Адамзат тарихында өшпес із қалдырған XX ғасырдағы ең ірі геосаяси оқиғалардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмап, көптеген мемлекеттердің саяси-экономикалық құрылымына түбегейлі өзгеріс енгізді. Соғыс қарсаңында Еуропадағы басты державалар өз мүдделерін қорғау мақсатында түрлі келіссөздер жүргізді. Ұлыбритания мен Франция Польша, Румыния, Грекия және Түркияны қорғауға міндеттеме алды. Сонымен қатар, КСРО-мен ұжымдық қауіпсіздік жөнінде келіссөздер өтті. Алайда Кеңес үкіметі кейбір талаптармен келіспей, бұл келіссөздер тоқтатылды. Оның орнына, 1939 жылы 23 тамызда КСРО мен Германия арасындағы өзара шабуыл жасаспау пактісіне қол қойылды.

Бұл келісім, тарихта «Молотов-Риббентроп пактісі» деген атаумен белгілі, екі елдің Шығыс Еуропадағы ықпал ету аймақтарын жасырын түрде бөлісуіне жол ашты. Финляндия, Латвия, Литва, Эстония, Бессарабия және Польшаның шығыс бөлігі Кеңес Одағының ықпалында қалса, қалған аумақтар Германияға тиесілі болды. Осылайша, 1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға шабуылы Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепкер болды.

1939 жылдың соңында Кеңес Одағы Финляндиямен соғыс бастап, 1940 жылы оның кейбір аумақтарын басып алды. Сол жылдың маусым айында Румыния да Бессарабия мен Солтүстік Буковинаны Кеңес Одағына беруге мәжбүр болды.

Соғыстың жаңа кезеңі 1941 жылы 22 маусымда Германияның Кеңес Одағына «Барбаросса» жоспары бойынша шабуыл жасауымен басталды. Брест қамалының қорғаушылары ерекше ерлік көрсетіп, жауға қатаң қарсылық танытты. Кеңес-герман майданында Германия өзінің әскери күшінің 77%-ын шоғырландырды. Осы оқиғалар антигитлерлік коалицияның құрылуына негіз қалады және соғыстың барысына айтарлықтай ықпал етті.

1945 жылы сәуір айында Кеңес армиясы Берлин операциясын (16 сәуір – 2 мамыр) бастады. Нәтижесінде, Германия астанасы жаулап алынып, 8 мамырда Берлин түбіндегі Карлсхорстта Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде актіге қол қойды. Бұл оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын білдірді.

Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтуде. Бұл мерейтой – соғыстағы тарихи оқиғаларды еске алу, бейбітшіліктің бағасын түсіну және болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сүрудің маңыздылығын ұғындыруға арналған маңызды кезең.

Осы орайда, соғыс жылдарында ерекше ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батырларын еске алу – ұрпақ алдындағы борышымыз. Солардың бірі – Серікбай Мүткенов. Оның өмір жолы мен майдандағы ерлігі бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып табылады. Оның майдандағы қайсарлығы – тарихта мәңгі сақталатын ерлік шежіресі. Батырдың жауынгерлік жолы – бүгінгі бейбіт өмірдің құнын түсінуге септігін тигізетін үлгі. Оның ерлігін дәріптеу – тарих алдындағы жауапкершілік.

1944 жылы 24 ақпан күні Мәскеу қаласында жарық көрген «Ведомости Верховного Совета Союза Советских Социалистических Республик» атты газеттің 11 санында Қызыл Әскер артиллериясының офицерлік және сержанттық құрамына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы 54 адамнан тұратын тізім жарияланған болатын. Осы тізімде 32 – нші нөмірмен жерлесіміз Серікбай Мүткеновтың есімі де берілген. Бұл Серікбай Мүткеновтың Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығы туралы баспа бетіндегі алғашқы жарияланым. Майданда жанқиярлықпен шайқасып, ерлікпен қаза болған батырдың есімі жылдар бойы ескерусіз қалады. Уақыт өте, Павлодар облысында Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткеновтың есімі алғаш рет журналист Нәби Әбдірахманұлының аудандық «Коммунистік еңбек» атты газетіне берген мақаласында жарық көрді. Жалынды журналист отыз жылдан астам уақыт батырдың өмірі мен ерлігін зерттеп, баспасөз беттерінде танымдық мақалаларын үзбей жариялап отырды. Алайда, кеңес дәуіріндегі қатаң идеологиялық шектеулерге байланысты батырдың бейнесі толыққанды ашылмай, кейбір мәліметтер бұрмаланып берілді.

Өкінішке қарай, егемендік алғаннан кейін де бұл мәселе ұзақ уақыт назардан тыс қалып, батырға қатысты деректер қайта қарастырылмады. Жерлесіміздің ата тек шежіресі, өмірі мен қызметтік кезеңі, ерлігі мен майдан жолы терең зерттеуді қажет ететін еді.

Серікбай Мүткенов – Орта жүздің Арғын тайпасынан тарайтын текті әулеттің ұрпағы. Оның ата-бабалары ел ішінде абыройлы, қайраткер тұлғалар болған. Арғы атасы есімі Арқа даласына кеңінен жайылған Бәсентиін-Ақтілес руының абызы – Жақсыбай Құттықадамұлы. Ол өз заманында ел ішіндегі дауларды әділ шешіп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізе білген тұлға ретінде танылған.


Жақсыбай абыз жайында ауыз әдебиетін жинақтаушы, шежіреші, ақын, батырдың жерлесі Қимадиден Нығыманұлы ел аузынан көп деректерді жинақтап, 1974 жылы абыз өмірінен сыр шертетін «Атырау» атты тоғыз тараудан тұратын деректі роман жазған болатын. Өткені мен тарихын ұмыт қылған кеңестік кезеңде жариялауға тыйым салынған бұл роман жылдар бойы жазушының жеке архивінде қолжазба күйінде сақталып қалады. Арада ұзақ жыл өткенде, ақынның жиені, айтыскер ақын, өңірімізге белгілі өлкетанушы Бейбіт Бөжен жазушының жеке архивіндегі құжаттар мен қолжазбаларды зерттеп, кітап етіп басып шығаруды қолға алды. Көзі тірісінде жарыққа шықпаған бұл роман 2024 жылы жазушының 100 жылдық мерейтойында баспадан жарқ етіп шықты.

Дейтұрғанмен бұған дейін де ел аузында абызға қатысты аңыз әңгімелер айтылып, баспа беттерінде де аз-кем деректер кездесіп қалатын. Анығын айтар болсақ, өлкетанушы Тілеке Жеңістің «Дауа» газетінде жариялаған мақалалары мен «Шежіре» атты еңбегінде Бәсентиін-Ақтілес руының шежіресі тарқатылып, сол рудан шыққан белгілі тұлғалар туралы біраз мағлұматтар жазылған. Соның ішінде, әлбетте, Ақтілес руының шежіресі Жақсыбай Құттықадамұлынан бастау алған.

Тілеке Жеңіс абызды шамамен 1780 жылы туып, 1860 жылдары өмірден өтті деп келтірсе, өлкетанушы Бейбіт Бөжен «Ақтілестің абызы» атты мақаласында абыздың өмір сүрген жылдарын Қимадиден Нығымановтың: «…немере інісі Бежу сыншы Итемгенұлы 63 жасында, 1851 жылы қайтыпты. Жақсыбай Бежуден шамамен 24 жастай үлкен кісі екен…», – деп топшылап жазған жазбасына сүйеніп, Бежу 1788 жылы, ал Жақсыбай 1764 жылдары қазіргі Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылы мен Естай ауылы арасындағы бұрыңғы қоныс – Қызылсуат дейтін ауылда туғанын жазады. Сонымен қатар, абыздың қайтыс болған жылы да болжамды түрде жазылып келді. Бұл турасында Бейбіт Бөжен абыздың 92 жасты көргенін сипаттап айтқан термесі барын ескеріп, шамамен 1856 жылдары Ерейментау өңірінде көз жұмған деп топшылайды.

Серікбай Мүткеновтың ата тегінде ділмарлықтан бөлек батырлық та, ақындық та болған. Оның бір дәлелі, 1837-1847 жылдары қазақ даласында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісте Ертіс бойынан бас көтеріп, дуанға бағынбаймыз деп патшаға қарсы көтеріліс ашып, қол бастаған Жақсыбай абыздың ұлдары Қуат пен Дүйсенбінің жасаған ерліктері.

Тілеке Жеңіс «Шежіре» атты еңбегіндегі Ақтілес руының шежіресінде Жақсыбай Құттықадамұлынан Дүйсенбі, Қуат деген екі ұл тарағанын көрсетсе, Бейбіт Бөжен (Қимадиден Нығымановтың Павлодар ауданы, Қаракөл ауылының тұрғыны Қақан Әбілденовтен жазып алған дерегі бойынша) Жақсыбай абыздан төрт ұл, екі қыз тарағанын ескереді. Жазбада ұлдары Ыбырай, Дүйсенбі, Қуат, Сақау деп көрсетіп, Жәнтелі сыншының мына бір сөзін дәйек етеді: «Қуатты жауға қой, Дүйсенбі қотанжыбыр, Сақауды малға қой, ал Ыбырайға сын жоқ».

Асылында, Серікбай батыр бойында ақындығы тулаған, жаужүрек азамат Қуаттың шөбересі. Батырдың, осы асыл тектілігі оның бойына намыс пен батылдықтың дәнін екті.

Тілеке Жеңістің шежіресі бойынша Қуаттан Нұрғазы, Серғазы атты екі ұл тарайды. Ал, Серғазыдан Опабек, Мүтке, Әлежан, Сәдуақас, Әбе атты бес ұл дүниеге келген.

Жазушы Амангелді Елтін 2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап шығарған «Ел үшін от кешкендер» атты еңбегінде, батырдың әулетіне қатысты деректерді былай келтірген: «Серікбайдың атасы Серғазы елінде абыройлы, дәулетті адам болған. Ұлдары Мүтке мен Әлежан Серғазының қос қанатындай еді. Екі ұлына да текті атаның қыздары Айсан мен Айшаны құдаластырып, үйлендіреді. Бірақ кенеттен Мүтке ауырып өмірден озады. Бір баласы Нұрмұханмен жастайынан жесір қалған Айсанды көріп Серғазының қабырғасы қайысады. Ол заманда қазақтың салт-дәстүрі бойынша, ер-азамат дүниеден өтсе, ауылда жетім-жесір қалдырмайтын. Әмеңгерлік заңы бойынша жесірдің келісімімен ағасына немесе інісіне қосатын. Сөйтіп, Айсан өз келісімімен қайнысы Әлежанға екінші әйел болып қосылады. Содан, 1913 жылы 16 ақпан күні Шоқпар ауылында Айсан мен Әлежаннан Серікбай туады…». Демек, батырдың туған әкесі Мүтке емес, Әлежан болмақ. Бұл деректі жазушы ертеректе батырдың туған туыстарынан жазып алған. Сол сияқты, батырдың қарындасы Бөпежанның келіні Тілеулес апа да өз естелігінде былай дейді: «Анасы Айшаның айтуына қарағанда, 1929 жылы ауылдарды колхоздастыру ұйымдастырылса керек, сонда алдына мал біткен, беделді адамдар колхозға кіруден бастартып, «бай-құлақ» деген желеумен тұтқындалып, жер аударыла бастады. Сол тізімде Серікбайдың әкесі Әлежан да бар еді. Әлежан ұсталған соң, оның жанұясы Ертістің арғы бетіне өтіп, Ресей асыпты.»

Серікбай болашағына кесірі тимеу үшін ертеректе қайтыс болған әкесінің ағасы Мүткенің атына өтуге мәжбүр болады. Ал Мүтке-жазушы Қимадиден Нығымановтың «Атырау» атты кітабындағы «Құтты таяқ» очеркінде аз ауылдың қойын баққан қойшы болғаны туралы айтылады.

Батырдың өмірін 30 жылдан астам уақыт зерттеген журналист Нәби Әбдірахманов жоғарыда айтқандай, есімін елге таныту үшін соғысқа дейінгі өмірін кеңестік идеологиямен ұштастыруға мәжбүр болған.

Журналист 1963 жылы «Коммунистік еңбек» газетінің №2 санында «Ер – ел баласы» атты мақаласында «Серікбай Мүткенов 1913 жылы он алтыншы ауылда туады. Әкесі Серғазинов Мүтке жасынан байларда жалшылықта жапа шегіп, Кеңес үкіметінің жеңісі алдында аурудан қайтыс болады, Серікбайды анасы Айша, ағасы Нұрмұқандар бауырына басып, өз балаларындай тәрбиелейді…», – деп келтіреді.

Бұл жерде журналист Мүткені кеңес өкіметі орнамай тұрғанда науқастанып, қайтыс болған деп жазып, нақты жылын көрсетпеген. Әрі Айша анамызды туған анасы еместігін тұспалдап жеткізіп отыр. Ал 1964 жылы «Коммунистік еңбек» газетінің №23 санындағы «Ердің аты өлмек емес» атты мақаласында «Батырды тәрбиелеп өсірген анасы Айша», – деп, Айша анамыздың суретін жариялаған болатын. Себебі, туған анасы Айсан ертеректе қайтыс болса керек. Сондықтан ол туралы деректер мүлдем айтылмай қалды.


Нәби Әбдірахманов «Ердің аты өлмек емес» атты мақаласында 13 жасар Серікбай 1926 жылдың қысында 1-інші фермада Әпеш Ташев өз үйінің жартысын мектепке бергенін естіп, Үлкенкөл ауылынан мектепке аттанғанын жазады. Ал, батырдың бөлесі (Айша анамыздың сіңлісі Біржанның ұлы), айтыскер ақын Абылайхан Әлжановтың жеке қорында Серікбайдың туған ағасы Сатыбалды Әлежановтың естелігі мен арнау өлеңі сақталған. Сол бір естелігінде Серікбай 10 жасында 1-інші фермадағы мектепке барып, 23 жасар алғашқы ұстазы Біләл Оспановтан сабақ алғанын жазады. Бұл естеліктің қисынға келетіндігі жөнінде басқа да деректер де бар. Жазушы Қимадиден Нығымановтың 1966 жылғы «Біләл Оспановтың өмірбаяны» деген жазбасында Біләлдің 1900 жылы туғанын жазады. Демек, Сатыбалды Әлежанұлының: «Жаңылмасам 23 жастағы Біләл Оспанов…», – дегені сәйкеседі. Жазушы Қ. Нығыманов Біләл Оспанов туралы жазған «Қыруар істе қырық жыл» атты тағы бір мақаласында Біләл 1925 жылдың оқу жылында он алтыншыдағы мектепте мұғалім болғанын жазады. Осыдан, Серікбай 1-інші фермадағы мектепте 1925 жылға дейін оқығанын біле аламыз. Кейін, ол оқуын он алтыншы ауылдағы жеті жылдық мектепте жалғастырады. Уақыт өте келе, бұл мектепті 1930 жылы аяқтаған болып шығады. Мектеп бітірген соң 17 жасар Серікбай ақсақалдардың сұрауымен ауылдағы балалардың сауатын ашумен айналысады.

Жылдар өткен соң, Серікбай Павлодар қаласындағы педучилищеге сырттай түсіп, қазақша бөлімінде оқиды. Бұған қатысты журналист Нәби Әбдірахманов өз мақалаларында: «Серікбай 1932 жылы Павлодар қаласындағы педучилищенің қазақша бөлімін сырттай аяқтайды…», – деп жазады. Бірақ бұл да қате дерек болып есептеледі.

Бұл турасында жергілікті тілші Е. Шайхысләмов аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 2003 жылғы №7 санында жазған «Көне құжаттар әңгімелейді» атты мақаласында былай деп келтіреді:

«Біздің облыстық мемлекеттік мұрағаттың Ақтоғай дербес бөлімінде 1938-1939 жылдардағы Куйбышев аудандық халыққа білім беру бөлімінің бұйрықтар кітабы сақталған… 1938 жылдың 7 сәуіріндегі №5-ші бұйрықта мынадай жазулар бар:

 7/04-38 жылғы №5 бұйрық

Мұғалімдерді 4 айға оқуға шақыру туралы облыстық халыққа білім беру бөлімінің жеделхаты негізінде, мұғалім Мүткенов жолдасты 4 айлық курсқа окуға жіберіп, оның орнына ликбез мұғалімі О.С Мүткенованы, тарифтеуге сәйкес кесімді жалақымен тағайындаймын.

АХББ-нің меңгерушісі Қабжанов (қолы қойылған).

Ізінше, №6-шы бұйрықта келесі жазу:

Ликбез мұғалімі Мүткенованың Ленин мектебіне жұмысқа орналасуына байланысты, оның орнына Смағұлова К.-ны, ОблХББ-нің тарифтеуіне сәйкес, І топ бойынша, 180 сом жалақымен тағайындаймын. АХББ-нің меңгерушісі Қабжанов…».

Ал, Павлодар облысы мемлекеттік архивіндегі Бейсен Ахметов атындағы педколледждің тарихына қатысты құжаттарда Павлодар қаласындағы педтехникум 1936 жылы ғана педучилище мәртебесін алғаны жөнінде және сол жылы училищеде қазақ бөлімі, сырттай және кешкі оқу түрлері ашылғаны анық жазылған.

Жоғарыдағы деректерді саралай келе, Серікбай Мүткенов 1938 жылы Павлодар қаласындағы педучилищеге сәуір айында түсіп, 4 айлық курстан өткені мәлім болды.

Қорыта айтсақ, журналист Нәби Әбдірахмановтың жазған мақалаларындағы Серікбайдың соғысқа дейінгі өмірі кеңестік идеологияның әсерінен осындай қате деректермен жазылған болып шықты. Қазіргі заман тұрғысынан бұл деректерді түзетуге тырыстық.

 

Абзал РЫМБЕК

Бұқар жырау атындағы

әдебиет және өнер музейінің

әдебиет бөлімінің ғылыми

қызметкері

Добавить комментарий