Баянның елі сол бір әңгімешіл, меймандос, қазақи қалпын сақтаған қарияны «Өкпенің Кәрімтайы» деп атады. Кәрекең Баянның серілік дәстүрін өмірінің соңына дейін сақтаған әулеттің өкілі еді. Бұл жерде серілік тек өлең қуу, қыз қуу емес, біз серілік ұғымын кең мағынада қолданып отырмыз, серілік Еуропа халықтары «рыцарлық» деп атайтын ерлік қасиет. Мұның басты белгісі сөзіне ісі сәйкес ардың азаматы болу шарт, яғни рыцарлықтың ең басты қыры – «Міне, мынау қазақ!» деп айтуға лайық ұлт азаматы болу. Кәрекеңнің екінші қыры – қазақтың ескі сөзіне жүйріктігі, оның ішінде шежіре айту дәстүрін ұстану, зеректік. Кәрекеңнің үшінші қыры – жүйрікті таңдай білу, бәйгеге түсер атты тану және оны баптай білу. Басқа қасиеттерінің ішінен саятшылығын, яғни құсбегілік өнерді терең білгенін айту керек, үлкен ас-жиындарда балуанға түсе беретін батырлығын атаса болады. Кәрекең нағыз қазақ атауына сиятын толып жатқан қасиеттердің иесі еді. Қазақ мұндай азаматтарын «сегіз қырлы – бір сырлы» деп атайды.
Өзінің айтуына қарағанда Кәрекеңнің әкесі Өкпе Дүйсенбайұлы Баянаула өңіріне белгілі азамат болған екен. Құсбегілігіне бола Баян еліне көп заман басшылық жасаған Шорман, Сәтбай әулеттерімен етене жақын араласып, талай рет қүстарын баптап береді екен. Кәрекеңнің ағасы Мұхамеджан да заманында қазақтың ауызша дәстүріне жетік, қолынан іс келетін, сөзі дуалы әмбебап азамат болыпты. Менімен кездескенде Кәрекең өзіне ұстаз болған бірталай адамды атап, соның ішінде ағасы Мүхамеджанды ерекше бағалап, жақсы тәрбиесін көргенін айтушы еді.
Мен «Баянауыл» кітабын жазғанда Баян қарияларының, соның ішінде Кәрекеңнің әңгімелерін бірталай пайдаландым. Қазақтың мыңдаған жылдық тарихы бар ауызша дәстүрінің мәліметтері Баян тарихының тылсымдарын түсінуге архив, археология және этнография деректерімен қоса үлкен жәрдем берді. Мысалы, Сарыарқаның ән-күй өнерінің тарихын «әнді ерттеп, күйді мінген» Жарылғапберлі Жұмабайұлын білмесеңіз түсіну және сипаттау мүмкін емес. Жарылғапберлі Мұсаның бел баласы Сәдуақасының жанында жолдас болған, яғни қазақтың жоғары дәрежелі интеллектуалдарының ортасында жүрген, солардың заман және адам туралы пікірлерін тыңдап, талдап, қорытып үйренген, өзі қажы, өзі өнерлі азаматтардың бірі.
Кәрекеңді сыртынан көп естігеніммен тікелей 1990 жылдардың басында этнографиялық экспедицияларымның кезінде таныстым. Сол кезде Баянаулада «1-май» аталатын шағын ғана ауыл болды. Бүкіл Баян қаласының елі, Баянға демалып келушілер осы «1-май» қымызын іздейтін еді. Біздің Қадиша деген жақын апайымыз да осы ауылдың қымызды жақсы ұстайтын, қонақжай шаңырағының отын жақты. Кәрекең осы қазақтық дәстүрін сақтаған жылқылы ауылдың, қымызды жақсы баптайтын, оның қадірін білетін елдің ақсақалы еді.
Ертеден жақсылардың ортасында Баянның шежіресін жаттап өскен Кәрекеңе әңгіме айтыңыз десем, қазіргі күні тыңдарман жоқ, әңгімені айтпаған соң ұмытыла береді ғой деп қынжылушы еді. Расында да айғайлап келмегенімен ХХ ғасырдың сексенінші жылдары қазақ қоғамында үлкен өзгерістер жүрді. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың жартылай көшпелі тіршілігін көрген, сол мәдениетті, оның құрамдас бөлігі ауызша дәстүрді ұстанған соңғы қариялар бұл пәни тіршіліктен дәл осы кезеңде озды. Кәрекең сияқты қариялар ел бас қосқан ортада өзіне тыңдарман таба алмай, жалғызсырап қалатыны да осыдан.
Біздің әкейлердің замандастары Баянның қариялары Қаржас-Айдаболдың бас көтерерін түгелдей және көрші Қаракесек, Қанжығалы, Алтайдың басты адамдарын білуші еді. Кәрекең де өз кезегінде біздің әкеймен де, Баянның өзге жақсыларымен де ертеден аралас-құралас болмаса да, бірін-бірі білетін, танитын, бағалайтын адам еді.
Бұл әсіресе Имантай Сәтбайұлына қатысты Кәрекеңмен әңгімеден білініп тұратын. Баян төңірегі де, оған жапсарлас елдің үлкендері де Имантай Сәтбайұлын «Имекең» деп ұлы тұлға деңгейінде шын жүректен құрметтеп, ол кісі туралы әңгіме болғанда ішкен асын жерге қоятын. Мен Кәрекеңе Имантайдың қарындасы Жамалдың біздің әжеміз екенін, Имекең қайтыс болар алдында қоштасуға Қандыадырдағы Артықбай қыстауына «Құдайдың берген жанын үкіметтің көк үйін көрсетпей-ақ ал» деп Қүдайға өзі тілек тілеп келгенін айтқанда ол кісі сондай толқып отырды. Әкеміз айтып отырушы еді, Имекеңнің шапанының қойнында ақтығы бар екен, көргенде әжеміз жылап жіберіпті. Ол бір кәмпеске басталып, құтты байлары мен оқыған азаматтары бөтен жерге айдалып, елдің шаруашылығы бүлініп, үкіметтен түңіліп, үрейі үшып отырған уақыт еді ғой. Біреуді біреу іздейтін де заман емес еді. Сол сапарында Имекең атамыз Ақжардағы Жыржыс қажы мешітіне барып, сол жерде қайтыс болды.
Кәрекеңмен біздің әңгімелеріміз Баянның қадыми тарихы, оның табиғатының қыр-сыры, халқының дәстүрі, ұлы азаматтарының тағдыры тақырыптарында жүруші еді.
Кәрекең 1930 жылдың соңында Баянауыл ауданының негізінен Ақша деген ел қоныс қылған жерінде, «Төре» қыстауында дүниеге келіп, барлық ғұмырын Баянауыл ауданы, «1-май» ауылында өткізді.
Өзі бар болғаны 4 сыныптық қана білім алса да Қазақ елі тәуелсіздік алып, ту көтерген соң шежіреші қариялардан ұққанын, өзінің өмірден түйгенін хатқа түсіре берді. Оның «Жеңіс», «Баянтау», «Қызыл ту», «Сарыарқа самалы», «Дауа», «Отарқа» газеттеріне әр кезде мақалалары басылып тұрушы еді. Бұл мақалалары сол кезде өте өзекті болған өлкетану, түлғатану сияқты мәселелерге қатысты жазылды. Мен Кәрекең жазбаларын қазақ өмірінің оригиналды ерекшеліктерін көзбен көрген, қолмен ұстаған адамның тарихи-этнографиялық, соның ішінде қыран құс, қүмай тазы, жүйрік атты баптау туралы дерек көзі ретінде қолдануға болады деген пікірдемін. Сонымен бірге Кәрекең қоғамдағы өзекті мәселелерге де белсене араласты. Менімен жолыққанда айтқандары Баянауылда қайта бой көтерген Мұса мырза мешітінің құжаттарын реттеу, бас мүфти Рәтбек Нысанбайұлымен кездесу және келісімсөздерге қатысты еді. Бұл шаруаны Кәрекең жанын салып, тыңғылықты аяқтады. Сонымен бірге Баянауылдан шыққан әулиелер туралы деректерді жиыстырып жүргенін білемін, өкінішке орай, бұл ғажап қызық тақырыпта ол кісіге көмектесуге менің уақытым болмады. Қазіргі күні Қазақстанда сакралды ескерткіштер мәселесі өте маңызға ие. Кәрекең Баянауладан шыққан қажылардың тізімін жинақтауға көп көңіл бөлді. Ол кезде мен Керекуде С.Торайғыров университетінде едім, кей сұрақтар бойынша ақсақалмен ақылдасып отырдық. Кейін осы жасаған тізімді мешіт алдындағы тас тақтаға жазуға атсалысты. Кәрекеңнің қазақ тарихына, сол тарихтың негізін салған Арғын қауымына, оның ішінде Қаржас бабамыз ұрпағына қатысты жинаған құнды мәліметтері енген «Арғын: Мейрам шежіресі» кітабы (2001 жылы жарыққа шықты) – шежіретану ғылымында бір төбе.
Ауылдастары мен ұрпақтары Кәрекеңнің сынықшылық қасиеті туралы небір қызық әңгімелер айтады. Кәрекең өзінің жазып кетуі бойынша 400-ден астам адамның сынықтарын қалпына келтірген екен. Ғұмырының соңына дейін сынықшылықпен айналысыпты, бұл да зерттеймін деген адам болса күшті этнографиялық тақырып.
Кәрекең қазақтың байырғы қазыналы қарияларының жолымен жүрді, бес уақыт намазын, жылына бір уақыт оразасын қаза қылмады. 2007 жылы қажылық парызын өтеп келіп, 2011 жылы қасиетті рамазан айында оразасын ұстап жүріп ешқандай сырқаттанбай бұл пәни тірліктен бақиға аттанып кетті.
Өз ауылында қиын заманда алған 4 сыныптық қана біліммен Кәрекең анау-мынау докторлар мен профессорлар бата алмайтын дүниелерді жасады. Бұл – қазақи құйма құлақтықтың мектебінен өткен азаматтарға тән қасиет, зеректік.
Баянаула өңірі Кәрекеңді ұмытты деуге келмейді. Бүгінгі күні Парламент сенаторы Алтынбек Нұхұлы бастаған азаматтар Керекуде дайындалған «Ертіс-Баян өңірінен шыққан 100 тарихи тұлға» атты сериялық қысқа метражды деректі фильмдердің бірін Кәрекеңе арнады. Қарияның суреті «Баянтау» газеті редакциясындағы қабырға стендіне штаттан тыс тұрақты авторлардың қатарынан орын алды.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.