(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №3 әңгімеге рецензия)

Қазақ прозасында адам тағдыры мен қоғамдық қатынастың, отбасылық драманың, ішкі арпалыстың қат-қабат көрініс табуы сирек емес. Алайда байқауға ұсынылған бұл шығармадағы Құдияр, Қайша, Құсбек және Балым тағдыры – тек отбасылық трагедия ғана емес, адамның өз идеясының құрбанына айналуы, сол жолда өзгені де құрбанға шалуы, адамгершілік пен жалған намыс, фанатизмнің шекарасынан өтіп, қоғамнан шеттелудің өте ауыр мысалы.

Қазақ даласы әрқашан тұнық тіршілік пен суық парасаттың шайқас алаңы. Табиғат – ұлы ұстаз. Адам – пенде. Бұл әңгіменің жосыны – «Табиғат пен адамның шегі қайда, ар мен аңның, инстинкт пен идеяның арпалысы қайда басталып, қайда аяқталады?» деген сұраққа берілген ащы жауап. Арлан – сол болмыстың символы. Тік тұрып өлу – иттен туған итақайдың қолы емес, қасқырдан қалған қасиеттің жолы. Ол тізе бүкпейді. Хайуаннан кісілік іздеген күллі жұрт, адамнан жыртқыштықты көргенде селк етпейді.

Құдияр сырттай қарағанда кәдімгі аңшы, алайда ол ішкі болмысы тұрғысынан жаңашылдықтың адамгершіліктен ада түріне адал адам. Оның арманы – қасқыр мен иттен жаңа тұқым шығару. Бұл ой алғашында ғылыми немесе ұлттық мүдде тұрғысынан қызықты көрінуі мүмкін, бірақ автор оны адамды жыртқыштық деңгейге дейін құлдырататын, соқыр фанатизмге ұласқан фатальды әрекет ретінде көрсетеді.

Бөлдейдің арланы бір қарасаң адамнан жоғары. Оның қасқырлығы – тек инстинкт емес, ішкі ар кодексі. Бір қаншықты өмірлік жар етіп таңдайды. Бір рет сүйеді. Ұрпақ өрбітеді. Соның амандығы үшін өзін өлімге қияды. Қазіргінің адамынан ондай биіктікті іздеп көр… Кім үшін өміріңді қиясың? Кім үшін тізе бүгесің? Қасқырдан қалған қағида – жан құрбан болсын, ар сатылмасын. Адамнан қалған салт – ар өлсін, жан аман болсын. Шойнақ арланның өлімі – тірі адамдардың рухани өліміне қарсы қойылған көркемдік антитеза. Яғни, арлан өлгенімен еркіндік рухы өлмеген. Бірақ адамзат – Құдияр – сол рухты бағалаудың орнына оны өлтіруді, билеп-төстеуді қалайды. Қазіргі қоғам – Құдияр мен Құсбек арасындағы арсыздық пен аңсаудың отында жанып жатыр.

Құдияр қаншық қасқыр мен өзінің ала төбетін күштеп шағылыстыруға тырысады. Бұл – табиғат заңына, жаратылыстың өз тәртібіне қарсылық. Қажет десең, қасқыр мен итті будандастыру идеясымен құдайға қарсы шығады. Бұнда ғылым жоқ, фанатизм бар. Мақсат жоқ, мәжбүрлеу бар. Қаншықтың бұған қарсы тұрып аналық мүшесін шайнап тастауы – рухани және табиғи еркіндіктің ең жоғары жанқиярлық көрінісі.

Ал Құдияр ше? Ол өз арманын жүзеге асыра алмағаны үшін өз әйелін,  Қайшаны өлтіреді. Өз идеясы үшін өзгені құрбан ету – аса ауыр әрі  адамгершілікке жат қылмыс. Оның ашуы жалған намыс мен өзімшілдікке негізделген. Фатальды фанатизм деген – осы. Өз үйінде, күйеуінің оғынан қаза табу – әлемге тән әйел трагедиясы. Қай кезде де, қай ауылда да, әйел – құрбан. Өз баласы үшін шырылдайды, бірақ қорған бола алмайды. Өйткені қазіргі  қоғамда күш мәжбүрлейді, қару сөйлейді, жүрек тыңдалмайды.

Құсбек бала күнінде анасының көз алдында өліміне куә болады. Бұл оқиға оның ішкі жан-дүниесін, өмірге деген көзқарасын, болашақтағы тағдырын балталады. Шығармадағы ең ауыр эпизодтың бірі – Құсбектің есінде қалған анасының маңдайынан аққан қан мен омырауынан саулап аққан сүт.

Құсбектің кейінгі өмірі – жетімдіктің, рухани жалғыздықтың және әлеуметтік тасбауырлықтың символы. Ол ішкі күйзелісін ішімдікпен басуға тырысқанымен, ащы шындықтан қашып құтыла алмайды. Оның бір ғана мақсаты бар – қарындасы Балымды табу, анасының аманатын, рухани парызын орындау, бірақ өзі де моральдің құрбанына айналып шыға келеді: алаяқ алып-сатар орта аяусыз қорлаған қарындасын қорғай алған жоқ, тура жолдан тайқып кеткен туысын иіліп бір рет бауырына тартпады. Құсбек осылайша тектілікті тәрк еткен тұстастарынан теріс айналады. Балымның образы – бүгінгі қоғамдағы көп жастардың қорғансыз, әділетсіздікпен бетпе-бет келген сәттегі трагедиясының көрінісі. Оның «айфон үшін» өмірін сатқандай болуына таңдану оңай, бірақ бұл – реализм. Бұл – нарықтық заманның тұзағына түскен, әлеуметтік қысымға төтеп бере алмаған, ақыл-ойы мен рухы әлі толық қалыптаспаған «жетесіз» жасөспірімдердің ортақ тағдыры.

Шығармадағы басты парадокс: зұлмат оқиғалардың арасында нағыз рухани серпіліске жеткен жалғыз кейіпкер – Балым. Иә, ол да адасты, сүрінді, қоғамның қараңғы қақпанына түсіп, өз тәнін саудалауға мәжбүр болды. Бірақ ең шешуші сәтте ол өз тағдырына қолын бір сілтемеді. Құсбектің күре тамырына төнген пышақтан анасынан аманат болып қалған ағасын арашалап қалуы – оның ең үлкен адами ерлігі. Осы бір әрекетімен Балым тек ағасын ғана емес, өзінің де рухын сақтап қалды. Ол енді жәбірленуші бейнесінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптасып, өз тағдырын қайта жазуға бел буған адам ретінде көрінеді. Оның көзіне үйірілген жас – аяншақтықтың емес, шындықпен бетпе-бет келген, енді өмірмен күресуге дайын жанның жанарындағы көз жасы.

Автор Құдияр арқылы идея үшін адамды құрбан ету қылмыс екенін, ал Құсбек бейнесі арқылы тазалық пен адалдықты сақтауға тырысқан жанның қоғамда орын таппай, ішкі күйіктен езілгенін суреттейді.

Адамнан гөрі идеяны биік қоюдың салдары – қатерлі. «Идея мен мораль үстемдігі адамнан биік болмауы керек» деген қағида бұл шығармада еміс-еміс естіледі. Құсбек – сол қағиданың естілмей қалған зарын арқалап өмірден өтеді.

Балым арқылы автор әйел бейнесінің жаңа қырын – күрескерлікті, ішкі рухтың беріктігін көрсетеді. Ол – қоғамдық табуларды, ар мен ұят туралы таптаурын ұғымдарды жеңе білген, өз қателігін мойындай отырып, соның құрбаны болып қалмай, қоғамның шетіне ысырылып қалудан бас тартқан жас әйел. Сондықтан да, бұл шығарманың үміт сәулесі, адамгершілік оты дәл осы Балымның бойында жанған.

 

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий