Ботагөз Слямғалиқызы Нұрпейісова (1959-2022)
Суретші, педагог.
1959 жылы Павлодар облысы, Қашыр ауданы (қазіргі Тереңкөл), Песчаное ауылында дүниеге келген.
Ботагөздің балалық шағы Набережный ауылындағы Ертіс өзенінің жағасындағы көркем жерде өтті. Сурет өнеріне деген махаббаты алғаш рет әйгілі «Огонек» журналының беттерінде көрнекті суретші, философ және саяхатшы Николай Рерихтің суретін көрген кезде пайда болды.
Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы мемлекеттік көркем академиялық институтын тәмамдаған.
Халықаралық және республикалық, жастар арастындағы, аймақтық көрмелердің қатысушысы. Алматыдағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп, жүздеген қазақстандық жас суретшіні тәрбиелеп шығарды. «Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі» атанды.
Ботагөз Нұрпейісова жанрлық туындыларды, туған жерінің пейзаждарын, сондай-ақ жақындарының портреттерін бейнелеген. Алайда, шығармашылығының негізгі қайнар көзі – үнді мәдениеті. Қылқалам шебері қазақ және үнді мәдениетінің эстетикасы мен дәстүрлерін шебер үйлестіре отырып, екі мәдениеттің айрықша келбетін көрсете білді. Кескіндемелері жарқын, қанық түстерімен әрі тұтастығымен ерекшелінеді.