«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында Мо Янның «Сарымсақ жыры» романын оқыдым (Аудармашы – Төлеген Меллат). Бұл – Нобель сыйлығын алған әйгілі жазушының шығармасын алғаш оқуым. Ең алдымен аңғарғаным – жазушы «өмірде үлкен дүмпу тудырған» оқиғаны кейіпкерлердің басынан өткен түрлі жағдайлар арқылы шебер жеткізген. Автор уақыт кеңістігінде өзін тым еркін ұстайды. Әр тарау, әр бөлімде баяндалатын оқиғалар мен іс-әрекеттерді мекен мен мезгіл шеңберінен шығармай әсерлі береді.

Романда Гао Ян, Гао Ма, Төртінші Фан ағай мен Төртінші жеңгей, олардың екі ұлы мен қызы Цзиньцзюй секілді басты кейіпкерлер туралы айталады. Бұлар – 1987 жылы 28 мамырда аудандық үкіметті қиратуға қатысқан шаруалар және «әділетсіздіктің құрбандары».

***

Романдағы кейіпкерлердің ішінде маған ұнағаны – Гао Ян. Өзі қызық адам. Рухы мықты дей алмайсыз. Әлсіз деуге де келмейді. Ол қанша азаптанып, тәні мен жаны ауырса да, көзінен шыққан жасты елемей, өз-өзін: «Жылаған жоқсың! Жылаған жоқсың!» деп қайрай түседі.

Бала кезінен әсершіл, сезімтал болып өскені аңғарылады. Тұтқындалып, камераға қамалғанда да ол «…мылтықтарын құшақтап, киімшең ұйықтап жатқан екі жасаққа қарап, олардың өзі үшін осылай жапа шеккеніне өзін іштей кінәлі сезінді…». Адамшылық дейміз бе? Кең көңілділік дейміз бе?! Осы үзіндіден Гао Янның жағымды бір қыры көрінеді.

Енді мына бір мінезі тіпті қызық:

Көтерілісшілер әкім шықсын деп талап етіп тұр. Арасында Гао Ян да бар. Бірақ әкімінің орынына Пэн орынбасар шықты.

Ол былай деді:

«… – Сендер бұзақылық жасамаңдар! Әкімнің маңызды шаруалары бар! Сендермен кездесуге уақыты жоқ! Әкім бір ауданды басқарады! Ірі істерден қолы босамайды! Әлде сендердің сарымсақтарыңды сатып беру үшін отыр ма?!

Осы сөздерді естігенде Гао Янның жүрегі шым ете қалды. «Рас қой… Әкім деген бір ауданның басшысы. Менің сарымсағымды сатып жүруі керек пе?..» Тіпті сарымсақтың бәрі шіріп кетсе де, әкімнің өзі сатып беруі дұрыс емес сияқты көрінді оған…».

Өзі наразы топтың өкілі. Адал еңбегі зая кетіп барады. Сөйте тұра кінәлі тарапқа аяушылық танытады. Көңілі бос па? Көтені бос па?!

***

Жалпы алғанда, романды оқып отырып өзіңіз қуғында жүргендей әсерде боласыз. Кейіпкерлерге тыным жоқ. Қуғындау, қамау, азаптау, мазақтау…

          Маған ерекше әсер еткен эпизодтардың бірі – Цзиньцзюй мойынына арқан салып, өлер алдында құрсақтағы сәбиімен тілдесетін сәті:

«… – Балам, анау жердегі сарымсақ сабақтарын көрдің бе? Олар бір-біріне шырмалған улы жыландар сияқты. Ет жейді, қан ішеді, миды сорып алады. Сонда да шыққың келе ме?

Баланың аяқ-қолы бүрісіп, көзі тұманданғандай болды.

– Балам, анаң да кезінде сен секілді дүниені көргісі келген. Бірақ мына жарық жалғанға келгелі шошқа жейтін асты жеді, өгіз бен аттың жұмысын істеді, тепкі мен таяқ көрді. Тіпті нағашы атаң мені шаңырақтың арқалығына асып қойып, қамшымен сабаған. Сонда да шыққың келе ме?

Бала мойнын да ішіне тартып алды. Денесі домалақ шарға айналды. Тек екі шарадай көзі ғана жәутеңдеп ашық қалды.

– Балам, әкеңді қазір полицейлер іздеп жүр. Әкеңнің үйі соншалық кедейленіп кетті, тіпті тышқан да тұрақтамайды. Нағашы атаңды көлік қағып өлтірді. Нағашы әжеңді ұстап әкетті. Екі нағашы ағаң отау бөліп кетті. Шаңырақ шайқалды, тірек қалмады. Сонда да шыққың келе ме?

Бала көзін жұмды…». Қанша қиындықты өткерген жанның, бәрінен күдер үзген жанның шырылын естігендей боласыз…

Сонымен бірге, полицейлерден қашып жүрген Гао Маны Чжу мұғалімнің құтқаруы да (ХІ тарау) көңілге жылылық пен серпін сыйлайды..

***

Жазушы шеберлігі таныла түсетін тіркестер мен мәтіндер аз емес:

Мысалы, еріксіз тұрмысқа берілгелі жатқан Цзиньцзюйге ғашық Гао Маның: «…Сенің түр-тұлғаң осындай келісті бола тұра, Лю Шэнлиге тұрмысқа шығуың бәйтеректі бұтаға сүйеп, гүлді тезекке шаншығанмен бірдей…» деп ойлауы – ғашық хәлдің көрінісі.

Немесе, Гао Ма мен Цзиньцзюй қашып, тығылып жатқанда қуғыншыларыдың дауысын естіген сәті: «…Бақырайып кеткен көздері бұрышқа қамалған иттей сақ әрі үрейлі көрінді…».

Немесе, түрмеге қамалған Гао Янның биік камераның төбесіне қараған сәті.  «…Сұрғылт төбеге ілінген сарымсақ тоқпағына ұқсас кішкентай шам аспандағы жалғыз жұлдыз секілді көрінеді…»

Немесе, түрмедегі қарт тұтқын Гао Янға тиесілі тоқашты жұлып алып, қабырға бұрышына тығылып жейтін сәті: «…Аузынан тышқан ұстаған мысықтың рақаттанған күбіріндей күңкіл дыбыс шығып жатты…»

***

Тағы бір айта кетер жайт, жазушы баяндап отырған оқиғаны, іс-әрекет, қимылды дәл береді. Тәптіштеп жазады.

Мысалы:

«…Қарт тұтқын қолындағы алюминий шөмішті жас жігіттің басына сарт еткізіп салып қалды. Соққы қатты тиді. Жас жігіт басын ұстап шыңғырып жіберді. Беті-аузы сорпаға былғанып қалды. Гао Ян көзін бір жыпылықтатып үлгергенде, шөміштің жиегі жігіттің қатты бас сүйегіне тиіп майырылып кеткенін көрді. Қарт шөмішті қыса ұстап, бүкірейіп тұрды…»

Тағы бір мысал:

Гао Маны ағалы-інілі Фандар ұрып, өлімші етіп сабайді. Қолы байлаулы Гао Ма есінен айырылады. Ян көмекші қолын шеш дейді. Ағалы-інілі Фандар адам өлтіріп алдық деп қорқып, дірілдеп-қалшылдап шеше алмайды.

Сол кезде:

«… – Тісіңмен тісте!, – деп айқайлады Ян көмекші.

Үлкен ағасы оған шарасыз көзбен қарап қойды да, Гао Маның қасына тізерлей отырып, түйінді тісімен кеміре бастады. Сол сәтте ол сүйек кеміріп отырған кішкентай күшікке ұқсап кетті.

Ақыры түйін босады. Ян көмекші үлкен ағасын ысырып тастап, жіпті бар күшімен тарта бастады. Сырттай карағанда, Гао Маның етінің арасынан сіңір суырып жатқандай көрінді…»

Осындай дәл бейнелеулер Гао Янның әйелінің толғағын суреттегенде; көтерілісті бейнелегенде; тергеу барысын сипаттағанда анық көрінеді.

***

Романда баса айтылатын және әшкере болатын нәрсе – әділетсіздік, ұяттан безушілік. Қолында билігі барлар, күштілер әлсіздерді, қорғансыздарды мазақ етеді, әділетсіздік танытады.

Әділетсіздіктің мысалы ретінде қарсы құдалықпен күйеуге берілмек болған Цзиньцзюй үшін араша сұрай келгенде Гао Янның сөзін елемей қойған Ян көмекшіні айтуға болады.

Ал, Гао Яндарды тергеп жатқан кезде «ат жақты жігітті» электр таяқшамен қинауы – мазақтың көкесі.

Төртінші жеңгей қызы Цзиньцзюйді ұрғанда ұятты ойламады. Ал, Ян көмекшілерге беретін араққа су қосуға ұялды.

Төртінші Фан ағай өлген соң, оның өліміне кінәліні жазалауды сұрап, әділдік талап ете келген балаларына өтірік кеңес берген Ян көмекшінің әрекеті, оның сөзіне ерген ұлдардың әрекеті, әкесінің мәйітін қор қылуы,  әкесінің өліміне бас қатырмай, сиырдың өлгеніне өкінуі, дүниені бөлісуі – бәрі-бәрі жүрегіңізді айнытады. Балаларының пасық та сасық әрекеттері жаныңызды түршіктіреді.

Тіпті, әкелерінің жаңа мақта күпісін бөліп алуы әрі күлкілі, әрі надан пиғыл. Осындай да адамдар болады екен-ау деп жиіркенесіз.

Тағы бір мысал, XIV тараудағы Гао Ян мен Төртінші Фан ағайдың сарымсақ сабақтарын тиеп алып, аудан орталығына баратын кезі. Олар жол бойы ақы төлейді: Жол пайдалану төлемі, сауда салығы, қоршаған ортаны қорғау станциясының айыппұлы, санитарлық бақылаушының айыппұлы… Ақшасы жоқ шаруалар сарымсақ сабағын беріп құтылады. Бейшара шаруаларды Мемлекет саясаты деп әбден тонайды. Ішіңіз ашиды.

***

Романды оқып, түйгенім: Заң осал болса, қоғамның бүгіні де, болашағы да мығым болмайды.

Мемлекет заңының мығым болуы – халықтың құқығының тапталмауына, қорғалуына барынша жағдай жасалуында.

Ал, «Сарымсақ оқиғасында» заңның босаңдығы; Үкіметтің сөзі сөз, шаруалардың ісі іс емес деген астамшылық бүлікке себеп болды. Халыққа «Сарымсақ өсіріңдер, мол өнім алыңдар, сарымсақ сабағын өткізіңдер!» деп жарлық беріледі. Халық «осынша өнім берсең, осынша ақша аласың» дегенге сеніп, табысқа кенелеміз деп барын салып, маңдай терін төгіп, бел жазбай еңбек етті. Соңында соның барлығынан құр қалды. «Қоймалар толды, сарымсақты алмаймыз, керек емес, өздерің сатыңдар, сата алмасаңдар – жеңдер» деген немқұрайлылыққа, жауапсыздыққа, әділетсіздікке төзбеді. Халық ашынады. Қалай ашынбасын, оқып отырған Сіз ашынасыз. Күйінесіз, кіжінесіз, тіс қайрайсыз. Міне, осал заң үлкен дүмпуге, наразылыққа алып келді.

Екінші бір түйгенім: Заң деген қол қойылып, мөр басылған мемлекеттің құжаты ғана емес. Ең үлкен, әрі басты Заң адамның ішкі Заңы. Ар заңы. Заңды шығарушы, бекітуші тұлға өз арының заңына бағынбаса, Мемлекеттің заңы осал болады. Сарымсақ оқиғасы – әр адамның ішінде болып жатыр. Әр тұлға өз арының Заңын дұрыс, әділ жазуы керек. Сол заңға берік болуы керек.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

Добавить комментарий