(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №12 әңгімеге рецензия)

«Қарағай жасырған құпия» деп аталатын кезекті шығарма – детектив әңгіме болғандықтан ерекше назар аудартты. Автордың ұмтылысы, тартымды шығарма жазуға деген талпынысы, тақырыпты ашуға деген құлшынысы әңгіменің әр жерінен көрініп тұр. Жазушының қарағайлы ауылдың ерекшелігін бейнелегенде: «…Балғындықтың иісі, табынға қосылған мөңіреген сиырдың легі, биікке қол созған маңғаз шыршалардың сұлулығы кез-келген адамды осы ауылдың тұрғыны қылудың маңызды себебіне айналар еді…», – деп, немесе Болаттың ізкесу кезіндегі ой арпалысын көрсету үшін: «…Жас тергеуші тағы бір жол тапты. Бала күнінде әжесі текеметке ою салып, ол кепкен соң, түрлі бөлікке бөліп қиып беретін. Сол әжесі жасырған оюдың бір бұрышын тапқандай, әлі бір адасқан бөліктің біреуі сол орман жолы екенін түсінді…», – деп сөз өрнектеуден тартынбауы – көңіл қуантады.

Неге екенін білмеймін, бәлкім «детектив әңгіме» деген анықтама қатты әсер еткен болар, бұл шығарманы оқығанда оқиғаны өруде нақтылық, дәлелдерді беруде дәлдік және қылмыстың орын алуы мен ашылуы арасында барынша шиеленіс пен тартыс болуын қалап отырдық. Өкініштісі, біз күткендей болмады.

Біріншіден, оқиғаны «Осы уақытта, осы төңіректе болған» деп «көз алдымызға елестетіп отырудан» адасып қалдық. Себебі автор «Милиция» дейді, «Жолдас майор» дейді, «Училище» дейді. Бұл ұғымдар – ескірген. Үлкендерден естіп алған кеңес кезіндегі оқиғаны баяндағандай күй сыйлайды. Қазір бізде – қоғамдық тәртіпті полиция қадағалайды. Олар бір-біріне ресми түрде «Майор мырза» деп қарым-қатынас жасайды. Оған дейін «Академияда» оқиды. Әрине, бұл тым өрескел қателік емес, бірақ «әңгіменің ішіне еніп, оқиғаға араласып кетуге» кедергі келтіреді.

Екіншіден, Болат әкесін жерлеу кезінде белгісіз мәйітті тапқан соң бір апта өткеннен кейін істі анықтауға кіріседі. Алдымен оқиға болған күні қой кезекке шыққан Нағашыбайға жолығады.

«… – Кешегі қой кезекте сіз болыпсыз аға, кеш батқан соң біреу-міреу жоғалтқан қойын іздемеді ме екен?

– Ә-ә. Тұра тұр, әлгі Рүстем жүрген. Тіпті, қараңғыда жарығын қосып қойып, айнала кезіп, ұзақ жүрді. Сол не бопты?

– Жақсы, аға, ештеңе емес. Әлгінде, қой бағып жүріп, таңсық ештеңе көрмедіңіз бе, мүмкін қаладан келген, не болмаса адасып қалған кісілер жолықпады ма?…» Осы сұрақ-жауаптасу кезінде «Кешегі қой кезек» пен «Әлгінде қой бағып жүруді» түсінбедік. Оқиға бір апта бұрын өтеді. Тергеуге келген полиция қызметкерінің сөзінше бір күн ғана өткендей. Осы арасы ұғынықсыз.

Бұлардан бөлек, ойын нақтылау үшін автордың сөз қолданысында кемшіліктер кездеседі. Мысалы, «…Сақып пен Жақан «ә» дегенше, жастар екі қолға бір күрек деп, үшеуі айнала қоршаған жерге күректерінің ұшын қадап-қадап жіберді…» деген сөйлемде: «…жастар екі қолға бір күрек деп…» деген тіркес орынсыз қолданылып тұр. «Екі қолға – бір күрек» деген тіркес «Жұмыс істеу» деген іс-әрекетті емес, «Жұмыс» деген атаулы дүниеге қатысты айтылғаны орынды.

Одан кейін тағы бір тұста: «…Болат абдырап қалған жігіттерді тез арада тарқатып, көмекке тек Сақып пен Жақанды қалдырды….», – дейді автор. Бұл жерде дұрысы – «таратып» болады.

Біздің айтқан пікірімізді автор қабыл алып, қорытынды шағарады деген сенімдеміз. Ең бастысы, жоғарыда айтқанымыздай қалам иесінде ізденіс бар, батылдық бар. Және сөзімізді филология ғылымының докторы, профессор, Бағдан Момынованың мына бір пікірімен түйіндейміз:

«…Детектив жанрын игеремін деген қалам иесі мына жайттарды қаперінде ұстағаны дұрыс көрінеді: а) адам психологиясы туралы мол түсінігі болуы және оның жанр табиғатынан туындайтындығын ұғынуы тиіс; ә) шытырман оқиғаның дұрыс шешімін тауып, ой қорыта алатын қабілетімен бірге автордың оны нанымды етіп жеткізетін қабілеті болуы тиіс; б) оқиға желісін суреттегенде оқырманын сендіре алатын тіл шеберлігі, тілдің байлығын игеруі, сөздік қорының толық болуы сияқты кез келген қалам иесіне тән шарттың орындалуы; в) жазушы эрудициясының жоғары (көп ізденуі) болуы т.б…».

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий