(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған №5 «Тағдыр жебесі» әңгімесіне рецензия)
Шағын жанр кең тақырып тынысын аша ала ма?
Жазу – жай сөз теру емес, бұл жүрекке ине сұғып алып, оның тамшы қанымен өзіңе ұқсамайтын біреудің тағдырын жазып шығу.
«Тағдыр жебесі» – бір адамның кегі арқылы тұтас ұлт қасіретін, азаттық жолындағы күресті, тарих пен тағдыр арасындағы тартысты бейнелеуге ұмтылған күрделі туынды. Композициялық құрылымы мен оқиғалық өрісі тұрғысынан шағын жанрға тән жинақылықтан гөрі кең тынысты баяндауға сұранып тұрған шығарма екенін байқаймыз. Мазмұндық және композициялық күрделілігі жағынан хикаятқа (повестьке) тән белгілерге ие. Бірнеше сюжет желісі қатар өрбиді: Темір мен Қошман, Қошман мен Жақып, Андреймен достығы, махаббат желісі, Қошман мен Сапура, отарлық зорлық-зомбылыққа (Ежикке) қарсы күрес, кейіпкердің ішкі драмасы, кейіпкердің моральдық-рухани таңдауы, кек алу әрекеті және тарихи-әлеуметтік фондағы оқиғалар шоғыры. Оқиғалар динамикасы тым жедел, кейбір драмалық эпизодтардың (мысалы, жирен қасқаны қолға түсіру, Жақыптың қазасы, Ежиктің ауылын өртеу, кек қайтару, Светлананы сүйіп қалу, Сапураны өлтіру, Ілияс болыстың жәрдемі, шабандоз баланың шейіт кету сахналары) көркемдік-психологиялық суреттеулері терең емес. Бұл – не авторлық шешім, не жанрлық шектеудің нәтижесі.
Тақырып атауындағы «жебе» – Қошман бейнесінің көркемдік жүгін білдіретін маңызды деталь. Қошман – тағдырдың жебесі, ол қайда атылса, сол бағытқа бұрылмай заулайды. Бұл образ арқылы автор ұлт азаттығы жолындағы күрестің ауыр жүгін бір кейіпкердің иығына артқан.
Көркем туынды композициясында тарихи реализм басым. Автор кейіпкерлерді тікелей сипаттамай, әрекет арқылы сөйлетеді. Мәселен, Қошманның әкесі, балуан, ұста Темірдің қалың қарақшының ортасына кіріп барып: «Кімсің?» – дегенде: – Темірмін…» – деуі көзсіз ерліктің, отаршылдыққа қарсы ашынған ашудың, ар мен намыстың бейнесі. Темір майданда мерт боларын білсе де мойымайтын жұрт жігерінің, тізе бүкпейтін ел ерлігінің иесі екені аңғартады. Ол – азапты өмірге арын айырбастамаған арыстан. Оның жеңілуі уақытша, ол – Қошман арқылы қайта тірілген кек, ымырасыз күрестің бастауы. Ол – өз әкесінің ғана емес, бүкіл елдің кегін арқалаған ұлт өкілі. Оның жанына серік болған Жақып – еліне адал, достыққа берік тұлға. Андрей бейнесі – шығармадағы шынайы штрихтардың бірі. Осы образ арқылы автор жау нәсілінің ішінен де адал, адамгершілігі жоғары бейнені шығаруға тырысқан. Кіші Андрей – әлсіз адам, «қызық» қылықтарымен есте қалады. Жақып пен Қошманның оның баласын құтқаруы – сәтті штрих.
Қаламгер бас кейіпкерді оқиғаның тасасында қалдырмайды. Осы жағынан алғанда, Темір, Қошман, Жақыптың мінездемелік кескіндері шебер берілген. Бірақ екінші пландағы кейіпкерлер, әсіресе, жау бейнесіндегі Ежик тым штампты, қарабайыр, бірбеткей, жауыз бейнеге айналып кеткен. Шын жау – зұлымдықтың өзі, ал адам – оның құралы. Ежик әлдекімнің қолындағы қару ғой. Осы айырмашылықты қаламгер түйсігі тап басуы тиіс еді.
Символдық эпизодтарға келсек, Қошманның әке қабірінен алған топырақты өз қанымен суарып, «ант етемін» деуі – көшпелілер кодексіндегі анттың архетиптік көрінісі. Мұндай көркемдік-мәдени жүк, әсіресе, дәстүр мен рух, жер мен ер ұғымдарына құрылған ұлттық проза үшін өте құнды.
Осындай салмақты эпизодтармен қатар, шығарманың кей тұстарында көркемдік ширау жетіспейді. Мәселен, Қошман мен Светлананың махаббаты шолақ суреттелген. Олардың сезімі бір абзацпен баяндалады: диалог, әрекет, эмоциялық фон мүлде жоқ. Егер оқырман кейіпкерлердің ғашық болуына сенбесе, олардың арасындағы драма да шынайы әсер қалдырмайды. «Сөз – кесекпен салынатын құрылыс емес, терім біз, тебен инемен салынатын шымқай кесте» десек, тұтас кестенің кейбір тұсы бос қалғандай әсер береді. Ауыл ақсақалдары: Шәріп, Қаден, Мұхиттың образдары да шаблондық деңгейде берілген. Олар ұлттық сана мен дәстүрдің қорғаушысы болғанымен, бірсарынды әрекет етіп, дараланбай қалған. Диалогтары да функциялық сипатта ғана.
Светлананың Сапура атанып, мұсылмандықты қабылдауы, басына орамалын салып, қазақ ауылының келіні болып шыға келуі – логикалық тұрғыдан негізсіз, тағанын даярлап алмай тұрғызған мұнара іспетті. Оқырман үшін күтпеген бұрылыс саналатын оның Ежиктің немере қарындасы екені де ешбір ишарасыз ұсынылады. «Кейінгі жапсырмаға» оқырман сенбейді. Оның алдында не Қошманның күмәні, не Светлананың мойындауы, не бір дәлел, не ішкі қарсылық жоқ. Сондықтан Сапураны өлтіруге итермелейтін фактор не екені белгісіз.
Жақып – Қошманның әрекеттеріне салмақ пен сабыр қосатын ақылды, пайымды кейіпкер. Жақып – Қошманды ұстап тұрған тізгін. Әкесінің қазасынан кейін ашуға булыққан Қошманды ұстап, «асығыстық – шайтан ісі» деп тежеуі оның көрегендігін көрсетеді. Жақыптың ауыл шетіндегі қорада жаумен жалғыз шайқасып, қаза табуы, Қошманның досын ажал аузында қалдырып кеткеніне қатысты терең ішкі тартысы, өкініші, өзін-өзі кінәлауы жеткілікті ашылмаған. Жақыптың өлімі жай ғана факт болып қалған. Қошман оның өліміне қатысты не сезінді? Бұл – ашылмаған дәптер. Егер Светлана жанама түрде осы өлімге кінәлі болса, драмалық қақтығыс от қойып жібергендей бұрқ етер еді. Бірақ автор ол мүмкіндікті пайдалана алмаған. Сол себепті Сапураны өлтіру әділетсіз шешімге айналған.
Қарабайдың баласының образы да толық ашылмаған. Бала – эпизодтық тұрғыда өте маңызды кейіпкер. Әкесінің ішкі сезімі, баласын өлімге қиюы туралы бір ауыз түсініктеме жоқ. Ол үнсіз қалып кетеді. Осы тұста автор тұлпардың ұшқырлығы мен қуатына қатысты ерекше деталь енгізгісі келгені анық. Ал Қошманның әрекеті салдарынан нақақ өлім құшқан бала бас кейіпкердің қамсыздығын қаншалықты ақтап тұр. Дала батыры болу бар да, адам болып қалу бар – осы екеуінің арасындағы тартыс Қошман бейнесінің ішкі мазмұнын құрайды.
Қошман жауы Ежикті өлтіру арқылы сыртқы қақтығысты шешеді, бірақ автор кейіпкердің ішкі ширығуын, жан әлеміндегі тазаруды, рухани байламын көркемдік тұрғыдан толық ашпайды. Шығарма басында батыр: «Кегіңді қайтарған күні жауыздың қанын тамызып, қабіріңе әкелемін», – деп, әкесінің рухына ант етеді. Сюжеттік уәде шығарманың моральдық-этикалық өзегі болып саналғанмен, финалда Қошман қанға шыланған матаны не істегені айтылмайды, демек уәде орындалмайды, психологиялық түйін жазушы назарынан тыс қалады. Көркемдік жағынан алғанда, автор кейіпкерді әкесінің қабіріне қайта әкеліп, уәдесін түйіндеуі қажет еді. Бұл сахнада ол монолог арқылы ішкі күйзелісін, өткен-кеткенді саралап, рухани тазару сәтін бастан кешірер еді. Себебі Қошман-Қошмұхамедті алдынан келесі түбегейлі бетбұрыс – қажылық сапары күтіп тұр емес пе еді.
« – Ұзақ жол, қажылыққа аттанып барамын. Енді мені Қошмұхамед деп атаңдар. Әнеу аққайың шоғының түбіне қанжарымды көмдім. Уақыты келгенде аларсыздар, – деп батырлық жолында серік болған жирен қасқасының басынан жүгенін сыпырып алып жалынан ұстап тұрып, маңдайынан сипады да: – Сен де қош бол, қош… – деп босатып жіберді».
Қошман жаңа есіммен (Қошмұхамед) жаңа жолға шықты. Бірақ өткен жолын саралап, жанын тазартып, рухын жуындырып шықты ма – ол жағы беймәлім.
«Тағдыр жебесі» – тарихи жады мен көркем қиялдың тоғысынан туған, идеялық салмағы ауыр, көркем өрісі кең дүние. Автор оқырманды жеке адам трагедиясы арқылы ұлттың ұлы қасіретіне үңілдіре отырып, кек пен кешірім, ар мен парыз, рух пен зорлық арасындағы шегараны шебер жүргізуге талпыныс жасаған. Шығармада тартыс тек сыртқы кеңістікте емес, кейіпкердің жан дүниесінде, тарихи һәм рухани кеңістікте өрбиді.
Дегенмен, кең тынысты идеяны шағын жанрға сыйғызу барысында бірнеше көркемдік түйін толық шешімін таппаған. Көп қабатты эпизодтар үзік, кейіпкерлер қарым-қатынасы бірсыдырғы, ал ішкі драмалар жеткілікті ашылмаған. Әсіресе Қошманның кек жолындағы рухани арпалысы, уәдеге адалдығы мен ар алдындағы есебі толық түйінделмеген. Сол себепті бұл туындыны жанрлық тұрғыдан қайта қарастырып, повесть деңгейіне көтеру оның көркемдік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік берер еді деп ойлаймыз.
Айбек ОРАЛХАН.