Баянауыл өңірінде, қазіргі Жарылғап ауылы төңірегінде Жанысбай Құттыбайұлы деген дәулетті кісі өмір сүріпті. Бір күні әрі балуан, әрі қу Тәйкелтір Айдарбек Жанысбайдың бір атын сұрап алып, мінеді. Біраз уақыт өткен соң сол ат өліп қалады. Соның төлеуін берейін десе, Айдарбектің малы жоқ екен. Бірде Жанысбай бір жақтан жолаушылап келе жатып, Айдарбектікіне түсіпті. Үй иісі байды құрметтеп, төрге шығарады. Екеуі әңгімелесіп отырады. Әңгіме арасында Жанысбай үй ішіне көз қыдыртады. Пешке сүйеулі тұрған балта, пышақ қайрайтын шарықтасты көреді. Оны қолына ұстап, аударып-төңкеріп бір-аз қараған Жанысбай:

– Әй, Айдарбек, мына шарығың бір аттық екен, – дейді. Сол кезде Айдарбек:

– Байеке, бұл шарықтың бағасын өзіңіз айттыңыз, – деп қуақылана күліп, қуанып кетеді. – Мен сізге бір ат борышты едім, мына шарықты алып, бітісейік, – дейді. Жанысбай оның айтқанына келісіп, шарықты алыпты. Осылайша Айдарбек ат төлеуінен құтылып кетіпті.

Бұл әңгімені әркімдер естіп, Жанысбайдың баласы Ақбесікке: «Әкеңді, Айдарбек қу келемеж етіп, бір көк тасты атының төлеуіне беріпті» деп күліседі екен. Бұған намыстанған Ақбесік әкесінен мән-жайды сұрағанда, ол шындығын айтыпты…

Осы әңгімені мен өлкетанушы Ернар Кейкиннің «Жарылғап ауылының тарихи топонимикасы» деген кітабынан оқыдым.

Бұл Айдарбек – Жұмат Шаниннің «Айдарбек» деген екі перделі, үш көріністі комедиясының бас кейіпкері.

Ендігі сөз – «Айдарбек» туралы. Автор осы пьесаны 1927 жылы, қазіргі М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында қойған. «Айдарбек» және «Торсықбай» комедиялары біріктіріліп, 1928 жылы Қызылорда қаласында жеке кітапша түрінде басылып шыққан.

Қазақстанның халық жазушысы Әбділдә Тәжібаев аталған кітап туралы жазылған «Торсықбай» мен «Айдарбек» деген мақаласында былай дейді: «…Біздің драматургиямыздағы комедия саласы да, ең алдымен, халық әдебиетінің негізінде туды. Батыс және орыс классиктерінің комедиялық өнерін зерттеп, олармен терең танысқан қазақ жазушылары халық күлдіргілерін қалай пайдалануды бірден-ақ дұрыс аңғарды… Қулар әңгімесін алғашқы пайдаланған, жас театрларымызға шағын комедия жазып берген жазушыларымыздың бірі – Жұмат Шанин…».

Мақалада ақын «Айдарбекті» «Шағын комедия» деп атауының себебін «Бұл – шығармалардың көркемдік жағынан әлсіздігі, әйтпесе, сахналық өнерінің жұтап жатқандығы емес, тек көлем жағынан қысқалығы…» деп түсіндіреді.

Пьесада Айдарбек Бақтыбала кемпірдің 19 жасар қызы Дәметкенді алып қашуға келген жігіттерді алдап соғады.

Даладан дүбірлеген дауыс, терезені қағады. Үйдегілер үрпейісіп сасып қалады. Дауыстар: «Есігіңді аш! Есігіңді аш! Ашпасаң, терезеңді сындырып кіреміз!» деп байбалам салады. Бақтыбала кемпір шырылдап: «Ойбай қарақтарым, мынау біздің құдалар, қарақтарым, бір амалын табыңдар!» дейді. Қыз жылап Жамал жеңгесінің құшағына кіреді. Сол сәтте Айдарбек: «Қарындасым, бері кел! Қамзолыңды шеш!» – деп қыздың киімін кемпірге, кемпірдің киімін қызға кигізеді. Содан кейін: «Сен кемпір болып жөтеліп, төсекте жат», – дейді. Ал Бақтыбала кемпірге: «Сен мына Жамалдың алды-артына тығылып, бет-аузыңды бүркеп, жылай бер. Жөнелгенде тырысып жылаған бол», – дейді.

Ары қарай пьесаға үңілейік:

«…Көп дауыс: Аш! Сындыр есікті! Тиер! Теп, уат! Қират!

Айдарбек: Мен – Айдарбек, кіре алмайсыңдар! (Айдарбек жеңілген бола береді. Сырттағылар үйге кіреді. Айдарбекті, жабылып жартысы байлап жатады)

ІІ жігіт: Қыз қайда?

І жігіт: Ойбай, әне. Ұмтыл! (Күйеу кіріп келеді)

Күйеу: Қыз қайда?

І-ІІ жігіт: Міне, міне, ұста! (Күйеу ұмтылып, қызды ұстай алады)

І жігіт: Өлсең де, айырылма. Немең қолыңа тиді.

Дәметкен (кемпір болып жатып): Қарақтарым-ау. Бұларың не? Қолымыздан беретін едік қой? Масқара қылғандарың не?

І жігіт: Үндеме, құдағи! Жұмыс бітті (Айдарбеті боқжамамен, киізбен бастырып, қызды алып шығып кетеді). Жат солай! Аузың аппақ болып.

Айдарбек: Сендердің ауыздарың да жетісті. Құрамай қаптырмадым ба? Бәлем!…»

Дәмелі күйеуге қыз орына кемпірді салып берген Айдарбектің қулығы күлкіге қарық қылады. Мазаққа батырады. Енді есер де аңғал күйеудің қыз маңына жолауға дәті шыдар ма?! Ары жіберер ме?! Осылай Айдарбек қызды сүймеген жігітінен құтқарады.

Әбділдә Тәжібаев Айдарбек оқиғасын көптеп айтылатын, ел қызығып тыңдайтын оқиғалардың біріне балайды. Ондағы қулық жасайтын Айдарбек әрекетін қиянатқа қарсы айлакерлік жасауға байланысты; адам теңдігі – әйел правосы үшін күрестің айқын бір көрінісі ретінде бағалайды. Сонымен бірге, ақын шығарманың көркемдігіне қатысты да пікір білдіреді:

«…пьесада ауыл өмірінің шындық қалпы жақсы көрінеді. Күлдіргіге лайық тіл материалы да жеткілікті. Кейбір трагедияға жай болмыстарды, соған қажетті элементтерді күлкіні қоюлату үшін өте қызықты пайдаланған… Бұны біз жазушының тапқырлықпен істеген жұмысы деп білуіміз керек», – дейді.

Мысалы, «Қыз-кемпірді» алып қашып келгенде әйелдердің кәде орамалына таласқандағы сөздері: І келіншек: «Осы кәрі кемпірлерге ұйқысынан қалып, не бар екен?», – деп, кәрілердің қарасын көргеннен қызғанып жатса, тағы бір әйел: «Тәйт, әрі… Сенен-ақ жол артылмайды екен. Кеше емес пе еді, көзжақсымның көрпе қимылдатарын алғаның?!», – деп дауласады. Осыны көрген жігіттердің де «Бір қатын базар, екі қатын жәірмеңке, үш қатын ми сілкітер, төрт қатын үй сілкітер, бес қатынның басы қосылса, қиямт-қайым болып, дүние қозғалып, зіл-зала болады деген», – дейді күліп.

Келіншектердің де арасындағы өздеріне жарасып тұратын, еш кексіз, еш зілсіз қақтығыстары мен жеңге-қайын арасындағы жарастықты әзіл-қалжың қазақтың қай-қай ауылына тән емес пе? Ауыл адамдарының бір-бірін қалжыңмен қағытып, тұқыртып жататынын талай көрдік, көрдіңіз. Көрші-қолаңның теріс әрекетін, оғаш қылығын, бұрыс жүрісін тағы басқа да сықпыт-сипаттарын келмеж етіп, жарияға жар сала ат қойып, айдар тағатын да ауылдастар емес пе?!

Қазақы әзіл-қалжыңның қаскін-келбетіне айналған Алдар көсе, Қожанасыр образдары, ел ішіндегі айтқыштар – бізге мәлім Арқадағы жынды Ысқақ, Жынды Әбен, Маңғыстаудағы Қошанай, Баянауылдағы Айдарбек қулардың сөздері де іс-әркеттері да әзілдің құнарлылығының, оның қандай күш екендігін айғақтай түседі.

Жұмат Шанин өмірі мен шығармашылығын зерттеуші академик Рымғали Нұрғалиев: «…Халық өміріндегі жоталы тартыстар, белді оқиғалар өнер туындыларында сан алуан жолмен бейнеленеді. Бір төңіректе көптеген жазушылардың қалам тартуы – әдебиет өрісін тарылтпайды, қайта мәселені жан-жақты, әр қырынан, әр жанрда көтеру бағалы олжа болмақ. Жұматтың «Айдарбек» пьесасының да материалы ХХ ғасыр басында қазақ суреткерлері ең көп қозғаған әңгіме әйел теңдігі мәселесі. Бірақ драматург тақырыпқа бұрынғы таптаурынмен келмеген.

…Қазақтың халықтық мінезінің ерекшелігін көрсеткенде конақжайлығынан кейін әзілқойлығы, тілмарлығы айтылса керек. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген мақалда дарқан кеңдік жатыр. Жеңге мен қайын, жезде мен балдыз, жиен мен нағашы, құрдас пен құрдас арасындағы кісіні бауыздамай өлтіретін ащы қалжың – еліміздің тамыры суалмайтын қасиетті дәстүрінің бірі… Осы ежелгі салтты драматург пьесаға ендірген…», – деп жазады.

Айдарбектің тапқырлығы, айтқыштығы, әзілқойлығы қазақ халқының табиғатынан, болмысынан, мінезінен нәр алып, тамыр тартып жатыр. Сол себепті «Айдарбекте», жалпы Жұмат Шанин тілінде, қазақтың ұлттық табиғатын сипаттау, оның өміріне, салтына, әдет-ғұрпына лайық күлкі бар.

Қадірлі, оқырман, сіздер Айдарбек қуға, жалпы қазақы қағытпа қалжыңның шеберлеріне қатысты қандай әңгімелерге қанықсыздар? Бөлісе отырыңыздар?

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий