Тарих ешкімге бұра тартпайды. Ол құрғақ уәде мен даңғаза сөзге емес, нақты іске, ел игілігіне жараған нәтижеге ғана баға береді. Бүгінгі Қазақстан да осындай жауапты тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы – кезекті есеп пен алдағы міндеттер тізбесі ғана емес, ел дамуының жаңа бағдарын айқындайтын, мемлекеттік басқару мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды саяси құжат.

Заман өзгерді, әлемдік тәртіп түрленді, халықаралық қатынастардың сипаты күрделене түсті. Мұндай жағдайда кешегі қалыптасқан ұстанымдармен бүгінгі міндеттерді еңсеру мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесі де уақыт талабына сай жаңарып, ел дамуының жаңа кезеңіне бейімделуге тиіс. Әлемде тұрақсыздық күшейіп, геосаяси қайшылықтар тереңдеген тұста мемлекеттің қуаты жер қойнауындағы байлықпен немесе халықаралық аренадағы орналасқан орнымен ғана өлшенбейді. Елдің ең басты тірегі – халықтың ауызбіршілігі, мемлекеттік институттардың орнықтылығы, заңның үстемдігі және ел болашағын алыстан болжай білетін парасатты саясат.

Қазақстан тәуелсіздіктің отыз бес жылдық белесіне қадам басты. Бұл – өткен жолға көз жүгіртіп, жеткен жетістікті бағамдайтын әрі алдағы бағытты айқындайтын маңызды белес. Тәуелсіздік жариялау – тарихи бастау болса, оны экономикалық қуатпен, ғылыми-технологиялық жетістіктермен және рухани кемелдікпен нығайту – ұрпақ алдындағы үлкен міндет.

Қазіргі кезең егемендік ұғымының мәнін де кеңейте түсті. Егемендік мемлекеттік рәміздер мен саяси дербестікті жариялаумен шектелмейді. Оның шынайы мәні – ел тағдырын өз қолымен айқындау, экономикалық дербестікті нығайту, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, технологиялық тәуелділіктен арылу. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, кейінгі ұрпаққа орындалмаған уәде мен аяқсыз қалған жобаларды емес, экономикасы өркендеген, технологиясы дамыған, тәртібі берік мемлекет қалдыруымыз керек. Билік пен қоғамның жетістігі бүгінгі көрсеткіштермен ғана емес, келер ұрпаққа қандай ел қалдыратынымызбен бағалануға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы мен алдағы жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі бастаманың маңызы айрықша. Бұл бастаманы тек жаңа ғимараттар тұрғызу, жол салу немесе құрылыс көлемін ұлғайту деп түсіну жеткіліксіз. Оның түпкі мақсаты – елдің өндірістік әлеуетін арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін беру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Ұлттық қордан бөлінетін әрбір қаржы ел игілігіне қызмет етуі керек. Мектеп, аурухана, жол мен өзге де нысандар салумен жұмыс бітпейді. Құрылысқа жұмсалған қаражат отандық өндірістің дамуына, жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халық табысының артуына ықпал етуі қажет. Егер ірі жобалар ел ішіндегі өндірісті жандандырып, шағын және орта кәсіпке жол ашпаса, онда оның экономикалық қайтарымы да төмен болмақ. Сондықтан басты өлшем – игерілген қаржының көлемі емес, одан ел көрген пайда. Халықтың күнделікті тіршілігіне оң өзгеріс әкелмеген сандық көрсеткіштердің өздігінен құны жоқ.

Қазіргі әлемнің дамуы электр қуатымен тікелей байланысты. Өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа технологиялардың таралуы, жасанды интеллектінің дамуы – бәрі де сенімді энергетикалық жүйеге тәуелді. Осындай жағдайда энергия тапшылығын сырттан келетін қуат есебінен өтеуге мәжбүр болу – табиғи қоры мол мемлекет үшін ойланатын мәселе. 2029 жылға қарай электр энергиясын өз қажетімізден артық өндіру міндеті салалық жоспар шеңберінен әлдеқайда кең мағынаға ие. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың, экономикалық дербестікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Қазақстанның Еуразия құрлығының ортасындағы орны да ел дамуына қызмет етуге тиіс. Алайда тиімді географиялық орналасудың өзі экономикалық табысқа кепіл бола алмайды. Транзиттік бағыттардың тоғысқан жерінде орналасу мен сол мүмкіндікті ел қазынасына кіріс әкелетін қуатты көлік-логистика жүйесіне айналдырудың арасы жер мен көктей. Сондықтан еліміз арқылы өтетін жүк тасымалынан түсетін пайданы арттырып қана қоймай, жүк өңдеу, сақтау, сұрыптау, тасымалды ұйымдастыру және логистикалық қызмет көрсету салаларын қатар дамыту қажет. Сонда ғана географиялық артықшылығымыз нақты экономикалық күшке айналады.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің өркендеуі мемлекеттердің даму бағытын түбегейлі өзгертіп жатыр. Мұндай кезеңде дайын технологияны сырттан сатып алып, соны пайдаланумен шектелу елдің бәсекеге қабілетін арттырмайды. Қазақстан технологияны меңгеріп қана қоймай, оны өз жағдайына бейімдейтін, жаңасын әзірлейтін және отандық өнімді сыртқы нарыққа ұсына алатын мемлекетке айналуы керек. Бұл міндеттің бастауы – білім беру жүйесі. Мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім мазмұны заман талабына сай жаңарып, жас ұрпақтың ғылыми ізденісіне, шығармашылық қабілетіне және технологиялық сауатына басымдық берілуі қажет.

Цифрлық экономиканың игілігі тек ірі қалалармен шектелмеуге тиіс. Ауылдағы кәсіпкер де, шаруа қожалығының иесі де, шалғай елді мекендегі тұрғын да жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалана алуы қажет. Электронды сауда, қашықтан қызмет көрсету, цифрлық төлем және деректерді тиімді пайдалану ауыл экономикасының дамуына жол ашуға тиіс. Цифрландыру қоғамдағы алшақтықты тереңдететін емес, керісінше, қала мен ауыл тұрғындарының мүмкіндігін жақындастыратын тетік болғаны жөн.

Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – азаматтарды мемлекеттік көмекке телмірту емес, олардың өз еңбегімен табыс тауып, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Әлеуметтік қолдау шын мәнінде мұқтаж жандарға бағытталып, көмек алудың әділ әрі ашық тетіктері қалыптасуы керек. Сонымен қатар ел халқының елеулі бөлігін құрайтын жеті миллионға жуық баланың дені сау, білімді, ойы озық азамат болып өсуіне мүмкіндік жасау – мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі. Баланың сапалы білім алуы, қауіпсіз ортада тәрбиеленуі және жан-жақты дамуы елдің ертеңгі қуатын айқындайды. Сондықтан жас ұрпақтың болашағына салынған инвестицияны ұлттық қауіпсіздік пен ел дамуының ұзақ мерзімді кепілі деп қарастырған жөн.

Мемлекеттік саясаттың нәтижелі болуы оны жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілердің біліміне, біліктілігіне және жауапкершілігіне тікелей байланысты. Қанша жақсы бағдарлама қабылданғанымен, оны орындау барысында қағазбастылыққа салыну, міндетті бірінен-біріне ысыру, шешімді созу мен жауаптан жалтару секілді кеселдерден арылмасақ, көздеген мақсатқа жете алмаймыз. Мемлекеттік қызмет – жеке бастың артықшылығы емес, халық алдындағы аманат. Әрбір қызметші өз міндетін елге адал қызмет етудің жауапты жолы деп түсінуі керек. Осы орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық өмірдің барлық саласында берік орнығуға тиіс. Заң талаптары лауазымына, әлеуметтік жағдайына немесе таныстық байланысына қарамастан, баршаға бірдей қолданылғанда ғана әділдік салтанат құрады. Құқықтық мәдениет қалыптасып, әр азамат өз құқығымен қатар міндетін де терең түсінгенде мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығаяды.

Қазақстанның алдағы даму жолы бүгін қабылданатын шешімдердің сапасына байланысты. Табиғи байлыққа иек артып, шикізат сатумен ғана шектелетін уақыт келмеске кетті. Ендігі жерде елге бәсекеге қабілетті өндіріс, қуатты ғылым, сапалы білім, озық технология және әділ құқықтық жүйе қажет. Мұның бәрі бір-бірімен сабақтасып, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму негізін құрауға тиіс.

Ұлттық мүдде – мемлекеттік саясаттың басты бағдары, әділдік – қоғамдық келісімнің берік негізі, ал адал еңбек – ел өркендеуінің негізгі күші болуы керек. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі буынның қасиетті парызы. Ал оны экономикасы қуатты, ғылымы дамыған, рухы биік, өркениетті елге айналдыру – баршамызға жүктелген тарихи жауапкершілік. Келешек ұрпақтың тағдыры бүгінгі ісімізге байланысты. Сондықтан елдік мұрат жолындағы әрбір шешім мен әрбір қадам ең алдымен Қазақстанның болашағына қызмет етуге тиіс!

Айбек ОРАЛХАН

Добавить комментарий