
Советтік немесе постсоветтік адам болу дегеніміз не? Бүгінгі қазақ әдебиетінде көп қозғалмайтын, алайда өте өзекті тақырып саналатын советтік адам мәселесі Орталық Азиядағы отарлық тарихын бастан кешірген елдер үшін сөйлеу қақысы қайтарылуға тиіс маңызды тақырып. Әлбетте, осыған дейін советтік адам болу идеясы мен психологиясы орыстың диссидент философы Александр Зиновьевтың homosoveticus тұжырымында жан-жақты сипатталды. Ол совет адамының тәртіпке бағынатын, бүлік шығарушыларды ұнатпайтын, бюрократиялық аппаратқа төзімді, жай талғамайтын әрі қалыптасқан тәртіпті өзгертуге қабілетсіз бұйығы типтік образын жасады. Бұл өз кезінде біраз дау тудырғаны да рас. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған мемлекеттер тәуелсіздігін алғаннан кейін әрқайсысының әдебиеті өзінше даму жолына түсті. Бертінде деколонизация теориясы Орталық Азияда кеңінен талқылана бастаған тұста оған мойын бұрушылар қатары көбейді. Ғылым мен әдебиет саласындағы кейбір мамандар отарсыздық түсінігі ұлттың өткенде кеткен есесін қайтарып, оның айтарлықтай трансформацияланып, гибрид қалыпқа енген кімдігінің төлнұсқасын қайтаруда таптырмас жол қалыптастыра алады дегенге иланды. Осылайша, Орталық Азиядағы бейотар ойдың дамуына жол ашылды.
Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Жазушылар Одағының қолдауымен «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» бағдарламасы аясында жазушы, аудармашы Сафина Ақтайдың өткен ғасырда Қазақстанға депортацияланып, Павлодар өңіріне қоныстанған Еділ бойы немістерінің өмірінен сыр шертетін «Ганин» атты романы жарық көрді. Романның бас кейіпкері Ганс Ганин өз заманынан сырт қалып, өзгерістерге бейімделе алмаған кеңестік адамның типтік образы. Романның желісі бойынша жасы жетпістен асқан қария Павлодар облысында тұрады. Ганин өзінің локалдық өмір салтынан ажырамаған, оның өмір жолы Павлодар өңірінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатады. Өмірінің көбі кетіп, азы қалған қарт өткен өміріне жиі үңіліп, экзистенциал қақтығысты бастан кешіреді. Роман алты бөлімнен тұрады, әр бөлімде жазушы кейіпкердің өмір жүлгесіне көз жүгіртіп, оны ғұмырының ақырымен беттестіреді. Романның «Fernweh» деп аталатын бірінші бөлімінде бас кейіпкер Ганиннің шағын ауылдағы қарапайым тыныс-тіршілігінен хабар береді. Ол өзінен алыстап кете барған өмірін еске алып, бар ғұмыры өткен ескі үйінде естеліктер сағымымен кездеседі. Романның «Қызыл орамал» атты бөлімінде Ганин әулетінің Қазақстанға депортациялану жолындағы ауыр тарихы баяндалады. Жазушы романда кейіпкер уақыт және кеңістіктен бөлініп, сана ағынына бойлайтын баяндаудың жаңа нарраторлық тәсілін қолданған. Әр бөлім сайын кейіпкердің өзінен де, оқырманнан да жасырған өмір жолының жаңа құпиялары мен естеліктері ашыла бастайды. Осылайша, оқырман Ганиннің өз жады арқылы өліара кеңістікте қалып қойған уақыт рухының жадымен жүздеседі. Ганиннің еш өзгеріссіз баяу ілбіп жатқан күнделікті өмірі іштей торығу сезімін тудырып, романдағы әр кейіпкердің жалғыздығы мен жатсынуына ұласып отырады.
Романның басқа романдардан ерекшелігі – шығармада уақыт кері жүреді және кейіпкердің экзистенциалистік күйі кеңістікке бөлшектенбейді. Советтік өмір салтын бойына сіңіріп, өзінің ұлттық кімдігінен ажыраған Ганс Ганин өмір бойы тұлғалық бөлшектену және өзін тапқан сайын өзін жоғалту процесін бастан кешіреді. Мәселен, ол тарихи отанына қайтып оралу мүмкіндігі болғанына қарамастан, өзіне әбден үйреншікті әрі түсінікті болған әлемнен қол үзіп кете алмайды. Ал бас кейіпкердің досы және шығармадағы типтік кейіпкерлердің бірі – Шмидт кішкентай қаладағы ұзақ та сүрлеулі өмірімен бір-ақ күнде қоштасып, өзі үшін мүлдем бейтаныс отанына бет алады. Солайша, өмірінің соңғы сәттерінде осыған дейін бұзып шығу мүмкін болмайтындай көрінген қабырғаны қақыратып, бүлік көрсетеді. Шығарманың бірден көзге түсетін тұсы – әйел кейіпкерлердің образдары мен актерлары. Ганиннің жары – Аня да, көршісі – Нина әжей де, бауырлары – Виктория мен Лена да бір-біріне қаншалық жақындаса, соншалық алшақтай түсіп, арада шексіз уақытқа ұласатын қашықтық жасайды. Автор осы қашықтықтың қаншалық ауқымды екеніне қарамастан, олардың әрқайсысының тағдыр-талайына көз тастап, кейіпкерлердің хронологиялық ғұмыр шеңберін ретроспективалық тәсіл арқылы береді. Әр жаңа кейіпкермен танысудың соңы шығарманың тоғысу нүктесі – Ганинге, оның күнделікті тұрмысы мен шексіз ойлар ағымына бастайды. Роман терең құздан шығып кетуге қанша тырысқанымен, ол мүмкін болмайтын болмыстың жеңілісін көрсетеді.
Жалпы әдебиетте осыған дейін де советтік адам бейнесі әртүрлі ракурста жасалды. Мәселен, чех текті француз жазушысы Милан Кундераның «Күлкі мен ұмыту кітабы» (The Book of Laughter and Forgetting) романы Чехословакия тоталитарлық жүйесінде бой түзеген адамның күнделікті өмірдегі психологиялық қысымға ұшырауын, өзін-өзі жоғалтуын және саяси жүйеге бейімделу тақырыбын қозғайды. Ал поляк жазушысы, драматург Славомир Мрожектің «Полиция» (The Police), «Танго» (Tango) сынды шығармаларында тоталитарлық жүйенің абсурды, еркін болудан адасқан кейіпкерлер, жеке тұлғаның жойылуы тақырыптарын қаузайды. Ал ХХІ ғасырдағы әлем әдебиетінде тұлғаны жойып, оны тамырынан ажырататын, осылайша, өз болмысына жат мүлдем басқа кімдік іздеуге бел буатын кейіпкерлер тағдыры арқылы отарлық жараны айқын көрсете білген танзаниялық жазушы, 2021 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері Әбдулразақ Гурнаны атап өткен жөн болар. Әсіресе, оның «Жұмақ» (Paradise), «Солған жүрек» (Gravel Heart), «Өмірден кейін» (Afterlives) сынды романдарында жергілікті тұрғындарды құралға айналдырып, олардың өз үнін білдіруге тыйым салған отарлық биліктің басып-жаншуын сипаттай отырып, эпистемологиялық зорлық, субалтерн кейіпкерлердің тағдыры, олардың еркінен тыс болған көші-қон тәжірибесі және жаңа мекендегі тастанды тағдыры сөз болады. Әбдулразақ Гурна біздің заманымызда да жалғасын тапқан шегі жоқ легитимациялық мақұлдауға деген еріксіз ұмтылыс пен отарлық билік пәрменіне мойын бұрған қарапайым адамдардың тағдырын сипаттап, әдебиетке деректі форматта жазылған жаңа туындылар мен кейіпкерлер алып келді.
Жазушы Сафина Ақтайдың «Ганин» романы заманауи қазақ әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасы бар жаңа тынысты шығарма болады деп сенеміз. Бұған дейін жазушы өзінің «Burger King-тегі Элвис Пресли» атты әңгімелер жинағын жарыққа шығарып, өзі өмір сүріп отырған ортасының күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді қозғап, тақырып таңдаудағы мәнері, әңгіме жазудағы нарраторлық ерекшеліктерімен көзге түскен еді. «Ганин» жазушының алғашқы романы екенін ескерсек, бұл формалық тұрғыда жаңа тәсілдерге мойын бұрып, батыл шығармашылық тәжірибелерге жол ашқан тұңғыш көлемді еңбегінің нәтижесі.
Тілек ЫРЫСБЕК.
