(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №10 әңгімеге рецензия)
«Ертіс жағасында» әңгімесінде жазушы мәтін астарына ой жасыруға көп тырысқан секілді.
Кейіпкер қайта-қайта өзінің өзенге тас жалатып тұрған бала бейнесін ойлайды. Өзенге лақтырылған тас – келмес күн, оралмас дәурен.
«…Ол кезде де біреуі ақ, біреуі қара футболка киген екі қыз әткеншек теуіп ойнайтын…», – дейді кейіпкер өткен шақты еске алып. Әткеншек теуіп ойнаған екі қыздың қандай түсті футболка кигені анық жазылу арқылы – біз «Өмірдің түсі» деп ерекшелейтін қос бояу айқындалып тұр. Бұнда есейген көзқарас пен бала түсініктің аражігі ажыратыла түседі. Баяғы «арқасы күнге күйген» бала бейне үшін ақ түсті еді өмір кейпі. Енді ше? «Кривенко көшесін бойлап» келе жатқан жігіттің өміріне қара түс араласты. Және «әткеншектен» біз тек алаңсыз балалықты, асыр салған балаларды, ойсыз-қамсыз ойынды ғана көрмейміз, ары-бері тербеліп, кеше мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің арасында шарқ ұрған, «екі жаққа да барып-келіп жүрген» көңілді сеземіз. Енді бір және: бұл әңгімеде «көше» – өмір, «жаңбыр» – тағдыр ұғымдарын береді.
Автор балалық шағын еске алғанда: «…Кейде мен жылағанда: «Үлек-үлек! Мойны жуан көк!» деп қорқытатын. Әлі күнге дейін үлектерден қорқатыным содан шығар…», – дейді. Тағы да балалық шақтан қалған белгі. Адам өміріне алғашқы қабылдаудың, бірінші әсердің, бастапқы түсініктің қаншалықты ықпал ететінін уақыт өзі дәлелдеп, айқындап тастаған. Автор соны меңзейді.
Кейіпкерлер өзен жағалап келе жатып, «құлаған терекке жолығады». «Құлаған терек» – қираған арман, кірлеген қиял, былғанған пейіл, ойрандалған жол… «Қара түстің» тартуы.
Кейіпкер үтіктеуді қажет етпейтін шалбарларды жақсы көреді. Онысы да «ақ-қара түсті өмірде» адам бойындағы ерекшелікті, өзгеге ұқсамаушылықты, қоғам қабылдауынан тыс ұстанымды аңғартатындай. Киім үтіктеуге кеткен уақыт – бұл үшін босқа кеткен уақыт. Оның орнына ұйықтап алуға, жай ғана еріге тұруға, ұзағырақ серуендеуге, көбірек ойлануға немесе өзге бір іспен шұғылдануға болар еді. Бұл жерде кейіпкердің «уақыт» туралы ұғымы, оның қадіріне жету туралы түсінігі менмұндалайды. Бірде жақын бір досым: «Ораза ұстаған уақытта, тамақ ішіп-жеуге қаншама көп уақыт жұмсайтынымызға көзім жетті» деген еді.
Ал, «киімнің үтіктелуі» де өзінше сыр жасырады. Қыры сынбаған шалбармен, қыртыс түспеген жейдемен жасандылығын жасырады адам кейде. Ал, кейде біз үтіктелмеген, мыж-мыжы шыққан жейде-шалбар киген адамды көрсек, «Недеген ұқыпсыз адам» деп бетімізді шымшимыз. Бәлкім бұл олай емес, наразылықтың, қарсылықтың көрінісі шығар? Солай жүрген киім иесіне ұнайтын болар? Ол өзінің таңдауы, еркі, тіпті құқығы! Бастысы – шынайылық.
Қош! «…Біз Кривенко көшесін бойлап қайта Ертіске келдік. Бүгінге екінші рет…». Әңгіме осылай аяқталады. Бұдан біз «Өмірге екінші рет келу» деген түсінікке емеурін тапқандаймыз. Есенғали ақынның:
«…Қартайдым деп, жастықтан жырақпын деп,
Ой, қайтесің біреуді сыбап күндеп…
Кетіп бара жатсың ба, оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесің. Бірақ кім боп?», – деген өлеңі еріксіз еске түсті.
Жазушы бұл шығармасында өзінің балалық шаққа аңсарын, сол балалық дәурен сыйлаған болмыс пен мінезді, сол болмыс пен мінездің бүгінгі күнге ықпалы туралы жазып қана қоймай, мәтін арқылы көзқарасын, танымын, пайымын беруге «асыққан».
Ендігі сөз әңгіме жазушының шеберлігі туралы. Негізінен ой астарлауға бағытталған әңгімеде, бәлкім құрбысы, бәлкім ғашығы, бәлкім жай ғана көңілдесі – Лилитпен қарым-қатынас жайлы кейіпкер: «Біздің қарым-қатынасымыз да лего ойыншықтарына ұқсайды. Кейбір қажетті бөлшектер дер кезінде табылмай қалады. Немесе орта жолға келгенде басынан бастап қате құрағанымызды түсінеміз де, ойыншықты бұзуға тура келеді», – дейді. Бұл тұсы адамдар арасындағы байланысты – кейде мығым, кейде бос байланысты дәл суреттейді. Кейіпкердің өзі де: «Егер сіз өміріңізде тым болмағанда бір рет лего ойыншығын құрастырып көрсеңіз, мені жақсы түсінесіз деп ойлаймын» деп атап өткендей жазушы шеберлігін осы тұстан тануға болады.
Бізге аса ұнаған тағы бір пайым сауда орталығындағы эскалаторлар туралы. «…уақыттың жауы. Эскалаторда тұрғанда жылдам түсіп бара жатырмын деп ойлайсың, бірақ ол уақыт туралы түсінігіңе иллюзия қосады…», – делінеді әңгімеде. Тосын. Кідіртеді. Ойлантады…
Әңгіме бізге осындай ой кештірді. Әңгімені оқып отырып, Ертістің жағасында сейіл құрғандай болдық.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.