(Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің фельетон қолжазбалар қорынан)

– Бауырларым, түтін түтетейік. Топырағын торқа болғыр әке-шешеміз бізді мұрагер етіп соңында қалдырып кеткенде осы зүгермектеріміз артымызда атымызды атандырып, түтінімізді түтетіп жүрсін деп армандаған сығар-ау.
Сыптығырдай сидаң жігіт бөтегесі томпиған сарыға папирос ұсынып, қораптың түбінен шертіп бір талын алып, өз аузына қыстырып, кеңкілдей күлді. Түтінге ысталған кетік сары тістері арасынан қызыл тілі тышқандай жылтыңдап сөзін бұзып, ысылдап тұр. Бірақ «шешендікке» тіс кемшілігінен кедергі жоқ секілді. Анау жауап беріп үлгергенше және сөйлеп кетті.
– Бәлкім, сылым секпейтін боларсыз. Онда насыбай деген бізде емге табылмайды. – Жымиып сирек тістері сойдақтана тағы да көрінді. Сары да тіс қаққан болса керек.
– Дәл таптыңыз, насыбай салатыным бар… –Жан қалтасына қол жүгіртіп, бір шағын құтыны алып шығып, баппен ашты да алақанға қағып түсірген екі түйірді ерінге қыстыра салды.
Арық жігітке мына сарының қылығы әншейін бір әурешілік, надандықтай көрініп кетті. Біреу қытықтағандай-ақ сықылықтай күліп, күлкісін тия алмады. Кескіні өрттей қызарып, булығып, сөйлемек болғанда түкірігіне шашалып, әлден уақытта тұтатқан шылымын сорып барып, жан шақырды. Папиросты борпылдата сорып, жарылған еріннің бір жағынан андыздап түтін шығып, қою шайырлы ыс өкпеге жыландай еніп, оның түтіктерін қоныстап жатты.
– һіф-ф-фі…
Ұшына тер тамшылары шықтай қонақтаған желбезектері желпең қағып, көк түтін қос тесіктен қосарлана саулады. Сонда барып сида жігіт тілге келді.
– Бауырым, мұның қазақбайский. Кім не демейді. Бірақ сылым тартқан дұрыс қой. Мысалы, екеуіміз осы папиростың арқасында танысып тұрмыз ба? Тұрмыз. Ендеше пайдасы бар.
– Жарайды, бұл да дұрыс дейін. Алайда, орысша айтқанда, один чорт!
-Үп-үлкен азамсыз, бірақ сепуханы айтасыз. Ұлы адамдар әуестенген құмарлықты бағалау керек. Егерде ол зиянды болса, фабрикадан неге шығарылады? Айтқандайын, семіздіктің үсінсі сатысында тұрған сылым тартуды рекомендоваит етер едім.
– Пәлі! – деп семіз жігіт еріксіз күлді. – өмірде ер арпасы атанған ащы насыбайға адам тұншықтыратын жаман түтініңіз пар келуші ме еді. Аулақ!
– Насыбай – нас деген сөз.
– Шылым ше?
– Сайтан біліп пе…
– Немен әуес болсаң, соның мәнін біл. Болмаса көзілдіріктің неге қажеттігін білмей әуреге түскен Крылов мысалындағы маймылға ұқсап кетуің мүмкін.
– Ақсақал, байқап сөйлеңіз! – Шылымкеш шын ашуланайын деді.
– Мен қала йсөйлесем де шындығын айтып тұрмын. Мысалы, географиядан өзің білетін атақты Колумб бар емес пе? Темекінің тұқымын ең алғаш рет Европаға сол әкеп таратқан. Әуелі бұл темекіні жұрт әптеке дәрі ретінде таныған. Оның буда – буда жас жапырағын рецепт пен алған адам дәрігердің кеңесімен суық тигенде табанына, қолтығына, арқасына басып оранып жатып, маңдайы жіпсіп терлейтін болған. Бірақ сіз секілді еріккен бір әуесқой шылым қып орағанды шығарған ғой. Міне шылымның тарихы…
– Знаток екенсің, ақсақал. Бірақ насыбай да темекіден жасалмай ма? Онда несіне күлесіз маған. Мықты болсаңыз насыбайыңызды неге тастамайсыз. Осыған зауап беріңіз.
– Жұрт қойса мен де қоямын. Қазір насыбайды ерінге салатындар өте сиреп қалса, шылымшылар күн сайын көбейіп келе жатыр. Насыбайшылар өзін ғана уландырса, шылымшылар төңірегіндегілерді қоса уландырады.
– Уланған болмасаңыз, кәні қойып кетіңізші!
Өкпелеңкіреп қалған арық жігіт қолды бір сілтеп, кетіп бара жатып, кілт тоқтады.
– Алло, атыңыз кім?
– Атанбай!
– Менің атым, – деді тарамыс қолын ұсынып, – Құмар. Үй ісім, жолдастарым басқаса айтады. Мына төртінсі микроауданда тұрамын. «Қара мұрза» қай үйде тұрады десеңіз, кез келгені көрсетіп зібереді.
– Тоқтай тұрыңыз. «Қара мұрза». «Үлкен шаңырақ» деген секілді бір тарихы бар болды ғой тегі!
– Иә, иә – сида жігіт бұған мәз болып қалды. – Керек болса, неге бұлай атанғанымды айтып та берейін…
***
Құмар өз қолы өз аузына жетіп, ат жалын тартып мінген соң-ақ әртүрлі өнердің басын шалды. Соның бір «керегелісі» – шылым шегу еді. Шылым – еркіндік, есейгендік, ойшылдық белгісі деп түсінді. Жұмыста тыныс алу кезінде, дастархан үстінде ұсынылады, бұл жарықтық. «Түтінің бар ма» деп сұрап алып, сорып тұрып танысу қандай ғанибет!
Ол келе – келе нағыз түтіннің қоры болып шықты. Бұл татпаған түтіннің түрі, темекінің сорты қалмады. Сүзгілісі, сүзгісізі, ащысы, тұщысы ауыздан еніп, өкпеден табысып жатты. Шылым бармақ пен сұқ саусақтың өзін сары шайырмен бояп берді. Бірақ бұған қараған Құмар жоқ, құмарланған үстіне құмарлана түсті.
Тамақ басар, ұйқы ашар – бертінде жөтел басарға айналды. Өзін ыстағанмен тынбай, үй-ішін де армансыздай ыстады. Құмар алдымен бұл өнерді жұбайы Жыңғылға үйретті. «Озық» өнегеге тұңғыштары Ақселеу құмартып, кенжесі Ошаған да өкпесі қатпай-ақ еліктеп, ерніне қыстырды шығарды.
Бір күні Құмар дастархан жиналмай шылым тарт қысы келді. Қалтаның бәрі ақтарылды, көршілерден сұралды, сорға қарай папиростың бір талы түгіл, оның тұқылы да табылмады. Ақыры шелекке қоқыспен бірге тасталған тұқылды алып тартуға тура келді.
Сонан соң барып ши шықты.
– Әй, бері келші, – деді Құмар әйеліне.
– Иә, не жау шапты! – болды оңайлықпен ыға қоймайтын Жыңғыл.
– Бұдан былай сылым тартқандарыңды көрсем бар ғой, тура ауыздарыңа соқ басамын!
– Е, елірме, ол ненің ақысы?
– Сылым, біріншіден – әйелдің кәсібі емес. Оны бір зазушы да дәлелдеп зазып кеткен ғой. «Сылымсы әйелдің ерінінен сүйгенің – пепельницаны залағанмен бірдей» – депті.
– Жоғал әрі өзің де, жазушың да. Осы құрып кеткіріңді үйреткен кім екенін білесің бе? Содан не пайда көрдің, кәне! Күніне екі пәшкесін тартқанда көрген пайдаң бар ма?
– Иә, тағы айтатының бар ма? – деді Құмар көздері жыпылықтап.
– Ал, өл де бар! Аузымды қышыттың ғой! Тісің анау – тот мүжіген темірдей, дауыс анау – өлетін қойдың қырылдағаны секілді. Өкпең суырылып түнімен жөтеліп, жұртқа ұйқы бермейсің…
Бір бүйірден Ақселеу келіп қосылды.
– Мамам дұрыс айтады, былтыр үйді өртеп жібере жаздаған кім, әрине, сен…
«Қара мұржа» төбеге ұрғандай тілі байланып отырып қалды. Ошағанның үйде болмағанына шүкіршілік етті. Шындық көзге шұқиды деген осы.
… Балалардың қысқы каникулы кезі болатын. Жыңғыл бәйбіше өзі өз болғалы қала іргесіндегі туыстарына барып, аунап-қунап қайтқалы кеткен еді. Оңаша қалған Құмар үйді армансыздай ыстады. Кешінде досы Серікбаймен серіктес болып, кафеде отырып қайтқан. Үйге әзер жетіп, шылым тұтатып тартқанын біледі. Жамбасы төсекке тие қор етті.
Балқып жатып ол түс көрді. Колхоз ұстасы Көсеудің ұста дүкенінде отыр екен. Ұста төс үстіне темірді салып қойып дәу балғамен қамырша илеп, ұрып тұр. Бұл болса, көрік басып көмектеседі. Бір кезде әлгі ұста «Сал бармағыңды төске, мундштук жасап берейін» дегені бар емес пе. Жаны қиналады, бірақ бір қызығы оң қолының саусақтары қосылып иленіп, мундштукке айналып қалған. Үрейі үшып кетті. Жылайын десе, дауысы шықпайды. Тіпті, тыпыр ете алмайды. Кіресілі –шығасылы есіне «бастырлыққанда башпайының бірін қимылдату керек» деген ақыл түсті.
…Ояна келе бұл түсі болғанына өлердей қуанып еді, бірақ өңіндегісі түсінен де сорақы болды. Үй іші қою түтін. Қызыл атлас көрпенің бірталай жері бықси жанып, жол кілемнің екі-үш жері ойылған, тесігі қарайып көрінеді.
«Өрт» деген сөз санасына сарт етіп, телефонға барып, «01»-ді теріп жібергенін өзі де білмей қалды. Абырой болғанда абдырап, үй адресін айтуға тілі икемге келмей қалды.
Жан ұшырып жүгіріп, желдеткішті ашты. От жалмап бара жатқан көрпе мен жол кілемді ваннаға апарып бірақ тықты. Сөйткенше болмай есіктің қоңырауы шылдырады. Бірер минутта дүниені бүлдіріп қойған Құмар ашуға булыққан Жыңғылдың алдында желкесіне су кеткендей құты қашып тұр еді.
– Жыңғылжан, осы ақырғы болсын, қойдым түтінді. Ант етемін, айналайын! – деді.
***
«Қара мұржа» – семіз сарымен кездескен сәтте-ақ екі папирос тұқылын жерге жаншып, үшіншісінің басына түкіре беріп, қалтасына қол салған.
– Тоқта! – деді, Атанбай. – Сенің өміріңе қауіп төніп тұр. Сен шылымшылар жарысын өткізіп мәз болатын капитал елінде емессің, совет елінде, адамды ең қымбат тұтатын жерде өмір сүресің, шылымыңды мүлде қоясың!
– Еһе мен правамнан айырылған адам емспін.
– Әлі ол праваңды да шектейміз. Ауруханаларда шылымкештерді дәрігер емдемейді, курорттарда көнбегендерді үйлеріне қайтарып жібереді. Қазір кеңсе кабинеттерінде шылым шегуге болмайтыны жөнінде ұаулылар да шығып жатқанын естіген шығарсың. Шылым тарту үшін өз үйіңде де қысты күндері тоныңды жамылып алып, подъезге шығасың. Бұл ішкі – тысқы қысым емей немене!
– Әй, деп қолын бірақ сілтеген Құмар кете беріп және тоқтады.
– Алло, алло, шылымды қалай қойдым дедің, соны айтшы?
– Мә, мына витаминді қабылда. Осыны үнемі ішіп жүрсең, шылымнан ада-күде құтыласың.
– Бауырым, бұл не қылған витамин, сыныңды айтсы?
– Айтайын, бірақ бұл қасиетті, құпия дәрі. Ешкімге сырыңды айтпайсың. Сөйтемін деп серт бересің ғой?
– Серт беремін…
– Ендеше, бұл ҰСТАМДЫЛЫҚ ВИТАМИНІ.
Құмардың жұлыны қиылғандай мойны салбырап қалды.
(Әзірлеген Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Абзал Рымбек)
