(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №4 шығармаға рецензия)
Болған оқиға ізімен жазылған «Көк өгіз» әңгімесі қарапайым оқиғаны баяндайды, кейіпкердің өткен күндерін ойға алуын бейнелейді. Қаламгердің жазуы – жатық, сөйлем құрауы – мығым, айтар ойын жеткізуі – жинақы.
Әңгемеде Рақым шопанның Ертістің тасығанын көріп, бір қуанғаны, бір қобалжығаны – мал-жан қамы, күйбең тіршіліктің көрінісі. Алғашқы сөйлемдерден-ақ, шығармада тұрмыс тауқыметі көрініс береді. Күнкөріс ауырпалығын өгіз бағып көтеріп келе жатқан бас кейіпкердің не үшін жанталасқанын түсіну қиын емес.
Бірақ, ол қиындық тек жанбағыс емес екен. Біздің ұққанымыз: бұл шығарма өмір туралы, өмір үшін жанталас жайлы.
Мысалы, автор «Қысқа сапты ашасымен әкелген шөбін жаймалап өгіздің алдына тастады…» дейді. Ашаның сабы неге қысқа? Екі кісі еркін сыйған қайыққа ұзын сапты аша сыймай қалды дегенге сене алмаймыз. Әрі бас кейіпкер егде жастағы адам болса, қысқа сапты ашамен еңкейіп, көп айырлап беліне салмақ сала ма?! Бұндайда ұзын сапты ашадан артығы жоқ. Бірақ… Автор бұл мәтінде ұзынға антоним сөзді қолданады. Біздіңше, қаламгер бұл арқылы өмірдің өткінші екенін, қысқа екенін меңзеп тұр. Құлағымыз үйренген «қамшының қысқа сабымен» емес тек.
Әңгімеде Рақымға Бекен деген досы жәрдемдеседі. Үнемі. Досы көк өгізге шөп тасу кезінде ғана қолдау көрсетумен шектелмейді. Бас кейіпкерді ескек есуге де Бекен досы «баулыды». «Әскерден келгесін үйленді. Осы Бекен досы септесіп…» Бұнда да «Өмірдің мәні не?» деген сауалға жауап беруге тырысу бар секілді. Бекен арқылы әңгімеде қысқа өмірде ұзақ жасайтын жанашырлық, адалдық, сенім деген ұғымдар көрініс береді.
Рақым шопан Ертісті жүзіп бара жатып – көк өгізге шөп тасып жүріп, өмірінің өткен-кеткен кезеңдерін есіне алады. Барлығында да өмірге деген құлшыныс, ұмтылыс білінеді. Үйленіп, отау құруы. Жаңа өмірдің бастауы. «Социалистік Еңбек Ері» деген атаққа үш рет ұсынылып, үш рет ала алмауы. Оның да себебі – өмір тартысы. Соңынан ерген жалғыз інісінің – Құрманның қазасы. Өмірдің өткінші екенін тағы бір еске салады. Өкінішті жас өлім болса да, ұрпақ жалғасты. Інісінің «Соңында өрімдей екі қызы қалды…». Тағы да жаңа өмір, бүршік жарған жас өмір…
«Өмір – өзен» деген тіркес те еріксіз тіл ұшына оралады. Өзеннің тасуы, қайтуы. Бұл – тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да өмірдің бейнесі. Сөзімізді айқындай түсетін тағы бір деталь – бас кейіпкер көк өгізге «иісі аңқыған көк шөпті» тасиды. Шөп шауып бейнеттің дәмін татқан адам көк шөптің иісін сезеді осы тұста. Бұнда да жас өмір, жаңа тіршілік жұпар шашатындай.
Рақым шопанның бұл жүрісі тек күнкөріс қамы емес екен. Көк өгіз үшін әуреге түсу – өмір үшін күрес. Көк өгіз – жанды зат. Тіршілік иесі. Демек, бұл тіршілік үшін күрес.
Ал, әңгіменің соңында көк өгіздің өзі қайтып келуі нені аңғартады? Рақым шопан бұйығы күн көрсе де, момақан тіршілік кешсе де, адалдығынан, адамдығынан айнымаған кісі. Көк өгізді «Өмірдің» жанды бейнесі дедік. Өз пайымымыз. Демек, адам өмірді қалай сүйсе, қалай сүрсе, қалай сақтаса, өмір де адамға солай адал болады.
«Көк өгіз» әңгімесінен біздің түйгеніміз – осы.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.