(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №11 әңгімеге рецензия)

«Махаббат маусымы» – жастықтың жанарынан көрінетін үміт сәулесі, көңіл көкжиегін көктей өткен сезімнің бұлтты сәттері мен адам болмысының бозала таңындағы тебіренісі. Туынды – сыршыл баяндауы мен шыншыл суреті арқылы оқырманды ішкі әлемнің иірімдеріне жетелейді. Автор уақиға тасасында қалып қоймайды, керісінше, өмірдің өзі секілді анық та қарапайым, сырлы да шынайы сәттерді сол қалпында бейнелейді. Бұл – жазушының өмірді сүюі, адам табиғатын түсінуге ұмтылуы.

Оқиға кеңістігі – өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары. Соғыс өрті басылып, ел еңсесін тіктеп, рухани тыныс жандана бастаған кезең. Аталған кезең қазақ қоғамының іштей түлеген, сана сілкінісіне түскен шағы. Автор осы мезетті таңдай отырып, тек уақыт бедерін ғана емес, сол уақыттың көлеңкесінде қалып бара жатқан адам жанының қалпын, ар мен иманның арпалысын ашуға тырысады. Өмірдің өзінен көркемдік ізденіс тудырады.

Саят – сол заманның қарапайым перзенті. Оның жан әлемі бізге таныс, жүріс-тұрысы шынайы, ішкі монологы – бүгінгі қазақ жігітінің сөзі. Ол – ана үмітін арқалаған бала, оқуға ұмтылған жас, махаббаттың алғашқы дірілін сезінген бозбала. Саяттың бейнесі көптің ішінен даралана қоймаса да,  сонысымен де бізге жақын, шынайы.

Жазушы Саятты шексіз биікке көтермейді, батыр да қылмайды. Оның жан толғанысы оқырманның ішкі уайымымен үндес. «Қисық мұрынды жұлып тастай алмайсың» деген тұсы – ирония мен ішкі күйініштің көрінісі. Бұл сөйлемнен күлкі мен күйік, шындық пен шектеу қатар сезіледі.

Айсұлу, Гүлнәр – Саяттың өміріндегі аялдамалар. Алайда бұл арулардың  бейнелері тек сұлу мүсін секілді, ал соның ар жағындағы мінез, ішкі дауыс тым көмескі. Олар махаббаттың емес, махаббат жайлы естеліктің кейіпкерлері ме дерсің. Ал шешейдің бейнесі – бұл шығарманың рухани өзегі. Ана сөзі, ана мейірімі, ана арманы – ұлттың арманымен үндес. «Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал» – халық философиясының айнымас қағидасының бірі. Осы даналық Саяттың да өмірлік ұстанымына айналады. Кешірек…

Әңгімеде махаббат тақырыбы үш қырынан танылады:

Бірінші – аналық махаббат. Ол – пейіл мен пәтуаға толы.

Екінші – бозбаланың балаң сезімі. Айсұлу – салқын, суықтау, қол жетпес қиял жемісі.

Үшінші – Гүлнәр – елес секілді, бар да жоқ. Оның бейнесі Саяттың ішкі күдігін тереңдете түседі. Махаббат осы тұста отты сезімнен гөрі адамды өзгеріске жетелейтін күш іспетті. Саят сүюден бұрын сүйіспеншілік турасында  толғануды ұнататындай.

Сюжет желісі сырттай қарағанда қарапайым. Бірақ әр деталь ішкі мағынаға бай. Саяттың оқуға түсуі – рухани серпіліс. Студенттік өмір оның дүниетаным кеңістігін ашады. Ұстаздары Қаби мен Төлеуғазы – өмірлік бағыт, азаматтық бағдар берген бейнелер. Олар арқылы автор: «Білім – ең асыл қару» деген ұлы идеяны алға шығарады.

Табиғат суретін беру – осы шығарманың ең шырайлы тұстарының бірі. Ертіс өзені мен Саяттың ішкі күйзелісі бір арнаға тоғысады. «Желді күннің өзінде иір-иір толқындары жайпақ жағалауға екпіндей соғылғанымен тез жуасиды…» – бұл жолдардан тек пейзаж емес, адам жанындағы дауыл мен тыншыған үн қатар сезіледі. Табиғат пен адам үндестігі – көркем прозаның алтын арқауы.

Алайда Саяттың бейнесі әдепті, өнегелі, бәріне үлгі бола тұра, дәл осы мінсіздік оның жанды образ болуына кедергі келтіретіндей. Ішкі тартыс, шешім қабылдаудағы арпалыс, күмән мен қайшылық жетісе бермейді. Қазіргі әдебиет кейіпкерден шындықты күтеді: пенделік қателік, рухани дағдарыс, адами күрес, соның бәрін еңсеріп мақсатқа жету. Саят – үлгілі жас. Бірақ құр озат үлгі кемел кейіпкер болуға кемдік етеді.

«Махаббат маусымы» – өз дәуірінің тынысын шынайы жеткізген шығарма. Онда өткеннің иісі, сол заманның үні бар. Қазіргі күннің оқырманы өткенге жалтақтай бермейді, бүгінді іздейді. Шығарма пішін жағынан классикалық үлгіні сақтағанмен, мазмұн жағынан бүгінгі әдебиеттің үддесіне ілесе жөнелмейді.

Дегенмен, жазушының көркем кеңістік жасаудағы ізденісі, табиғат пен адам арасындағы нәзік байланысқа зер салуы – ұлттық прозадағы шеберлік нышаны. Бір сөзбен айтқанда, «Махаббат маусымы» – бас кейіпкер, Саяттың ғана емес, оқырманның да жүрегін сағыныш самалы болып өбетін естеліктердің Ебі желі.

 

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий