ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасын жүзеге асырып келеді. Ауқымды әдеби жоба жас қаламгерлерді қолдау, Қазақстанның әр аймағының тарихы мен мәдениетін бүгінгі күнмен ұштастыра отырып, Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасын жасауды мақсат тұтады. Биыл бұл жобаға Павлодар облысынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшім қатысты. Нәтижесінде «Болмысымның бояуы» жыр кітабы жарық көрді. Қаламгермен аз-кем әңгімелескен едік.

– Еламан, жаңа кітабың құтты болсын! Бұл жоба туралы қайдан естідің? Іріктеу қалай жүрді?
– Көп-көп рахмет! Жоба туралы ең бірінші былтырғы жеңімпаздар ақын Айдын Байыс, жазушылар Жанасыл Серікбол мен Жантас Еркінұлынан естідім. Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының Facebook парақшасына жоба талаптары мен қатысу ережесі жарияланды. 35 жасқа дейінгі кез келген автор қатыса алады екен. Биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған жобада бағымды сынап көргім келді. Құжаттарымды және «Нықтұрақ» деген поэмамды жолдадым. Жазушылар одағының жанынан құрылатын комиссия талапкерлердің шығармашылық жұмыстарын саралау арқылы жобаға қатысушылардың тізімін бекітеді екен. Биылғы жеңімпаз 20 қаламгердің қатарына іліктім. Тізімге енген жас қаламгерлер еліміздің әр облысына өңірдің тарихы, мәдениеті мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу, жазатын шығармасына ақпарат жинау үшін шығармашылық іс-сапарға жіберілді. Мен Қарағанды облысына бардым.
– Бұл жобаның екінші жыл қатарынан ұйымдастырылғанын атап өттің. Былтыр да қатысып па едің?
– Жоқ, былтыр қатыса алмадым. Құжаттарымды жіберуге үлгермедім. Бұл жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестіктің жемісі. 2024-2026 жылдарды қамтиды. Былтыр 20 қаламгер, биыл да сонша ақын-жазушы жаңа кітаптарын жазды. Мысалы 2024 жылы Павлодарға ақын Айдын Байыс келді. Ол «Алтын қазық» деген кітап шығарды. Ал, павлодарлық жазушылар Жанасыл Серікбол мен Жантас Еркінұлы Алматы қаласы мен Алматы облысына барды. Екеуі де роман жазды. Биыл Павлодарға Сафина Ақтай деген жазушы қарындасымыз келіп, павлодарлық неміс ортбасының тағдыры туралы «Ганин» романын оқырманға ұсынды. Жоба келесі жылы да жалғасады. 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Өтінім беруші Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті емес. Және ең бастысы авторға қаламақы төленеді және кітаптары тегін шығарылады.
– Биылғы шығармашылық сапар қалай өтті?
– Өте әсерлі болды. Қарағанды облысының өткені мен бүгіні, тарихы мен тұлғалары жайлы дерек жинап, жаңа өлеңдер жаздым. Қарағанды қаласында, Қарқаралы (Қарқаралы, Ақтерек, М.Мамыраев, Қ.Аманжолдов, Сарыобалы ауылдарында), Ақтоғай (Ақтоғай, Қызыларай, Сарытерек ауылдарында) ауданындарында, Ақсу-Аюлы (Шет ауданы) және Ботақара (Бұқар жырау ауданы) ауылдарында болдым. Өңір тарихын жетік білетін, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтармен, белгілі ақын-жазушылармен, өлкетанушылармен, журналистермен кездестім.
– Неліктен Қарағанды облысын таңдадың?
– Жиырма қаламгер іріктелген соң, Whats App әлеуметтік желісінде ортақ топ ашылды. Онда кімнің қайда баратыны анықталды. Таңдау еркін болды. Мен ақын Айзада Рахымжанованың себеп болуымен Қарағанды облысын таңдадым. Өйткені Айзадамен студент кезден әпке-бауыр болып араласамыз. Менің студенттік сайран шағым Қарағандыда басталған. Қарағанды қаласы – мен үшін өмір мектебі, өлең мектебі, өнеге мектебі. Мен Қарағандыға алғаш келген күзде дауылпаз Қасым Аманжоловтың жүз жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп жатқан болатын. Өзімді жыр жәрмеңкесіне келгендей сезіндім, өзіме тиесілі тартудан құр қалмауға ұмтылдым. Сол кездегі әсер мен таңданыс-талпынысты еш ұмытпаймын. «Қарағанды» деген өлеңімді осы ескірмес естелікті жаңғырттым.

– Жазу процесі қалай жүрді? Қандай шығармалар жаздың?
– Жоба талабы бойынша поэзиялық кітап 7 мың жолдан тұруы керек. Сол мақсатқа жету үшін сапардың әсерімен 80 өлең, сондай-ақ «Әлімхан мен Сұлтанмахмұт» атты микро-поэма және «Сайыпқыран» атты фрагменттік поэма жаздым. «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасы – ізденуге талпынған, жаңа шығармашылық биікке ұмтылған жас қаламгерлерге үлкен мүмкіндік екенін айтқым келеді.
– Поэма жазғаныңды айтып қалдың. Ол жанрда жазу қаншалықты қиын немесе оңай?
– Өте қиын. Мойындаймын. Бұл жауапты істі қаншалықты жоғары деңгейде орындап шыққанымды оқырман бағалар. «Әлімхан мен Сұлтанмахмұт» атты микро-поэма Алаш қайраткері Ә.Ермеков пен ақын С.Торайғыровтың өмірінің бір кезеңі – Том қаласында өткен жылдарын қамтиды. Онда: «…Ал, қол үзген із-түссіз жоғалады, // (Қиын және заманның зобалаңы.) // Жақсылықтың ақысы қымбат бола, // Игілігін кім оның көре алады?!» деген жолдар бар. Бұл – Сұлтанмахмұттың өкінішті сөзі. Туындыда мен жақсылық, ақыл, үміт, сенім сынды ұлы құндылықтардың бүгінгі уақыттағы мәні мен маңызын іздеуге тырыстым.
Екіншщі поэмам сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ерлердің өміріне арналған «Сайыпқыран» атты фрагменттік поэма. Фрагменттік болатын себебі онда мен соғыс уақытындағы ерлік пен елге, жарға, досқа деген махаббатты бейнелейтін әр кезеңдегі оқиғаларды баяндадым. Қарағанды сапарында көп жайтқа куә болдым. Қай қала, қай ауылға барсам да, көзді арбайтын, көңілді жаулайтын ғажайыптарды іздеймін. Ой кешіп, көше кезіп көп жүретін әдетім бар. Сол ғажап дүниелер ой-өрісімді кеңейтіп тастайды. Сондай саяхаттардың бірінде ұзақ «жортып» кетіппін. Уақыттың зуылдап өтіп жатқанына да қарамай. Айналамдағы арайлы дүниенің барлығын санама көшіремін деген қызығушылығымнан болар?! Бір мезетте шаршағанымды сездім. Оны сездірген – табанымның сыздап, ауырғаны. Бұндайды бұрын елемейтінмін. Аяқ киімім жайсыз болды ма, шынымен көп жүргендікі ме, аяғымды ауырсынып басып, жол жиегіндегі орындыққа жайғастым. Туфлиімді шешіп, табанымды уқаладым. Қызарып кетіпті, терісі күлдіреп тұр. Ойын баласы кезімізде ұстаздарымыз жиі айтатын: «Табаныңды тоздырып, жүре бермей, сабағыңды оқы!» деген сөздер ойыма оралды. Оның соңынан етігімен су кешкен, табанымен шоқ басқан ата-бабаларымды есіме алдым.
Осы «жорықта» жүріп, олжалы болдым. Олжам – ой. Олжам – кітап. Сондай ескі кітаптардың бірінен соғыс куәгерінің жазбаларын оқыдым. «…1943 жылдың мамыр айында барлауға бара жатқан жолымызда, қараңғы түнде жау минасын басып кетіп, оң жақ табанымнан жараландым. Госпитальге түстім. Содан бері табаныма шеге қағып қойғандай, жарақатым жаныма батады да тұрады…», – деп жазыпты майдангер. Осы жаралы табан туралы ойды өрбітіп, «Сайыпқыран» атты фрагменттік поэма жаздым.
– Бәрекелді! Жаңа кітабың оқырманның олжасына айналсын!
Сұхбаттасқан – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
«Saryarqa samaly» газеті.
