(Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына келіп түскен №18 әңгімеге рецензия)
«Ақкелін шоқысы» әңгімесі – серт пен сағыныш, ар мен адалдық туралы лирикалық аңыз-хикая. Шығарма аңыз формасын сақтай отырып сағыныш пен опыну тақырыптарын сабақтастыру арқылы өрілген.
Шығарманың идеялық өзегі – махаббат пен адалдықтың уақыттан биік екендігін көрсету, пенделік өкініш пен кешірімге ұласқан ішкі қайшылықтарды ашу. Басты идея – Шорман би мен Ақбаланың тағдыры, адам өмірінің ең нәзік сезімдерін сағыныш, уәде, үнсіз күту мен өкінішті бейнелеу.
Шығарма құрылымы үш кезеңнен тұрады. Жастық шақ – махаббаттың бүр жаруы, серттің берілуі, өмірге сенім. Толысқан шақ – уақыт өте келе күмән мен өкініштің бой көрсетуі, жанына сабыр орнауы. Қоштасу сәті – тағдыр алдындағы тазару. Бұл кезеңдер адам өмірінің табиғи айналымымен (күз, көктем, тамыз) және уақыттың символдық мағынасы арқылы қабаттастырылған.
Шорман би жас кезінде берілген сертті бұза алмай рухани дағдарыс пен ар азабынан шығудың жолдарын іздеп қатты қиналады. Сертті бұзу – өлім. Ақбала – сезімін сыртқа шығармай, үнсіз күтумен өмірін сарп еткен ару. Оның бейнесі – нәзік махаббаттың символы. Ақбала – үнсіз адалдықтың, рухани беріктіктің көркем көрінісі. Ақбаланың шың басына шығуы – өмір мен өлімнің шекарасы, соңғы сапардың нышаны ретінде де бейнеленеді.
Айқабақ тұлпар – тек тұлпар ғана емес, рух пен уәденің символы. Тұлпардың кермеде қалмауы – аманаттың орындалмауын білдіреді. Топыш – шығарманың сыртқы фактор бейнесі. Ол – кейіпкерлер арасындағы қатынастарға жанама әсер еткен тұлға. Дегенмен, ол тағдырдың жалпы ағымын өзгерте алмайды, оның бейнесі – өмірдің қайшылықты заңдылығын еске салады.
Шығармада қолданылған символикалық бейнелер рухани астарға ие. Үштік құрылым – адам өмірінің циклдық дамуын білдіреді. Мысалы: үш кейіпкер (Шорман, Ақбала, Топыш), үш кезең (жастық, толысу, қоштасу), үш өлім (махаббаттың, рухтың, дененің үзілуі), үш әлем (аспан – арман, жер – өмір, шың – шекара, мәңгілік), үш мезгіл (күз, көктем, жаз).
Және бір жеке-жеке тоқталуға тұрарлық детальдер мыналар. Бұлар арқылы автор шығармаға мағына үстеуге, ой астарлауға тырысқан. Тұлпардың жоғалуы – уәденің орындалмауы, өкініш; Сары гүл – сарғайған сағыныш, өшкен үміттің нышаны; Семізбұғы тауы – адам рухының ең соңғы асуы, өлім мен тазару шекарасы; Ақбаланың меңі – тәндегі ғана емес, жанның ішкі сұлулығы мен адалдығының нәзік ишарасы.
Енді мәтіннің тіліне келер болсақ, диалог емес. Автор ішкі монолог, психологиялық суреттеу тәсілдерін қолдана отырып, кейіпкерлердің жан әлеміне бойлауға талпынған.
Шығарма формасы – аңыз болғанымен, мазмұны – реалистік сипатқа ие. Әңгіме қазіргі Мұса Шорман аулыындағы Ақкелін тауының атауына қатысты тарих туралы екенін кез-келген оқырманға мәлім. Бізді ойландырғаны: автордың «Осы шығарма арқылы тарихи ақиқатты айтамын» деген ұстанымы емес, қаламгердің «тағдыр», «шың», «серт» және тағы басқа мифтік элементтерді, сонымен бірге қазіргі прозалық тәсілдерді пайдаланып, оқырманды тек тарихи-фольклорлық кеңістікке емес, адамның рухани әлеміне жетелей алғаны.
«Ақкелін шоқысы» – махаббат, адалдық, ар мен серт ұғымдарын зерделеуден туған жазу. Шорман мен Ақбала арасындағы оқиға – ар мен өкініштің, кешірім мен серттің көрінісі. Мифологиялық реңкте жазылған, табиғат суреті мен символдар жүйесін кіріктірген шығарма тек аңыз емес, махаббат жыры деуге болады. Ал, қайғылы финал – махаббат трагедиясына айналған адалдықтың көрінісі.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.