1.

Көктөбеден Нығмет аға Шарықбаев хабарласты. Ол кезде Құрама-Баскөлде тұрамыз. Өлеңдер жинағы шығыпты. Аудандық мәдениет үйінде сол кітабының тұсаукесері өтеді екен. Менің келіп, бір өлең оқуымды өтінді. «Басқаларына барып жүрсің ғой!», – деп нығыздап қойды. «Кімге барып едім?», – деп, ойланып қалдым. Е-е, есіме түсті. Өткен күзде ғана Саты ауылында болған Ризолла Бұланбаев ағамыздың творчестволық кешіне қатысқанбыз. Ол бірақ қоңыр күзде орын алған жағдай ғой.

Ортамызда Ыдырысов Аман ағамыз бар мәдениет бөлімінің автобусымен улап-шулап жеткенбіз Сатыға. Ал мынау қақаған қыста, ақ қар, көк мұзда, ақпанның 22-сі, әлде 23-і. Іле Орекең, Орман Хамитұлы Жұмкин ағам хабарласты.

– Сені шақырды ма?, – деді.

– Шақырды.

– Ал енді қалай жетеміз?.

Дәл қалай жеткеніміз есімде жоқ, әйтеуір жеттік. Өлең де оқыдық, интернат ғимаратында өткен банкет те де  болдық. «Ал, Ғабит, қайда барасың?», – деді Алтынбек.

«Білмей тұрмын», – деп шынымды айттым. Өйткені Орман Хамитұлы Серік Мұхтаровты қолтықтап, екеуі оңашаланып бара жатты…

– Жүр, біздің үйге барамыз!

Мен көршіме айтып қойдым, қазір УАЗ-игімен апарып тастайды… Сол екі ортада банкетте бірге болған апайлар шыға келді де: «Бірінші бізді апарып тасташы. «Бериваннан» қалып қоямыз!», – деді Нұрланға. Сол кезде теледидардан түріктің сериалы жүріп жатқан. Амалсыз тосуға тура келді…

Сол түні Алтынбек екеуіміз екеуден-екеу оңаша бөлмеде армансыз әңгімелестік…

 

2.

Бұл соңғы оңаша әңгімелесуіміз екен. Сол уақытта оны кім біліпті!?

Алтынбекті алғаш 1975-76  жылдары көрген болармын. Біз Белогорье мектебінде (қазіргі Е.Мұқашев атындағы) оқимыз. «Маяк» кинотеатры алдындағы (бүгіндері оқушылардың Шығармашылық үйі орналасқан) екі қабатты военкомат ғимаратына бір досымның ағасын әскерге шығарып салуға келдік. Далада халық ығы-жығы. Әр ауылдардан аяулыларымен қоштасуға келгендер. Кенет әскери комиссариат ауласында тұрған жүк машинасы жақтан әуелеген ән естілді. Орысша. «Песня чабана». Бірақ айтып жатқан қазақ жігіттері. Екеуі де мұртты. Екеуі де қара торының әдемісі. Көмірдей қара шаштары иықтарына  төгілген. Ең бастысы – әсем үйлескен хрусталь ыдыстай сыңғырлаған күшті дауыстары. Жастауы баян тартып тұр. Жігер, жалын, от, қайрат – бәрі де бар түр-тұлғаларында. Жиылған халық солардың аузына қарап қалған. Әнді бола берген кезде: «Жарайсыңдар! Тағы да айтыңдар!», – деп кеу-кеулеп кетті жан-жақтан. Олар «Алатауды» аспандатты. Кейіннен екі жігіттің мосқалдауы – Қасқырбай Сейітханов, ал жастауының Алтынбек Абылқасов екенін білдім.

Екінші жақсы көріп-танығаным – 1981 жылдың тамыз айы. Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуының 250 жылдығы тойланып жатқан уақыт. Менің 3-курстан кейін каникулда жүрген кезім. Жақында аудандық айтыс өтіп, сонда көзге түскен болуым керек, мені қыз бен жігіт айтысы көрінісіне қатысуға көндірді. Көрініс болатыны – қыздың да, жігіттің де сөзі жаттанды, бүгінгіше айтқанда, ел алдында шоу жасауымыз шарт.

Облыстық айтыс 7-ауыл (қазіргі Атамекен) шабындығында өтті. Таң қаларлығы – бір жұп қана, Май ауданынан Серік Мұхтаров пен Лебяжіден Қайыр Жүнісқалиев айтысты. Қайыр сол уақытта Лебяжье аудандық газетінде тілші болатын. Біз, жалтырлықтар, жаңағы үйден дайындап әкелген қыз бен жігіт айтысы мен қыз ұзату дәстүрін көрсетуіміз тиіс-тін. Айтысқа бір күн бұрын барып, далада қондық. Кенеттен айғай шықты. Сөйтсек, ертеңгі ұзатылатын «қызымыз» біреулерге ренжіп, түн ішінде орталық трассаға қарай кетіпті.

– Жүр, Ғабит, – деді Алтынбек, – қызды қайтарып әкелейік. Әйтпесе, ертең масқара боламыз.

Екеуіміз жүгіре жөнелдік. Алтынбек алға шықты. Мен ентігіп артында келемін.

– Мен әскерде разведчик болдым ғой!, – дейді Алтынбек. Жата қалып, құлағын жерге төсеп, тың тыңдайды.

– Әне, туфлиі тықылдап кетіп барады, әлі трассаға жеткен жоқ.

Не керек, Алтынбек әлгі қызды қуып жетіп, әке-көкелеп қайта ортамызға әкеліп, ертеңінде ел алдында қыз ұзату, ондағы қыз бен жігіт айтысын жасап, аман-есен ауылға оралғанымыз бар.

 

3.

Содан кейінгі әбден етене танып-білгенім – 1984-85 жылдың қысы мен көктемі. Сол кезде мен Жалтыр клубының меңгерушісі болдым да, Алтынбек көркемдік жетекші еді. Күнде – кино, сенбі-жексенбі – «танцы», яғни, би кеші. Жастарға қызық болсын деп бұрынғы «Сириус» ансамблін қайта жандандырдық. Барабанда – Виктор Храмцов, бас гитарада – Нұрбек Садырбаев, ритм гитарада – Айбын Заитов, соло гитарада өзім ойнаймын, вокал – Мұрат Сыздықов. Шағын домбыра ансамблін құрдық. Алтынбек, көбінесе, Кату Мұсалина, Теменай Аязбаев сияқты жергілікті әншілермен жұмыс істейді. Совхоздан машина сұрап алып (совхоз директоры – Қуат Есімханов), бөлімшелерге, аудан орталығына концерт қоямыз. Сонда бір таң қалатыным: Алтынбек концерттен кейінгі отырыстарда ішкен адам секілді көңілді болатын.

Бірде:

– Сен іштің бе?, – деп сұрағаным бар.

– Жоға, мен аузыма арақ алған адам емеспін ғой. Әкеме берген сертім бар. «Ешқашан ішпеймін» деген. Сол сертімді бұзбай келемін.

– Темекі де тартпайсың?

– Темекі де тартып көрген жоқпын.

Қазір сол уақыттарда түскен бірлі-жарым фотосуреттерді көріп, есіме алып қоямын.

1985 жылдың қысында Жалтыр клубына сау етіп, кинорежиссер Қуат Әбусейітов пен киноактер Нұржұман Ықтымбаев келе қалды. Олар ауыл халқымен әңгіме өткізіп, фильм көрсетті. Сонда Алтынбек кино мамандарына: «Менің де киноактер болғым келеді!», – деген арманын айтса керек. Олар: «Жақсы, жазда кел!», – деп, Алматыдағы адрестерін береді.

Алтынбек 1985 жылы орда бұзар отыз жаста екен. Жұбайы Күләш, бір ұл, бір қызы, Абайда («Чапаев» совхозының бөлімшесі) кәрі шешесі мен бауыры бар. Соған қарамастан, тәуекелге бел буып, Алтынбек сол жазда  кейіннен Темірбек Жүргенов есімін иеленген театр және көркемсурет институтының студенті атанды. Отыз жас! Айтуға ғана оңай! Әйтпесе, 17-18-дегі балалармен бірге аудиторияда отыру, жатақханада тұру екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес екендігі айдан анық нәрсе.

– Негізі, оқуға қабылдау жасы 24, әрі кетсе 25-пен шектеледі екен. Маған Қуат, Нұржұман ағалардың ықпалымен «исключение» жасалды. «Байқап көрейік» дегені шығар.

Алтынбек бұл ортаға да жайдары ашық-жарқын мінезімен, Құдай берген талантымен тастай батып, судай сіңді.

Мұны анық білетінім – 1988 жылдың көктемінде Алматыға Алтынбекті іздеп мен де бардым ғой. «Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» демекші, Никольский базары маңындағы жатақханасын да  тауып алдым. Мені бөлмедегі жігіттермен таныстырды. Бір төсекті босаттырды. Ол кезде 3- курсты аяқтап қалған болатын. Институттарына барып, курстың жабыла дайындаған спектакльдерін көрдім. Алтынбек басты рөлде ойнады. Шекспирдің бір пьесасы қойылды-ау деймін. Әйтеуір бізге жат өмір, ортағасырлық костюмдер, гримделген студенттер, бір-бірімен қылыштасқан кейіпкерлер. Өзім солардың арасында жүргендей тамаша әсер алдым.

Кешінде жатақханадағы бөлмеге қонышы гармошка етік, солдат шалбары мен жағасыз ақ көйлек киген қияқ қара мұртты, түрі кавказдыққа ұқсайтын бір жігіт кірді.

– Орын бар ма, жігіттер?, – деді.

Алтынбек:

– Сен үшін ауылдан арнайы келген қонағымды еденге жатқыза алмаймын ғой, матрас тапсаң, мына жерге жата бер!, – деп төмендеу бір жерді нұсқады. Әлгі жігіт біраздан соң матрасын көтеріп әкеліп, менің төменгі жағымдағы еденге қисайды. Кейіннен әлгі жігіттің Бауыржан Ибрагимов екенін таныдым. Әскерден келіп, үзіліп қалған оқуын қайта жалғап жүрген кезі болса керек.

Таңертең асханадан тамақ іштік. «Мен төлеймін!», – деп едім, «Жоқ, өзіңе керек болады, үйге бірдеңе ал!», – деп екеуімізге де өзі төледі.

– Мен өзіме тамақтан аямаймын. Шамамен, айына 100 сом ұстаймын. Өзің көрген «Урал» мотоциклі бар еді ғой, соны саттым, кассаға салып қойдым, бұрыннан да жинағандарым бар-тын, степендия аламын, апта сайын жігіттермен тойларға шығып тұрамыз, оның үстіне, өзің білесің, мен жаз бойы каникулда тыным көрмей мәдениет бөлімінде жұмыс істеймін ғой, осылай, оқуыма да, отбасыма да жеткізіп жатырмын.

 

4.

Иә, мотоцикл демекші, 1984-85-тің қысында Алтынбек қазіргі Көктөбе мен Жалтырдың арасына үш аяқты көкжасыл «Урал» көлігімен қатынап тұрды. Басында – тымақ, үстінде – қалың қара тон болатын. Бірақ қаншама қалың киіндім дегенмен, қыстың аты – қыс, мотоциклдің аты – мотоцикл ғой. Зардабын келер жылы, Алматыда оқып жүргенде тартты. Өкпесінен кінәрат табылып, 3-4 айдай емделіп шықты. Бірақ оқуынан қалған жоқ, курс жетекшісі Тұңғышбай Жаманқұловтың арқасында сессиясын уақытында тапсырды.

1988 жылдың жазында, каникулға келгенінде, жұмыссыз жүрген мені Қайыр Хасенұлына айтып, мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушілігіне тағайындатты.

Сол жазда «Белогорье» совхозының «П-образный» деп аталатын бөлімшесінде бажасының ұлы үйленіп, таң атқанша жүргеніміз бар. Ол – асаба әрі әнші, арасында мен де әу деп қоямын. Той сол кездің әдетінше палаткада өткен еді. Әйтеуір, өзімізше жақсы өткізген сияқтымыз.

Сол жылы жазда «Чапаев» совхозы Абай бөлімшесінің 60 жылдығы тойланды. Ақындар айтысы, үлкен концерт, еңбек ардагерлерін марапаттау – барлығын да бастан-аяқ Алтынбек өткерді. Бұл тойды кезінде «Қызыл Ту» газетіне Төлеубек Қоңыров ағамыз егжей-тегжейлі жазып, фотосуреттерімен шығарды. Соңында Алтынбек:

– Сен, Ғабит, асықпа! Үйге жүр, шешейге барайық!, – деген соң, Абай ауылындағы үйлеріне кірдік. Шешейді, інісін көрдім. Екеуіміз совхоздан алған тоқтыны сойдық.

– Мен қай бір сойымпаз адаммын, сені қалдырудағы мақсат та осы ғой – мал сойғызу!, – деп күледі. Менің де сойымпаздығым шамалы болатын. Не керек, жұдырықтай тоқтыны 2 сағаттай жұлмалап бітірдік-ау, әйтеуір…

 

5.

Не керек, ақыры төртеуіміз – анасы, бауыры, өзі және мен сол тоқтыны пісіріп, жеп жаттық… Сол жазда немере інісі үйленіп, Абай ауылында өткен ол тойда да болдық… Иә, бұл да бір дәурен екен!

1989 жылдың ақпан айында ақын Олжас Сүлейменовтың айбынды дауысы «Қазақстан» телеарнасынан бүкіл дүние жүзіне тарады. Ол республикада «Семей-Невада» антиядролық қозғалысы құрылғанын айдай әлемге жариялады.

Алғашында біздің Май ауданында, тіпті облыста бұл қозғалыс анау айтқандай қарқын алып кеткен жоқ. Бұған ең басты себеп – сол кездегі обкомның 1-хатшысы Мещеряковтың табанды қарсылығы. Аупартком жоғарыдан асып қайда барады!? Өкінішке орай, біз көршілес Семей облысының партия хатшылары Кешірім Бозтаев пен Хафиз Матаевтың халықты соңдарынан ерткен игілікті істерін қайталай алмадық.

Малымыз аралас, қойымыз қоралас дейтіндей іргелес Абай ауданында Олжас бастаған митингілер бірінен соң бірі дүркіреп өтіп жатыр. Ал бізде сол баяғы меңіреу тыныштық. Тіпті Павлодарға қозғалыс ұйымдастыруға келген Олжастың орынбасары, жазушы Борис Плотниковты ит қосып қуғандай болдық. Оған марқұм Арман Қани екеуіміз куә болдық. Осындай себептермен мен жаздың жаймашуақ бір күнінде аудандық атқару комитетін бетке алып жолға шықтым. Редакцияда жұмыстарым болып, енді ғана сол жаққа бағыт алып кетіп бара жатсам, алдымнан «Маяк» кинотеатры тұсынан Алтынбек  Абылқасов ағам шыға келді.

– Қайда барасың?

– Добровольскийге.

– Не шаруа?

Мен «шаруамды» айттым. Добровольский ол кезде ауатком төрағасы. «Ендеше, бірге барайық!», – деді Алтынбек. Добровольский бізді жақсы қарсы алды. Өзінің Семей облысы Бесқарағай ауданының тумасы екендігін, отбасымен полигон зардабын әбден тартқанын жыр қылып баяндады. Біздің митинг өткізу туралы талабымызға: «Міндетті түрде өткіземіз! Алдымен комиссия құрамыз!», – деп жылы сөзбен шығарып салды. Артынша 28 адамнан тұратын комиссия құрылды, бірақ ішінде Алтынбек екеуіміз болмай шықтық. Алғашқы митинг Ақжар ауылы маңында өтті. Оған КСРО халық депутаттары қатысып, сөз сөйледі. Біз көптің арасында жүрдік. Кейіннен антиядролық митингілер жиіледі, онда Алтынбек те, мен де сөйлейтін болдық. Алтынбек халықаралық «Семей-Невада» қозғалысы аудандық бөлімшесінің төрағасы болып сайланды. Қадірлі ағаларымыз Қабиден Байғожин, Федор Кибке, Әбдікәрім Қабаевтармен бірге «тепсініп теңдік сұрап», сонау Мәскеуге, Кремль төріне дейін барып-қайтты. Оның барлығын мен тәптіштеп жазбай-ақ қояйын, өйткені кезінде баспасөз беттерінде жарық көрген болатын. Тек 1991 жылы күзде Семейде өткен «5-1» халықаралық антиядролық митинг туралы айтпақпын.

6.

Редакцияға Алтынбек звандады: «Семейге барып келейік!», -деп. «Сен оқыған қала емес пе?»

– Иә. Онда не болып жатыр?

– Олжекең халықаралық конференция өткізбекші.

– Барамын, – дедім.

Аудандық газет редакциясынан жалғыз мен емес, орысша жазатын (ол кезде «Маяк» – «Шамшырақ» екі тілде шығады), әрі фототілшілік те өнері бар Қуандық Абраев ағам да баратын болды. Аудандық атқару комитетінің жаңа «УАЗ-игімен» жолға шығып кеттік.

1991 жылдың қазан айы. Шопырдың аты-жөнін ұмытыппын. Сол жүргізуші: «Курчатовтан өткізбеуі мүмкін!», – деп, «Семей, қайдасың-дап» қырдың қасқа жолымен тарттық. Күн күлімдеп, төгіліп тұр. Мизамшуақтың жанға жайлы, бір тамаша күндерінің бірі. Алдыңғы креслода – Абраев, біз, Алтынбек екеуіміз, артына жайғастық. Жол бойы – әңгіме. Тоқтап, бой жазамыз. Жусан мен ермен иісі мұрын жарады. Құшырлана жұтамыз. Көкте құстар сайрайды. Бәрі көңілді, бәрі қуанышты. Енді мүлдем қар жаумайтындай, боран соқпайтындай.

Семейге кештете жеттік. Үшеуімізді жаңадан салынған көп қабатты, облыстық әкімшілік ғимараты маңындағы қонақ үйге орналастырды. Шопыр қайта ауданға жүріп кетті.

Ертеңінде облыстық саяси ағарту үйінде (Дом политпроса) халықаралық «5-1» антиядролық конференциясы өз жұмысын бастады. Олжас Сүлейменов ағамыз сәл кешігіңкіреп жетті. Ұшақтан түскен беті екен. «С корабля на бал» деп орыстар айтпақшы, бірден президиумға шақырылып, одан трибунаға көтерілді. Ал көсіл…

Өз басым бұрын-соңды орыс тілінде осынша шешен сөйлеген адамды көрмеппін. Сөз ойдан шығады ғой. Мына түпсіз тереңдік, бір кідірместен, шашалып-қақалмастан ағын судай тасқындаған ой мен сөз нөпірі Олжастың жұмыр басына қалай сыйып жүрген деп таң қалмасыңа қояр емес! Жалғыз мен ғана емес, сол конференцияда болғандардың барлығы да осы ақиқатты мойындаған шығар-ау!

Бұл күнді осымен аяқтадық та, келесі күні Абай театры алаңында үлкен митинг ұйымдастырылды. Тағы да Олжас, тумысынан екі қолы жоқ Кәріпбек суретші, Жапониядан, Франциядан, АҚШ-тан келген антиядролық қозғалыс мүшелері сөйледі. Абраев ағамыз шырт-шырт суретке түсіріп  жүр. Кейіннен осы фотосуреттерді пайдаланып, конференция барысынан газетімізде орыс, қазақ тілдерінде көлемді репортаж жарияладық.

Кешінде біз жатқан қонақ үйдің бірінші қабатындағы арнайы залда Абай ауданы «Қаламқас» ансамблінің концертін тамашаладық, оның соңы банкетке ұласты. Сол банкетте Алтынбек ағам бес қатарлы баянымен боздатты-ай келіп… «Бермесіне қоймай, тартып алдым емес пе баянды?!», – деп қарқ-қарқ күледі ертеңінде.

Таң атты. Алтынбек ерте тұрып, бір жаққа кетіп қалған. Бір кезде: «Ғабит, мен елге жеткізетін машина таптым!», – деп келіп тұр. Сөйтсем, сол кезде жұмыс істеп тұрған ет комбинатына барып, аудан жаққа қайтатын көлікпен келісіп келген екен.

Ол көліктің, ауыр «ЗИЛ-дың» иесі өзімнің жалтырлық жерлес ағам Бейбіт Омаров болып шықты. Үшеуіміз бір кабинада «әйт, шу-у» деп тарттық та кеттік Май ауданына. Абраев Қуандық ағамыз «Азат қозғалысының жұмыстарымен Семейде қалды.

Курчатовта әскери посттан өттік. Бір қорап темекіге риза болды жазған солдаттар.

Жолшыбай Май селосына, Бейбіттің әкесі Орекеңнің, Ораз Мұхаммедғалым ағаның үйіне соқтық. Әкесі мен қарындасы екеуі ғана тұрады екен. Жазғы үйде шай іштік. Сондағы жазғы үйдің (кухняның) шатырында ангор ақ ешкілер жатыр екен. «Мына ешкілеріңіз ерке екен ғой, аға!», – дедім мен. «Иә, секіріп шығып алады, бәтшағарлар!», – деп күлді Орекең. Алланың жазуымен сол Орекеңнің кенже ұлы Мұрат екі жыл өткенде менің қарындасым Сайрангүлге үйленді ғой… Иә, бұл басқа әңгіме.

Алтынбек «шешеме барамын» деп, Абай ауылының тұсында машинадан түсіп қалды…

Қазір кейде Семей жаққа жол түседі. Сонда Абай ауылының жанынан өтіп бара жатқанда: «Жігіттер, тоқтаңдар! Семейге мен де барамын!», – деп Алтынбек досым шыға келетіндей елегізіп отырамын.

 

Ғабит САПАРОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий