(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған №14 «Белгі» атты әңгімеге рецензия)
Әдебиет – өмір шындығын көркем бейнелеу арқылы адам жанын, дәуір тынысын, ұлт болмысын тануға мүмкіндік беретін қуатты құрал. Ал төл әдебиетіміздегі көркем мәтін мен рухани код арасындағы алтын көпір – ұлттық жады. Бүгінгі прозаның ең өзекті мәселесі де, бәлкім, осы: жад пен жалғастық болар. «Белгі» атты әңгіме – осындай миссияны арқалаған, шын мәнінде, қарапайым сюжетке құрылғанымен, терең әлеуметтік-философиялық астары бар шығарма.
Шығарма оқырманын XX ғасырдың біріне-бірі жалғасқан ауыр кезеңдеріне: ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі тапшылық жылдарына жетелейді. Бас кейіпкер Құддыс қария арқылы тұтас бір буынның қасіреті мен үміті суреттеледі. Жалғыз ұлынан айырылған әкенің шерлі жүрегі, көне дүниенің қирандыларындай күй кешкен тағдырлы қариялар образы қазақ әдебиетінде бұрыннан бар, дәстүрлі кейіпкерлер галереясына қосылады.
Мәтіндегі көркемдік ерекшеліктердің бірі – символизмнің шебер қолданылуы. Алтай қажыдан қалған жезден соғылған дөңгелек белгі кәдімгі көне жәдігер ғана емес, ол – ұрпақтар арасын жалғайтын рухани көпір, дәстүр мен сенімнің, үміт пен жалғастықтың нышаны. Шығарма осы белгіні негізгі тірек ете отырып, ұрпақ сабақтастығы мен адамгершілік мұрат жайлы ой қозғайды.
Әңгіменің жазылу формасы сырттай баяндау болғанымен, оқырман кейіпкердің жан дүниесіне терең бойлай алады. Автор Құддыстың ішкі монологтары мен естеліктері тұтас ғасырлық тарихты жеке адамның тағдырымен шендестіріп, психологиялық тереңдікке қол жеткізеді. Бұл мәтінде лиризм жоқ, бірақ мұң бар. Мұң мәтіннің сыртқы сипатында емес, ішкі көңіл күйінде жатыр.
Бір қарағанда, әңгіме – соғыстан қайтпаған ұл, кейін табылған немере туралы қарапайым оқиғаны суреттейді. Алайда осынау таныс сюжет арқылы жазушы халықтық трагедияны, рухани күйзелістер мен адам баласының өлшеулі өмір алдындағы тәуелсіздігі мен дәрменсіздігін көрсетіп отыр.
Айта кету керек, “соғыстан қайтпаған ұл, оның ұрпағын кейін кездестірген қарт” – қазақ әдебиетінде бұған дейін де бірнеше рет қолданылған сюжет. Мұндай желіні, мысалы, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Сайын Мұратбеков немесе Төлен Әбдіктің кейбір шығармаларынан көре аламыз.
Мысалы, Төлен Әбдіктің “Ерсейіт пен қыз Бәтеш” әңгімесі қазақ прозасында жауапкершілік пен күнәнің психологиясын зерттеп, адам мен уақыт арасындағы қайшылықты терең талдау арқылы көрсетсе, сол кезеңнің идеясын Қуандық Түменбай немесе Әлібек Асқар сияқты жазушылар да топаны азайған ауыл, тозық дәстүр, жетім қарттық, соғыс тақырыптарын заманауи көзқараспен қайта қарап жүр. «Белгі» әңгімесі солармен үндес. Бірақ айтарлықтай жаңалық әкелді деу қиын. Осы тұста әңгіменің әлсіздеу жағы да айқындалады: оқиға қалыбы, кейіпкер бейнесі, тіпті стилистика жағынан бұрыннан таныс сарын көп. Соған қарамастан, автордың тақырыпқа деген ілтипаты, ұлттық құндылықты сақтау туралы уайымы оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Сонда, осындай бірнеше мәрте игерілген сюжетке қайта айналып соғу қазіргі жазушыға қажет пе? – деген заңды сұрақ туады.
Меніңше, егер жазушы бір қарағанда таныс, жаттанды болып көрінетін оқиғаға жаңа қыр, тың интерпретация, философиялық салмақ бере алса, онда иә – қажет. Себебі басты нәрсе қандайда бір оқиғаны ортаға сүйреп шығару емес, оны қалай сипаттап жеткізуде болып отыр. Осы тектес шығармалардың көбі деректік баяндауға, оқиғаның хронологиясын қалтқысыз жеткізуге бейім, ал ішкі драманы тереңдету, соны ой айту сирек байқалады. “Белгі” әңгімесі осы жағынан өз құндылығын көрсетеді. Жаңа бір форма, тосын драмалық шешім, ерекше сюжет бұрылысын іздеуден гөрі, автор терең адамгершілік ізденіс пен нәзік сезімді дәл беруге күш салып, жетістікке жеткен.
«Белгі» – уақыт, тағдыр, ұрпақ сабақтастығы туралы терең толғанысқа құрылған әңгіме. Көркемдік құрылымы күрделі болмаса да, айтайын деген идеясының астары бай, сезімге құрылған шығарма.
Оқиғаның финалы – өмірден үміт іздеген адамға үлкен медеу боларлық әсер қалдырады. Қожабек ұрпағын шарқ ұрып іздеді – бірақ таба алмады. Ал Құддыс тағдырдың жазуы деп күтті – аманат өз аяғымен оралды. Себебі адамнан көрген зәбір – қиянат, құдайдан көрген зәбір – тірліктің заңы. Ұрпақ үзілмеді, белгі жоғалмады – демек, ұлт та, сенім де жоғалмайды.
Айбек Оралхан