
Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі – мемлекеттің экономикалық қуатын арттырумен қатар, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, өңірлердің әлеуетін көтеруге және келешек ұрпақтың игілігіне қызмет ететін берік негіз қалыптастыруға басымдық берілуінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы стратегиялық міндеттер айқын көрініс тапты.
Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауындағы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы – қоғам назарын аударған маңызды бастамалардың бірі. Бұл жай ғана жаңа ғимараттар тұрғызу туралы шешім емес. Оның мәні – әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтардың өміріне қолайлы жағдай қалыптастыру, даму игілігін әрбір өңірге жеткізу.
Мемлекет басшысы облыс орталықтарымен шектелмей, аудандар мен елді мекендерде де азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстарына белсенді кірісу қажеттігін атап көрсетті. Демек, өңірлер арасындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық алшақтықты азайту ел дамуының маңызды міндетіне айналмақ.
Шын мәнінде, мемлекеттің қуаты тек ірі қалалардың келбетімен немесе экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы өлшемі – шалғай ауылдағы тұрғынның сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі, баланың заманауи спорт кешенінде жаттығуы, жастардың кітапхана мен шығармашылық орталықтардың мүмкіндігін пайдалануы, азаматтардың қауіпсіз әрі қолайлы жолдармен қатынауы.
Жолдауда автомобиль жолдары, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысына ерекше назар аударылды. Бұл бағыттардың әрқайсысы халықтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Жол құрылысы өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Ал медициналық мекемелердің жаңаруы сапалы қызметтің қолжетімділігін арттырады.
Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салу бастамасының әлеуметтік маңызы зор. Мұндай орталықтар балалардың денсаулығын оңалтуға ғана емес, олардың қабілеттерін дамытуға, қоғам өміріне белсенді араласуына, отбасылардың күнделікті тұрмысындағы қиындықтарды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Адамға бағытталған мемлекеттің басты белгісі – осындай қажеттіліктерді назардан тыс қалдырмау.
Жолдауда барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі керектігі де айтылды. Өйткені елдің болашағы тек экономикалық қуатпен емес, оның зияткерлік, мәдени және рухани әлеуетімен де айқындалады. Жаңа кітапхана – білім көкжиегін кеңейтетін орта; шығармашылық үйі – талантты ашатын мүмкіндік; спорт кешені – табандылық пен тәртіпке тәрбиелейтін мекен; ғылыми орталық – жаңашыл ізденістердің бастауы.
Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адами капиталды дамытуға қызмет етеді. Қазіргі заманда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарымен ғана емес, білімді, кәсіби даярлығы жоғары, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын азаматтарымен өлшенеді. Сондықтан мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымға салынған инвестицияны болашақ ұрпақтың әлеуетіне бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция деп бағалаған жөн.
Президент бастамасының тағы бір маңызды қыры – ауқымды құрылыс пен жасанды интеллект дәуіріндегі жаңғыру үдерістерінің сабақтастығы. Мемлекет басшысы: «Біз ауқымды құрылысты қарқынды жүргіземіз. Бұл – халқымыздың жасанды интеллект дәуіріне беретін ортақ жауабы», – деп атап көрсетті. Жаңа технологиялар дамыған сайын қоғамның инфрақұрылымға қоятын талабы да өзгереді. Ғылыми орталықтар, цифрлық қызмет көрсету жүйелері, заманауи білім беру және медициналық мекемелер озық технологиялармен үйлескенде ғана толыққанды нәтиже береді.
Сонымен бірге құрылыс саласының қарқынды дамуы экономиканың өзге бағыттарына да серпін береді. Құрылыс материалдарын өндіру, көлік пен логистика, инженерлік қызмет, жобалау, сәулет және технологиялық жабдықтар саласы өзара байланыста дамиды. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық кәсіпкерліктің кеңеюіне және өңірлердегі экономикалық белсенділіктің артуына мүмкіндік туғызады.
Дегенмен мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда құрылыс көлемімен қатар оның сапасына, тиімділігіне және қоғамдық қажеттілікке сәйкестігіне айрықша мән берілуге тиіс. Әр нысан халықтың нақты сұранысына жауап беруі қажет. Қаржының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасының қадағалануы, нысандардың уақытылы пайдалануға берілуі – бастаманың нәтижелілігін айқындайтын басты шарттар. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі де арта түседі.
Президент Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын атап өтті. Бұл қағидат мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау екенін көрсетеді. Экономиканың дамуы, инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік саланың жетілдірілуі – барлығы да адам игілігіне қызмет етуі тиіс.
Ең бастысы, бұл бастаманың игілігін бүгінгі буынмен қатар келешек ұрпақ та көруге тиіс. Бүгін салынған кітапхана, спорт кешені немесе ғылыми орталық ертеңгі білімді маманның, талантты өнерпаздың, білікті ғалымның қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Мұндай нысандардың шынайы құндылығы тек материалдық бағасында емес, адам өміріне әкелетін оң өзгерісінде.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі міндеті – қол жеткізген жетістіктерді сақтай отырып, дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілу. Бұл жолда жасампаз еңбек, қоғамдық жауапкершілік, кәсібилік және ортақ мүддеге жұмылу шешуші рөл атқарады. Президент ұсынған Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы осы мақсатқа қызмет ететін маңызды бастама болмақ.
Өйткені елді көркейтудің ең биік мұраты – ғимараттар мен жолдар салу ғана емес, сол игіліктер арқылы адамның өмірін жақсарту, ұрпақтың болашағына берік негіз қалау. Жалпыхалықтық құрылыс бастамасының тарихи маңызы да, қоғамдық құндылығы да осы ұстаныммен өлшенбек.
Асыл ӘБІШЕВ
