Ертiстiң Павлодар өңiрiнен түлеп ұшып, Кеңес Одағының, кейiн тәуелсiз Қазақстанның сыртқы iстер саласында қырық жылдан артық сындарлы қызмет атқарған Болатхан Құлжанұлы Тайжанның есімі алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал болды. Қазақ қоғамы оның сонау бiр кезеңдерде «Алашым» деп ауыздығымен алысып өткен арыстар секiлдi ұлттың қамы үшiн туған ұлан екенiн Мәскеуде оқып жүргенiнде-ақ аңғарған болатын. Империялық идеологияның күйiп тұрған кезiнде жалынды жастардың басын бiр арнаға тоғыстырып, ұлттық тiл мен дiлдiң, дәстүр мен мәдениеттiң, рухани құндылықтардың жоғалып кетпеуiне жас та болса жанын сала әрекет еткен Болатхан Тайжан еліміз тәуелсіздікке ие болған бертінгі кезеңдерде де қоғамымыз үшiн аса өткiр дерлiк өзектi мәселелерге үн қосып, бағыт берiп, пiкiр бiлдiруден шеткері қалған жоқ.  

Ол 2004 жылы туған өңiрi Павлодарға сапарлап келген еді. Сол тұста осынау мемлекет қайраткерінен, сұңғыла саясаткерден сұхбат алу бақыты бізге бұйырып еді. Мұрағат қоржынында сақталған сұхбатты қайта жаңғыртып, «Aiqara.kz» порталы оқырмандарының назарына ұсындық. 

Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткерi, дипломат, экономист,

Болатхан ТАЙЖАН:

“АНА ТІЛІҢНЕН АЖЫРАУ – ҰЛТТЫҒЫҢНАН ҚОЛ ҮЗУ!”

Болатхан аға, әңгiменi мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi мәселесiнен бастасақ па деймiн. Бұл туралы сiз үнемi өткiр пiкiрлер айтып жүресiз. Өзiңiз қызмет еткен елдер мұндай мәселелердi қалай шешкенiнен де талай мысалдарды алға тарттыңыз. Сайып келгенде, мемлекеттiң тiлiне жан бiтiру үшiн не iстеу керек деп ойлайсыз?

– Мен қызмет бабымен азаттық пен бостандыққа әупiрiмдеп жүрiп қол жеткiзген көптеген елдерде жұмыс iстедiм. Сонда аңғарғаным, дәл бiздегi секiлдi оларда да мемлекеттiк тiлге қатысты мәселе өте өткiр     тұрды. Бодандық пен отаршылдықты бастан кешкен елдерде «Француз, ағылшын, итальян тiлiнен артық тiл жоқ, бiз несiне ғылыми терминдердi өз тiлiмiзге аударып әуре боламыз. Одан да үйреншiктi, дайын тұрған, қолданыстағы тiлде жүргiзе бермеймiз бе» деген пiкiрлер бiрнеше жыл бойы желдей естi. Басқа-басқа ғой, мұндай пiкiрлердi жергiлiктi ұлттың iшiнен шыққан интеллигенция өкiлдерiнiң өздерi жағы талмай, мезгiл сайын айтып, дәлелдеп бақты. Сол елдердiң тәжiрибесiне қарап, мемлекеттiк тiлдiң жолға қойылуы, ең алдымен, билiк басындағыларға тiкелей байланысты екенiне көз жеткiзесiң. Мәселен, кейбiр елдерде басшылар жағы қипалақтап, мемлекеттiк тiлдi жергiлiктi ұлттың тiлiне көшiруге қарсы болып, сол үшiн жанталасса, ендi бiр мемлекеттер тез арада барлық салалар бойынша қалыптасқан терминдердi өз тiлдерiне аударып, аз уақыттың iшiнде соған көшiп алуға әрекет жасады. Украина мен Балтық жағалауы елдерiн алып қараңыз. Бұларда сiз қай салада     жұмыс iстеңiз мейлi, мемлекеттiк тiлдi бiлмесеңiз айып салынады. Одан кейiн де түзелмесеңiз, екiншi, одан соң, үшiншi мәрте айып тағылады. Нәтиже шығармасаңыз, дереу жұмыстан қуыласыз. Дүниежүзi бойынша жалғыз-ақ Қазақстаннан басқа барлық елдерде мемлекеттiң тiлiн бiлмеген адамға ешқандай жұмыс берiлмейдi. Азаматтықты да ала алмайсыз. Азаматтығыңыз болмаса, дауыс бере алмайсыз, мемлекеттiк жұмысқа ешқашан қолыңыз жетпейдi, еш жерге сайлана алмайсыз,       жұмысқа қабылдағанда, сiздi ең соңғы кезекте қабылдайды, жұмыстан шығарғанда, ең алдымен сiздi шығарып жiбередi. Бұл – дүниежүзiлiк тәжiрибе. Мен мұны Малайзияда да, Францияда да, Германияда да көрдiм. Ағылшын тiлiн бiлмейтiн болсаңыз, Америкаға барып, тұрақты     жұмыс iстеуге ешқандай мүмкiндiгiңiз жоқ. Ал, Қазақстанда ше? Бiзде кез келген шетелдiк компания келедi де, газет бiткенге «Бiздiң компанияда жұмыс iстегiңiз келсе, мiндеттi түрде қытайша, түрiкше, ағылшынша бiлуiңiз керек» деген дүмбiлез хабарландырулар бередi. Бұл – басқа елдерде мүлде ақылға сыймайтын хабарландырулар. Бiз неге оларға «Егер сенiң компанияң түрiк, ағылшын, қытай компаниясы болса, жергiлiктi ұлттың тiлiне аударатын немесе қазақшаны өзге тiлге аударатын тiлмаш жалда» деген үзiлдi-кесiлдi талап қоймаймыз?! Шетел асып келiп,  жергiлiктi азаматтарға «Бiз талап еткен тiлдi бiлмесең, жұмыс iстемейсiң» деу – менiңше, құбыжық мемлекетте ғана болатын жағдай. Көптеген елдерде қызмет iстедiм, бiрақ еш жерден жоғарыдағыдай тiкенек хабарландыруды көрген емеспiн.

Мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеремiз десек, ең алдымен билiк басындағылардың өздерi қазақ тiлiн құрметтеп, сол тiлде сайрап тұруы керек, сосын барып былайғы жұрттан талап ете аламыз. Содан кейiн ғана жұртшылық жаппай мемлекеттiк тiлге қарай бет бұрады. Өйтпейiнше, құр босқа даурығумен қазақ тiлiнiң көсегесi еш уақытта көгермейдi. Басқасын айтпасам да, өзiм қырық жылдан аса қызмет еткен елiмiздiң сыртқы iстер саласындағы мемлекеттiк тiлдiң жағдайын алайықшы, қазiргi халi баяғы қалтыраған күйде. Елiмiздiң мәртебесi де, тiлi мен мәдениетi де, басқа да құндылықтары өзге елдерге ең бiрiншi сыртқы байланыс саласы арқылы танылатынын ойлағанда, жүрегiң қан жылайды. Дипломатиялық корпус – мемлекеттi құрап отырған ұлтты сыртқа жан-жақты паш ететiн айна iспеттес саналса, амал нешiк, бiздегi бұл сала осы үдеден толықтай шыға алмауда.

Сонда сiз Қазақстанның дипломатиялық қызмет саласында, соның iшiнде қазақ дипломаттары арасында мемлекеттiк тiлдiң қолданылу деңгейi дәл қазiр өте мүшкiл, аянышты халде дейсiз ғой…

– Алдымен, сiз мынаған назар аударыңыз: әлемдiк дипломатиялық қызмет саласында қалыптасқан қағида бойынша әр мемлекеттiң дипломаты сол мемлекеттiң тiлiн, мәдениетiн, әдебиетiн, тарихын, қазiргi өмiрiн, әлеуметтiк-экономикалық, саяси даму жолын жақсы бiлуi керек. Осы тұрғыдан келгенде, өкiнiшке қарай, қазiргi күнi Қазақстанның дипломатия саласында iстеп жүргендердiң көпшiлiгi бұл сипатқа толық лайық емес. Неге? Өйткенi олар өздерiнiң мемлекеттiк тiлiн бiлмейдi, қазақ халқының мәдениетi мен әдет-ғұрпынан, тарихынан бейхабар. Мiне, сол үшiн де бiздiң дипломаттарымызды жоғарыда аталған сипатқа жеткiзу жұмыстарын жүйелi түрде жүргiзуiмiз қажет. Сiз сыртқы iстер министрлiгiнiң iшiне кiрiп көрiңiзшi, сонда iстеп жүрген ұлты қазақ көптеген дипломаттар ана тiлiнен, мәдениетi мен тарихынан жұрдай. Мұндай түрмен олар өз елiнiң келбетiн, өз жерiнiң болмыс-бiтiмiн, рухани-тарихи құндылықтарын  өзге мемлекеттерге қайтiп танытпақ?

Сырттан келген елшiлерге ше? Оларға өздерi елшi боп келген елдiң мемлекеттiк тiлiн бiлу керек деген талап қойыла ма?

– Мемлекеттiк тiлге келгенде өзiңнiң жағдайың оңып тұрмаған соң, өзге жұрттың өкiлiне бiлуiң керек деп қалай мiндеттейсiң, қайтiп талап қоймақсың?! Ана сүтiмен даритын ұлттық тiлiмiздi өзiмiз бiлмей,             құрметтемей жатсақ, сырттан келген елшiлер қазақ тiлiн неғылсын. Егер өз ұлтыңыздың рухани құндылықтары тақырыбынан мақрұм болсаңыз, сырттан келгендер сiзбен не туралы сөйлесе алады? Содан барып, олар қазақтың өздерiне қажетсiз боп отырған тiлдi үйренбейдi де, оқымайды да, қазақ мәдениетiне, тарихына көңiл де аудармайды. «Өзiңдi өзiң сыйласаң…» деп келетiн аталы сөз осындайдан айтылса керек…

Сiздiң өзiңiз талай жылдар бойы қызмет бабымен елден тыс жерлерде жүрсеңiз де, қазақша жатық сөйлейдi екенсiз. Шетелде жүргендер түгiлi, өз iшiмiздегi кейбiр ағайындарымыз ана тiлiнен ажырап қалғанда, тiлдi ұмытпауыңыздың сыры неде?

– Әрiден бастайтын болсам, менiң тегiм – баянауылдық. Мектеп қабырғасындағы оқуымды 1948 жылы Павлодар қаласында, Абай атындағы қазақ орта мектебiнде бастадым. Естуiмше, қазiр ол мектеп лицей мәртебесiн алған көрiнедi. Аталмыш мектепте төртiншi сыныпқа дейiн бiлiм алдым. Кейiн әке-шешем Алматыға қоныс аударды. Өкiнiшке қарай, Алматыда оқуымды қазақша жалғастыруға мүмкiндiгiм болмады. Ол кезде үлкен қала Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебi қызмет еттi. Барып-келу жағдайына қарап, көпшiлiгi ол мектепте оқи алмады. Кеңес дәуiрi кезiнде бүкiл Қазақстан бойынша қазақ мектептерi саусақпен санарлықтай ғана болып, қазақ балаларының өз тiлiнде бiлiм алуына мүлде жағдай жасалмағаны белгiлi ғой. Сөйтiп, мен мектептi орыс тiлiнде оқып бiтiрдiм. Шынымды айтсам, мектептi бiтiрер кезде өз ана тiлiмнен мүлде қол үзiп қала жаздадым. Сыныпта екi-ақ қазақ баласы оқыдық. Кейiн Мәскеуде халықаралық қарым-қатынастар институтында оқығанда да қазақы орта мүлде аз болды. Одан соң, елшiлiк қызметтерде iстегенде де жалғыз қазақ азаматы болдым.  Қайда жүрсем де, қай ортада болсам да, айналамда өз тiлiмде шүйiркелесетiн адам сирек кездесетiн. Мiне, осы тектес қиыншылықтар өз тiлiмдi ұмытып қала жаздауға шақ қалдырды. Бiрақ, ана тiлiңнен ажырау – ұлттығыңнан қол үзу деп, өзiме-өзiм талап қойып, намысқа тырысып, қайта меңгерiп алдым. Бұл ретте, қашанда болсын «шет тiлдерiн, орыс тiлiн бiле жүрiп, өзiмнiң ана сүтiммен бiткен ұлттық тiлiмдi бiлмеуiм масқара, өзге елдiң өкiлi алдында ұят болады» деп, өзiмдi көп қамшыладым. Шүкiршiлiк, өз тiлiммен қатар ағылшын, орыс, араб тiлдерiн бiлемiн, осы төрт тiлде де еркiн жазып, еркiн сөйлеймiн.

Сiзбен өзара әңгiмелесе қалған адамның соқпай, қозғамай кетпейтiн ерекше тақырыбы бар. Оны өзiңiз де сезiп отырған боларсыз, ол «Жас   тұлпар» ұйымы жөнiнде. Кеңестiк идеологияның салтанат құрып тұрған өрттi шағында, туған елден тыс жерде, алып елдiң астанасы – Мәскеуде қазақ ұлты жастарының ұйымын құру әркiмдi болсын қайран қалдырары анық. Бiрақ бұл туралы әркiм әр түрлi пiкiрлер айтады. Өзiңiз басшылық жасаған осы ұйым әу баста қалай және не мақсатпен құрылып едi?

– «Жас тұлпар» ұйымы 1963 жылы құрылды. Сол кезде Мәскеудiң қырық екi жоғары және орта арнаулы оқу орындарында Қазақстаннан барған 1200-ден аса студент пен аспирант оқып жүрген едi. Алдымен, солардың басын бiрiктiрiп, басшылық жасайтын ұйымның орталық кеңесi жасақталды. Мұрат Әуезов те сол кеңестiң басшылығында  болды. Бiзде ешқандай кеңсе, жеке көлiк болған емес. Бүгiнгiдей ұялы байланыс аппараты түгiлi, қарапайым телефонның өзi де жоқ.   Әрине, Мәскеу – әжептәуiр аумақты алып жатқан үлкен қала ғой. Бiр-бiрiмiзбен қала көшесiндегi жолаушы тасымалдайтын көлiктермен қатынас жасап отырдық. Кейiн ұйым бiрнеше шағын кеңестерге, яғни ячейкаларға бөлiнiп әрекет еттi. Мысалы, төрт-бес институттың жатақханасы орын тепкен қаланың бiр ауданында бiр кеңесiмiз жұмыс жүргiздi. Осы сияқты тағы бiрнеше жерден шағын кеңестер ұйымдастырылды. Әрбiр шағын кеңес өзiне жақын маңды қамтып, сол арадағы жастар өзара араласып, мезгiл сайын жиналып тұрды. Ал, аптасына бiр рет және тек жұма күндерi ғана ұйымның орталық кеңесi басқосу өткiзiп отырды. Басқосуға Мәскеудiң түкпiр-түкпiрiнен жастар келiп қатысады. Олардың әрқайсысында түрлi деректер бар, соларды ортаға саламыз.

«Жас тұлпардың» орталық кеңесiн мен үш жыл басқардым. Кейiн ол кеңес КСРО-дағы қазақ жастарының үлкен ұйымына айналды. Әрине, комсомолдың дәуiрлеп тұрған заманында ондай жанама ұйымды құру,  жұмыс жүргiзу оңайға түскен жоқ. Өйткенi, Кеңес Одағында комсомолдан басқа жастар ұйымын құру «ақылға сыймайтын дүние», мүмкiн емес әрекет болып есептелетiн-дi. Тiптi, бәзбiр астар iздеп, шүйлiккендерге: «Бiз өзiмiз комсомол қатарынан шықпаймыз, соның белсендi мүшесiмiз. Бiрақ Отанымызды шексiз сүйiп, тiлдi, мәдениеттi дамытуға сеп болар орта жасамақпыз. Бұл, тiптi ұйым да емес, тек қана бiздiң өзара бас қосатын, пiкiрлесетiн, түрлi шаралар өткiзетiн ортамыз», – деп жауап қайыратынбыз. Мәскеудегi қазақ жастарының ұйымына өзара ақылдаса келе, «Жас тұлпар» деген атау бердiк. Сол атпен жұмыс жүргiздiк. «Жас тұлпар» ұйымы тек қана Мәскеуде емес, оның құрылымдары қазiргi Санкт-Петербург, Рига, Киев, Харьков қалаларында, тiптi, осы Павлодар қаласында да жұмыс жүргiздi. Павлодардағы құрылым «Тың тұлпар» деп аталып, оны Қарақұлов деген жiгiт басқарды. Қазiр ол кiсi марқұм болып кеттi. Семейде «Жас дәурен» деген жастар ұйымы қызмет жасады. Осылайша, қазақ жастарының бүкiлодақтық ұйымы жасақталып, оның орталық кеңесiне барлық қалалардағы ұйымдардың басшылары енгiзiлдi. Сөйтiп мен Мәскеудегi «Жас тұлпар» кеңесiне қоса, бүкiлодақтық қазақ жастары Кеңесiн де басқардым.

Ұйым құрылған соң, уақыт құрғатпай, танымдық-тәрбиелiк бағытта кештер, ойын-сауықтар өткiзiп тұрдық. Ол үшiн қаладағы мың немесе екi мың адам сиятын клубтарды жалдайтынбыз. Өзiмiздiң ансамблiмiз, оркестрiмiз жұмыс iстедi. Олардың мүшелерiнiң бәрi – Мәскеудiң музыкалық оқу орындарында кәсiби бiлiм алып жүрген болашақ әншi, күйшi, бишi, әртiс студенттер. Соның бел ортасында жүргендердiң бiрi – белгiлi әншi Сара Тыныштығұлова.

Айта кетерлiгi, бiзде тәртiп өте мықты болды. Бұлжымаған күйi әр жұма күнi белгiленген уақытта жиналамыз. Бұл тәртiптi бұзып, екi рет кешiккендердi кеңес құрамынан шығарып жiберiп отырдым. Сонан соң, кеш ұйымдастырылғанда ешбiр милицияға немесе тәртiп сақшыларына айтпай-ақ, қазақ балалары өздерi тыныштыққа бақылау жасайтын, яғни қатаң тәртiптi өзiмiз орнаттық. Кеш өтiп жатқан жерде iшiмдiк сатылмайды, сырттан iшiп келгендер кiргiзiлмейдi. Бiрақ, жастардың бәрi кiруге аса ынталы болатын. Ол кезде қазiргiдей әр бұрышта бiр ойын-сауық, би кештерi өтпейдi. Жастар айына бiр-екi мәрте осылайша бас қосудың өзiне ризалық танытатын, асыға күтетiн.

 Сондай-ақ, әр бейсенбi күндерi тарих, саясат саласына  бүйрегi бұрып тұратын жастар үшiн жеке басқосулар ұйымдастыратынбыз. Оның өзiндiк өту тәртiбi де бар. Мысалы, әрбiр басқосудың тың баяндамашысы тағайындалады. Алдын ала белгiлi бiр тақырыпты бекiтемiз. Тағайындалған адам сол тақырып бойынша баяндама жасайды. Одан соң, басқалар осы тақырып төңiрегiндегi өз ойларын ортаға салады. Бұл – бiр есептен, жастардың ой-өрiстерiн кеңейтуге, екiншi жағынан, ғылыми машықтарын арттыруға үлкен көмек болатын.

«Бейсенбiлiк басқосуларда» көбiнесе қандай тақырыптар талқыланып жүрдi?

– Әр түрлi тақырыптар. Мысалы, бiрде Қазақстан экономикасын Кремльдiң қалай тонап жатқаны туралы тақырыпты талқыладық. Осы тектес тақырыптарға тағайындалған баяндамашы нақтылы әрi бұлтартпас деректер жинайды. Әрине, ондай деректердi, мағлұматтарды жинау оңай емес. Кейiн бiздiң мұндай бейсенбiлiк басқосуларымыз үлкен маңызға ие ұлтаралық семинарларға айналды. Ол семинарлардың материалындарын  сол тұстағы бiр философ жинақтап, үш том етiп басып шығарды. Алайда, жинақтар шығысымен, үндеместер оны түгел жинап алып, барлық тиражын өртеп жiбердi. Көңiлге медеу боларлығы – жинақтардың түпнұсқасы сақталып қалды. Қазiр бұл кiтаптар қайта басылып шықты. Мұндай әрекеттер бiр емес, бiрнеше рет қайталанды. 1975 жылы Мұрат Әуезов екеуiмiз Әл-Фараби туралы кiтап шығарған едiк. Сол кiтап бүгiнге дейiн еш жерде жоқ. Кезiктiрмедiк. Оның мәнiсiн тек былтыр күзде өткен конференцияда бiр философтан естiп-бiлдiк. Әлгi адам: «Мен сiздердiң кiтаптарыңыз шыққанда, дәл сол баспада жұмыс iстеп жүрдiм. Кiтап шығысымен, Мәскеуден «бүкiл тиражын жинап алып, өртеп жiберiңдер» деген пәрмендi нұсқау келдi» дейдi. Жинақтың еш жерден кезiкпеу сыры осы екен.

«Жас тұлпардың» өзiндiк жұмыс жоспарына негiзiнен қандай мәселелер кiрiп едi, сол жоспар бойынша алға ұстаған мақсат-мiндеттерiңiздiң бәрiн бiрдей iске асыра алдыңыздар ма?

– Бiз ұйым жұмысын жүргiзу барысында бiрталай маңызды мәселені көтердiк. Соның iшiнде тiл туралы, Қазақстанның бiраз қалаларының бұрмаланған атауларын өзгерту туралы мәселелерге ерекше мән бердiк. Мәселен, сол кездерi Целиноград қаласының атауын өзгерту қажеттiгiне назар аударттық. Бiз қазақ жерiнде тұрып, Еуразияның кiндiгi саналатын көне қаланы неге орысша атауымыз керек деп, намысқа тырысып, осы қаланың аты әйтеуiр тыңға байланысты қойылған  соң, оны «Тың қала» деп қазақша атайық деген ұсыныс тастадық.

Қазақ топырағынан түлеп ұшып, дүниежүзiлiк жастардың нағыз кемеңгерi атанған Ғани Мұратбаев – әрбiр қазақ жасының пiрi ретiнде бағаланады. Бiз де оны айрықша пiр тұттық және пiр тұтып келемiз. Кезiнде Ленин қайтыс болғанда, оның орнын толтыру үшiн бiр жылдың iшiнде компартияға миллиондаған мүшелер қабылданды.  Мұның өзi компартиядағы Лениннiң алар орны соншалық өте зор екенiн көрсету болса керек. Кейiн, 1925 жылы Ғани Мұратбаев қайтыс болғанда, бүкiлодақтық комсомол ұйымындағы Ғ.Мұратбаевтың ойсырап қалған орнын толтыру кампаниясы жүргiзiлдi. Сонда кемеңгер жерлесiмiздiң орнын толтыру үшiн миллиондаған жастар комсомол мүшелiгiне қабылданды. Бұл – Кеңес Одағының мемлекет ретiндегi тарихында екi-ақ рет болған жағдай: Ленинге және Мұратбаевқа байланысты. Мiне, сол Ғ.Мұратбаевты жан-жақтылы мадақтаймыз, құрметтеймiз, бiртуарлық болмысын одан әрi паш ете түсемiз деп, «Жас тұлпар» ұйымы Мәскеу қаласынан оның жерленген қабiрiн iздеуге байланысты жұмыстар жүргiздi. Өкiнiшке қарай, ұзақ уақыт таба алмадық. Ғани жерленген қабiрдiң қайда екенiн не Кеңес Одағы компартиясының орталық комитетi, не бүкiлодақтық комсомол ұйымы, не Қазақстан компартиясының орталық комитетi бiлмейтiн болып шықты. Ал, кезiнде Ғ.Мұратбаевты жерлеуге байланысты арнайы мемлекеттiк комиссия құрылғаны белгiлi. Бiздiң анықтауымызша, жерлеу комиссиясын сол кездегi революциялық кеңестiң мүшесi Подвойский деген басқарған. Алайда, бұлардан да жарытып ешқандай дерек кезiктiрмедiк. Яғни, ‹анидың қабiрi қайда екенi беймәлiм күйде қалған. Бiздiң әрқайсысымыз Алаш жұртының аяулы перзентiнiң қабiрi табылмай отырғанына қыңжылып, тығырыққа тiрелгендей, қатты күйзелдiк. Бiрақ, мұнымен тынбай, бiз, Мұрат Әуезов екеумiз Мәскеудегi түгел зираттарды аралап, бiр қабiрден бiр қабiрге барып жүрдiк. Бiр күнi ойда жоқта кездейсоқ бiр адамды жолықтырдық. Бiр ғажабы, ол – Ғ.Мұратбаевты жерлеу комиссиясының хатшысы болған адам екен. Әлгi кiсi бiзге Ғанидың қабiрi қайда екенiн бiлетiнiн айтып, көңiлiмiз бiраз жайланған бiздердi бүкiлодақтық жастар ұйымының көсемi жерленген Мәскеудiң Ваганьков зиратына бастап барды. Барсақ, қабiр басына қойылған ешбiр белгi жоқ. Тiптi, жатқан адамның кiм екенiн бiлдiретiн аты-жөнi жазылған тақтайша да қойылмаған екен. Жабырқау көңiлде қалған бiз мұның жөнiн ‹аниды жерлеу кезiнде басы-қасында болған, өзiмiзге қабiрдi тауып берген адамнан сұрадық. Мұның мәнiсiн ол бiзге былай деп түсiндiрдi: «Мәскеудiң заңы бойынша жылма жыл қабiр күтiмсiз болса, ол келесi өлiкке берiледi, яғни қабiрге алғашқы жерленген адамның жақын-жуықтары мезгiл сайын келiп-кетiп отырмаса, қараусыз, күтiмсiз қалдырса, әлгi жерге келесi адамның денесi қойылады. Сондықтан бұл қабiрге Ғанидан кейiн де өзге адамдардың жерленуi мүмкiн».

Ойлап қарасақ, бiз қабiрдi 1968 жылы таптық, соған дейiн бұл  қабiрге үш адам жерленген екен. Сол жылы бiз, ұмытпасам 29 қазан күнi Мәскеуде тұрып жатқан, оқып жүрген қазақстандықтардың басын қосып, комсомол ұйымының 40 жылдығына арналған жиналыс өткiздiк. Бұған ұзын саны екi мыңнан аса адам қатысты. Сол митингiге қатысушылардың бәрi өзара келiсiмге келiп, Мәскеуде оқып жатқан жас студенттердiң әрқайсысы 1 сомнан жинайтын болдық. Оған, тiптi, астанада тұратын өзге де қазақ ағайындар атсалысты. Соның нәтижесiнде екi мың сомдай ақша жиналды. Оған бiз қабiр басына қоятын тас және құрылыс материалдарын сатып алатын болып уағдаластық. Одан соң  Мәскеудiң құрылыс, сәулет, мүсiн жасау училищелерiнде оқып жүрген қазақстандық жастарды жинап,         Ғ.Мұратбаевтың қабiрiне ескерткiш орнату қамын ойластырдық. Не керек, даңқты жерлесiмiздiң қабiрiн қалпына келтiруге барлық жастар жұмыла атсалысып, тегiн түрде қызмет жасауға дайын екендiктерiн бiлдiрдi. Алайда, бiздiң бұл әрекетiмiздi Мәскеудегi, Алматыдағы партия мен комсомол басшылары естiп-бiлiп, қатты айыптады. Олар «Мемлекет тұрғанда, партия мен комсомол ұйымдары                     тұрғанда сендер неге мұндай мәселенi қолдарыңа алғансыңдар?! Бұл – үлкен маңызға ие мемлекеттiк жұмыс. Шетелде бiлiп қойса, шу көтередi. Сондықтан доғарыңдар, ескерткiштi өзiмiз қоямыз» – деп әжептәуiр шүйлiктi. Ақыр-соңында бiз алдында кiм қанша тапсырғаны жөнiнде жасалған тiзiм бойынша жиналған ақшаның бәрiн қайта таратып бердiк.

Кейiн Ғ.Мұратбаев қабiрiнiң басына iле ескерткiш қойылды. Өзiмiз жүзеге асыра алмасақ та, мұны бiздiң жеңiсiмiз ретiнде санаймыз. Өйткенi, бiз өз әрекетiмiз арқылы жоғары жаққа қозғау салдық. Кейiн шетелден iссапардан қайтып келе жатқанда Ваганьковтегi Ғани Мұратбаев қабiрiнiң басына барып, ескерткiш қойылды ма екен деп қарасам, аппақ мәрмәрдан әдемi етiп мүсiндеп орнатыпты. Сол жерде бойымды ерекше бiр мақтаныш кернеп, ет-жүрегiм елжiреп қоя бердi. Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара әрекет еткен ұйым мүшелерi осы тектес бiрталай маңызды мәселелердiң ретке келуiне ықпалдық жасады.

Ең өткiр, ең маңызды дерлiк қандай мәселелердi шешуге ықпал еткендерiңiз жөнiнде бiр-екi мысал айта аласыз ба?

– Неге айтпасқа?! Мысалы, бiз қазақтың жас ақын-жазушыларында өздерiнiң шығармашылығын насихаттайтын қазақ тiлiндегi газет немесе журнал неге жоқ деген мәселе көтердiк. Ал, сол кезде орыс тiлiнде «Юность» деген әдеби-қоғамдық журнал шығып тұрды. Құзырлы органдарға қазақтың жас қаламгерлерiне арналған «Жалын» деген журнал шығарсақ, оған жастардың жүректен шыққан жалынды туындыларын жариялап тұрсақ деген ұсыныс тастадық. Бiрақ, арғы ойымыз жалындай келе, халқымыздың қабырғасына батып отырған көкейтестi проблемаларын көтеру болатын. Ақыры «Жалын» журналы      жұртшылыққа жол тартты. Мiне, қазiргi күнi де уақыт құрғатпай шығып тұр. Сонымен қатар, бiз қалалардың атауын қазақшалаумен бiрге «неге Қазақстанда бiрде бiр қазақ тiлiндегi кинотеатр жоқ» деген мәселенi де көлденең тарттық. Өйткенi, сол уақытта Алматыда болсын немесе елмiздегi басқа да қалаларда болсын  қазақ тiлiнде кинофильмдер көрсететiн театр мүлде жоқ болатын. Бұған қоса, бiз Қазақстанның ордасы – Алматы қаласында бiр ғана қазақ бала бақшасы, бiр ғана қазақ мектебi бар екенiн айтып, дабыл қақтық. Қала бердi, қазақтың ою ойып, темiрден түйiн түю, сырмақ тiгу, киiз басу секiлдi көптеген ұлттық кәсiбi мен күйлерi, аңыздары, халықтық әндерi жоғалып, ұмытылып бара жатқанына алаңдап, соны дереу қолға алып, жандандыру, жинау қажеттiгiн көтердiк. Тiптi, соны iске асыру үшiн бiздер, яғни мәскеулiк студенттер жазғы демалыс уақытында алты адамнан, он екi адамнан топтасып, Мәскеуден әр өңiрлерге арнайы сапармен шығып тұрдық. Сонда бiз қазақтың ата-бабадан жеткен өнерiн, дәстүрлерiн сақтап қаламыз деген ұранмен Мәскеудегi консерваторияда, көркем өнер, театр институттарында оқып жүрген және елмiздiң әр өңiрiнде танылмай жүрген дарынды қазақ жастарының басын қосып, тiзiмiн жасап, солар арқылы көптеген мәдени мұраларымыздың жандануына, халық арасына кеңiрек таралуына жағдай туғыздық. Осы Павлодардағы қазақ музыкалық-драма театрының бас режиссерi Ерсайын Тәпенов те сол уақытта Мәскеудегi атақты ГИТИС-те оқыды. Ол да – «Жас тұлпардың» белсендi мүшелерiнiң бiрi. Ұлттық өнерiмiздiң құрып кетпеуiне, сақталуына сол кездегi жастармен бiрге Ерсайын да өзiндiк мол үлесiн қосты. Өз ұлтымызға ғана тән, өзгеден ерекшелеп тұратын қазыналарымызды жандандыру бағытында бiрталай жоспарлы iстер тындырдық. Танылмай жүрген жаңа дарындар, шын таланттар жарқырап шықты. Бiз соған ықпал еттiк. Мысалы, «Жас тұлпар» Амангелдi Сембин деген ерекше өнерлi жiгiттiң көзге түсiп, жарқырап көрiнуiне мұрындық болды. Қазiр ол консерваторияда сабақ бередi. Осы Амангелдiнi «Жас   тұлпардың» ұсынысымен Мәдениет министрлiгi Кеңес Одағындағы ең дарынды деген жүз жас таланттың тiзiмiне енгiздi. Өнер адамы үшiн бұл – үлкен құрмет, қамқорлық көзқарас, талантын тану, бағалау деген сөз. Мұндай тiзiмге енген талантты әскер қатарына алмайды, керiсiнше, оның алаңсыз оқуына айрықша көңiл бөлiнедi. Оның үстiне, Кеңес заманында сирек кездесетiн жағдай – талантты жерлесiмiз Италияның Милан қаласына барып, әлемге әйгiлi шеберлерден опера өнерiн үйренуге мүмкiндiк алды. Сөйтiп, кезiнде бақташы болып, өнер өлкесiнде аса танылмай, ашылмай жүрген жамбылдық жас жiгiт даңғыл жолға түстi. Өйткенi   ол – шын талант едi. Оның даусын естiгендер сол кезде-ақ бас шайқап, сүйсiнiс бiлдiретiн. Бiз оны қалай таптық? Жазғы демалысымызда елiмiздiң әр өңiрлерiне барып, кездесулер өткiзiп жүрдiк дедiм ғой жоғарыда. Кездесулерден кейiн үнемi жиылған жұртшылыққа концерт берiп отырдық. Өзiмiздiң ансамблiмiз де болды, сонымен қатар концерттерге жергiлiктi жастарды да тартып, ән айтқызып, солардың арасынан дарындарды көруге, тануға тырыстық. Сондай концерттердiң бiрiне Амангелдi Сембин де қатысқан едi. Ол кезде Амангелдi – мектептi жаңа бiтiрген, ауылдың жас тұрғыны. Бiз оның ән шырқағандағы дауысының зор жатқанын жазбай таныдық. Нағыз табиғи талант. Кейiн оның өнерiне баға бергендер «Казахский Карузо» деп айтып жүрдi.

Ұйымның мүшелерi ел аралаған уақытта тек ұлттық өнерiмiздi, мәдениетiмiз бен дәстүрiмiздi ғана насихаттады ма, әлде тағы да басқадай мақсаттарды ұстанды ма?

– Бұл арада сiздiң сұрағыңыздың өзiндiк астары бар екенiн ұғып отырмын. Әрине, бiздiң әрқайсысымыз тарихы терең ұлтымыздың отарлау мен бодандықтың бұғауынан босап шығып, байтақ далада азат та еркiн мемлекет ретiнде салтанат құруын қаладық. Ол – ата-бабамыздан келе жатқан айшықты арман едi. Сол кездегi қатаң тәртiп жария түрде әрекет жасауға мүмкiндiк бермегенi белгiлi. Соған қарамастан, «Жас тұлпар» құрамындағы ынта-ықыласы мол, өмiр ағымына бейiмделген, қалыптасып отырған барлық жағдайды терең де ыждаhатты түсiнiп, түп-тамырына байыппен бойлай алатын қыз-жiгiттер өзара астыртын жұмыстарды жүзеге асыруға талпындық. Бiз Кеңес Одағын «империя» деп атап, тәуелсiз ұлт ретiнде еркiн тыныстап, жалтақсыз тiрлiк кешуiмiзге кедергi келтiрiп отырған сол империяның  құлау жолдарын iздестiрiп, Қазақстанның дербес мемлекет болуын аңсаған көп зерттеу жүргiздiк. Өз басым Мәскеуде оқып жүрген кезiмде Алматыға келiп, ҚазМУ-дегi студенттер кездесуiне қатыстым. Сонда көпшiлiк алдында сөз сөйлеп, «Кеңес Одағы деп жүргенiмiз, ол – бүгiнгi күнi бiрiгiп, сол арқылы одақтас боп тұрған бiртұтас мемлекет емес, таза орыстардың империясы. Большевиктер билiкке келмей тұрып та империя болған, қазiр де солай. Жалпы, тарихтың заңдылығы бойынша империя қайтсе де құлдырау, құлау керек. Бiз бiлемiз, талай жылдар бойы үстемдiк құрған ағылшын, британ, француз, испан, португал, дания империялары ақыр-соңында тас-талқан болып құлады. Ең соңғы қалғаны, ең жыртқыш империя ол – орыс империясы» деген көкейдi үңгiлеген өткiр пiкiрiмдi жеткiзген болатынмын.

Мiне, әлемдегi ең соңғы осы жыртқыш империя түптiң-түбiнде құлауы керек болды. Турасын айтайын,  мен дәл сол кезде оның құлағанын көрем деп үмiттенген жоқпын. Өйткенi ол кезде КСРО өте мықты мемлекет болып тұрды. Одақ құлайды, ыдырайды деп ешкiм де ойлаған жоқ. Кеңестiк сыртқы саясат саласында отыз жылдай қызмет iстедiм ғой, содан аңғарғаным – Одақ халықтар достығын, бiртұтастығын жер жаhанға паш етемiн деп жүрiп өз жұмысында тым асыра сiлтеулерге бой алдырды. Соның салдарынан берекесi кетiп, ұзақ жылдар бойы әлемдi аузына қаратып, билiк құрған бiртұтас мемлекет өзiнен-өзi ыдырауға мәжбүр болды. Сөйтiп, империя құлады. Қала бердi, Кеңес Одағы кезiнде орыс империясы үстемдiк    құрғанын бүгiнгi күнi олардың өздерi де айтып, мойындап отыр.

Ешқашан мызғымастай болып көрiнген сол алып Одақтың ыдырауына, өзiңiз айтқандай, жыртқыш империяның бiр сәтте құлауына себеп болған қандай асыра сiлтеулердi атар едiңiз?

– Оған ендi мысал келтiретiн болсақ, жеткiлiктi ғой. Тәуелсiздiк таңын көремiн деп талпынған ұлттардың әрқайсысы да кеңестiк жүйенiң ыдырауына нақты себептер не болғанын жақсы бiледi. Бұл туралы талай мәрте айтылды да, жазылды да. Тiптi, әлi күнге дейiн түрлi себеп-салдарларды тiзбелеп жүргендер көп. КСРО қай тұстарда асыра сiлтеп жiбердi десек, мынадай мысалдар айтуға болады: сол кезде бiздiң, яғни кеңестiк дипломаттардың бiр арман-мақсаты Үндiстанды, араб елдерiн  орысша сөйлетуге күш сала бастау едi. Қараңызшы, не деген «арман»! Тiптi, ақылға сыймайды. КСРО басшылары «Араб елдерiнде, Африкада Мәскеудi теледидардан орыс тiлiнде көрiп-тыңдасын» деген болымсыз талап та қойды. Ол-ол ма, жоғары жақтың пәрменiмен Куба, Никарагуа арқылы Латын Америкасында және тағы да басқа елдерде орыстандыру саясатын жүргiзудiң жолдарын қарастыра бастадық. Бiреу бiлiп, бiреу бiлмес, мiне, кезiнде осы тектес шектен шыққан бағыттарды мақсат етiп ұстандық. Бұл – КСРО саясатының тым асыра сiлтеп жiбергенiнiң бiрер мысалы ғана.

Шет мемлекеттердi орыстандыру саясатының шеңгелiне түсiрудiң сиқы мұндай болғанда, Кеңес Одағының өз iшiндегi жағдай қалай өрбiдi?

– Сөз жоқ, өз iшiмiзде орыстандыру саясаты шет елдерге қарағанда ашықтау және пәрмендi түрде белең алды. Ойластырылған әрбiр мақсат түпкi нәтижеге жетiп отырды. Өйткенi, осы саясат төңiрегiнде жылдар ағымымен жинақталған тәжiрибе мол едi және билiктiң де құзыретi аса күштi болды. Өзгенi айтпағанның өзiнде, қазақ жұрты өз ана тiлiнен, дәстүрiнен, рухани құндылықтарынан, тұтастай алғанда,     ұлт ретiндегi өзiндiк бiтiм-болмысынан мүлде қол үзiп кетуге шақ қалды. Соның күйiгiн, мiне, әлi көрiп келемiз. Одақ құрамындағы республикаларды барған сайын орыстандыра түсудiң небiр қитұрқы әрекеттерi орын алғанын барша жұрт бiледi. Мәселен, 1979 жылғы бүкiлодақтық халық санағынан кейiн 1980 жылы «Правда» газетiнде бiр мақала шықты. Онда «Кеңес Одағының әскерiне қауiп төнiп тұр. Ол қандай қауiп? Соңғы санақ көрсеткiштерiне қарасақ, ұлты орыс емес халықтардың саны тез өсiп келе жатыр. Оның iшiнде түркi тiлiнде сөйлейтiн халықтардың саны арта түсуде. Ендi 20-25 жылдан кейiн Кеңес әскерiнiң құрамында орыс офицерлерiнiң салмағы өте төмен болады» деп «алаңдаушылық» бiлдiрiлген. Әрине, түркi тiлдес халықтар деп отырғаны – өзбек, қырғыз, қазақ және тағы басқалары. Мен ол кезде шетелде жүргенмiн. Содан бiр жиында «Неге бiз бұдан қауiптенемiз? Сонда не, түркi тiлдес халықтардың өкiлдерi Кеңес азаматы емес пе? Мiндеттi түрде тек орыс халқы өкiлдерiнiң салмағы басым болуы керек пе? Бiздiң әрқайсысымыз да жалғыз ғана ұлтты емес, көптеген ұлттарды бiрiктiрiп отырған КСРО-ның құрамындағы халықтармыз, соның толыққанды мүшесiмiз ғой. Сондықтан әлдебiр секем алып, қауiптенуге еш негiз жоқ», – деп мәселенi тiкесiнен қойдым.  Әбден шектен шығып, өзеуреген «Правда» газетi осылайша түпкi пиғылды айдай әлемге жайып салды. Одақ құрамындағы ұлттарды бодандықтың бұғауынан шығармауды маңсұқ еткен әрекеттер туралы мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады.

Елiмiз дербестiк алғалы берi «Қазақстанда жүргiзiлген тың игеру науқаны да, бiр есептен, орыстандыру саясатын көздеп ұйымдастырылды» деген пiкiрлер ашық айтыла бастады. Сiздiңше, осындай пiкiрлердiң қаншалықты қисыны бар?

– «Теңгенiң екi жағы бар» дегендей, тың игеру науқанының да өзара қайшы жақтары болғанын жасыра алмаймыз. Дәл осы науқан басталғалы берi қазақ ұлты өзiнiң көп нәрсесiнен айрылды, өзiне ғана тән құндылықтарды ұмыта бастады. Мұның үстiне билiк басындағылар да қамбаны алтын дәнге толтырумен қатар, Қазақстанды орыстандыру саясатын бұрынғыдан да бетер белсендi жүргiздi. Бұл туралы айтқанда, мына бiр жайға көңiл аудармауға болмайды. Қазақстандағы тың жерлердi игеруге барша жұртшылық жұмыла кiрiскен елуiншi жылдары Кеңес үкiметi, компартиясы, кәсiподақ комитетi бiрiгiп арнайы қаулы шығарған. Онда: «Қазақстанның тың өлкесiн игеруге баратын Кеңес Одағының азаматтарына төмендегiдей жағдай жасалсын: он жылға өсiмақысыз несие берiлсiн; егер колхоз-совхоздарда iстеп жатқан шаруалар тың өлкесiне баратын болып, бiрақ олар өз колхоз-совхоздарына борышты  болса, ол борыш жойылсын; егер Қазақстанға бара жатқанда шаруалар өздерiнiң сиыр, шошқа, тауықтарын ала кетемiн десе, мемлекет есебiнен тегiн апарылсын, ал егер малын Қазақстанға апармай, қалдырып кетемiн десе, арнайы анықтама алсын, Қазақстанға барғанда сол анықтама бойынша Қазақ КСР-нiң үкiметi оларға сол мөлшерде сиыр, тауық, шошқа берсiн; тың өлкесiне барғандар ең бiрiншi кезекте баспанамен немесе соған қажеттi құрылыс материалдарымен жабдықталсын» делiнген. Қазақстанға жер-жерден ағылып келген жұмысшыларға осы тектес көптеген жеңiлдiктер қарастыруды мiндеттеген 10-15 беттiк қаулының соңында «Аталған барлық шарттар мен жеңiлдiктер Қазақстанды мекендеп отырған жергiлiктi ұлттың өзге өңiрлерде тұратын өкiлдерiне қолданылмасын» дептi. Қаулы мазмұнының ұзын-ырғасы осындай. Мен осыны қазақтың талантты ұлы, жазушы Әнуар Әлiмжановқа апарып көрсетiп: «Мiне, Әбеке, сiз өзара пiкiрлескенде «интернационализм, орыстар бiздiң көзiмiздi ашты, өйттi-бүйттi» деп таласушы едiңiз. Қараңыз, мынада не жазылғанын. Ресейде немесе КСРО-ның басқа да республикаларында тұрып жатқан қазақтар неге осы қаулыда айтылғандай шарттармен Қазақстанға келе алмайды? Олар не, Кеңес Одағының азаматтары емес пе? Өзгелерге қолданылған жеңiлдiктерге қазақтар ие болмауы керек пе? Бұл – Қазақстанда қазақ ұлтының көптеп шоғарланып, топтасуына Мәскеу мүдделi емес деген сөз», – дедiм. Шынымен де, Мәскеу Қазақстандағы қазақтарды неғұрлым ыдыратып, неғұрлым басып  ұстаса, соғұрлы өз мүддесiнiң жақсара түсетiнiн айқын сездi. Солай әрекет еттi. Кейiн осы мәселенi Әнуар Әлiмжанов көтердi. Ол кiсiнiң абырой-беделi зор және Д.Неру атындағы сыйлықтың иегерi болатын. Тiптi, сол кезде, яғни 1964 жылы Лениндiк сыйлыққа ұсынылған үмiткерлердiң бiрi болды. Ал, оны Мәскеу бекiтетiн. Содан, жаңағы мәселенi көтергенi үшiн Ә.Әлiмжановтың есiмi iле Лениндiк сыйлыққа ұсынылған үмiткерлер қатарынан алынып тасталды.

Мiне, бiз үнемi осындай мәселелердi өзара талқылап, тосқауыл жасаудың қамын қарастырып жүрдiк. Бiрақ, мұндай әңгiмелердi кез келген жерде қозғай беруден аулақ болдық. Түсiнетiн ортада ғана айтуға тырыстық. Соның арқасында «ұлтшылдық» немесе басқа да анау-мынау мәселелерден аман-есен құтылып жүрдiк.

Дегенмен, сол уақыттарда «Жас тұлпар» ұйымы, оның мүшелерi туралы жұртшылық арасында әр түрлi алып-қашты әңгiмелер, қисынсыз пiкiрлер көп болғандығы кейiнгi кездерi ғана естiлiп жатыр ғой…

– Ұйым әрекет ете бастағаннан берi ондай алып-қашты әңгiмелер, мен тiптi, оны аңыздар деймiн, көп таралып жатты. «Мұрат Әуезовтi алып кетiптi, Болатхан Тайжановты институттан шығарып жiберiптi» деген қауесеттердi өзiмiз де көп естiдiк. Бiр рет өзiм қатысып отырған бiр ортада  менi жыға танымайтын болуы керек, бiр адам: «Мұрат Әуезов Сiбiрде отыр екен, ал Болатхан Тайжановты «Матросская тишинаға» (Мәскеудегi атақты түрме) отырғызып қойыпты, байғұстар-ай» деп қалды. Сонда мен: «Болатхан Тайжанов «Матросская тишинада» емес, қарсы алдыңызда отыр. Ол – мен» дедiм. Әлгi адам нанбады. «Жоқ, бiз Тайжановты жақсы танимыз, сондықтан бұл туралы анық бiлемiз» деп күш бермейдi.

Егер турасын айтсам, бiздiң арамыздан, яғни «Жас тұлпар» мүшелерiнен бiрде бiр адам түрмеге отырған емес, ешқайсысы да жауапқа тартылған жоқ. Әрине, тиiстi органдар бiздермен әңгiмелер жүргiздi, әрненi сұрастырып, жай ғана түсiнiк алды. Бiрақ, одан басқа ешқандай әрекет жасалған емес. Алайда, бiз түбiнде осындай тексерiстер болатынын алдын ала болжап, соған орай қам-қарекет те жасадық. Мен ұйым мүшелерiне «қай жерге барсаңдар да, қайтарда аудандық, облыстық партия және комсомол комитеттерiнен өздерiң ұйымдастыратын концерт пен лекция қалай өткенi туралы пiкiр жаздырып, мөрiн бастырып алыңдар» деп, қатаң түрде шарт қойдым. Бұған қоса, «өздерiң баратын өңiрдегi жергiлiктi жастар газеттерiне Қазақстан туралы бола ма, сонда барған топ туралы ма немесе өздерiң оқып жатқан оқу орны туралы ма, әйтеуiр кем дегенде бiр мақала беруге тиiссiңдер» деп тапсырдым, яғни баспа жүзiне шыққан материал болу қажеттiгiн жүктедiм. Осы шарттардың бұлжымауын үнемi қадағалап отырдық. Сонымен қатар, бiздiң қолымызда Кеңес армиясы саяси басқармасының да пiкiрi болды. Ол басқарма – саясаттың нағыз қайнаған ортасы едi. Солар бiзге мықтап тұрып пiкiр жазып бердi. Онда: «Бұл жiгiттер – нағыз интернационалистер, Мәскеуде оқып жүрген қазақ халқының көзi ашық, көкiрегi ояу болашақ интеллегенттерi» деп жазылып, басқарманың мөрi қойылған. Бүкiлодақтық комсомол ұйымы тарапынан бiрнеше мәрте грамоталар алдық. Бүкiлодақтық кәсiподақ ұйымының кеңесi жыл сайын бiзге жолдамалар берiп отырды. Бiз көбiнесе сол ұйымның қаржысымен жүрiп тұрдық. Мәскеу қалалық партия комитетiнен, бүкiлодақтық комсомол ұйымынан алған құрмет грамоталарымыз қалың болды. Мұны айтып отырғаным – әлдебiр секем алып, тексергiсi келгендерге осыларды апарып: «Бiздiң ұйымның жүргiзiп отырған жұмыстары осындай бағаға ие» деп, бәрiн жайып салып, көрсететiнбiз. Кезiнде «Евровидение» деген телеарна жұмыс iстедi. Осы арнадан шығу Кеңес Одағы Батыры немесе Халық әртiсi атағын алумен тең болатын. Оған әбден тексерiп барып қана босатады. Осы арнада «Жас тұлпар» ұйымы 40 минут көрсетiлдi. Қазақстан туралы сөйлеп, соңында концерт бердiк. Диктор бiзге: «Мына концерттерiңде бiрде бiр орыс әнi жоқ қой» деп ренiш бiлдiрдi. Сонда Жамбыл Баспаев (қазiр консерваторияның профессоры) пен Сара Тыныштығұлова екеуi: «Өкiнiшке қарай, бiздiң репертуарымызда қазақ халқының әндерi мен күйлерiнен басқа нөмiрлер жоқ» деп тұрып алды. Сөйтiп, бiз әйгiлi арнадан тек қазақша әндер мен күйлердi орындап шықтық. Телеарнадан да жазбаша пiкiр алдық. Осындай пiкiрлердiң бiзге көп көмегi тидi. Тағы да айтамын, бiздiң мүшелердiң арасында жазаға тартылғандар, түрмеге түскендер мүлде болған емес. Ондай әңгiмелер – өздерiн «Жас тұлпардың» белсендiсi ретiнде көрсеткiсi келген, азап шектiм деп мүсiркеу күткен бiреулердiң ойлап шығарған лақаптары. Әйтпесе, Мұрат екеумiз тiрiмiз ғой осы күнге дейiн, бәрiн бес саусақтай бiлемiз. Оның үстiне, студенттердiң iшiнде ең саяси бiлiм алып жатқан мен болдым. Халықаралық қарым-қатынастар  институтында оқыдым. Жаза қолданса, ұйымның басшысы ретiнде ең алдымен маған қолданар едi ғой. Бiздi айыптағысы келгендердiң қолдарында ешқандай дәлелдi деректерi болған жоқ. Жоғарыда бейсенбiлiк басқосулар туралы айтып өттiм ғой, соған аузын бағып сөйлемейтiн, бос, мақтаншақ жастарды жолатпадық. Қатысқандарымыз да тiс жарып ешкiмге айтпадық. Көп адам оны қазiрге дейiн де бiлмейдi.

Шыны керек, Қазақстанда қазақтардың басым көпшiлiгi «Жас тұлпарға» үлкен үмiт артты. Олар «Мәскеудегi қазақ жастары мықты ұйым құрып, белсене көзге түсiп жатыр» деп сүйсiнсе, Мәскеудегiлер секем алғандай әжептәуiр дүрлiктi. Айтты-айтпады, Кеңес Одағы көлемiнде бiзден басқа ондай үлкен ұйым әрекет еткен жоқ. Нақтырақ айтсам, комсомолдан тыс ұйым бiзден өзге бiрде бiр ұлттың өкiлдерiнде болған емес. Әрине, бiз ұйым туралы талай-талай қауесеттердi де, түрлi пiкiрлердi де естiдiк. Тiптi, жуырда «31 телеарнада» менен сұхбат алған болатын. Сонда менi «Кеңес заманынан берi келе жатқан «Жас тұлпардың» басшысы болған ескi диссидент» деп атады. Бiрақ, мен өз-өзiмдi диссидентпiн деп атамаймын. Бiз бұл ұйымды өзiмiздiң ұлтымыз үшiн, соның абырой-беделiн, болашағын, рухани дамуын ойлап құрдық. «Жас тұлпардың» жұмысының маңызы зор болғанын ешкiм де жоққа шығара алмайды.

Сiздер Мәскеуде жүрiп құрған ұйымға қазақстандықтар тарапынан қолдау, көмек жасалды ма? Мысалы, Қазақстанның билiк басындағы тұлғалары сiздердiң әрекеттерiңiзге қандай көзқараспен қарады?

 – Бiздiң жұмысымызды, әрекетiмiздi бәрi де құптады, әрi iсiмiзге қолдау да жасады. Айта кетерлiгi, қоғамдық-саяси жұмыстардан өзге, бiздер Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастарының әлеуметтiк жағдайларына да қамқорлық жасадық. Мысалы, ауылдық жерден барып, бiлiм алып жүрген, отбасылық тұрмысы әлсiз студенттерге оқу қиынға соқты. Стипендия жетпейдi, кейбiреулерi ауыл мектебiн қазақша бiтiрiп келген, орысша дұрыс бiлмейдi. Орысша оқу қиын болды. Осыны ескере келе, бiздiң ұйымның орталық кеңесi арнайы шешiм шығарды. Онда бiз жоғары курстарда оқып жүрген аға-апаларымызға өтiнiп, бiрiншi курста оқитын, қосымша ақыл-кеңестердi қажет ететiн студенттерге әр саладан, атап айтсам, химия, физика, математика және тағы да басқа салалар бойынша үйiрмелер ұйымдастырдық. Осылайша, қосымша көмекке зәру жас студенттер үшiн ақыл-кеңестер алуға жол ашылды. Бiрақ, оған әркiм өз ынтасымен келiп қатысты. Соның нәтижесiнде бiр жылдың iшiнде Мәскеуден оқи алмай, қиыншылыққа төзбей кетiп жатқан қазақ студенттерiнiң саны екi есеге қысқарды.

Мәскеуде одақтас республикалардан шыққан кiтаптарды сататын арнайы дүкен болды. Бiз аталмыш дүкеннiң басшыларымен келiсiп,  қазақ тiлiнде шыққан әдеби-көркем және ғылыми кiтаптарды алып келiп, өзiмiз өткiзетiн кештерде сатып жүрдiк. Бұл үшiн үстеме ақша алынған жоқ.

Қаражат жағынан таршылық көрiп жүрген студенттердiң жағдайын шешу үшiн, кеңес мүшелерi бiрiгiп, Қазақстан мемлекетi басшылығындағы Д.Қонаевқа хат жаздық. Сонан соң, ол кiсi Мәскеуге жұмыс бабымен келгенде арнайы кездесiп, осы мәселелердi айттық. Тiптi, кейбiр студенттердiң аяқ киiмдерi жыртық, киiм-кешегi жұпыны екенiн, күннiң ызғарлылығынан көпшiлiгi суық тиiп ауырып жүретiнiн де жеткiздiк. Бiздiң мәселемiздi тыңдай келе, Димаш Ахметұлы өз атынан «Жас      тұлпар» ұйымына үш мың сомнан берiп отырды. Ол кезде үш мың сом дегенiңiз әжептәуiр үлкен қаржы. Соны бiз мұқтаж студенттерге айына бiр рет он сомнан бөлiп отырдық. Әрине, бәрiне бiрдей емес, ақша сұрап арыз берген студенттердiң арыздарын қарап, жағдайларын ескерiп бердiк. Арыз көп түсетiн. Ең алдымен арыздар шағын кеңестерде қаралады. Өйткенi, әр кеңес өз маңатындағы студенттердiң жағдайын жақсы бiледi ғой. Бiрiн-бiрi жақсы бiлетiндiктен, арыз берушiлердiң кейбiреулерiне «Сен ақшаны сыраға, арақ-шарапқа жұмсайсың, сондықтан саған ақша жоқ» деп,  беруден бас тартады. Шағын кеңестер орталық кеңеске өздерi әбден екшеген арыздарды жiбередi. Сосын бiз қарап, соңғы шешiмдi шығарамыз. Бәрi заңды болу үшiн мен мынадай тәртiп енгiздiм: арыз бергендердiң мәселесiн дауысқа салып қараймыз, ортақ келiсiмге келген соң, мен арызға бұрыштама қойып отырдым. Сол бұрыштама бойынша арыз берушi ақшаны есепшiден барып, қол қойып алады. Тоқетерiн айтсам, «Жас тұлпардың» әрбiр әрекетi, әрбiр қимылы осындай тәртiптермен жүзеге асты. Оған барлық мүшелерi бiрдей  мойынсұнды.

Ендiгi сауалымды жеке өмiрiңiзге бағыттап қойсам деймiн. Сiз Ислам дiнi тереңдей дамып, қанатын кеңге жайған араб елдерiнде талай жыл қызмет еттiңiз ғой, күнделiктi өмiрiңiзде дiн жолын ұстанасыз ба?

– Мен дүниежүзi мұсылмандары үшiн аса қасиеттi саналатын Мекке-Мединеде алты мәрте болдым. Тәу еттiм, Ислам дiнiнiң құдiреттiлiгiне қаныға түстiм. Мұсылман қауымының әлемге әйгiлi көптеген қасиеттi жерлерiне, сондай-ақ, екi рет Иерусалимдегi атақты Әл-Ақса мешiтiне аяқ бастым. Осыған қарамастан, мен өзiмдi қажымын немесе сондайлық бiр дiни қайраткермiн деп ешқашан санаған емеспiн, санамаймын да. Күнде бес уақыт намазды бұлжытпай оқуға да уақыт бола бермейдi. Дегенмен, бұл – ақталу, сылтау бола алмайтынын да жақсы түсiнемiн. Бiрақ, қай жерде жүрсем де, Алла үйi – мешiтке барып, жұма намазын оқып, аруақтарға Құран бағыштаймын, дұға жасаймын. Осы әдетiмнен тайқып көрген жоқпын. Ал, ендi, өзiмдi мұсылманшылықтың барлық талаптарын дерлiк күн сайын бұлжытпай орындап, қатаң ұстанып жүрген дiншiлмiн деп атай алмаймын.

Сұхбат соңында отбасыңыз туралы бiлгiсi келетiн оқырмандарымызға не айтар едiңiз?

– Тағдыр табыстырған қосағым Айсұлу – медицина ғылымдарының докторы, профессор. Алла берген бiр қыз, бiр ұлымыз бар. Қызым – Үмiт ағылшын, араб тiлдерiн жетiк бiледi. Қазiргi күнi банк жүйесiнде басшылық қызмет атқарады. Ұлым – Мұхтар менiң мамандығым бойынша бiлiм алып, халықаралық экономикалық байланыс саласында iстейдi. Ол қазақ, орыс тiлдерiмен қатар поляк тiлiн де жақсы меңгерген. Олардан төрт немере сүйiп отырмыз.

Болатхан аға, уақыт бөлiп, келелi әңгiме тиегiн ағытқаныңыз үшiн оқырмандар атынан алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан Асыл ӘБIШЕВ.

2004 жыл.

 

 

 

Добавить комментарий