Полиция бөлімінің бастығы үлкен жұдырығымен столды қойып қалды. Жай күндері алдындағы компьютері бір жыпылық ететін де қоятын. Бүгінгі жұдырықтың екпіні тым қатты болды. Бастық алдында телміріп тұрған монитор мүлде сөніп қалды. Оған қараған бастық жоқ.
– Бұл не деген масқара?! «Мен машина ұрлаймын» деп қаланың бар аялдамасына іліп, қылмысын ашық жариялап жүрген кім? Сендер осылай ұрлық жасасам да ұстай алмайсың дегені ғой. Ай бойы үй көрмей кетсеңдер де бұл сұмпайдың әрекет жасауына жол бермеңдер, ұстаңдар, – деді онсыз да әзер сыйып жүрген кителінің түймесін үзіп жіберердей ашудан қыстығып. Содан не керек бөлімнің бүкіл қызметкері жұмыла кірісіп, машина ұрлауға әрекеттенген он қылмыскерді ұстады. Біреуі ең қымбат деген S-класстағы «Мерседес-222» машинасын ұрлауға дайындалған екен. Бір күн емес, бір ай емес. Тура бір жылдан артық уақыт әзірленіпті. Нысанаға алған көліктің есігін ашып, от алдыру үшін сонау неміс еліндегі кәсіпорынға барып, қыруар ақша төлеп кілт жасатыпты. Ұрлайтын уақытын, орнын әбден есептеп, бар ұсақ-түйегін пысықтап алған. Бірақ, қаладағы қымбат деген машинаға қызығатындардың көп екендігін, қолынан келгендер ұрлауға тырысатынын полиция қызметкерлері алдын-ала ойлап, бақылау қойғанын қайдан білсін. Ұры өзі белгілеген уақытта түнгі клубтың алдына келді. Көздеген машинасы тұр. Иесі клуб ішінде. Оның таңға жуықтаған кезде бір-ақ шығатынын да біліп алған. Не керек, бәрі ойлағандай болғанын көріп, қалтасынан жалтыраған кілтті машинаға жақындата беріп еді, қай жақтан сап ете қалғанын, үш полиция қызметкері шыға келіп, жабыса кетті. Тіпті қолындағы кілтті лақтырып жіберуге де үлгермеді. Полиция машина иесін кепілдікке алып, ұрының кілтімен машинаны ашты, от алдырып көрді. Гүр ете түсті. Жалпы қымбат «Мерседестің» бір ғана кілті болады. Оның екіншісін тек машина шығаратын кәсіпорынға тапсырыс беріп ғана жасатуға болатынын жұрттың бәрі білетін болып шықты. Не керек, бұлтарар тұс қалмады.
– Тым қатты әзірленгеніңе қарағанда «Мен машина ұрлаймын» деп әйгілеп жазып жүрген сен болдың ғой. Полицияны қара жерге отырғызып кетемін деп едің, болмады ғой, ә…
– Мен ондай жазу жазған жоқпын.
– Шыныңды айт.
– Имандай шыным…
Ертеңінде бөлім қызметкерлері қала сыртындағы гараждан машина ұрлауға шыққан топты ұстады. Таңертеңгі төрттің шамасы. Бүкіл қала қалың ұйқыда. Көшеде ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатты шаршағандықтан тым болмағанда бір үйдің бұрышына сүйеніп қалғып алсақ деп армандап келе жатқан. Осылай армандарына жете алмай әбіржіп тұрғанда қарсы көшеден бір автокранның, оның соңынан бір жеңіл машинаның кетіп бара жатқанын байқады. Алыстан аңдып, білдіртпей соңына түскен. Босқа күмәнданбапты. Әлгілер қала сыртында тұрған темір гаражды көтеріп, біреулері гаражда тұрған машинаны ашып, от алдыруға отыра бергенде полиция қызметкерлері сап ете қалды. Не керек бұлтарар тұс қалмады.
– Ал енді айтар дауларың жоқ шығар. Енді бір істі мойындаңдар. «Мен машина ұрлаймын» деп бізді сынға алып жүрген сендер болдыңдар ғой.
– Жоқ.
– Шын ба?
– Шешемнің атынан ант етейін, – деді.
Таулықтар екен. Содан не керек, «Мен машина ұрлаймын» деп жазған адам табылмады. Бөлімдегілер әбден қалжырап, құр сүлделері сүйретіліп жүргенде біреу Москвадан телефон соқты. «Біз «Мен машина ұрлаймын» деп жазып жүрген адамды таптық. Ертең біздің жігіттер бөлімге әкеліп тапсырады, әбден титықтарыңа тиіп жүрді ғой, пісіріп жеңдер» деді. Айтқанындай ертеңінде сіріңкенің шиіндей жұқа біреуді алып келді.
– Так, сонымен мына жазуды жазған сен болдың ғой.
– Иә, мен.
– Машина ұрладың ба?
– Жоқ.
– Енді не?
– Анау қымбат машиналарды ұрласа арамдықпен байығандар ұрлайды. Біз болсақ ондай көлікті армандай да алмаймыз. Солармен бір күресейін деп жазғанмын. Осы жазуды көріп, сендердің ашуға мінетіндеріңді білдім. Қатты ашуланғаннан кейін машина ұрлауға тырысқан кімді болсын көзден таса қалдырмайтындарыңа сендім.
Полиция қызметкерлері ойланып қалды. Бір айдың ішінде бөлім ондаған қылмысты ашып, облысқа танымал болып қалған. Мақтауға да ілікті.
– Енді не істейміз?
– Біраз уақытқа болса да мені қамауға алыңдар. Болмаса кеше тауып алған мафия мені оңдырмасы анық.
Ғалымбек ЖҰМАТОВ.