Рамазан ДӘУРЕНБЕКҰЛЫ
2004 жылдың 15 қазанында Павлодар қаласында дүниеге келген. Облыстық, республкиалық мүшәйралар мен айтыстардың жүлдегері. Қазіргі таңда Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің 3-курс студенті
Суперсовременный әкім
Қала тұрғындары жаңа әкім тағайындалатынын естігенде аса мән берген жоқ. Әр келген әкім алғашқы үш айда үлкен уәде береді, ал кейін үнсіз кетеді. Бірақ бұл жолғысы ерекше болып шықты.
Жаңа әкімнің аты-жөні – Кибербай Жаңашылов. Атына заты сай екен: тағайындалған күннің ертесінде-ақ қала әкімдігінің алдындағы үлкен лэд-экранда оның виртуалды бейнесі пайда болды.
– Құрметті қала тұрғындары!, – деді экрандағы бейне. – Мен – жасанды интеллекттің көмегімен жұмыс істейтін суперсовременный әкіммін! Енді қағазбастылық жойылады, кез келген сұрақты маған тікелей чат-бот арқылы қоюға болады!
Бір күнде қалада бәрі өзгеріп сала берді.
1. Смарт-тротуарлар пайда болды: жаяу жүргінші жолымен жүргендер әрбір 100 метр сайын телефондарын қуаттай алатын. Бірақ батареяны тек әкімнің парақшасына лайк басқандарға ғана беретін етіп бағдарламаланған.
2. Цифрлық арыз-шағымдар жүйесі іске қосылды: тұрғындар кез келген мәселені онлайн жаза алатын. Бірақ жүйе шағымдардың 90%-ын «сіздің мәселеңіз субъективті сезімдерге негізделген» деп қабылдамай тастайтын.
3. Жол кептелісін жоятын алгоритмдер енгізілді. Бірақ бір айдан кейін анықталғандай, жүйе кептелісті проблемалық көшелерді картадан жойып қана шешіпті. Яғни, кейбір көшелер жай ғана бағдарламада жоқ болып шықты.
4. Жасыл технологиялар дамыды: әр үйге тегін смарт-гүлдер таратылды. Гүлдер адамның көңіл-күйін сезіп, жағымды сөздер айтатын еді. Бірақ, егер үй иесі салық төлемесе, гүлдер қурап, ренжіп, «сіз әділетсіз жансыз» деп хабарлама жіберетін.
5. Суперсовременный әкімнің басты мақтанышы – e-Селфи қосымшасы болды. Әкіммен онлайн суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктегендерге қоғамдық көлікте бір рет тегін жүруге мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, қала тұрғындары әкіммен суретке түсуден жарыс жасап, барлық автобус аялдамалары «селфи зоналарға» айналып кетті.
Бір күні әкімдіктің ғимаратына бір ақсақал келді. Ол қағазға жазылған арызын әкімге бермекші болды.
– Кешіріңіз, ата, бірақ біздің әкім қағазбастылықты жойған!, – деді қызметкер. – Сіз арызыңызды QR-код арқылы жібере аласыз!
– QR деген не, шырағым?
– Бұл – жаңа технология!
– Ал балам, менің арызымда жаңа технологияға қатысты…
– Иә?
– Қалада неге бірде-бір ағаш жоқ? Бәрі экран мен QR-код болды ғой!
Осы сәтте әкімнің голограммасы жарқ етіп, пайда болды:
– Құрметті ақсақал, жасыл желекті көбейту – біздің басты мақсатымыз! Сол үшін сізге виртуалды алма бағы сыйлаймын!
Экранда мыңдаған жасыл ағаш бейнесі пайда болды. Бірақ ақсақал тек басын шайқады.
– Балам, менің жастық шағымда әкімдер адаммен бетпе-бет сөйлесетін…
Осы сөзден кейін жүйе қатеге ұшырап, «Эмоционалды логика табылмады» деген хабарлама шықты. Бірнеше секундтан соң әкімнің голограммасы өшіп қалды.
Сол күні әкімдікте үлкен техникалық ақау орын алып, суперсовременный әкім бұғатталып қалды. Ал қала тұрғындары ескі әкімді сағына бастағанын түсінді. Қағазбастылық болғанмен, тым болмаса, тірі адаммен сөйлесуге болатын еді…
Рамазан ДӘУРЕНБЕКҰЛЫ.