(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №8 әңгімеге рецензия)
Назарымыздағы кезекті әңгіме «Ауа райы болжамы: Ақбеттаудан сел жүруі мүмкін» деп аталады. Бұл әңгімені оқып отырып, бастапқыда жұтқа ұрынған мал иесінің шарасыз күйін ғана аңғарғандай боламыз. Тіршіліктің соқасына жегілген өгіз-кеуде сүйретіліп жүріп жан бағады. Мал қырылып қалмай тұрғанда, сатып ақшаға айналдыру – оң шешім. Бірақ, мәселе тек шаруашылықтың тұралап қалғанында ма? Қуаңшылыққа ұрынған дала арқылы автор не айтқысы келді?
Бір үзінді: «… – Терезені жапшы! – деді Марат. – Салқындатқыш қосам. Мараттың бұл бұйрығы терезе уілінен Сәулеге естілмеді…». Мараттың сөзін естіртпеген тек уіл деп ойламаймыз. Әйелдің көңілі, ойы басқа жақты шарлап кеткен, күйеуінің сөзін назарға ілмеуі сондықтан. Иә, мазасыздық пен шарасыздық сананы тұсаулап тастайды. Бұл жерде адамдар арасындағы, ең жақын адамдар арасындағы қылдан нәзік байланыстың үзіліп бара жатқанын аңдаймыз. «Алдағы күніміз не болар екен?» деген алаңдаушылық ері мен әйелін екі тарапқа тартып барады. Жұтылып барады екеуі иірімге. Өмір иіріміне.
Әңгімеде, бір қызығы, әйелі мен күйеуі бір уақытта түс көреді. Таңғы шайдың басында «Сәуле іштей түндегі түсін айтсам ба деп те ойлады…». Марат та «…Шай ішіп отырып, осы түсін әйеліне айтқысы келген еді…». Бірақ екеуі де бір-біріне тіс жармайды. Екі жарты – бір бүтін жандардың бір-біріне құлықсыздық танытқанын аңдаймыз. Бірақ бір күш – иненің жасуындай ғана тылсым екеуінің жан жарастығын сақтауға тырысады. Екеуі де түсінде балалық шағымен қауышады. Аңсар көңіл ғой.
Әңгімедегі «Құлақ күйінен әбден тайған ескі домбыра» не айтады? Шал «Жөндетіп әкел» деп ескі домбыраны Мараттың қолына ұстатады. Домбыра ескі болса да пайдаға жарап тұр. Ескірді деп лақтырып тастауға болмайды. Жөндесе, әуезді әуен төкпек. Адам да сондай. Табиғат та сондай. Жандана алады, түрлене алады, жаңара алады. Сол кездесуден соң бас кейіпкер «Түңілетін ештеңе жоқ» деп бекиді іштей.
Уақыт өте келе «…Марат пен Сәуле сөйлесуден қалды. Сәулені қабағы жазылар емес. Марат та еш сыр білдірмейді. Бір шаңырақ астында болса да әрқайсысы өз көкжиектеріне көз салып жүрді де алды…». Ең жақын адамдардың бірін-бірі бөтенсінуі қандай ауыр?! Бұндай күй кез-келген адамда, кез-келген жанұяда болады. Өтірік деп ешкім айта алмайды. Жан нені іздейді? Көңіл нені қалайды? Жүрек нені аңсайды?
Жалпы әңгіме не туралы? Қураған, нәр тілеген тек дала емес. Адамның көңілі құлазыса, жұт жайлаған даладай, тамшы тамбаған ағаш астаудай қаңсып қалады емес пе? Қуарған дала – құлазыған көңіл. Далаға қажеті – толассыз жаңбыр. Ал көңілге ше? Көңілге керекті адам өзінен, бір-бірінен, отбасынан, ұрпағынан іздеуі керек. Сонда ғана – тапса ғана «баладай мәз болып дауысымыз жарқын шыға бастайды».
Осы ойды жеткізуге тырысқандай автор. Оқырманға барынша нәрлі шығарма ұсынуға ниет еткен жазушы қаламынан кестелі сөз барынша мол өрнектеліпті. «…Көз ұшында мұнартып көріне бастаған жоталар маусымның ортасы енді жетсе де көне жазбаның парақтарындай сарғая бастапты…», немесе, «…Даланың шегі қиялына да жеткізбейтін алыс сияқты…», немесе, «…Бұл уақытта қараңғылық көкжиектерді де бүркеп алып еді…» деген секілді жанды сөйлемдер әңгіменің ажарын аша түскен.
Дегенмен, «Мұрттары қурай бастаған селеулердің арасында…» дегенде селеу шөпті көптік жалғаумен жазғаны, «…біршама күндер өтті» деп, өзі де көптік ұғымын беретін «біршама» сөзінен соң көптік жалғау қолданғаны, «Әжесіне қосылып таңғы шайда отырған бәрі жамырай күлген…» деп – «Таңғы шайда отырғандардың бәрі әжесіне қосылып жамырай күлген» деген сөйлемді бұзып алғаны көзге «ұсқынсыз» көрінді.
Әңгімеде автор кейіпкерлердің орын ауыстыруын жазғанда, яғни қимыл-қозғалысты бейнелегенде оқырманды шатастырып алған бір тұс бар. Ол – әңгіменің басында. Марат пен Сәуленің көлікте зымырап келе жатқан еді. Бір мезетте екеуі үйде шай ішіп отырады. Енді бір сәтте Марат бірер сағат карташылардың қасында болып кеп, жатуға қамданады. Осы бір күн ішіндегі әрекеттер арасында байланыс босап қалғандай әсер қалдырады. Ал, одан кейінгі тұстарда жазушы шеберлігі анық байқалады. Күйін көрмекке мал шетіне барғанда да, қалаға балаларына келгенде де, балаларын ауылға алып шыққанда да кейіпкерлердің қимыл-қозғалысы, мекен-орын ауыстыруы жанды кейіпте көз алдымызға келеді, нанымды.
Ең бастысы, нәр тілеген даладай құлазыған көңілге әсер сыйласам деген жазушы өз мақсатына жете алды деп ойлаймыз.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.