25 қазан – Қазақстан Республикасының күні 

Тәуелсіздік – ұлтымыздың ең ұлы құндылығы. Оның баянды болуы, мемлекеттің берік орнығуы, қоғамның өркениетті жолмен дамуы ең алдымен конституциялық қағидаттардың өміршеңдігіне тікелей байланысты. 25 қазан – Республика күні бізге осы ақиқатты тағы бір мәрте терең сезіндіретін тарихи мереке. Бұл – елдігіміздің еңсесін тіктеген, мемлекеттілігіміздің құқықтық негізін қалаған, халқымыздың азаттыққа деген ғасырлар бойғы арманын ақиқатқа айналдыруға жол ашқан айрықша күн.

Егемендік декларациясы – елдік тарихының алтын парағы

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы тарихи бетбұрыстың бастауы болды.

Декларацияда республиканың мемлекеттік егемендігі, аумақтық тұтастығы, биліктің дербестігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, ұлттық байлыққа иелік ету қағидаттары көрініс тапты. Бұл жай ғана саяси құжат емес, болашақ тәуелсіз мемлекеттің құқықтық іргетасын айқындаған тарихи шешім еді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Осылайша 25 қазанда жасалған тарихи қадам заңды жалғасын тапты. Бүгінде Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде аталып өтеді. Ол әр азаматты мемлекеттіліктің қадірін түсінуге және ел болашағы алдындағы жауапкершілігін сезінуге үндейтіні анық.

Конституция – мемлекеттің құқықтық темірқазығы

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің орнықты дамуы, ең алдымен,  берік конституциялық негізге сүйенеді. Ата Заң – мемлекеттің құрылымын белгілейтін құқықтық құжат қана емес, халық пен билік арасындағы қоғамдық келісімнің, азаматтық жауапкершілік пен ортақ құндылықтардың көрінісі.

1993 жылы тәуелсіз еліміздің алғашқы Конституциясы қабылданған-тұғын. Ал 1995 жылғы Конституция жаңа мемлекеттің құқықтық жүйесін орнықтыруда маңызды тарихи рөл атқарды. Конституциялық реформалардың мақсаты – мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамның мемлекет ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.

Конституциялық мемлекеттің басты өлшемі – биліктің қаншалықты қуатты екендігі ғана емес, оның заңмен қаншалықты шектелетіні, азамат алдындағы жауапкершілігі және адам құқығының қаншалықты сенімді қорғалатыны. Конституцияның шынайы құдіреті қағаз бетінде жазылған қағидалардың күнделікті өмірде жүзеге асуында.

Жаңа Конституция – жаңарған Қазақстанның даму бағдары

Сөз жоқ, 2026 жыл еліміздің конституциялық даму тарихында ерекше орын алады. 15 наурыздағы республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Бұл – саяси-құқықтық жүйені жаңғыртудағы маңызды кезең.

Жаңа Ата Заңның өзегінде адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары, әділеттілік, Заң мен Тәртіп, ұлттық бірлік, білім мен ғылым, инновация және тарихи сабақтастық құндылықтары тұр. 1990 жылғы декларация егемендікке жол ашса, жаңа Конституция тәуелсіз мемлекеттің келешек даму бағдарын айқындайды.

Еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы мен аумақтық тұтастығы конституциялық деңгейде қорғалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты үндеуінде: «Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады», – деп атап көрсетті.

Әрине, құқықтық құжаттың тиімділігі нақты орындалуымен өлшенеді. Сондықтан оның әлеуетін жүзеге асыру мемлекеттік органдардың кәсібилігіне, қоғамның белсенділігіне және азаматтардың құқықтық мәдениетіне байланысты.

Халық – егемендіктің иесі, биліктің бастауы

Конституциялық мемлекеттің басты ерекшелігі сол – халықтың мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде танылуы. Жаңа Конституцияның 4-бабында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі екені бекітілген.

Мемлекет – халық үшін қызмет ететін институт, ал билік – халық сенімінен туындайтын жауапкершілік. Бір палаталы Құрылтай, билік тармақтарының өкілеттіктерін жаңаша айқындау және Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесі мемлекеттік жүйені жаңғыртуға бағытталған.

Алайда саяси институттың құндылығы оның атауымен емес, халық мүддесіне қаншалықты қызмет ететінімен өлшенеді. Әртүрлі пікірдің естілуі, азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал етуі, ашық қоғамдық диалог – дамыған конституциялық мәдениеттің белгілері.

Адам құқығы – ең жоғары құндылық

Адам өмірі, ар-намысы, қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары – мемлекет қызметінің негізгі өлшемі. Бұл қағидат әлеуметтік саясатта да, сот төрелігінде де, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде де басшылыққа алынуы тиіс.

Адамның қорғалу құқығы, кінәсіздік презумпциясы, негізсіз ұстаудан қорғану, дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік мәселелері ерекше маңызға ие. Бүгінде азаматтың құқығын қорғау цифрлық кеңістікте де жалғасады.

Заңды сыйлау – мемлекеттен қорқу емес, қоғамдағы ортақ тәртіп пен әділеттілікті құрметтеу. Құқықтық мемлекет құру әр азаматтың заңға құрметінен және өзгенің құқығын мойындауынан басталады.

 Жаңа дәуірдің құндылықтары

Қазіргі әлемде мемлекеттің қуаты тек табиғи байлығымен өлшенбейді. Елдің шынайы әлеуетін айқындайтын басты фактор – адам капиталы. Білімді ұрпақ, білікті маман, дамыған ғылым, инновациялық экономика және озық технологиялар – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің тіректері.

Жаңа Конституцияда білімді, ғылымды және инновацияны дамытуға мән берілуі Қазақстанның болашағын адам ақыл-ойымен, шығармашылық әлеуетімен байланыстырады. Жасанды интеллект дәуірінде бұл бағдардың маңызы арта түседі.

Білім беру сапасын арттыру, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер алшақтығын азайту, ғылым мен өндіріс байланысын күшейту – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының міндеттері. Тәуелсіздіктің келешектегі беріктігі білімді ұрпақтың қолында.

Бірлік – елдіктің рухани негізі

Мемлекеттіліктің берік болуы үшін құқықтық негізбен қатар рухани тұтастық та қажет. Конституцияның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау, ұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту, тарихи-мәдени мұраны қорғау идеялары көрініс тапқан.

Қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатыр. Елдің бірлігі мен жердің тұтастығын сақтау ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы мұрат болды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – сол мұраттың заманауи құқықтық мемлекет үлгісіндегі жалғасы.

Ұлттық бірлік дегеніміз – баршаның бірдей ойлауы емес, көзқарастар алуандығы жағдайында ортақ мемлекеттік мүддені жоғары қоя білу. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, мәдениет пен дәстүрді дәріптеу, тарихи жадыны сақтау – елдіктің рухани негіздері.

Әділетті Қазақстан – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі

 Әлбетте, әділетті Қазақстан идеясы адамға құрметтен басталады. Адал еңбек бағаланған, заң бәріне бірдей қолданылған, білім мен қабілетке жол ашылған, мемлекеттік қызмет халық мүддесіне бағытталған қоғам ғана шынайы дамуға қол жеткізеді.

Елдің дамуы тек елордадағы ірі шешімдерден тұрмайды. Ол әр ауылдағы мектептің сапасынан, әр қаладағы өндірістің тиімділігінен, әр отбасының әл-ауқатынан, әр азаматтың ертеңгі күнге сенімінен құралады. Мысалы, біздің Павлодар өңірі секілді индустриялық аймақтардағы өндірісті жаңғырту, инженерлік мамандықтарды дамыту және экологиялық жауапкершілікті күшейту – жалпыұлттық өркендеудің бір бөлігі.

Республика күні – өткенге тағзым, болашаққа жауапкершілік

Биыл Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 36 жыл толады. Осы уақыт ішінде еліміз тарихи өзгерістерді бастан өткерді. Тәуелсіз мемлекеттің институттары қалыптасты, ұлттық экономика мен халықаралық қатынастар жүйесі дамыды, қоғамдық сана жаңарды.

Ендігі басты міндет – тәуелсіздіктің сапасын арттыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту, конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Мемлекет тәуелсіздігін жариялау – тарихи жеңіс, ал сол тәуелсіздікті ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу – үздіксіз әрі баршамызға ортақ жауапкершілік.

Егемендік декларациясынан басталған елдік жол жаңа Конституциямен жалғасып, болашаққа бағыт алып отыр. Елдіктің еңсесі – бірлікте, мемлекеттің беріктігі – заң үстемдігінде, тәуелсіздіктің баянды болашағы – білімді ұрпақ пен әділетті қоғамда.

Республика күні құтты болсын! Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміз мәңгі, Ата Заңымыз айбынды болсын!

Шаруамыз бітпесін!

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий