(Майдангер жазушы Қ.Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған №13 әңгімеге рецензия)
«Білгір жауырын» атты шығарма бір жағынан өмірбаяндық-танымдық жазба, екінші жағынан этнографиялық дерек көзіне сүйенген сипаттамалық проза үлгісінде жазылып, көшпелі ауыл тұрмысы мен қазақ аңшылық дәстүрін баяндауға бағытталған.
Автордың басты мақсаты – аңшылық дәстүрді, ата-бала сабақтастығын, күнделікті тіршіліктегі тұрмыс-салт пен кәсіпшілікті, ырым мен нанымды (қақпан құру, жауырын оқу, жылқы байлау т.б.) оқырманға жеткізу болса, әңгіменің басты тақырыбы – дәстүрлі қазақ тұрмысы мен ұлттық танымының ұрпақ бойына сіңуі, ал негізгі нысаны – қасқыр аулау емес: бозбаланың әке мектебінен өтуі, табиғатты тани отырып, өз болмысын тануы. Сондықтан өспірім кейіпкер арланды аулау сәтіне куә болып қана қоймайды, осы әрекеттің ішіндегі мың қатпарлы мағына мен жауапкершілікті сезініп, көшпенді өмірдің терең тәрбиелік үлгіні – дала заңы мен табиғат-ана алдындағы әдеп пен әдісті меңгереді.
Негізгі кейіпкерлер – әке мен ана, бала. Бала – тәліп, әке – тәлімгер. Әке бейнесі – қазақ болмысындағы дала данышпанының, аңшы-философтың, табиғатпен үндескен ұстаздың үлгісі болса, бала – кейінгі буын өкілі, табиғи болмыспен біте-қайнасып кетуге бойындағы үрейі үргедек болса да, тәуекелі тақымды. Мұхтар Әуезов: «Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді» дегеніндей, ізашарға ілесе жүріп, ол ерлік, ептілік, батылдыққа ұмтылады. Дегенмен, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, психологиялық мотивациясы терең ашылмағандай. Баланың қорқынышы, әкенің сабырлылығы сипатталады, алайда автор әке мен баланың мінез-құлығын көркемдік бейнелеу тәсілімен емес, сыртқы әрекет пен диалог арқылы береді. Бұл да шығарманың этнографиялық мазмұнына бағынышты екенін аңғартады.
Әңгіменің сюжеті тұрмыстық-этнографиялық детальдарға құрылған. Негізгі оқиға желісі – қасқыр қақпанына қатысты дайындық, аңға шығу, арлан атып алу сәті. Құрылымы: кіріспе (қыстаудағы қысқы күн, боран сипаттамасы, шаруаның қамы, қолға су құю), оқиға дамуы (аңшылыққа дайындық), шарықтау шегі (қақпанға түскен қасқырды ату), шешім (олжалы оралу) деген бөліктерден тұрады. Алғашқыда ауыл тіршілігі, күнделікті желдің үрейі, ана мен әке диалогтары баяу ағынмен өрбіп, оқырманды сол кеңістікке енгізеді. Кейін түс көру арқылы сюжеттік серпіліс пайда болып, шығарманың ішкі темпін ширатады. Осы түс пен өң арасы арқылы қаламгер көркемдік кеңістік құрып, шын мен қиялдың, қорқыныш пен ерлікке бет бұрудың нәзік шегін береді. Алайда әңгіменің композициясындағы эпизодтар, яғни оқиға дамуы бірізді баяндалғанымен, ішкі драматургиялық байланыс толық өрістемеген, содан да ішкі драматургиялық кернеу әлсіз сезіледі. Композициялық тұтастықты қамтамасыз ететін негізгі тірек – қандыауыз қақпан мен білгір жауырын, яғни екі мәдени символ. Бұл – ата-бабалардан мирас болып келе жатқан аңшылық мәдениеттің дәлеліндей әрі тылсым әрі заттық құндылықтар.
Автордың тілі – жатық, мәйекті. Суреттеуде фольклор элементтері, этнографиялық деталь, жаратылыспен жымдасқан өмір өрнегінің алтын жүлгесін жоғалтпай сөйлеу молынан кездеседі: «Көксеркенің көк долы бораны тебіне түсіп, ұйытқи соғып, әлсін-әлсін тарамыстай қатып…», «иір-иір қошқар мүйіз ізімен тырс-тырс етіп әрі қарай сапарын жалғаған біз кестенің дыбысы», «Қасқыр сарыған май салтақ тастың қасынан қақпанның көлемімен бірдей сызып жер қаза бастадық…», «түндіктің арасындағы сынық тағадай саңлау», «қасқырдың таңғы асынан тараған тазқарадай», «ақ боз үйдің кернейіндей кеңірейген танауынан шыққан бу бұрқ-бұрқ етіп …», «Мынаны ошақтың аузындағы ыстық қоламтаға салып қой, жауырын қатты қызғанда бөлінеді, егер мойнынан морт бөлінетін болса қақпанға қасқыр түсті деп болжаған аңшы бабаларымыз, егер жалпақ етегінен бөлінген болса, қақпан құр шауып қалды деп ырымдаушы еді бұрынғылар». Осындай штрихтар арқылы табиғатпен адам арасындағы байланыс көзге көрінбес нәзира рухпен бейнеленеді.
Мәтін лексикасында «қасқыр саритын тайлақтың өркешіндей тікшиген кішірек сары тас», «ит-құс сарыған жер», «қасқыр сарыған май салтақ тас» сияқты қайталау көп. Бұл көркем баяндауға кері әсер етпесе де, оқырман қызығушылығын әлсін-әлсін бәсеңдетуі мүмкін. Тізе бермей біреуіне ғана тоқталсақ, «қақпан» сөзі бес беттік әңгімеде 21 рет қолданылыпты. Сөздің әдеби баламаларын тауып қолдану – автордың ізденісін танытады. Мәселен, орқақпан, құмқақпан, тасқақпан, темірқақпаннан бөлек, қандыауыз, темірауыз, ара жүз тажал, қабаған, қос серпер, шап етер, қара батыр, аран ауыз, тісті табақ және т.б. Табу, тергеу сөздерін қолдану сонау жыраулар поэзиясынан бері («Сақ етер тиді саныма, сақсырым толды қаныма») әдеби дәстүрімізде бар дүние емес пе. Сонымен қатар кейбір психологиялық детальдардың үстірт өтіп кеткен тұстары байқалады. Мысалы, «17 жасқа келе қоймаған» баланың іштей түлеуі тереңірек зерделенсе, көркемдік әсері ұлғая түсер еді. Ішкі түлеу эвалюциясы деп кейіпкердің арланды атып алғанға дейінгі және атып алғаннан кейінгі хәлін айтып отырмыз. Өйткені, әңгіменің басында баяншы өзін іштей әлі де бала сезінетінін байқатады. «Баланы шаршатпай, өзің неге барып келмейсің?» – дейтін шешесі де, 17-ге шығатын өгіздей ұлын өспірімдей өбектейді. Әкесінің «Е, не бопты, осындай елдің балалары Алатауды шыр айналып жүгені мен тоқымын беліне байлап жылқы іздеп шапқылап жүр емес пе?» – деп қатқыл үн қататыны сондықтан. Қазақ ұғымында 13 жас – отау иесі, 17 жас – боздақ жас. Кейіпкердің аң аулау барысындағы ішкі күйзелістері мен жауапкершілік сезімінің біртіндеп артуы – бозбаладан азаматқа айналудың астарлы көрінісі іспетті. Осы бағыттағы психологиялық қырлар тереңдей түскен жағдайда, әңгіме тек этнографиялық емес, көркемдік деңгейде де салмақтана түсер еді.
«Білгір жауырын» – этнографиялық-танымдық тұрғыдан қарағанда құндылығы жоғары шығарма. Қазақтың дәстүрлі аңшылық мәдениетін нақты әрі нанымды бейнелеуімен ерекшеленеді. Мәтін классикалық көркем прозаның талаптарына толықтай сай келмеуі де мүмкін, дегенмен, оның қазақ тұрмысын, салт-дәстүрін, әсіресе аңшылық өнерін суреттеудегі деректік және танымдық маңызы зор деп бағалауға болады.
Айбек ОРАЛХАН.