(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №6 әңгімеге рецензия)
Атауынан-ақ өткен шаққа саяхат жасап, келмес күнге деген сағынышты арқау еткен әңгіме екенін кез-келген адам ұғып қояды. Балалық шақ дегенде елең етпейтін адам аз. Өзгенің қызықтарын өз басынан өткен оқиғалармен салыстырып, «Бұны білем», «Бұндай болған жоқ» деп отыру – әркімге таныс жағдай.
Жазушы кейіпкерлер арасындағы сөзде: «Іштей «Не айтып жарытар екен?» деп қоңылтақсынсам да, әуестігім ұстап, басымды изедім» деп жазғандай, біз де «Автор не айтар екен?» деп «Балалық шақтың бал дәмі» әңгімесіне ден қойдық.
Әңгімеде туған ауылынан жырақтап, өзге жерге келген оқушының жаңа ортаға бейімделу кезеңі, алғашқы тайталасы, жаңа дос табуы секілді әдеттегі оқиғалар баяндалады. Оқиғалар арасында жазушы бас кейіпкер Мирастың Густав Эмардың «Ермінез» деген кітабындағы басты қаһарман Диегоға еліктегенін жазады. Бұнда құндылықтардың арзандап бара жатқанына қынжылыс, кешегі мен бүгінгіні салыстыру бар.
Ары қарай, яғни оқиға желісі екінші тоқсан басталған сәтке ауысқанда әңгіменің негізгі арқауына жеткенімізді ұқтық. Себебі оқиғаға Алма есімді сүйкімді қыз қосылды. Бала махаббат хикаясы бастау алды. Осы тұста автор апорт алмасы туралы айтып өтеді. «…Алматыға барып көрмесек те алыстағы астанада оқу оқитын әпкеміз посылкамен салып жіберген жеңсік жемісті сілекейіміз шұбырып, үйдегі ұл-қыздар таласып-тармасып тауысқан едік…» Бұл тұста қалам иесі қыз бен жемістің аттарын байланыстырып, әңгіме атауына қатысты емеурін жасап өткендей.
Осылайша Мирастың серілік дәурені басталады. Мектепке бірге келіп, үйге бірге қайту. Қыз сөмкесін көтеріп жүру. Алмадан басқа ешкімге көңіл аудармау… Ал, одан ары… Сыныптастардың әжуа өлеңі тарайды. Ол сөз қыз құлағына жетеді. Оған қыз ренжіп, біздің «жігітке» тоқтау қояды. Осы кезде әңгіме шарықтау шегіне жетеді. «…Түнімен дөңбекшіп жатып, «Алманы шын жақсы көрсем, онымен сүйісуім керек» деп шештім. Ол кезде баламыз ғой. Шын ғашық адамдар ернімен сүйіседі дегенді жасы ересектеу ағаларымнан естігенім бар еді…». Еріксіз күліп жібергеніңізді аңғармай қаласыз. Беу, балалық-ай! Шалалық-ай. Бірақ «серінің» ойы жүзеге аспайды. Жоспары күл-талқан болады. «…Алма кеудемнен итеріп жіберіп, «Оңбаған! Аузың да сасық екен» деп жекірді…». Ренжіген қызбен соңғы кездесу екен бұл.
Одан кейінгі кездесу. Арадан қанша жыл өткені белгісіз, бас кейіпкер бала ғашығымен ойда жоқта ұшырасады. Алма көше тазалап жүрген жұмысшылардың қатарында жүр екен. Кездескеніне өкінеді. Себебі «…Күн суық еді, жылыну үшін жанындағылармен жүз грамдатқан болу керек, аузынан күлімсі иіс шығып тұрды…». Осы кезде бала кездегі иіс пен есейген кездегі иістің айырмасын сезіп, жүрегіңіз шымыр етеді. Жазушы әңгімені мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Балалық шақтың естелігі өмірдің қатал сынына ұласып кете барды. Кейіпкердің де, оқырманның да көкейінде сұрақ кептеліп қалды. Неге бұлай болды?
Әңгіменің соңында да қызбен аттас жеміс туралы айтылады. «Алманың түр-түрі бар, тек апорт жоқ. Апорт қазір жоқ, тау бөктерлеріндегі алма бақтарын бай-бағаландар қырқып үш-төрт қабатты үй-жайлар салып алған…» Сөз түйіні – апорт. Бірақ басқа алма. Бала кезде жеген алманың дәмі мен бала ғашыққа деген сезімнің дәмі тіл үйіреді, бой балқытады. Ал, араны уақыт қана емес қатал тағдыр бөлген кезде жеген алма мен соңғы қауышу сәтінің дәмі жүрек айнытады…
Сөз соңында жазушының шеберлігі танылып, кемшілігі көрінетін бірнеше мысалды атап өтейік:
«…безгегі ұстаған адамдай дірілдеп…», «күншуақ көңіл», «бұғалықтан қашқан асаудай», «енесі жеріген қозыдай» деген теңеулер сәтті пайдаланылған. Және бұндай тіркестер әңгімеде молынан кездеседі.
Ал, «сергелдең сарпылыс» деген тіркесті түсіне алмадық. Мүмкін «сабылыс» шығар?! «Екі қолымды өкпеме алып…» деген де құлаққа қонбады. Көңілге тіпті. «Екі өкпемді қолыма алып» еді біздің білетініміз. «…артқа қарай шалқайлата бастады» дегендегі «шалқайлата» – «шалқайта» болу керек еді. Білкім әріп қатесінен, сөз бұзылып тұр.
Қалай болса да, қаламгер көкейіндегін жеткізді, көңіліндегін қағазға түсірді. Біздің ұққанымыз, әңгіменің айтары: Өмір ешкімді аямайды. Өзіңді сақта, адам!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.