(И.Байзақовтың 125 жылдығына арналған «Сарыарқаның дүлдүлі» конференциясында оқылған баяндама)
«… Иса желпініп, үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Европа Исаның ақындығындай суырыпсалма, желермен, тұтқиыл ақындығын, ақындық теңізі деп түсінер еді.
Осы күнгі Европаның сахна өнеріне мұндай сый жат болып, жоғалып кеткен. Бұл сахна өнеріндегі таза қазақ тумасы. Құмды, желді даланың жан жаралаған жайын төсті сыпырғысы сияқты молдан пішілген дала табиғатына үйлескен бір өнер. Бүгінгі қазақ сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жиғандай, мәдениет тарихының әлденеше дәуірлерін бітімдестіргендей.
Мұның арты баяғы кәрі заманнан саналы толғау иесі жыраудан, ру бәсекесінде ат жарыстырғандай, сөз жарыстыратын айтыс ақындарынан келе жатқан суырыпсалма. Бүгінгі тұрған орны сахна. Айтылып қалған сөздері әдебиет туындысы. Иса сахнадан үгіт айтады, сын айтады. Өзі түсінген мөлшерде сұлулықты, жарастықты жырлайды. Өлең-жырмен әңгіме баяндайды. Табиғатты сипаттайды. Өлеңмен күлдіргі қалжың айтады. Жақсының сарынындай құбылып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда шалқыған ақындық сөзін ту қып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының шабысы елестегендей болады».
Бұл ұлы Мұхтар Әуезовтің Иса ақынға берген аса құнды бағасы. Ал тағы бір Исаның өзін көрген, өнеріне бас шайқаған қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов: «Бұл бір Алланың пендені таң қалдыруға жіберген өкілі еді», – дейді.
Ендеше Иса туралы ақиқат пен аңыз астасып жатқан дарияға бас қояйық. Исаны барша тұрғыластары ашық мойындаған. Мәселен, өз дәуірінің керемет эпик ақыны Нұрхан Ахметбеков: «Исаның ақындығы менен басым, Екпіні құлатқандай таудың тасын», – дегенде Иса ақындығының жойқын күші мен алапат арынын дәлелдеп бергендей.
«Жазушы» баспасынан 1971 жылы шыққан Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» кітабының алғысөзін жазған Мұзафар Әлімбаев: «Егер поэзия мен өнер саласында қазақ халқының таланттылығын бір-ақ мысалмен дәлелдеу қажет болса, мен Иса есімін атап, жан-жақты өнерпаздығын алға жаяр едім. Сонда кез-келген шет елдік тосын көз де тоғыз жасынан талант бәйгісіне түскен жыр дүлділі, «Желдірмелерін» желдей естірген шабытты әнші, дарынды композитор, қазақ театрының қара шаңырағын көтеріскен айтулы артист, халық фольклорын жинаушы, әдебиет насихатшысы, артына өшпес үлкен мұра қалдырған Иса творчествосына илана ұйыр еді…», – деп жазыпты.
Ал аңызға жүгінсек: «…Жиырмасыншы жылдардың бірінде Қызылордада, кәдімгі Біржан сал мен Сара қыздың айтысы бойынша құрастырылған постановка жүріп жатады. Сара роліндегі келіншек бір тұста жаттаған сөзінен жаңылып қалып, Біржанды шанышпа сөзбен шағып алады. Осыған шамданған Біржан сал сахна төрінен айтыстың тексінде атымен жоқ, тың жырды төге жөнеледі. Көрермендер сілтідей тынып қалады. Асыл сөздің ақжамбысын аспанға атқылап, Біржан сал ащы айқайға басады. Сараға дес бермек түгілі, сөз кезегін тигізбей қояды. Постановканы басқарушылар қатты сасады. Біржан боп ойнаушы жігітке режиссер бүйірде тұрып белгі берсе де, бірге ойнаушылар да түрткілесе де ол көрмеген боп,өлеңді төпей түседі.
– Ой,пәле-ай!
– Ойхой, Біржан! – деп қиқулағандар саны залда көбейе береді.
Басқа арнаға ауысып кеткен постановканы режиссер байғұс шымылдық жаптырып барып, әзер тоқтатады.
Сондағы Біржан ролін орындаушы жігіт Иса ақынның өзі екен. Исадан:
– Саған не болды?, – деп сұраса,
– Артист боп отырғанымды ұмытып кетіппін, шын айтысып жатыр екенбіз деп қалдым, – депті ақын маңдай терін сүртіп жатып…».
Міне шабыттанған шағында Иса дүниені түгел ұмытып, беріле суырып салып, еркін көсілген шақтары көп болған. Ел аузында сол көргендері Иса туралы аңыз болып,ұрпақтан ұрпаққа жеткен.
Әйгілі Мұхтар Әуезов айтты деген мына әңгімеге де қайран қаласыз:
– Бір күні Исаға тұтқиылдан қасақана тиісіп, шүйілмесім бар ма! Осы сен өр көкіректеніп, өзеуреп, «Мен!», «Мен!» деп неге кеуде кересің? Неге ұлданасың, бәлденесің? Кәне мықты болсаң, көрейін сені! Айталық мен дүние салған екенмін. Сол турасында жоқтау айтшы кәне қолма-қол осы арада. Айтарыңның сөзі де, сазы да жаңа, соны болсын! – дедім. Қаршыға бітімді шапаты Иса шапшаңдыққа басты. Шиыршық атып, алабұртты. Мойны келтелеу, жылдар ізінен қарақоңырланып жылтырланған кәрі серік домбырасы шанағының бет тақтайын ортан қолымен тарс-тұрс ұрып жіберіп, шырқап кетті дейсің! Иманым қасым болды, қара жер теңселіп, тұңғиық аспан төңкеріліп бара жатқандай. Жер үстінің наза-наласы соның ғана көкірегін кергендей. Азалы әуен, қара жамылған қам келіншектердей тірі сөздер! Төбе құйқам шымырлап кетті. Әттең, әсем әні де, әдемі жыры да сол жерде қалды. О кезде қазірдегідей магнитофон, диктофон бар ма еді! – деп, ұлы жазушы Жазушылар одағында Иса Байзақовты еске алған бір жиында кілт кідіріпті.
Бұл да Исаның шын ширыққан, шабыттанған шағында қыран құстай самғайтындығының дәлелі.
1946 жылы ұлы Жамбыл дүниеден озғанда, Алатаудың арғы бетінен келген Қырғыз ақындары жоқтауды нөсердей төгіп-төгіп жіберіп, қазақ ақындарын шаң қаптыра ырлағанда, Мұхтар Әуезов: «Қайран, Исаның жоқтығын-ай, әттең, алдына жан салмас еді!» – деп көзіне жас алыпты жарықтық. Бұл кезде Иса ақын өкпе дертінен қайтыс болып кеткен екен.
Иса ең алдымен эпик ақын. Оның «Құралай сұлу», «Ұлы құрылыс», «Алтай аясында», «Кавказ», «Он бір күн, он бір түн», «Ақбөпе», «Қырмызы-Жанай» атты дастандары тасқа басылып, бүгінгі күнге жетті.
Әсіресе «Құралай сұлу» поэмасының жазылу үрдісі, суретті кестесі ерекше.
Шығарманың басында:
Қазақтың Есім ханы болған кезде,
Жау жорық жапан түзге толған кезде,
Болыпты Монтай атты бір әділ би
Руы Ойбас Қыпшақ Орта жүзде.
Ол кезде Шудың бойын қазақ алған,
Неше жыл сол алапты мекен қылған.
Оңтүстік Қамсақтының жағасында
Қалыпты Монтекеңнің аулы болған, – деп бір жүйткіте бастап, әрі қарай:
Қабақты, қара торы, ұзын бойлы,
Кірпікті, бурыл сақал, терең ойлы.
Бұрылып үлкен мұрын, ойлы түспен
Халқына бір жағалап қарап қойды.
«Уа, жұртым, қайғырмайық бір жас үшін,
Жазмыштың сөгеміз бе еткен ісін?
Ер туса, елден тумақ, елді тіле,
Елсізден ер тумақ па, білмеймісің?
Ер туып жоқ елді бар қыла алмайды,
Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» – деп көсіле жырлайды.
Исекеңнің дастаншы ретіндегі ерекшелігі – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасынан келіп шыққан дара ақындық қасиеті. Иса жастайынан ауыз әдебиеті үлгілерін санасына сіңіріп жаттап өскен. Кейіннен Қаныш Сәтбаевтың кеңесімен Семейге барып білім алады. Одан кейін Орынборда ағарту мекемелерінде оқиды. Сол жылдары орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтов шығармаларымен жіті танысады. Ұлы Абай өлеңдерін де сол кезде үлгі тұтып оқиды. Сол оқығандығы оның «Құралай сұлу», «Алтай аясында», «Кавказ» поэмаларынан айқын көрінеді.
«Құралай сұлу» – қазақтың басына күн туған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезіндегі ауыр халін көрсететін, өз арманына жете алмай кеткен қыздың тағдырын жырлайтын кең тынысты романтикалық поэма. Әсіресе, адам образын сомдаудағы шеберлігі Келден, Монтай, Құралай бейнелерін адам жадында қалатындай етіп бейнелеуінен көрінеді. Исаның ақындығы 1925 жылы жарық көрген осы дастанымен-ақ қазақ даласын шарлап кетті. Оның поэмадағы табиғатты суреттейтін тұтас полотнолары таң қалдырады. Мысалы:
«Шаңқанда шағалалы құстар ұшып,
Шуылдап сұқсыр қонған суға түсіп.
Қызғыш-қызық, шәукілдек жағын безеп,
Аққу-қаз сұңқылдайды үнін қосып.
Алыстан көрсеткенде сұлу сағым,
Күлдіреп көтеріп тұр, көлдің бағын,
Жан-жағы көктеменің көкмайсасы,
Толтырып жаңа жарған жапырағын…», немесе:
«Батуға шеті ілінген алтын арай,
Жер астан, аспан үстен қарай-қарай.
Қоңыр түс ойға түсіп, қабақ жауып,
Тиышталып келе жатыр, дүние солай.
От шашып қызыл жібек маңайына,
Нұр төгіп көкжиектің маңдайына.
Түсіріп шымылдығын бір заманда,
Күн сұлу кіріп кетті сарайына», – сияқты үзінділерден-ақ ақынның жансызды жандыға айналдырып, табиғатты шебер суреттейтіндігінің сан мәрте куәсі боласыз. Поэма ішіндегі диалогтар да жыр тілінде әдемі қиюласады. Қазақ-қалмақ шайқасының баталдық көріністері де, жекпе-жектер мен жан алып, жан беріскен майдандар да, Келден батырдың қалмақтардың қолына түсуі де аса сенімді жырланады. Оқып отырып өзің сол шайқастың ішінде жүргендей сезінесің. Оған мысал көп:
«Шашағы найзасының желк-желк етіп,
Айбалта, қылыш, қанжар жарқ-жұрқ етіп,
Тістеніп көзі жайнап о да ұмтылды,
Айқасып найза салдым, қуып жетіп.
Қырандай көз айырмай Дауыл қақты,
Көк найзам күл-күл болды күміс сапты.
Ол салды айбалтамен, мен сермедім,
Сынығын найзасының аспанға атты.
Суытпай қорамсақтан салып өттім,
Арам тән аударылып сеспей қатты…». Осы сияқты жыр жолдарындағы асқан дарынның көмейінен ғана төгілетін інжу-маржан теңеулер мен эпитеттер, архаизмдер мен историзмдер, тұтас фразеологиялық тіркестер айызыңды қандырады.
Поэманың апогейі Келден мен Құралайдың оңаша кездесуімен, суға түскен сұлуды суреттеуімен, қопадан жолбарыс шығып аруды талап, Құралай сұлудың қапыда қайғылы қазаға ұшырап, жан тәсілім етуімен аяқталады. Ақынның сұлудың бейнесін сомдаған мына жолдары:
«Жалаңаш сұлу тұрды даярланып,
Қанды көл, қопа басты шыр айналып,
Күмістей аппақ тәнге күн шағылды,
Білек, балтыр қояндай жұмырланып.
Астында шам, үстінде құндыз жүзіп,
Еркелейді өзіне-өзі құмарланып.
Екі алма аналықта алдиярлап,
Күліп тұр жас балаша, шамдай жанып.
Жамбыдай тән үстіне әліп тартып,
Мықынсыз сұлу суға кетті батып.
Қанатымен қағынған аққуға ұсап,
Шомылды сумен ойнап шапылдатып…». Жан тебірентеді, осындағы ұлттық бояудың қанықтығынан, көркемдік бейнелеу құралдарынан көз сүрінеді.
Исаның атын шығарған «Алтай аясында», «Кавказ», «Ақбөпе» поэмаларының қай-қайсысы да нағыз ақын қолтаңбасын көрсетеді. «Алтай аясында» Балағаз бен Еркежанның махаббатын сол кездегі қоғамдағы тартыс аясында суреттеп, адал сүйіспеншілікті оптимистік оймен қорғап қалады. Ал «Ақбөпе» поэмасы шындық оқиғаға негізделген. Атақты әдебиет сыншысы Айқын Нұрқатовтың айтуынша: «Бұл поэма И.Байзақовтың ақындық шеберлігі толыса өскендігін, оның өмірге, тарихи шындыққа деген көзқарасының тереңдегенін танытады».
«Қойшының ертегісі» дастанында Ақжолтай Ағыбай батырдың ерлігін:
«Ертеде болған екен ер Ағыбай,
Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай.
Баяғы Кенесары заманында,
Ерлігін көрсетіпті елге талай», – деп жырлаған.
«Қырмызы-Жанай» поэмасы аяқталмай қалған. Мұнда Зайсан көлі жағасындағы балықшылардың ауыр халі, Ұсан сияқты бай-бағланның Патша Жарлығына сәйкес 19 бен 31 жас аралығындағы қазақтарды әскерге алуға шығарған әділетсіз шешімі, Жанай мен Қырмызының махаббаты, Қырмызының ағасы Сатыбалды бастаған кедей балықшылардың Ұсан әділетсіздігіне қарсы шығуға бел байлағандығы жөнінде баяндалған тұсында үзіліп қалған.
«Он бір күн, он бір түн» дастанын Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби бір кеште ауызша шығарған екен. Кейін баспа бетін көргенде көп жері қалып қойған. Оған куәгер болған Д.Әбілев, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішевтер поэманың басылған нұсқасынан ауызша айтылған варианты әлдеқайда көркем болғанын еске салады. Ал М.Әуезов: «Құлағымызбен естігеніміздің қаңқасы ғана қалыпты», – деп өкінген. Жалпы Исаның көптеген шығармалары алғаш айтылған нұсқасында сақталмаған. Әлі де баспа бетін көрмеген шығармалары бар. Олар республикалық, облыстық, аудандық газеттер бетінде шашылып жатыр. Исекеңнің қай дастанын алсаң да ақынның асқан тіл байлығын, қазақ тарихын,тұрмысын жақсы білетіндігін, көркемдік деңгейінің жоғарылығын байқаймыз.
Иса ақын лирика жанрында да қалам тербеді. Ол өз заманын шабыттана жырға қосты. Қазақ поэзиясына жаңа жанр желдірмені алып келді. Оның желдірмелерінің әні әуезді, сөзі де соны. Қазіргі әншілердің ең жиі айтатыны бірінші желдірмесінің сөзі былай болып келеді:
«Ал, алқа, келді кезің жайнайтұғын,
Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын.
Өнердің қиясына шыққан сайын,
Болаттай тастан табан таймайтұғын.
Жөнелдім желдірмемен желдей есіп,
Қырандай аспандағы талмайтұғын.
Тізейін өлеңімді меруерттей,
Есінен жұртшылықтың қалмайтұғын,
Дабылы дауылпаздай шарықтаған,
Екпіні самолеттей заулайтұғын.
Талапты жастарымыз, үйреніп ал,
Ән еді желдірме атты, самғайтұғын, – болып кете береді.
Иса Байзақов көптеген ән мәтіндерін жазып қалдырған. Ол көптеген халық әндерін қайта түлетіп, соларға өзі сөз жазған. Бүгінгі таңда халық әндері болып айтылып жүргендерінің ішіндегі ең танымалдары: «Назқоңыр», «Қалқа», «Қанапия», «Үридай», «Бір бидай», «Төгілмелі», «Қанат талды», «Жонып алды», «Ақ ерке», «Көкаршын» сияқты әндер. Музыка зерттеушісі А.В.Затаевич 1923-1924 жылдары Орынбор қаласында Исамен кездесіп, оның орындаған «Бике», «Маныш ханша», «Жар-жар», «Танысу» тәрізді ән өлеңдерін хатқа түсіріп, жинағына енгізген. Ал Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, өнертану докторы Б.Г.Ерзакович әнші композитордан «Алтай», «Кең сарай», «Бір бидай», «Қалқа», «Үридай», «Кербез сұлу» әндерін жазып алған.
Исаның тағы бір қыры – оның қазақ ауыз әдебиетінің, шығыстың дастандарының, батырлық жырлардың насихатшысы болған. Әсіресе, «Рүстем-Дастан», «Алпамыс», «Арқалық батыр» жырларын таңды таға ұрып жырлаған кездері болған.
Ол Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Майра, Қали Байжанов, Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Қалибек Қуанышбаевтармен бірге қазақ театрының іргетасын қалаған тұлғалардың бірі болып табылады.
Сондай-ақ, арқалы ақындар Кемпірбай Бөгембайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы сияқты ат үстінде небір алуан қызықтарды көрсететін ойыншы, яғни ұлттық цирк өнерінің бастаушыларының бірі болған. Оның жырларынан езу тартқызар жырлар, әзіл-қалжыңға құрылған өлең жолдары да кездеседі.
Ал айтыс ақыны ретінде талай арқалы ақындармен айтысып жеңіске жеткен. Иса ақын өзі туралы: «Алайда,жиын айтыс үстінде қасақана осы сүрінер ме екен», – деп ақындық намысыма тигендей мені үлкен айтысқа салса, немесе тосын тақырыптар беріп, әдейі қиып бөгеттерге әкеліп итермелесе, міне осы кезде менің ақындық қуатым электрдің тогындай лап етіп жанып, өрт болып қаулап сала береді… Бұл уақыттарда мені ақындық шабыт, отты сезім, ұшқыр қиял сияқты нәрселер билеп кетеді. Оларсыз ақын суырып салып өлең айта алмайды…» – деген екен. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында 1943 жылы ұлы Жамбыл ашып берген тұңғыш ақындар айтысында бас жүлдені иеленген. Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Оның өшпес шығармалары орта мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізіліп оқытылуы керек.
Осы өңірдің тумасы көрнекті жазушы Ахат Жақсыбаевтың төрт кітаптан тұратын «Иса ақын» шығармасының негізінде көркем фильм түсірілуі қажет.
Сан қырлы талантымен аз ғана ғұмырында аңызға айналған Иса ақынның асыл мұрасы қазақ халқымен бірге жасай береді. Осында Иса поэмаларының кейіпкерлерінің атын алған Құралай, Қырмызы, Еркежан бастаған дүлдүл ақынның немере-шөберелері отыр. Біртуар тұлғаның 125-жылдық торқалы тойы баршамызға құтты болсын,ағайын!
Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын, академик, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы.