Жазушы Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы ағылшын тілінде («The Beetle») басылып шыққанын жеткізген сүйінші жаңалықты естіп, құтты болсын айтайын деген ниетпен ноутбугымды қосып, Word-тың жаңа бетін аштым. Оқырман ретінде айтарым, роман маған ұнады. Көңілді тербеген туынды туралы аз-кем сөз қозғауды оқырмандық міндетім деп санаймын.

Роман он тараудан тұрады. Әр тарауға қысқаша шолу жасап өтейін, алдымен: Бірінші тарауда бейбіт митингтің шырқау шегіне көтерілер кезең көрініс тапқан. Екіншіде – бас кейіпкердердің бірі Саламаттың, үшіншіде Мұрат пен Динаның өмірі баяндалады. Төртіншіде – Саламаттың бала кезіне сапарлайсыз. Бесіншіде – Мұрат туралы, оның қоңыз сатып алып, өсіруі суреттеледі. Алтыншыда – Саламат пен Гүлназдың қасіреті беріледі. Жетінші тарауда – бейбіт митингтің арандатушылардың ықпалына ұшырауы айтылады. Сегізінші тарау Саламаттың оққа ұшып, Гүлназдың қайтыс болуын баяндайды. Тоғызыншыда тергеу барысы айтылады. Шешуші тарауға сот процесі арқау болған. Әр тараудағы оқиғалар әсерлі көріністермен, шынайы диалогтармен, шебер баяндаулармен мені қызықтырып әкетті.

Халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы арқау болған романда автор күнделікті өмірдегі тұрмыс көріністерін қарапайым әрі нанымды бере білген. «…көп уақыттан бері майланбай, тұмсығы ағарып, төтеленіп кеткен етік…», «…күн жеп, қаусаған, артқы бір дөңгелегі жоқ, кірпішке сүйенген «Жигули» автокөлігі тұр», «…Залдың үлкен терезесінен төгілген күн сәулесінде сансыз тозаңдар қалқиды», «…түбі жыртылып тозған физика оқулығының бетін ашты», «…шолақ жеңді ала-ала футболкасы оңып, өңі кетіпті» деген сөйлемдер, елеусіз ғана жазыла (айтыла) салғанмен, олардың астарында тіршілік тауқыметі, айлықтың төмендігі, қаражат жетіспеушілігі, жоқшылықтың зардабы көрініп тұрады. Романда барлығы ескі: жедел жәрдем көлігі де, үш қабатты перзентхана да, «…шұрық тесік асфальт жол» да. Бұдан көретініміз – жемқорлықтың, билік пен басшылықтағы жүйесіздік пен жүгенсіздіктің, немқұрайлы экономикалық саясаттың салдары…

Сонымен бірге, Саламаттардың жұмыс орнынан кабель алып шығып, алыпсатарларға апаруын; аспаз әйелдің кірлеген киім-кешек, анау-мынаумен бірге үйіне азық-түлік тасуын; Мұраттың қоңыз көп ауруға ем болады деген емші сөзіне иланып, қымбат бағаға қоңыз сатып алып, оны өсіруін – шарасыздықтан туған, үмітті көңілдің «суға кетіп тал қармауы» деп ұғындым. Соңғы оқиғаны баяндағанда автор мынандай бір диалог береді:

«… – Өздері тез өсіп-өнетін немелер екен, мына біздің «Сумұнайгаз» басшыларының ақшалары сияқты.

– Нені айтасың?, – деді Мұрат.

– Қоңыз.

– Иә, тез өседі екен…»

Қарап отырсақ, жазушы көлемді шығарманың әр тұсында «Үлкен оқиғаға себеп» болған жайларды түртіп-түртіп өтеді. Бұл дегеніңіз – романда қозғалатын мәселелер талай жыл жиналған, қордаланған, шешілмей келе жатқан ауқымды проблемалар.

Бұдан бөлек, дәрігерлердің жауапсыздығы, құл секілді мерекеде де демалмайтын мұғалімдердің өмірі, ақша шашып шет елден әнші шақырып концерт қоятын басшылықтың әрекеті – асқынған дерттің бойға жайылуы деп білемін. Мұғалімдер туралы автор барынша ашына һәм қынжыла жазады. Динаның сабағына кедергі келтіріп, біреудің қайта-қайта есік тоқылдатқан сәтінде мұғалім өмірі, мектеп жайы барынша ашық бейнеленген.

«…Есік қайта қағылып, сумаңдап кірген қолдың сұқ саусағы қайта изектеді.

– Ой, қасқа!

Дина жылдам басып, есікті ашты. Беті қушиған, орта бойлы арық әйел:

– Кешірерсің! Ғали Майқанов оқуларына біздің бір бала кетіп барады, соның жолақысын жинап жүрмін. Соны бере салшы ренжімей, – деді.

– Қанша берем?

– 10 теңге.

– Қазір, – деді де Дина ішке кіріп, 10 теңге алып шықты…»

Әрине, дәл бұндай болмаса да, романдағы мектеп пен мұғалімнің өміріне қатысты көріністер шындық екенін мойындауға тура келеді.

Автор көп ізденген. Мұнайшылардың жұмыс кезіндегі іс-әрекеттерін, қимыл-қозғалыстарын, құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін тәтпіштеп жазғанда; физика пәнінің қалай оқытылып, мұғалім балаларға сабақты қалай түсіндіретінін рет-ретімен баяндағанда ол анық байқалады.

Роман жинақы, жұп-жұмыр. 260 беттік көлемді шығарма еш жалықтырмайды. Жетелеп, жетектеп отырады. Дегенмен, бір тұста кібіртіктеп қалғанымды автордан бүгер болсам, мына жазбам жалған жанкүйерлік болар деп ойлаймын. Екінші тараудағы екінші бөлімде Саламат әскерден келіп, отбасымен қауышқаны жазылады. Әкесінің қайтыс болғаны, аға-жеңгелерінің жайсыз күйлері айтылады. Сол бөлімде автор үйге келіп, мән-жайға қаныққаннан кейін Саламаттың жұмысқа шыққанын баяндағанда екі уақыт аралығындағы байланысты үзіп алған секілді. «…қол жуғыштың түбіндегі аз сумен қолын шайып, үйге кіреді» де бірден, «Әкесінің қырқын өткізіп, бір ай үйден ұзамаған Саламат шілденің соңында мұнай бұрғылауға жұмысқа кіреді».

Есесіне, романның төртінші тарауындағы бірінші бөлімдегі шағын жүк машинасының баллонына арқасын сүйеп, басы ауырып отырған Саламаттың бала күнге саяхат жасайтын сәті, яғни бүгіннен өткен күнге ойша ауысуы, әсерлі де шебер берілген. «…Ұшып кеп білегінің қырына қонған зауза қоңызды қолын сілкіп, ұшырып жіберді. Зауза қоңыз Жаңасуға көшіп келуден бұрынғы қаперсіз балалық шағына алып ұшқандай, қиял құшағына сүңгіді…», – деп жазады автор. Солайша кейіпкер бала кезін ойлайды…

Негізгі кейіпкерлерден бөлек, романдағы жыршы образы, оның «Көкмойнақтың үйірін» айтып жүруі шығармаға әр бере түскендей. Және, Саламаттың марқұм әжесі айтатын қоңыз туралы ертегі де романның негізгі ойымен өзектесіп, мазмұнға мән қосып тұр.

«Қоңыз» туралы көп айтылды, көп жазылды. Оның даңқына да, дақпыртына да қанықпын. Тек, қолға алып оқудың реті мен ыңғайы келмей жүр еді. Жоғарыда айтқан жақсы жағалық түрткі болып, бір түнде, өтірік айтпаймын, бір түнде оқып шықтым. Көптен ойда жүрген шаруамды тындырып, жадырап қалдым. Мен бұл шағын жазбамда романның негізгі тақырыбын ашып, мазмұн арқалап тұрған шағын көріністер мен ұсақ детальдерге тоқталдым. Бұлардың сыртында әр кейіпкердің мінезі, болмысын беру барысында автор барынша жинақылық танытқанын, кейіпкерлердің іс-әрекеттері де «жанды» екенін айтуға болады. Енді, ағылшынтілді оқырман да романмен танысып, автор шеберлігіне, шығарма көркемдігіне тамсанады деген сенімдемін.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Суреттер Ы.Дәбейдің жеке парақшасынан алынды)

Добавить комментарий