалып қойды. Бірақ кеселім кеткен жоқ. Өледі деген баламын. Ес жиып қалған кезім, өмір сәулесін сезінуден қалдым десем болады. Тіпті үміт жоқ. Біздің үйде өліп қалған итіміздің үйшігі болатын. Соның ішінен тереңдетіп шұңқыр қаздым да, астыма жаман құрақ көрпе төсеп қойдым. Ол кезде дүкенде «Московский» деген арақ сатады. Соны шешемнен сұрап бір алам, ұрлап бір алам.  Шешем қолымды қақпайды. Бөтелкенің аузынан ұрттап алып, шала мас боп меңдуана жеген қой құсап мең-зең боп жатамын. Басқа амал бар ма? Бір қызға жақындамаймын, маған да ешкім жақындамайды. Иттің үйшігінде жатқан мендей қортықты кім керек етсін! Әке-шешемнің іші елжіреп ауыратынын сезінемін, қылар айла бар ма? Бәрі тағдыр жазуы. Сөйтіп жүріп он сегізге жеттім. Қолыма «әскер қатарына жарамсыз деген военный билет» берді. Оның үстіне қалада ауруханада көзімді емдетемін деп жатқанда  «инвалид второй группы с детства» дегенді беріп тастапты. Көз жазылмайды. Жаңағы бездер көктемде құс келгенде бір, күзде құс қайтқанда бір өседі. Сол маусымдарда он күнге диспансерге ем қабылдауға барамын. Он күнде 95 таблетка дәрі ішемін. Күніне бес уколдан елу укол аламын.  Жамбастан жамбас қалмайды. Бір жылда 365 күн болса, соның жиырмасы емханада өтеді, қалған күндері үйшікке кіріп алып арақ ішемін. Өмір осылай жалғасып жатты. Жиырма бірге аяқ басқанда, яғни 1970 жылы  без атаулыдан құлантаза айығып құтылдым.  Бұрын арақтың күші шығар деп ойлайтынмын. Олай емес екен, Алланың күші  екен. Жаратқанның назары түскен пенде екенмін. Аллама мың шүкір! – деп саябырсыған Қаранар өрге қарай жүк тартқандай тынысын терең алды. Бала кездегі көрген бейнеті көкірегін көлегейлеп басып бара жатқаны білініп тұр.

Қараоба ауылына жақындаған жердегі мүйістен өте бергенде санама Қасқырдың Рахметі туралы сұрау сап ете қалғаны.

– Аға, Сіз Қасқырдың Рахметін көрдіңіз бе?

Айтарға құлақ таппай жүргендей ағам жалт қарады. Көзінде от ойнап шыға келді.

– Көрдім. Жігіт болсаң Рахметтей бол! Қараоба өңірінің тумасы ғой, Боқай құмында дүниеге келген. Руы – Хангелді Қосқұлақ. Бір үйде бір түн қонып, өз аузынан естіген әңгімелерім де есімде. Сондағы бірінші сұрағым «әкеңіздің аты Қасқыр болды ма?». Әкесінің азан шақырып қойған аты кім екенін білмеймін. Сол кісі жаңа тәй-тәй басып жүрген уақытта Боқай құмынан «күшіктеген» қасқыр баланы алып кетсе керек. Содан бала жоқ. Бәрі өлдіге санаған. Бір аптадай уақыт өткеннен кейін, шөп шауып жүрген кез бе екен, біреулер тоғайда жидек теріп жүргенде ме екен, баланың дауысын естиді. Іздеп барса  қасқырдың апанының аузында бөлтіріктерімен бірге бір бала ойнап жүр дейді. Қасқыр емізеді екен дейді. Барып тура тиісуге болмайды. Ақыры ақсақалдармен ақылдасып, қасқырдың өзін ұстамасаң, жанына барсаң бірінші баланы өлтіреді, одан да қасқырға әрекет жасайық, балаларына тамақ іздеп кеткен кезді аңдиық деп шешеді. Ебін тауып баланы алып келсе керек. Келген соң бала қасқырға бауыр басып қалған, соның тірлігімен кетіп үйренбей қояды. Аузына тамақ құйып өсіреді. Әкесі содан Қасқыр атанып кетсе керек.

Рахметтің айтуы бойынша, әкесі Қасқыр 1916 жылы ақ пен қызылдың кезінде қазақтың қазақшылық дәстүрін сақтау, намысын қорғау жолында орыстарға беріспей қарсыласқан адам болса керек. Орыстың қарулы отрядтары Боқай құмында қолын қайырып алып кеткен. Содан қайта оралмаған. Әкесінің сол көрген қорлығы көз алдында,  Рахмет бел буып кек алуға шығады. Бір ерлігі есімде, өз аузынан естігенмін. Бірде жорықтан келіп, Боқай құмындағы жеркепеде совет үкіметінің жендеттерінен бой тасалап үйге келіп шәй ішіп отырса, біреуінің қолында наганы бар екі қазақтың өрімдей жігіті кіріп келіп: «Ұры, қолға түскен жерің осы болды. Енді бізден құтылмайсың, тұр,  – депті бұйырып.

– Шырақтарым-ау, мұсылманда ондай жоқ қой, өлтірсең атып өлтіре бер, бірақ атау керемді, мына бір кесе шәйімді ішіп алайын, – деп жауап қатыпты. Өзі айтады: «Содан не істеймін деп отырмын. Бір Аллаға сыйынып, ұрымтал әрекет жасайын деп шештім. Кәрлен кесемнің түбінде бір-ақ ұрттам шәйім қалды. Қаққан қазықтай екеуі көзін айырмай тұр. Содан бәйбішеме: «Ал кемпір, бұлар неде болса көзімді құртады. Анау іргеде ілініп тұрған тойға киетін түлкі тымағымды, қасқыр ішігімді әпер, жоқ дегенде суықтан қорғанайын», – дедім. Ойым ана екеуінің көзін тайдыру. Бір қолымда кесе. Ішігім наган ұстағанның арт жағында ілулі тұрған. Кемпір сол ішікті алуға барғанда ол жалт бұрылды. Сол сәтті пайдаланып шәйімді ұрттаған секілді болып отырған күйде  кесемді жіберіп қалып наганын қолынан ұшырып түсірдім. Екеуін де ұрып жығып, жардың шетіне алып барып «мені көрдім десеңдер екеуіңді де атып жайратамын» деп жоғалып кеттім». Осы әңгімесі есімде қалыпты.    

Ол кездерде Рахмет қазіргі менің жасымда болды. Жауырыны кең, менен жоғарылау. Аяғында қолдан тіктірілген былғары ауыр етік.   Бастарына темір шегелеген. Тепкенде кез келген жеріңді сындырады. Үстінде күпәйке, омырауы жүн. Күпәйкесінің білегінде әрдайым қара пышақ жүреді екен. Әкелген екі қойдың біріне қарап: «Бала, сен бауызда, менің мал бауыздау қанымда жоқ, – деді. Бауыздап бердім, өзі қойды артқы екі аяғынан асты да сүт пісірім уақыттың ішінде мүшелеп тастады. Омбыда тұратын бір жалғыз қызы болды, бір ұлы бар деп еститінмін. Олардың аты кім, заты кім, білмеймін. Екі әйел ұстағанын анық білемін. Бір әйелі Шорнайыр (Черноярка) жағында, бәйбішесі Боқай құмында болған. Аттың үстінен түспеген адам. Өмір бойы үкіметке жұмыс істемеген, Советтің заңына қарсы шығып өткен. Нашарлардың малына тиіспеген, ол үкіметтің малын айдап кетіп отырған. Міне, Қасқырдың Рахметі деген аңыз адам ғой. Насихаты жоқ тарихи тұлға, – деп тоқтаған ақын аға жиырмадағы шағына қайта оралды.

– Қаншама дертке шалдықсам да, қиналсам да өнер десе өзегім бөлек еді. 11 жасымнан домбыра тарттым, он алты жасымда әкем баян сатып әперді. Гитарада ойнадым. Жиырма бір жасымнан бастап ақырындап ойын-тойларға бара бастадым, қыздардың қасына отыра бастадым дегендей. Барлық аурулар кетсе де көз, сосын ақсаңдап басуым қалып қойды. Бойымды тіктеп, қатарға қосылғаннан кейін «СПТУ»-ға оқуға барайын десем алдымнан екінші топтағы мүгедек деген қағаз көлденең шығады. Маған саусың деген медициналық анықтама  бермейді. Амал қанша, тірі қалғаныма шүкір. Өкініш жоқ, совхоздың қойын бақтық.  Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей ғұмыр сүріп келеміз.

Жалпы еңбек кітапшам 1967 жылдан бастап ашылған, сол күннен бастап   жұмыстан қалып көрген емеспін. Екіншіден, зейнеткерлікке шыққанша тірі жанға мүгедектігімді айтқан жоқпын. Жанымда жатқан жеңгең де білмеді. Айтуға намыстандым. 1975 жылы үйлендім, Құдайым үш бала берді. Үлкен үйден бөлек шығып кетсем де пенсияны шешем Жұмағыз алып тұрады. Шамасы 25-30 сом болуы керек. Қайран шешем руы Итемген болатын,  1987 жылы қайтыс болды ғой.  Бір күні көңілді отырғанда жеңгеңе мүгедек деген қағазым бар екенін, шешем қайтыс болғаннан бері зейнетақым алынбағанын айттым.   Содан ол пенсияны алуға баратын болды. Ол кезде «форточкадан» береді ғой. Бір тапсырғаным: Қасыңда біреу болса кетіп қал, айтпа. Танымайтын адамдар тұрғанда, ешкім жоқта барып ал. Біреу-міреу естіп қоймасын. 63 жасқа келгенше өзімді мүгедекпін деп біреуге тіс жарып айтқан жоқпын. Шынымды айтсам, өзімді мүгедектікке қимадым, –  деген Бейсағаң өмір соқпақтарын ойша артқа тастап, бұлттан шыққан күндей боп жарқырай түсті. Адам баласы айласын түлкіден асырып тұзағына түсіретін әбжіл болса да, Алланың тұзағының алдында дәрменсіз. Тағдыр төбеңе әңгір таяғын ойнатып болған соң, жұмыртқа қайнататыны да бар.  Қалыңдығы құлаштай қабырғаның арғы жағын тасалап қараңғыға тығылсаң да, Алланың жазуы бәрібір тауып алады. Құдыреттен қашып құтыла алмайсың, Жаратқан Ие жақсы көрген құлдарын ғана сынайды.  Бейсенбі Мұқажанов өзі айтпақшы, «Құдайдың назары түскен пендесі». Сан сынақтан сағы сынса да сүрінбей, сары уайым күйге түссе де күңіренбей, күйкі тірліктің диірменіне түскен тарыдай ол да өмір-базардың қызығына бөленді.

– Аға, өліп қалмай, өмірге қанат қаққаныңызға шүкіршілік айтасыз ғой. Аурудың түр-түрін бастан өткеріп, өткелдерден сүрінбей сырғып, колхоз бен совхоздың шаруашылығына араласып, дала мектебін бітірген еңбек ардагерісіз. Шабытыңыз шопан болып жүргенде шалқыды ма? Жалпы өлең әлеміне қалай келіп жүрсіз? – деп сұрадым.

– Мен өз жанымнан құрап өлең шығармаған адаммын ғой негізі. Дос-жарандармен кездескенде қыршып алып, қан шығармай тістеп алатын қылығым болды. Тауып та айттым, шауып та айттым. Аттылыға сөз берген жоқпын, шоғырайып жинала қалған шоғыр топтың ішінде талай жолдасымды майға шыжғырғандай қылып сайрап тұратынмын. Қара сөзге келгенде алдыма қара салмадым десем болады. Бірақ өлеңдеткен емеспін. Жас күнімде  дауысым да зор болды, ән айтқанда он кісінің дауысын басып кететін. Біраз адам сыртымнан сүйсініп те, қызығып та қарады. Ол уақыттарда ел бір-бірін омыртқаға шақырады, көктемде шеке береді, ұзынсарыда құдалардың сыбағасы бар. Бәрі ойын-той ғой айналып келгенде. Сондай орталардың гүлі болдым, бірақ оғаш кеткен жоқпын.

1986 жылы үшінші мүшел жасыма шығып, қырда емін-еркін совхоздың қойын бағып жүрсем, Дәуірбек Кәрімұлы Қарағожинов деген інішек сау етіп келе қалмасы бар ма. Бір айта кетерлігі, 1978 жылы көктемде Харьков совхозынан Әбжан ауылына көшіп келдім. Бұл ауылда қой шаруашылығы мықтап дамыды, негізгі бағыт та осы түлікті өсіру. Алдыма бір отар қой берді, әйелім Гауһар екеуіміз сол қойдың маңатында болдық. Ал 1975 жылдары шешем Жұмағыздың бас болуымен бес баласын қасына алып (отбасымызда екі ұл, үш қыз) Камалиденовтер отбасылық ансамблін құрдық, аудан, облыс көлемін араладық. Есімім оқтын-оқтын елге танылып қалған уақыт. Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын. Дәуірбек Кәрімұлы қазір Ақтоғай аудандық ардагерлердің «Ауылдастар» клубына жетекшілік етеді, ол уақытта аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болатын.  Келген беттен: «Бейсенбі, айтысқа баруың керек», – деді. Біреу төбеме биіктен тұрып тас тастай салғандай болды. Өне-бойым мұздап сала берді. Естіген сәттен басымды ала қаштым, өмірі үлкен сахнаға шығып көрмеген, оның үстіне жанымнан өлең шығармаған бәлемін. Тек ауыл арасында алты ауыз айтқанымызға мәзбіз ғой. Ол кезде облыстық мәдениет басқармасын Қамабай Марданов деген кісі басқаратын. Түбі Май ауданынан. Тіл жанашыры,  Кереку-Баянауыла өңірінің шежіресін жинақтаған Жеңіс Мардановтың  ағасы.

– Басқарманың бастығы бүгін бәрімізді жинап алып, айтыс өтеді, қай ауданның мәдениет басшысы ақын әкелмейді сол жұмысын босатылсын деген бұйрық берді, – деп жанын қоярға жер таппай тыпыршып Дәуірбек Кәрімұлы тұр. Қасында Қорлан Есенжанова апамыз бар. Ол кісі көп жылдар бойы Әбжан ауылының мәдениет үйіне басшылық жасаған, облыста мәдениет саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан, Естай атындағы НҰрғалиевтер отбасылық ансамблін құрған адам. Бастарына үйірілген қара бұлттың қалай жауатынын  түсініп тұрмын, бірақ өз қолыммен өзімді құрбандыққа қия алмаймын ғой. Басымды ала қаштым.

–  Қалай барамын, бұрын айтыспақ түгілі төрт аяғын тең басқан өлең шығарып көрмеген адаммын. Біздікі тек шалдыр-шатпақ қой. Одан да ән айтып берейін, – дедім. Олар келіспеді, жөндерімен кетіп қалды. Ренжігендері анық. Арада көп уақыт өткен жоқ, үш күннен соң қайта оралды.

– Бейсенбі, міне облыстан қатынас қағаз келді, әкелмесең жұмыстан кет деп жатыр. Қатыссаң болды, еңбек күнің сақталады. Жеңгенің керек емес, ауданнан барған ақын деген санатта болсаң жеткілікті, – дейді Дәукең. Оның үстіне Қорлан апамыз да көнер емес, ақылмен де айтады, қамшылап осып та алады. Ақыр аяғында көндірді. Ауылың қалың болса құрбанға түйе шал дегендей, назарларының маған түскендерін көрмеймісің.  Сол кездесуден кейін ойым онға, санам санға бөлінді. Түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмаймын, көзім қойда, ойым айтыста. Бірдеңе былдырлап шығарғандай боламын, ол құрғыр қызыл құйрығы бұлаңдап миға қонбайды. Ол кезде қарсыласыңды бір ай бұрын айтатын. Менің қарсыласым Шарбақтының Арбиген ауылынан Ораз Кәменов болды. Бертін келе имандылық жолға түсіп молда болып қайтыс болды. Бір күні Ораздан «ауылына барамын, Бейсенбіні көремін деген» хабар келді. Ол кезде қазіргі Әбжан ауылының атауы Алға болатын. Келді, ауылды аралады, бір қойдың басын жеп қонақ болып кетті. Келесі жолы Нұрлан Шарипов бауырымды серік қылып Арбигенге мен бардым. Ауылдарын аралап көрдім, екеуіміз қалай айтысатынымыз туралы келістік. Ол біздің ауылға келгенде Алғаның клубына барыпты. Клубтың ашық қалған есігінен кірген менің екі бием, тайым, құлыным тұрғанын көріп, соны өлеңіне арқау етіп алыпты. Шегінерге жер жоқ, мен де ширығайын дедім. Содан қой соңында жүріп 37 шумақ өлең құрап алдым. Кешке үйге келген соң кітаптардан қарап ұйқас іздеймін. Ақыры іштей дайын болдым. Айтысқа бардық, 37 шумақ өлеңімді бес қайырымға бөліп алдым. Мақтайтын жеріне келгенде мақтайтынын жіберем. Сынайтын тұсында сынды көлденең тартамын. Ақыры Оразды жеңіп кеттім. Арада үш ай өткен соң тағы айтыс өтетін болды. Қарсыласым өзіміздің елде туған, атақты журналист, қазақ тілінің жанашыры Шолпан Байғалы. Атағы дәуірлеп тұрған кез. Өлген жерім, тірідей көмген жерің осы дедім. Айтысқа 20 ауыз өлеңмен келдім. Әбден жеңіліп бара жатсам қара сөзбен соғамын деп ойладым. Шолпан айтыс үстінде: «Бейсенбі қойшысың ғой, жүз қойдан қанша қозы аласың? – деді. Сахнаның үстінде қызыл түлкі көрген аққасқа тазыдай көзім жайнап шыға келгені. Құдайдың аузыма салуын көрмейсің бе, оңтайлы сәтін тосып тұр. Мен ол уақытта совхозда бір отар қошқар мен сек бағатынмын. Жұлып алған жерден:

«Шолпанжан қойымнан қозы алмаймын,

Баққаным қошқар менен сектер еді, – деп табан аузында суырып салдым.

Міне, сол айтыстан бастап ойдан өлең шығару басталды. Бірінші Аллама, екінші Шолпанға рахмет. Айтыстағы жолым осылай ашылды, кейіннен көптеген айтыстарға қатыстық қой, сөз таластырдық. Республикалық Ғабит Мүсіреповтың 90 жылдығы (Қызылжар), Кенесары ханның 150 жылдығы (Көкшетау), Қашаған жыраудың 150 жылдығына (Маңғыстау) арналған айтыстарға бардым, Семей облысында өткен екі айтысқа көрші ауданның өкілі болып қатыстым, Мұқағали Мақатаевтың алпыс жылдығы, Семейдегі Мақаншыда өткен Әсет Найманбаевтың 120 жылдығына  бардым. Омбыда өткен «Достық шеңбері» деген айтыста өнер көрсеттік. Республика көлеміндегі біздің буын Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Баянғали Әлімжанов, Қонысбай Әбілов, Абаш Кәкенов, Көкен Шәкеев, Ерік Асқаров, Құдайберлі Мырзабеков, Дәмеш Омарбекова, Сембай Жансақов, Есенқұл Жақыпбеков, Әзімбек Жанқұлиев сынды жүйріктер еді. Ал облыс көлемінде шарбақтылық Ораз Кәменов, Қалкен Өлмесбеков, қашырлық Абылайхан Әлжанов, ертістік Мұхаметқали Халиулин, баянауылдық Жұмкен Сейітов, екібастұздан Тұрсынбай Олжабаев, Май елінен Ғабит Сапаровтар қатарласып шықты. Кейіннен, қатарымыз толысып Сабыржан Ахметов, Серік Құсанбаев, Қанат Шайғазиндер қосылды.  Қайырбай Бейсембаев, Уақ Теміров, Боташ Каримов, Сайрамбек Мыңжасаров сынды ақындар болды.  

Айтыс сахнасында көптеген толғамды түйіндер айтылды, орашалақ ойларға да жол бердік. Оны тек айтыскер ақындар ғана түсінеді, себебі сахнаның сиқыры бар. Бірде суырылып бауырыңды жазып шапсаң, екіншіде тапырақтап қалуың да мүмкін. Жаратқан Иеге мың тәубе, қай айтысқа шықсам да сөзден тосылып көрген емеспін.

– Бәрекелді аға. Осы кезінде Краснокутск ауданының атын Ақтоғай деп атауға жергілікті ақындар ұсыныс жасаған дегенді естіп едім, соның басы-қасында Сіз жүрген шығарсыз.

– Білмейді екенсің, естімедің бе?

– Еміс-еміс естуім бар.

– Еміс-еміс естіп тарихты жазуға болмайды. Ол қиянат.  Нақты білмесең кез келген жерде сүрінуің ғажап емес. Иә, Ақтоғай деген атауды ақындар ұсынған, нақты айтсақ Амангелді Асқаров бауырымыздың ұсынысы еді. Бәрі түсінікті болсын, басынан айтайын. Тағы да тереңге итердің ғой, – деп мамыражайланып, бетіне қан жүгірген ақын аға шырайланып сөз жалғады. Шынымен де бұл тарихи оқиғалар тізбегі қазір көп айтыла бермейді, әркім көрпені өзіне тартып әлек.

– Олай болса тыңдап ал да, түйіп ал! – деп бастады әңгімесін. – Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қай ауылға болсын жеңіл болған жоқ. Біздің Әбжан ауылының шаруашылығы да шатқаяқтап, ел халқы өзінше әрекет етуге кірісті. 1994 жылы аудан әкімі Әбілқақ Түгелбаев ағамыздың шақыруымен орталыққа көшіп келдім. Әкім үй берді, астыма көлік мінгізді. Жалпы 1991 жылдан бері  Ақтоғай мәдениет үйіне аудан әкімінің шақыруымен    нұсқаушы болып жұмыс істеп жүрмін. Мәдениет үйінде 1992 жылы ақындар үйірмесін аштым. Ол уақытта облыс көлемінде жас айтыскер ақындардың көктеп жаңа шығып келе жатқан кезі. Үйірме деп ашқанымыз ақындар мектебі деген атқа ұласты, аты республикаға тарап кетті. «Социалистік Қазақстан» газетіне дейін жазды. Ол мектепте Амангелді Асқаров, Қалыбек Нығыманов, Дүйсен Сарбасов, Амангелді Уақбаев, Құрманғазы Хайруллин,  Асылхан Омарбеков деген жанып тұрған жігіттер болды. 1995 жылға дейін біздер ауданға қарасты ауылдық округтерді жылына екі рет аралап, концерт беріп, айтыс өткізіп тұрдық. Сол жігіттердің біразы  облыстық айтыстарға шықты. Амангелді Асқаров Маңғыстауда 1992 жылы өткен  Қашаған жыраудың 150 жылдық тойына менімен бірге барды. 1993 жылдары егеменді ел болған соң өткенімізді жаңғыртайық, Краснокутск ауданының атын өзгертейік деген ұрансөз шықты. Басқа облыстарда жер-су атауларын өзгертіп жатыр. Ол кезде аудандық «Коммунистік еңбек» деген газет шығатын, қазіргі «Ауыл тынысы» ғой. Сол газеттерге қарасақалдар мен ақсақалдар жаңа атаулар турасында өз ұсыныстарын жаза бастады. Біреуі «Тұзүйген» болсын деді, екіншілері «Тортай» лайықты деді. Үшіншілері «Ақ түйе» болсын деп жар салды. Тек көңілге қонымды, құлаққа жағымды естілетін атау кездеспеді. Бір күні шәкірт бауырларыммен бас қосып, ауданға шақ келетін атау іздей бастадық. Әркім өз ұсыныстарын айтты. Бір уақытта әбжандық Амангелді Асқаров жұлып алғандай сабырлы қалыппен: «Ақтоғай» болса қайтеді, – деді. Әбжан мен Он алтыншы ауылдың ортасында Ертістің жағасындағы мүйісте Ақтоғай деген тоғай бар. Мемлекеттік қордағы жер, әлі күнге дейін аудан халқының бәрі күзде сол жерден шөп шабады. Қыста аппақ қар, көктемде ақ жайқын су басатын, жаздың күні қайың, жөке ағаштарының жасыл жапырақтарының екінші жағы аударылғанда алыстан мен мұндалап  ағарып тұратыны, Ертісте ақ шабақ ойнап жататыны, күздің күні шөптің бетін аппақ шық басатыны, ақ пейілді халқы бар Ақтоғай десе жарасымды ғой. Ақ сөзі адалдықтың, тазалықтың белгісі. Оның үстіне жұрт жиектегі біздің елдерді тоғайлықтар дейді. Осының бәрін бір арнаға тоғыстыра келе Ақтоғай деп атау туралы ұсыныс жасаймыз деген тоқтамға келіп, хат жаздым. Ол кезде Қадыр Қасымов ағамыз аудандық атқару комитетінде жауапты қызметте. Әбілқақ Түгелбаев әкім, Совет Мағзұмов ағамыз жаңа құрылып жатқан мәслихаттың хатшысы. Сол хатты Қадырға бердім, ол өзіне түртіп алды да, материалды редакцияға бер деп тапсырды. Мәслихаттың сессиясы болғанда Қадыр ағамыз осындай ұсыныс келгені жайында айтқан екен. Содан көппен талқыланып, аудан басшылары келісім беріп, мәслихат сессиясында бекітіліп, облыстық, республикалық ономастикалық комиссияда шегеленді. Бұны мен ауданның жетпіс жылдығында арнау айтқан кезде де жырға қостым, газетке де басылды. Жалпы Ақтоғай ауданы атауын басшылық бекітті, ал ұсыныс төменгі жақтан шықты.  Қайталап айтайын, оны алғаш ұсынған Амангелді Асқаров еді.  Ұсыныс бізден шыққанымен «қара жұмыстың» бәрін әкімдіктегі, маслихаттағы мамандар атқарғанын мойындау керек. Мұндай қонымды атауды қоюға бәрінің де еңбегі сіңді. Бөліп, жаруға болмас.

– Дұрыс айтасыз аға, бұны көпшілік біле бермейді. Ол заманда аудан түгілі шағын ауылдың атауын өзгерту де машақат еді ғой. Осы мәселені күн тәртібіне қойып, қаншама қызыл кеңірдек әңгімелер өрбіп, әркім өзінше әрекет жасап, бірліктің арқасында елдің аты өзгерді, құлаққа жағымды, көңілге қонымды атау дүниеге келді. Бұған ақындардың үлес қосқаны қандай керемет. Аға, тақырыпты бұрсақ. Мәдениет саласындағы сүрлеуіңіз жайлы да әңгіме өрсеңіз. Қалаға да жақындап қалдық.

Қойған сауалдан сүрінуді білмейтін Бейсенбі ағаға бұл сұрағым шіркей шаққан құрлы қиындық келтірмеді. Жонына су төгілмес жорғадай тайпаңдай ждөнелді.

– 1991 жылдан бастап ресми мәдениет саласындағы жұмысым басталды. Бір рет болсын жұмысқа кешігіп барған, иә болмаса сөгіс алған адам емеспін. Осы әрекетімді өскелең ұрпаққа өсиет етіп отырамын, әр адам өз ісінің шебері болуы керек. Сонда ғана белеске жетесің. Кәрі сүйегімді тасып несіне мәдениетте жүр дейсің? Себебі ол менің өмірім, түзде жүрмей үйде қамалып қалсам қамығамын, көзім қарауытады, ауырамын. Мені Бейсенбі қылған, «Қаранар» атандырған Құдайдың бойыма берген өнері, айтыс. Кейде балалардың арасында алған жүлделеріне қомсынғанын, жүлдеге іліге алмай қалғандарына қамығып, қарғап-сілеп отырғандарын көріп іштей қынжыламын. Құдай-ау, біздің кезімізде айтыстан бір жапырақ мақтау қағаз алып, оны елді жинап екі қой сойып тойлайтынбыз. Алла берген ақындық өнер – ең басты жүлде. Әйтпесе кім көрінген сахнаға шығып «хәләуләйін» айтып жүре бермейді ме. Өнерге деген тазалығымның арқасында елдің құрметіне бөлендім, марапаттарға ие болдым. Ең бірінші мақтанышым «Қазақстанның көрнекті адамдары» деген энциклопедияға есімімнің енуі, Ақтоғай ауданының, облыстың «Құрметті азаматы» деген марапатқа ие болдым. «Мәдениет саласының үздігі» атандым, Президенттің Алғыс хаттары бар. Екі рет «Құрмет» төсбелгісін алдым. Жақында «Аудан алдындағы сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Осы аз жетістік пе? Мені бұлай құрмет тұтуы өнердің, сол өнерге деген адалдығымның арқасы. Өмір бойы күрең домбырамды асынып, қоңыр дауысыммен елдің алдында арнау айтып, ән салып жүрсем де ешкімнен «тәңір жарылқасын» деметкен адам емеспін. Ақын деген – Алланың елшісі секілді, оларды пенде емес Құдай жарылқайды. Мен үшін өмірдегі ең басты марапат халқымның өзі қалап берген «Ақ Ертістің Қаранары» деген атақ, – деп түйіндеді әңгімесін ақын аға.

Көп әңгіменің тиегін ағытып қалаға қалай жеткенімізді де білмей қалыппыз. Аулада Әсия жеңгей күтіп тұр екен.  Амандық-саулықтан кейін жылы қоштастық.

Ақсаңдап басып Ақын аға кетіп бара жатыр. Қасында қолтықтаған жеңгем.

Бақытқа бара жатқандай…

Бейбіт БӨЖЕН.

Добавить комментарий