(Эсседен үзінді)

…Қанаттың жоғалып, табылуы бізді біраз есеңгіретіп тастады. Жанымыз қысылып барғанда бөлімшедегілердің селт етпеуі, атажұрттағы ағайынға деген әппақ көңілімізге кірбің түсіргендей. Құлазыған көңіл, еңсені езген ауыр ойлардан арылып өзімді жігерлендіруге тырысамын. Атажұртқа оралуымыздың басты себебін оралғандар мен, қара шаңырақтағы ағайындарға қалай түсіндіремін деген ой  маза бермейді. Келгеннен бергі көзім көрген келеңсіздіктерді ой елегінен өткізіп, өзіме: «Неге көштік?» деген сауал қойып, жауабын іздеп, қойды өрістетіп жіберіп, қаламымды қолыма алып ойға шомамын…

…Неге көштік? Сор түртті ме біздерді,

Кезіктірдім жабырқаулы жүздерді.

Кезіктірдім таңырқаулы көздерді,

Көп естідім алып қашпа сөздерді.

 

…Бір-ақ көштік, көшпе деуге көнбедік,

Көшкен елге тағы текке ермедік.

Туған жерде төрт түлігім сай тұрды,

Бұл араға байлық та іздеп келмедік…, – деген өлең жолдары  қағаз бетіне түсіп жатты…

Қой соңында жүріп жанымды кейде жадырататын, кейде мұңға батыратын өлең жазу әдетім қайта оралғандай болды. Иә, мамандық пен мәнсаптың биігіне жетемін деп жүріп, бала арманымнан адасып, жоғалтқан дүниемді қайта тапқандай болдым…

Бірде хал-ахуалымызды білуге келген совхоз директоры Шаймұрат Машрапұлы Бозтаев ағаға жазғандарымды көрсеттім. Ол кісі бірнеше өлеңімді алып кетті.

Оншақты күннен кейін ақын, жұрналист аудандық «Баянтау» газеті редакторының орынбасары Сүлеймен Баязитұлы ағаны ертіп келді (Бірнеше жылдан кейін Сүлеймен аға қызметін маған тапсырып облыс орталығына көшкен еді).  Қолдарында  «Баянтау » газетінің екі нөмірі. Біріншісінде  «Неге көштік?»  өлеңім, келесі нөмірінде ақын  Зекебай  Солтанбаев ағамыздың оған жауап ретінде жазған:  «Өкінбе, жаным»  атты  өлеңі жарияланыпты.  Осыдан отыз төрт жыл бұрын маған күш-қуат берген  сол өлең былай басталатын еді.

…«Қаймықпа, жаным,

Өкінбе «Неге келдік?» деп.

Өкіну, жаным,

Жігітке лайық ерлік пе ед.

Қараған көздер,

Қадалған көздер қашанда,

Ынтызар көңіл,

Көкейде жанған зерлік тек.

 

Алыстан келген,

Ағайын-туған өкінбе.

Өшкенің жанып,

Өлгенің қайта тіріліп,

Жатқанда, жаным,

Жабықпа, жасып өкінбе,

Тұра біл желдің өтінде.

 

Атаңның туған,

Бабаңның жүрген мекені,

Құдайға аян,

Тарихқа баян екені,

Белгілі, жаным,

Жатырқап сені жатқан жоқ….

Осыдан кейін Шәкең келген сайын жазғандарымды алып кетіп, Сүлеймен аға өз кезегінде аудандық, облыстық газеттерге жариялап отырды. Осылайша шарапаты мол Шаймұрат аға   шаруашылық басшысы ретінде жан-жақты материалдық көмек көрсетумен шектелмей, рухани жағынан үлкен қолдаушым болған еді…

 

Мұхит ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ.

Добавить комментарий