(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №1 шығармаға рецензия)

«Қос бәйтерек» – балалық шақ естелігіне негізделген автобиографиялық естелік-әңгіме жанрында жазылған эмоционалдық реңкі қою, ұлттық сипатқа толы, этнологиялық, этнографиялық лирикалық баяндауды сәтті ұштастырған, реалистік прозалық шығарма.

Шығарма үш бөлімнен тұрады: «Төлбасы», «Ақ борандағы ақыл», «Қара шабадан». Әрқайсысы өмірлік оқиғалар тізбегін бір-бірімен сабақтастыра қамтитын, ауыл өмірін, дала даналығын, қазақы тәлімді бейнелейтін дербес новеллалар десе болады. Жанрлық тұрғыдан тереңдей үңілсек, мұнда көркем өзек мықты, лирикалық проза мен этнографиялық очерк элементтері үндесіп жатыр.

Шығарма ата мен әже бейнесі арқылы ұлттық болмыс, ұрпақ сабақтастығы, қазақы тәлім мен тәрбие, қайырымдылық, өлім мен өмірдің шекарасын сана деңгейінде қабылдау сынды терең философиялық, әрі этикалық тақырыптарды қозғайды. Атаның сөздерінде халықтық педагогика, мораль, дидактика басым.

Әңгімеде көзге көрінетін негізгі идея – адамшылық пен пейіл, кісіге құрмет және оқымаған «дала данышпандарының» өмір мектебі. Мәселен, «Төлбасы» бөлімінде ата мен немеренің қой таңдау оқиғасы арқылы кейіпкердің адамдық ұстанымы мен малсақ ауыл ақсақалының кәсіби тәжірибесі танылады. «Ақ борандағы ақылда» шопан жігітке берілген кеңес – тек дәстүрлі мал шаруашылығынан берілген дәрістен бұрын табиғатпен үйлесе жүйелі ойлау, білім мен ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибені сабақтастыру, ата кәсібіне адал болу сынды құндылықтарды аңғартады. Ал «Қара шабадан» – ұлттық философия, өлімге дайындық туралы ойларға жетелейтін шынайы туынды.

Автордың тілі – бейнелі, шұрайлы, қанық, әсіресе балалық шақ пен ауыл тіршілігін бейнелеуде табиғи суреткерлік байқалады. Әңгімедегі диалогтар шынайы, әр кейіпкердің тілдік қолданысынан мінезі мен сипаты нақты сомдалады. Молынан қолданылған қазақи идиомалар мен мақал-мәтелдер, бейне сомдау тәсілдері, лирикалық шегіністер мен ішкі монологтар композициялық тұрғыда шығарманы байытып тұр.

Мысалы: «Ақ деген түс туралы айтыла қалса, әжемнің аппақ жаулығы есіме бірден түседі…» дейді. Бұл эпизод символдық бейнелеудің сәтті үлгісі.

Шығармадағы жаңашылдық қазақы болмысты қазіргі оқырманға жүрекке жылы, айналасын теп-тегіс жұмыр етіп, философиялық астармен ұсынуында және заманауи прозаға тән тәсіл – эссе стиліне бейім лирикалық баяндауында жатыр.

Автор дәстүрлі тақырыптарды (ата-әже, ауыл өмірі, шопан тірлігі) бүгінгі оқырманға етене жақын психологиялық деңгейде жеткізе білген. Әсіресе, «Қара шабадан» бөліміндегі қыз жасауы мен кебін арасындағы байланыс – бұрын ішінара жазылған, алайда терең мәні оқыған сайын толғандыратын қазақы дүние.

Шығарма тұтастай әсерлі болғанымен, бірқатар кемшіліктер де байқалады. Көп жерде кейіпкердің ішкі ойы мен авторлық баяндауы стиль жағынан ұқсас болып, ара-жігі көмескі тартады. Бұл көркем прозада кейіпкерді даралауды, оқырман назарын фокуста ұстауды қиындатады.

Сөз қайталаудың орын алуы стильдік тұтастықты әлсіретіп, көркем тілдің бейнесін көмескілейді. Шығарманың кей тұсына синонимдік алмастырулар қажет сияқты.

Шығарманың өн бойында баяндаушы бас кейіпкерлердің атын нақты атамайды (бір рет кездеседі). Бұл бір жағынан анонимдік ұстаным секілді көрінгенімен, кей тұстарда кейіпкердің даралығын бұлыңғыр етеді. Оқырман кейіпкермен байланыс орнатуы үшін баяндаушы мен бас кейіпкерлердің  даралануы маңызды. Әңгіменің аяқ шенінде белгілі бір қортынды, жинақтау, рефлексиялық монолог жасауға болар еді. Шығарма соңында бала кейіпкердің даму жолы немесе ішкі өсуі бір эпизодпен болса да көрсетілсе, тұтастық пайда болар еді.

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий