Махмет Қайырбаев – Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, мемлекет қайраткері. Ұлы Отан соғысы кезінде артиллерия взводының командирі, 712 танкіге қарсы ататын артиллериялық полкінің батарея командирі болды.

Ол 1925 жылы қаңтардың 1-і күні Семей облысы Бесқарағай ауданы Семиярка селосында туған. Жергілікті орта мектепті бітірген соң, 1941 жылы Семей педагогикалық институтына түсті.

1942 жылы аудандық әскери комиссариат Махмет Қайырбаевты Подольск артиллерия училищесіне жіберді. 1943 жылы тамыз айында майданға аттанды.

1944 жылдың тамызында Литваның Шяуляй қаласының батысында болған ұрыста Махмет Қайырбаев тапқырлығымен жау әскеріне тойтарыс береді.

1945 жылы 24 наурызда Махмет Қайырбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

М.Қайырбаев 1945 жылы Ф.Дзержинский атындағы соғыс академия курсын, 1960 жылы Қазақстан Компартия орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін бітірді.

Соғыстан кейін Отанына оралып, қажырлы еңбек етті. 1946-1957 жылдары Успен және Ермак аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, 1957-1968 жылдары Краснакутск аудандық партиясының хатшысы қызметін, 1968-1976 жылдары Павлодар облыстық атқару комитетінің 2-ші хатшысы, 1976-1982 жылдары Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады.

Махмет Қайырбаев 9 орденмен марапатталған. Соның ішінде «Ленин» (1945), «Александр Невский» (1945), «Еңбек Қызыл Ту» (1957, 1966, 1971), I және II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, сондай-ақ көптеген медальдер бар.

Павлодар қаласындағы көшелердің біріне 1994 жылы Махмет Қайырбаев есімі берілді. 1997 жылы «Даңқ» алаңында бюст тұрғызылып, ол тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды.

Добавить комментарий