Жеке мұрағатымдағы «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен жылдардағы бір нөмірінен ақын Жанат Жаңқашұлының «Алжасқан ғасыр» әңгімесін ерекше қызығушылықпен оқып шықтым.

Ауылдан шыққан бесеу – Сыпатай, Әділгерей, Кенжебай, Олжабай, Тілеш есімді кейіпкерлері бар әңгіме сұрақ қоюмен басталады, әңгіменің өн бойында оқиғаға сұрақтар ілесіп жүреді. Әр кейіпкердің ішінде мыңдаған сауал бар секілді, сол сұрақтар олармен бірге кеткендей. Сонысымен әңгіме оқырман санасында сан түрлі сауал туғызады. Қазақ көрген алапат аштықтың зардабы қанға сіңіп, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатыр. Біз сол азаптан әлі құтылмадық. Бір ағамның: «Ана біреу менің аталарымды аштықта тышқан етін жеген, деп қаралап жатыр», деп күйінгенін естігенмін. «Аштық қой кінәлі, еріккеннен азық етті дейсіз бе тышқан етін», деп жұбатқандай болдым. Бірақ, ағам сәл жұбанғанымен, қазақтың көрген қасіреті, кешкен азабы ұмытылар ма?!

«…лоқсып құса бастады. Бұнысы жетпіс бес жасқа келіп, Тәшкенттегі ағаш қорасына кіріп, қайыс арқанға асылып барып тыншу тапқанша жалғасатын лоқсу екенін, әрине, ол кезде білген жоқ». Сыпатайдың бұл күйі ар сотының азабы екенін бірден сезінесіз. Асылып өлу арқылы өз жазасын жеңілдеткендер Сыпатаймен шектеле ме? Тағы сұрақ, жауабы жоқ.

Әңгіменің мына бір тұсы – алғашқы өлімнің қалай орын алғанын көрсетеді. Тағы да сұрақ туады. «Неге аналар тапқанын тығылып жеді? Неге бөліспеді?». Әрине, біз бұған жауап бере алмаймыз. Қазіргідей аста төк уақытта да бір жұтым су мен бір жапырақ нанның қадірі туралы ойланбайтын ұрпақ өсіп келеді. Тамағымыз тоқ кездің өзінде біреумен бір үзім нан бөлісіп жегеніміз шамалы?!

Жаңағы эпизодты тебіренбей оқу мүмкін емес:

«…Өмір «өлтірмейін» дегендей, әрқайсысының қолдарына ептеген қоянтамақ іліктірді. Бірақ сол мезетте тас түбіне үңіле жүріп, бүкшеңдеген қалпы, қолындағыларын қаужап болған. Олжа жайлы ешқайсысы тіс жармады. «Жылан жалмағандай» десті. Тек қайтып келе жатқанда ғана іштерінен Әділгерейдің аштан қататынын ойлап, көңілге күп кірді. Бірақ бұл қиналыс жәй күндегіден басқа. Сәл ыңғайсызданғаны болмаса, бәрі қалыпты. «Аштықта ар болмайды екен» деп ойлады Сыпатай…».

«Аштықта ар болмайтынын» мен сарбаз боп жүрген кезімде сезгенмін. Бұл туралы бір жазбамда былай деп жазыппын:

Әскерде жүрген шағымызда «Егемен Қазақстан» газетінде Ғалым Жайлыбай ағаның  «Тамакөшкен» поэмасы басылған бетін жыртып алып, төс қалтамызда бір жыл сақтадық (Әскерде жүріп олжалаған Есениннің жыр жинағы мен үйге «аман-есен» жеткен сол бүктелген газет парағы – сағынышқа толы бір жылдың тәтті естелігі). Қолымыз қалт еткен шақта қайта-қайта оқитын «жоғалған кітаптың жалғыз бетіндегі» жолдар қанмен жазылғандай әсер еткен. «Кеппеген көздерінің жасы, қарғам, бабаңның бетпақ жонда басы қалған. Шашылған сүйектерін тасып алғам – Арайы азаттықтың – Асыл Арман!», – деген жолдары азаттықтың аспанынан арай кетпесін деп тілейтін сарбазды жігерлендіре түсетін. Бетпақ жонда басы қалса да, балаларының бодан болмасын арман еткен «Бабаларым, рахмет сендерге!». Азат таң сақшыларының міндеті – тәуелсіздік үшін тік тұру, кірпік қақпау.

Поэмадағы «…Ошақта жылтыраған отты аңдиды, ауысқан ақыл-есі аш-арықтар…» – дейтін жолдарды жете түсіну, әсте, оңай емес. Қазіргідей тамақ тоқ, көйлек көк заманда бұл жағдайды елестету мүмкін бе өзі?! Қолдан жасалған кесапаттың тереңіне үңілу үшін, ұғыну үшін тек ас-сусыз қалып, нәр татпау керек шығар? Иә, солай!

Әскерде қайбір жөнді қарның тойып жүреді дейсіз. Мынандай оқиғаны айтайын: Коллориясы төмен нәрсіз тағамдар ғана берілетін сарбаздарға Наурыз мейрамында майлы бауырсақтар үлестірілді. «Не болды?» – дейсіз ғой. «Аштықтың» ақыл есті ауыстыратынын, қарынның тоюы үшін таластың болатынын, арды нанға айырбастай салуға болатынын көрдік. Тәттіден тату үшін жанталасып, бұйрыққа да бағынбай кеткен «аш-арық» солдаттарды көргенде – поэма арқауы болған зұлматтың зардабын титтей де болса ұғындық. «…Арыңның омырауы қан ағызса – Жанымның қоңырауы қағылады…». Бұл жайт біздің ауыздан айтылмауы керек еді. Әскери құпияны сақтамадың!, – дерсіздер. Тек, Ғалым ақынды толғандырған тақырыпқа тамыздық болсын деген сөз біздікі. Төс қалтамыздағы газет жыртындысы «Парағының ішінен қан саулаған біздің шерлі тарихтың» алдында арлы болуға шақырды бізді.

Бірнеше жыл бұрын кешкен күйді тағы кештім… Басы артық сөз аузыма түспей тұр, қаламыма ілінбей тұр.

Әңгімедегі оқиға бес адамның басындағы бас аяғы екі-үш күндік жағдайды баян етеді. Бұл баянда – жан түршіктірерлік суреттер сөйлейді.

«…Бұлар кеткелі сүт пісірім уақыт өтті. Қайтып келсе, Әділгерейдің басы ғана қалыпты. Басты көтеріп қарап еді, қан жоқ. Осыдан жыл бұрын кесілген бас секілді. Тәнін сүйреп әкеткен із жатыр. Бірақ онда да қан ізі байқалмайды. Қан ізі тұрмақ, аштықтан арыған дене жолындағы шөпті жапыруға да жарамапты. Тек еспе құмда ғана жазылған хаттай із жатыр. Ашыққан адамда қан болмайтын шығар деп шешті бұлар».

«…Ашыққан адамның алжасып кететінін ұққаннан бері сақтанды. Шашы жалбыраған, тырнағы орала өскен бір кемпір күрек тісін ырғап отырып, өзін: «Алтын сақа» ертегісіндегі Мыстан кемпірмін», – деп таныстырғанда «қарттықтан алжыды ма, әлде аштықтан алжыды ма?» деп зерттеп баққан. «Мыстан кемпір» алжасардай кәрі емес, әрі кетсе елу мен алпыстың арасы. Аштықтан екеніне шүбә қалған жоқ…»

Қанша сақтанса да, Сыпатай өзінің есін сақтай алмады.

Жанат өз кейіпкерлері арқылы аштықты «жалаңаш» көрсеткісі келген екен. Онысын дұрыс қабылдадым. Себебі аштық қасіретінен қандай шуақ табуға болады. Құрдасы екені есіне түскен Тілештің, орнына тұрғызу үшін Олжабайдың қарнынан теуіп қалған тұсынан «қалжыңдаспақ болған құрдастың» күйінен аянышты хәл болмас, сірә:

«…Олжабай бағана суға бас қойған жерінде әлі жатыр екен. Қарыны қара судан шермиіп кетіпті. Бұл бота тірсек Тілештің құрдасы. Сол құрдастығы есіне түсіп кеткендей, бірақ қалжақтаспақ тұрмақ дауыс шығаруға шамасы жоқ бота тірсек Тілеш, жаңа тапқан сөйлесу тәсілімен екі-үш рет «тұр» деп көріп еді, анау еріне қозғалғаны болмаса, тұратын рай танытпады. Байдың шолжаңы құсап жатқан құрдасына сол сәт ызасы келген Тілеш қарын тұстан теуіп кеп қалғанда шермиіп тұрған қарын қорс етіп жарылды. Селк ете қалған Олжабай кептердікіндей қызыл көздерін бұларға қадап жатқан күйі жан тәсілім етті. «Жан азабымды жеңілдеттің ғой, қош, Тілеш» деген ойы ап-айқын естілді».

Оқиға Сыпатайдың ұйқылы ояу Тілештің сандырағын «естігеннен» бастап, шиеленісе түседі. Сол шиеленісті, ой арпалысын автор:

«…Екеуі одан бері де екі күн жол жүрді. Осы екі күн бойы қас-жауына айналған Тілештен көз алған жоқ. Үнемі артында жүреді. Бір жерге аялдаса, алыс отырады. Кеше иесіз қалған ауыл үстінен өткенде тінткілеп жүріп, кездік тауып алған. Көңілге медет сол. Тілештің бұны жайратып жемек ойы әр адым сайын айқындалып келе жатқан», деп баяндайды.

Жолға шыққандағы бесеуден, өліп-өліп екеу қалды. Енді екеуі әңгіме басында айтылатын иесіз қалған бір тас қораға кеп тоқтады. «Тілеш салған беттен бүк түсіп, ұйықтап қалды. Сыпатай қанша қалжыраса да, ұйықтамауға бекінді. Кездікті мықтап ұстап, өткен өміріне саяхаттай жөнелген ойын «қазір мен сені…» – деп сілекейі шұбыра сөйлеген бота тірсек Тілештің сөзі бөліп жіберді. «Қамсыз қалдым ба?» деп шошып кеткен бұл мысықша атылып, бүк түсіп жатқан денені піскілей бастады. Піскілеген жері пырс етіп жарылатын секілді. Бота тірсек Тілеш әуелде не болғанын түсінбей қалғандай. «Бұның не, Сыпатай?» – деді үнсіз сөйлеп. Осыны қайталай берді»…

«Бұның не?» деген сауал санасында саңқылдап тұрған Сыпатай сылқ етіп отыра кетті. Бір есін жиса, ауқаттан кейін жуынған мысық құсап қанға малынған алақанын жалап отыр екен. Біреу сақ-сақ күлді. Бағанағы дауыс – осы. Оның өз ішінен шығатынына көзі енді анық жетті. Қу жанды сақтау үшін миы құрғырдың осынша айлаға барарын кім білген? Ең ұлы жыртқыш – адамның ойы екен.

Қысқасы, мен ертегі оқығандай әсерде отырмын. Бірақ, бұл – «аяғы әйбәт бітпейтін» қасіретті ертегі. Бәлкім, өткенді тану үшін, тарихты таразылау үшін осындай қасіретті ертегі оқу керек шығар?!

Айтпақшы, Жанат «Әңгіме туралы әңгімеде»: «Сыпатай осы «ойша сөйлесу» қасиетіне ие болған тұста-ақ алжасып кеткен еді. Мен соны оқырман сезіп қалмасын деп жасырумен болдым», – депті. Ал, мен Сыпекеңнің естен адасып кеткенін бірден сезіп қойдым…

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий