(И.Байзақовтың 125 жылдығына арналған «Сарыарқаның дүлдүлі» конференциясында оқылған баяндама)
Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Иса ақын жайлы былай деп баға берген екен: «Біз қазақ сахнасының Иса бар заманын қызықты әрі қымбат сыйы іспетті түсінуіміз керек. Қолдан жасай алмайтын, оңайлықпен қайта тумайтын сирек өнерді біз, бүгінгі заманның адамдары, мәдениетті елдерше қадірлей, бағалай білуіміз керек. Соңғы бес-алты ғасырда Исадай бір поэманы бір мезетте жазған, суырып салма ақын жер- жаһанда болмаған. Сол Исаны туған қазақтан туғанымды мақтан етем», – деген екен.
Жалпы ақын Иса Байзақов туралы қандай пайымдаулар айтпайық ең алдымен кез-келген ғалым мейлі жазушы-ақын болсын ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлының осы пікірін басты темірқазық қылып алған дұрыс-ау. Өйткені бұл пікір ақын Исаның шығармашылық, ақындық тұлғасына берілген ең әділ, шынайы баға. «…Бір поэманы бір мезетте сурып салған ақын жер-жаһанда болмаған…» дейді ұлы Мұхаң. Мұны Иса ақынның бойына ерекше дарын берген Тәңірдің сыйы деп бағалағанымыз жөн.
Қазақ сурып салмалық өнерінің арға-бергі тарихында от ауызды, орақ тілді талай ақындар, ділмар шешендер болған. Көбінің есімдері құмбыл тарих қойнауында қала берген. Біздің нақты білетіндеріміз 18-19 ғасырлардағы ақын-жыраулар мен би-шешен мұралары. Иса ақынның бойындағы суырып салмалық өнері аса сирек кездесетін, көмескілене бастаған осы қасиетті бұлтты күнгі найзағайдай жарқ еткізіп 20 ғасырда жалғанның жарығына паш етті. Бір ойын, бір сөзі қайталамайтын поэманыың жүгін көтерер мағыналы, мазмұнды жырды табан асты суырып салу айту қасиеті, шеберлігі екінің бірі, егіздің сыңарына бұйырмасы анық. Әрине, бұл жеке тұлғаның емес ұлттың кодында сақталып, ұрпағынан көрніс беріп отырған халқымыздың бойында бар қасиеті, өлмес өнерінің нәрі деп бағалаймыз.
Әрине, бұл жерде жалғыз суырып салмалық шеберлік емес, терең білім мен кемел ақыл-ойдың үлкен қазынасы жатқандығында. Тәңір Иса ақынның бойына осындай қасиеттерді де молынан берген. Суырып салма ақын, жазба поэзияның ірі өкілі, әнші-композитор, дәстүр-салт білгірі, ауыз әдебиеті үлгілерінен мол хабардар сұңғылалық, әлем әдебиеті мен тарихынан мол хабардар білмдарлық сияқты шығармашылыққа тән шеберлікті бәрі Иса ақынның бойына тоғысқан ақынның ерекше қасиеті. Бұл туралы туралы кезінде ұлттың ұлы тұлғалары айтып, жазып кеткен. Мәселен, ақын Мағжан Жұмабаев:
– Иса – Алла тағаланың қазақ халқына сыйға берген, теңдесі жоқ бұлбұлы. Өткен ғасырларда қазақтың небір ғажап дүлдүлдері болған, солардың біріде Исаға тең келе қоюы екіталай» депті.
Ал академик жазушы Сәбит Мұқановтың өзі Иса ақын туралы: «Иса — бір Алланың пендені таң қалдыруға жіберген өкілі», — десе, Қасым Аманжолов: «Иса — бүкіл дүниені алдына алып отырып, жырлайтын Тәңірдің өзіндей құдыреті бар ақын», – деп баға беріпті.
Ауыз-екі деректерден Иса Байзақовтың мұндай ерекше қасиеті талайдың таңдайын қақтырса керек. Ақынның үстінен Мәскеуге арыз-шағым түскен деген де дерек бар. «Бұл мүмкін емес, жасанды, насихат арқылы танымал болып жүрген ақын»,- дегенге саятын көреалмаушылық көзқарастар да болған. Мәскеуден арнайы әдеби сарапшылар келіп Исаның сурып салмағылына сынақ жүргізген. Сонда сарапшылар «Клепотра» тақырыбын ұсынады. Иса мүдіріместен табан астында ежелгі тарихи тұлға Клепотра туралы поэмасын мазмұнды, мағыналы етіп нақышына келтіріп, жырлап берген деседі… (Ақын Серік Ақсұңқарылының естелігінен)
Исаның актерлік, әншілік, домбырашылық өнерінің сыртында оның ақындық өнері туралы жоғарыда айтып өттік. Иса кең тынысты эпик ақын. Ол жырлаған «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай», «Ақбөпе», сияқты поэмалары өзінің көркемдігімен де, адамгершілік асыл қасиеттерді паш ететін идеялық қуатымен де қазақ поэзиясында айырықша мәртебелі орынға ие.
Иса Байзақов шығармашылығының тағы бір ерекшелігі ауыз әдебиеті үлгісіндегі жыраулық дәстүр мен ХХ ғасыр басындағы жазба поэзияны жібек пен күмісті жымдастыра өргендей көркем қабыстыра білгені дер едік. Мысалы төкпе жыр үлгісіндегі «Ұлы Октябрь» атты өлеңінде жыраулық сарыны желдей есіп тұр.
Шабытым еркін келгенде,
Сөз билігін бергенде,
Ал жортақта қаламым,
Табиғат көркі өзіңде,
Жаздың жұмбақ кезінде,
Сылқылдаған гүлдерін,
Мың құбылған түрлерін,
Адаспай, саспай абайлап,
Сөз жүйесін дәл байлап,
Сөйлеуге тілім жетер ед.
Жер мен көктің қымбатын,
Күннің асыл сымбатын,
Көңілдің күйлі жырымен,
Өмірдің түрлі сырымен,
Нақ-нағымен тізілтіп,
Нәзік жандай үзілтіп,
Сайрауға шамам жетер ед.
Әр ақын өз заманының, өз қоғамының жаршысы. Иса шығармашылығында да өз уақытының кескін-келбеті, үні атойлап тұр. Бірақ басты мәселе ақынның соны қалай жеткізуінде.
«Қарталы» атты өлеңінде жаңа заман лебін былайша өрнектеген:
Арқаның асқарында асау белде,
Бәйшешек жасылданған қызыл гүлде,
Сағымын сардаланың жатыр қиып,
Оранған әсем арқа үл мен бүлде.
Қақ жарып қара тасты қардай тіліп,
Төбені төңкереді ылди қылып,
Боратып экскаватор тасты жүндей,
Жөнелді асқар белдің жонын жонып.
Қадамы қарық болған қарт Қарталы,
Ұлы орда Ұлытаудың биік жалы,
Нұраға Есілменен нұрын төгіп,
Қаратқан көкке өрлеткен Отан таңы.
Күлсем күн, тербесем нұр қойынымда,
Арқаның жүрегі мен биік шыңда,
Ендеше еркіндеген ер ұландар,
Еліңнің міндеттеген ісін шыңда.
Иса ақындық қуаты өзі өмір сүрген қоғамға, сол қоғамның идеологиясына қызмет етті. Дегенмен «Құралай сұлу», «Қырмызы-Жанай», «Ақбөпе» «Алтай аясында» сияқты көптеген тарихи мәні бар шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорында мәңгілік қалары сөзсіз.
Исаның өлеңдері мен айтыс жырларындағы өткірлік, желдей ескен жылдамдық Иса шығармашылығын барынша айшықтап, айбындандырып тұрады. Мысалы «Желдірме» әннің бес нұсқасы бар.
…Ал, алқа, келді кезің жайнайтұғын,
Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын,
Өнердің қиясына шыққан сайын,
Болаттай тастан табан таймайтұғын.
Жөнелдім желдірмемен желдей есіп,
Қырандай аспандағы талмайтұғын!
Тізейін өлеңімді меруерттей;
Есінен жұртшылықтың қалмайтұғын…
Жырдың нөсерше құйылып түсуі, онымен бірден үйлесім тапқан Иса ақынның композиторлық қабілеті тыңдарманын тез баурап жүректеріне өршіл, алапат рух сыйлайды. Бұл Исаның ақындық-композиторлық қырының тағы бір ерекшелігі. Жалпы сөзгеде, әнгеде бір адамның автор болуы Совет заманына дейін қазақ даласында қалыптасқан дәстүр еді. Иса сол дәстүрдің соңғы өкілі. Әрине, халық әндері дейміз. Оның да кезінде өз авторы болған. Бұл дәстүр сипаты совет дәуірінде және бертінде толық сақталмай қалды.
Иса ақын қазақ поэзиясының арға-бергі тарихында феномондық құбылысқа айналған тұлға. Оның бойына туа бітті дарыған ақындық қайнары оқыу мен іздену арқылы ағысы қатты асау дарияға айналды.
Кезінде Иса ақынның осындай ерекеше құбылысын байқаған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар жоғарыда келтірген байлам-бағаларын тегін айтпағаны анық. Иса Байзақов өмірі мен шығармашылығы туралы көрнекті ғалымдар Е.Ысмайылов, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, жазушы, ақындар С.Бегалин С.Керімбеков, Қ.Бекхожин, Ә.Тәжібаевтар ғибратқа толы естеліктері мен ғылыми-танымдық дүниелер жазды.
Бір өкініштісі алыптарымыз осындай баға беріп, қадырлеген Қазақ дейтін халықтың тума-талант өкілі тек ұлттық деңгейде ғана дәріптеліп, аталып келеді. Гиннесстің рекордтар кітабы сияқты «Әлемнің таңғажайып тұлғалары» атты энциклопедиялық жинағынады Иса Байзақов есімі тұрса қандай жарасымды. Ол шын мәнінде ХХ ғасыр басында дүниеге келген таңғажайып тұлға!
Қойлыбай АСАН,
филология ғылымдарының доктоы, профессор, айтыстанушы ғалым.
Қарағанды қаласы.