Бүгін – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Қанидің дүниеге келген күні.
Арман аға жайлы сөз қозғар сәтте менің ойыма Жүрсін Ерманның «Арман Қани – қайраткер ақын» дегені оралды. Және көз алдыма,
«…Маған бәрібір Сен кімсің?
Ұлымысың?
Әлде арсыз тірліктің құлымысың?
Ал, мен – Екі өмірде тентіреген
Бір ақынға қойылған Тірі Мүсін!», – деп буырқанып өлең оқыған кездері елес берді. Бірнеше жиында осынау өлеңді оқығанына куә болғанмын. «Құзғын тірлік жем қылған Жыры үшін Тірі Мүсінге айналған» ақынның толғанысты сәтін көргендер болса, осынау өлеңді оқығанда Арман ақынның ерекше күйге бөленіп кететінін айтар еді. Жан тебіренісін, көңіл күйігін жеткізген бұл жырда тұтас бір ғұмырдың жүгі тұрғандай. Жыр-ғұмырдың мұңы тұрғандай.
***
Әлеуметтік желілердің бірінен көзім шалып қалды: «Арман Қани, журналист» деп қана жазып қойыпты. Айналайындар-ау, Арман Қани – ең алдымен ақын! Өзі күйінішпен айтатындай әдеби ортаға кеш қосылып, кеш танылғанынан басқа жазығы жоқ. Ал, жазуы – көп жазарманнан көш ілгері еді. Бұның басты себебі – ақын жырларының «Компартия саясатына қарсылығы». Арлы ақын Арман Қанидің өлеңіндегі өршілдік пен сыршылдықты дер шағында таныған қазақтың Жұмекені ақ батасын беріпті. Бұл жайлы ақын Ғалым Жайлыбай: «Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, отаншыл, азамат ақын Жұмекен Нәжімеденов Арманның «құлын жырының кекілін сипағаннан» кейін ғана шығармашылық бастауын құрсаулап тұрған көбе сөгіле бастаған еді. Сөйтіп, қысталаң кезеңде аға ақынның шарапатын көрген ол бодандықтағы елінің егемен болашағына деген ұстанымынан таймай, Ертіс-Баянауыл өңірінде ұлттық мұрат-мүддені көздейтін қоғамдық-саяси істердегі белсенділігінен танбады», – деп жазды.
Жұмекен ақыннан оң баға алу – зор бағалану деп білемін. Қызыл империяның қыспағында жазылған жырлар жайлы Арман аға өзі: «Ол кезде цензура өте күшті болды. Ойды жеткізу үшін түрлі образдарды, бейнелеулерді қолданатын едік. Ол поэзияның көркемдік сапасын арттыратын. Ал, қазіргі ашық саяси алаңда ой да ашық айтылады, өлең де ашық жазылады», – дегені бар-тұғын. Жас буынға артқан өкпесі емес, айтқан назы деп ұқтым сол сәтте. Сонда да, аға буыннан «ашық-шашық» жырларымызға жабу болатын жылы пікір күтетініміз бар. Соны ойласам, Жұмекен Нәжімеденовтың бір ғана пікірі – қыспақтағы құлын-жырға болған екен құт ұлы.
Жұмекен Нәжімеденовтің: «Арман Қаниев – Павлодар трактор заводында жұмысшы. Маған ұсынған шағын топтама жырлары «Тамшылар» деп аталады. Расында да, әр шумағы тасқа тамған тамшыдай, сыңғырлап тұр. «Тамшылар» мен «Трактор заводы» деген екі ұғымды өзара кіріктіру мүмкін емес тәрізді. Арман – ақын жігіт. Бұдан артық бағаның ол үшін әзір қажеті жоқ. Жас талантқа сәт сапар тілеймін», – деген бұл пікірі «Қазақ әдебиеті» газетінің 1982 жылғы санында жарияланыпты. Ақынға қанат бітірген шағын ғана жазбада – болашақтағы үлкен ақынның талантын тану, келешегін көре білу бар.
Бұл сәулелі сәттерді кейін ақын «Патшайым Фариза әпкесіне» Мұқағали ағасындай мұң шаққан жырында: «Мен – Жұмекен жоғалтқан боталы үміт» немесе «Сол Жұмекен сыйпаған кекілінен, құлын-жырым тай болып жетіліп ем» деп еске алады.
Ал, мен Арман ақынды оқырман ретінде «Баянауыл жырлары» арқылы таныдым. Кісіге өнер кие болып қонатынын жырымен дәлелдеген ақын Баянауыл бауырында нұрға айналатынын айтыпты бірде. Иә, ақын нұрға да айналды, жырға да айналды. «Жиен» жырындағы «…Қансыраған Шойынкөл жағасында, Жасыбай да жиенің еді сенің» деген жолды оқып, Баянауыл өңірінің жиендерін өзімше тізімдегенім де есімде.
«…Кірпігімнен жас борап, жанып ішім,
Мен шайқасқа түсермін Арым үшін!
Сен аман бол, сертке адал Сарыарқадан
Сары орамал бұлғаған сағынышым», – дейтін жырында да «Жиеннің ел болғанын білдіріп Баянауылдың жартасына жырын жазып кеткен» Арман күрескер кейпінен танбайды. Жоғарыда айтқанымдай, бірде Тірі Мүсінге айналса, бірде Ақынтас болып сөйлейді. Бұл образдар Жүрсін Ерманның бағасына жан бітіре түсетіндей.
Баянауыл ақындарының «Баян-жыр» жинағына алғы сөз жазып беруін сұрай барғанымда Арман ақын да сертке адалдығын танытқан еді – баянауылдық ізбасарларына ақ жол тілеп, ақ батасын берген еді. Шынын айту керек, Жұмекен ақынның жылы лебізін алған жастың жүрегінде қандай күй толқығанын білмеймін. Бірақ баянауылдық қаламгерлер үшін Арман Қанидің жүрекжарды лебізі өлең өлкесіне берілген жолдама десем артық айтпадым.
Арман ақынның қолыма алғаш түскен жыр кітабы «Шындықпен бетпе-бет» деп аталады. Ақындық болмысын әйгілеп тұрған жинақтағы жырлардан, әсіресе «Ақыреттік Ақиқатқа ақырын, кетіп барам ұстараның жүзімен!» дегенінен Ар туын жықпауға серт еткенін ұғуға болады. Ақынның «Жанталас» деген жырындағы:
«…Сабырым менің – сарғалдақ сарғайған түптен.
Қара жол сынды Қаратау басынан құлар
Әжімдерімде бағым бар маңдайға біткен…» немесе
«…Сен мені жебеп қайтесің?
Қорғасаң болды
Шындықты мынау көзімнен шыңғырып тұрған», – деген жолдарынан ақынның өз бейнесін көремін. Өлеңнің әр жолында ақынның жүзі жарқырайтындай. Момақан кейіпті сабырлы жанның жанарындағы шындық әлі де от шашып тұрғандай. Отыз жыл бұрын жазылған жырда – отыз жыл бұрынғы шындық қаз-қалпында бүгін де шыңғырып тұрғандай!
«Мен өмірге тым сирек еркеледім,
Тағдырыммен тартысқан тентек едім…» («Интернатты еске алу») дегенінен ақын маңдайындағы әжімдердің неге Қаратаудың басынан құлаған қара жол сынды қалың екенін түсінесің. Интернаттың есігі алдынан ерте тарс жабылған жігерлі ұлдың өмірі де күреске толы. Ақын қазақтың тілі, ділі, рухы, өлеңі үшін арпалысты.
«Ақ махаббат ақпан айы» өлеңдер топтамасында өрілетін ғашықтық жырбаяны өршіл жүрек қана өміршең сезімді бастан кешетінін дәлелдейді. Ақпан мен ақын – егіз. «Мен – шындық ем, ақпан да шындық еді!», «Кей сәттері кеудемнен сыңсиды кеп, ақ түтекпен жызылған өмірбаян» деген жолдарда да ақынның мінезі «түтеп» тұрған сынды.
Арман Қанидің Семей ядролық сынақ полигонының зардабынан қолсыз кемтар болып туған, белгілі қарағандылық қылқалам шебері Кәріпбек Күйіковке арнаған «Суретші Кәріпбек» жыры бар. Ақын қос қолы жоқ, қылқаламын тістеген суретшінің қасіретпен күресі мен өзінің асқақ рухы арасында ұлы үндестік тапты. Жырдың өн бойынан ескен леп, ядролық жарылыстан кейінгі тараған дүмпуден де қуатты. Өйткені онда жауыздықты жеңуге жігерленген жүректің дүрсілі бар. Жалғыз ғана суретшінің емес, ақынның да қайсар рухы қосылған дүрсіл.
«…Суреттегі ай маңдайлы әлемді
Қылқаламмен сипап…
Ойға бөленді.
Тас бетінде ақиқатты тірілтіп,
Жауыздықты жазаламақ ол енді», – дегенінде Арман ақын бір сәт Кәріпбек кейпіне енген болар?!
Өлең үшін арпалысқанын айттым! Арман ақын жастармен кезекті бір кездесуде: «Қазіргі жастардың өлеңдеріндегі олқы тұстарды, әлсіз шумақтарды көргенде қатты қынжыламын. Тіпті, орфографиялық, пунктуациялық қателіктерді көргенде күйінемін. Біздің жас кезімізде Мұзафар Әлімбаевтің өлеңнің үтір, нүктесіне дейін мән бере тексергені бар еді», – деген болатын. Байқасаңыздар, өлеңге деген зор жауапкершілігі. Шынында да, газетте жұмыс жасағаннан кейін, бір тыныс белгісі қате қойылып кетсе, сөйлемнің мәні өзгеріп кететінін талай мәрте байқадым. Сол жиында жас ақындарға сын-ескертпелерін де айтқан еді. Ал, бұнысы – өзінен кейінгі буынның болашағы қандай болар екен деген алаң көңілі.
Өлең үшін туған жанның болмысын «Олжасқа хат» өлеңінен тағы көрдім:
«…Сенің ісің – Адамды табыстыру,
Менің ісім – өлеңді қорғау ғана…» немесе
«…Менің ұлтан болғаным аздай,
Бұл ел
Жырымды да қоймақшы ұлтан қылып…» дейді ақын. «Пысықайы пайғамбар мен ақынға пысқырып та қарамайтын өлкеде» арпалыспен күн кешу нағыз батыр ақынға тән ерлік шығар?! Арпалыс дегеннен шығады. Арман ағамен Керекуге барған жұмыс сапарымда көшеде ұшырасып қалғаным бар. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Комсомолдың 100 жылдығын өңір-өңірде тойлап жатыр екен. Бізде де қызыл жалаулы жиындар өтпесін, соның алдын алыңдар!» деп ескертіп келе жатқан бетім», – деді. Арман Қанидің күрескерлік болмысын аша түскен қысқа ғана эпизод – осы.
«Көкжал едім, тартқаныммен тегіме,
Ата жұртқа оралам да егіле,
Қарғы бауға ұсынамын мойнымды,
Ит тіршілік қажет болса Еліме», – дейді «Көкжал» жырында көкжал ақын. Мойын ұсынғаны несі? Берілгені ме, жеңілгені ме?
Жоқ! Ақын бұнымен елін ит тіршілік кешпеуге шақыруда. Әйтпесе, алпыстан асқан шағында басшылыққа барып келмеске кеткен «Қызыл империямен» алысар ма?
Алматыдан Есенғали Раушановтың, Астанадан Несіпбек Айтовтың, Ақтөбеден Мейірхан Ақдәулетов пен Ертай Ашықбаевтың, Маңғыстаудан Светқали Нұржановтың, Қызылордадан Шахизада Әбдікәрімовтың, Семейден Тыныштықбек Әбдікәкімұлының, Қарағандыдан Серік Ақсұңқарұлының үні асқақ жетуде қазақ поэзиясына. Сол секілді қазақ қара өлеңінің шаңырағын тіреп тұрған Павлодардағы бір мығым уығы – Арман Қани. 65 жылдық мерейтойына орай ой толғау сәтінде Арман ағаға жазған мына бір хатымды тауып алдым. Тура екі жыл бұрын жазылған екен:
«Аға, дертпен тең сөз өнеріне шалдыққан інілеріңіздің біріміз. Жанымыздың көшірмесі, сезіміміздің көрінісі, рухымыздың тілі – өлең. Өздеріңіздің алғашқы пышақтың қырындай ғана кітапшаларыңыз отыздан аса әрең шыққанын білеміз. Біз бақыттырақпыз сіздерден көрі, жиырма беске толмай «тұңғышымызды іңгалатып» отырған. Өлеңге арашашы, адвокат қызметі жүрмейтінін білемін. Және түсіндірме жұмысы өтпейтінін де. Біздің бір өлеңіміз оқушының (сіздің де) жүрегін тербей алса, сезімін дөп баса алса, нағыз бақыт емес пе? Аз-кем түйгеніміз, сезінгеніміз, жазғанымыз бар.
Меңдекеш ақынның «Ақсақал батасы. Жауға аттанарда» деген өлеңін оқып едім:
«Адырналы Алдасай сынды бабаңның,
Аруағы дәйім қолдағай!
Аламандап жауға шаппасаң,
Айдаһардай алқымнан езіп сықпасаң,
Ағала туын жықпасаң,
Аттанарда жолың болғанмен,
Келерде жолың болмағай,
Әумин!» – дейді Сатыбалдиев.
Ендеше біз де, сөз қаруымызды сайланып, кеудемізге жыртұмар тағынып майданға аттанғалы ниет еттік. «Иллаһи әмин!» Қол жайдық, аға, батаңызды беріңіз!»
Ағам батасын беріп, өмірге «Өмірқос» жинағы келді. Бұл – тек бір ғана мысал. Мен секілді қаншама жасқа Арман ағаның шапағаты тиді. Ағаның жылы сөзін ғана есту – мұрат емес біз үшін. Қатты айтса да, сын-пікір білдіргені маңызды. Сондықтан да, іні буынның өкілі ретінде, жастар атынан аз-кем сөз алу мәртебесі бұйырғаннан кейін көкейімдегін қағазға түсірген жайым бар!
«Соңымда қалса бір шумақ өлең,
Ақталам Тәңір алдында!» депті ақын. Шындықпен бетпе-бет келіп, ар алдында адалдық танытқан жүректен туған Өлең мың жасайды!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.