(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №16 «Із» әңгімеге пікір)
«Із» – «қулығына құрық бойламайтын, айлакерлігінен адам айналып өте алмайтын; ұрлық үстінде талай мәрте ұсталса да балықша сытылып кететін сыйқыры бар; сытылып шыққаны былай тұрсын, ұстап алған адамның өзін талай рет төлемге жығып кеткен» Қадыр деген су жұқпас ұры туралы әңгіме.
Әңгімені оқып отырып «Ұрлық түбі – қорлық» деген мәтел санамызда сайрап тұрды. Бала кезімізден санамызға сіңіріп, «Ұрлық істеме!», «Біреудің ала жібін аттама!» деп өсірген әкеміздің тәрбие сөзі құлақта жаңғырды.
Автордың жазуы – жатық. Сөйлем құрауы, сөз қолданысы – сауатты. Тақырыпты жақсы білетіні, әңгіменің әр детельіне қаныққаны көрініп тұр. Өз мәнерінде әзіл араластырып, езу тарттырады. Оқиғалар нанымды. Кейіпкерлер жанды. Қаламгердің кәрі ауыздың әңгімелеріне қаныққан есті құлақ екені бірден аңғарылады.
Әңгімеде адам бойындағы теріс қылық, жаман әдеттер өмірде болған нақты оқиғалар арқылы көрінеді. Біз кейде «Олай етпе! Бұлай жасама!» деген тиымдарға құлақ аспай кетеміз. Керісінше, кім не істесе, кім не көрсетсе, соған бейім тұрамыз. Баланың (адамның) психологиясы есту арқылы емес, көру, куә болу арқылы қалыптасады. Бұған тағы бір көз жеткіздік.
Қадыр өзгенің малын ұрламаған екен, ғұмыр бойы өзінің өмірін ұрлап жүріпті. Сондықтан да әңгіменің түйіні былай қойылады: «…Ес кіргеннен жасаған ұрлығының ізін жасырып өтті, ал өмірінде шынымен із қалмады…». Бұл сөз кез келген жанды терең ойға батырады. Жүректі шым еткізіп, бой тіктеуге, ой жинауға түрткі болады. «Менің соңымнан қалар із қандай болмақ?» дейсіз іштей…
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.