Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты ғылыми еңбегі, өз заманында, оқытушылар даярлайтын оқу орындары үшін аса қажетті ғылыми-педагогикалық әдебиетке айналды. Оқулық, алдымен, 1922 жылы Орынборда жарық көріп, кейіннен 1923 жылы Ташкентте қайта басылып шықты. Мағжан Жұмабаев: «…балаға шын тәрбие беру үшін, тәрбиешінің өз тәжірибесі, Һәм ұлт тәрбиесімен таныс болу ғана жетпейді екен. … тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан ғалымдардың тәрбие туралы ойларымен, қысқасы, дұрыс жолға түсу үшін тәрбие пәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек», – дейді кітапты жазу мақсатын айқындап.
Бүгінгі уақытта да құндылығын жоғалтпаған «Педагогика» оқулығы 15 бөлімнен тұрады. Автор әр бөлімінде педагогика ғылымын жан-жақты саралайды. Әсіресе, ақыл-ойдың ұшқырлығына, мінез-құлық пен сұлулыққа, дене тәрбиесіне баса көңіл бөледі. Тіпті, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, маңыздылығын тәптіштеп түсіндірген. «Тәрбиеден мақсұт – адамды Һәм сол адамның, ұлттың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу», – дейді Мағжан. Профессор Шериаздан Елеукеновтің пікірінше, «Педагогика» «тарихи ескерткіш ретінде қабылданбауы керек».
Мағжанның «Педагогикасы» бүгінгі педагогика саласындада қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізу үшін Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінің тәрбие ісі жөніндегі басшы орынбасары Шыңғыс Молдасапармен әңгімелескен едік.
Шағын сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз:
– Шыңғыс, Мағжан Жұмабайұлы айтқан қадірлі орындағы ұстаздық қызметті таңдаған жастардың алдыңғы легіндесің. Мағжан ақынның өлеңдерімен табысуың қалай басталып еді?
– Ақынның:
«Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi,
Туа сала жалынменен мен жуғам…», – деген ақынның отты рухы танылатын өлеңін оқыған шәкірт кезімнен бастап, мен Мағжан атамыздың өміріне де, шығармашылығына да ерекше ықылас таныта бастадым. Сол кезде-ақ, ақынның өлеңдерінен рух алып, кеудемізде намыс кернеп, ішімізде от лаулап тұратын. Кейін, ұстаздық мамандықты таңдап, студент болғанда Мағжан Жұмабаевты тек ақын ғана емес, ағартушы педагог ретінде де таныдым. Себебі 20 ғасырдың басында қазақ халқының балалары мен ұстаздары үшін «Педагогика» кітабын жазып қалдырды. Ол кітапты оқығанда мен қандай ұстаз болуым керегін, балаларға қандай тәрбие беру қажеттігін ұқтым.
– Ал, «Педагогикамен» қалай таныстың?
– Осыдан 4-5 жыл бұрын кітап сататын дүкеннен кітаптар қарап жүріп, бизнес тренер, коуч және миллионер Брайн Трейсидің кітабына көзім түсті. Қалтасында ақшасы жоқ студентке бұл қымбат болып, сол жерде бір екі бөлімін көз алмай оқып шықтым. Кітапты оқи отыра, «Адам бойындағы IQ, EQ, FQ және АQ қалай дамытуға болатыны, тұлғалық дамудағы тәрбиенің рөлі туралы» бірнеше бөлімге көзім түсіп, оқып отырдым. Бірақ ол кітапты сол күйі алғаным жоқ.
Студенттік шақта дебат ойындарына қатысып жүріп, Мағжанның «Педагогикасын» талқылайтын тақырыппен ұшырастым. Жан ұшыра ғаламтордан ақпарат іздеп, саралай кеттік. Саралап отырғаным сол еді, бірнеше бөлімге ерекше назарым ауды. Мағжан Жұмабаев педагогикасында аса терең қозғалатын нәрсе, ол баланың «Жан тәрбиесі» мен «Тән тәрбиесі» екен. Қазақтың балаларын қалай тәрбиелеуге болатыны жайында толығырақ айтылған. Қарап отырсақ, бір ғасыр бұрын жазылған еңбектегі негізгі ойларды Брайн Трейси сынды мультимиллионер бүгін ғана айтып, кітап жазып, танымалдылыққа ие болып жүр.
– Енді, Мағжанның тәжірибесіндегі бала тәрбиелеудің жолдарына тоқталсаң…
– Мысалы, тәрбиенің төрт түрі болады: Біріншісі, Дене тәрбиесі – FQ; екіншісі, Ақыл тәрбиесі – IQ; үшіншісі, Сұлулық тәрбиесі (өнерлі, икемді) – АQ; төртінщшісі, Құлық тәрбиесі – EQ.
Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егер ол жөпшеңді ыстық-суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік, денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс пішетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса – адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. «Балам адам болсын» дейтін ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындауға міндетті.
Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала алмайтын мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі осының дәлелі. «Педагогиканың» 14-бетінде Мағжан атамыз осылай дейді.
– Әлі күнге дейін нәрінен айрылмаған «Педагогика» несімен өзекті?
– Дұрыс сауал. Мен де осы туралы ойландым. Оның себебі қанша заман өзгерсе де, адам өзгерген жоқ, тәрбие өзгерген жоқ. Сол тәрбиені дұрыс қалыптастыру үшін, осы 4 тәрбиемен көбірек жұмыс жасау керек. Тіпті мектептегі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына да осыны енгізу керек деп ойлаймын. Өйткені, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасында» ұлт мәселесі барынша көтеріледі. Әрине, Мағжанның педагогикасындағы тағы да маңызды тақырыптарға жеке-жеке тоқталуға болады. Дұрысы – «Педагогиканы» әр ата-ана, әр ұстаз, әр бала өздері оқығаны.
– Шыңғыс, педагогика саласындағы аса маңызды элемент ретінде құндылығы жоғары өміршең еңбек туралы ой бөліскенің үшін мың алғыс.
Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.