Оқырман назарына қаламгер, журналист, сатирик Мартбек Тоқмырзаның сықақтарын ұсынамыз.

Мартбек Тоқмырза 1968 жылы 7 наурызда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университеті журналистика факультетін ойдағыдай аяқтап, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында еңбек жолын бастаған. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, халықаралық «Азаттық» радиосында, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, журналистика кафедрасында қызмет атқарды. 1999 жылы «Журналистика» номинациясы бойынша халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. «Мәселенің мәні», «Жымиясың сен неге?» атты кітаптары жарық көрген. 2010 жылы дүниеден өтті.

 

Құрмет

Облыс әкімшілігі Бопыр ақсақалды 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып жастық шағын өткізген жерлерге қыдырып барып қайтуына мүмкіндік жасау үшін жол шығынын өз мойындарына алды.

Сөйтіп ол ақсақал Қарлагқа, Степ лагқа және Мәскеудегі Бутырка түрмесіне барып-қайтты.

 

SOS

Мектепте жағрапия сабағы жүріп жатыр.

Мұғалім:

– Бүкіләлемдік негізде қабылданған  «SOS» деген сигнал қауіп-қатер төнгенін білдіретінін жақсы білесіңдер. Ал енді осыған қайсың талдау жасап берер едіңдер?

Бірінші оқушы:

– Бұл орысша айтқанда «спасите, оу, спасите» деген сөздерінен болса керек.

Екінші оқушы:

– Жоқ. Мен бұған келіспеймін. Бұл кәдімгі өзіміздің қазақ тіліндегі «сорладық, ойбай, сорладық» деген сөздің бас әріптерінен алынған.

 

Ертегі

Бір күні қу түлкі жүгіріп келе жатып арыстанға кездесіп қалады. Арыстан аш екен.

– Әй, түлкі, менің шегім шұрылдап тұр, сені жеймін.

– Жей алмайсың.

– Неге?

– Мен СПИД-пен ауырам.

– ?

…Міне, балалар, қу түлкі осылайша арыстаннан құтылып кетіпті.

 

Арман

Журналист:

– Әже, міне 90 жасқа келдіңіз. Талай дүниені көрдіңіз. Талай жайтқа куә болдыңыз. Арманыңыз бар ма, бүгінде?

Әже:

– Бар, шырағым, арман көп қой. Қайсыбірін айтайын.

Журналист:

– Ең бастысын айтыңызшы!

Әже:

– Шырағым, «Санта-Барбараның» соңғы сериясын көрсем деймін. Бірақ ол құрып қалғырдың бітетін түрі жоқ. Көре алмай кетемін бе деп қорқамын.

 

Емтихан

Мал дәрігерлік институтта емтихан жүріп жатыр.

Профессор:

– Егер мал жұқпалы аурумен ауырса не істейміз?

Студент:

– Етке салып жібереміз.

Профессор:

– Шырағым-ау, сонда қалай? Ол малдың етін жеген адамдар ауруға шалдығады ғой.

Студент:

– Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ деп ойлаймын.

Профессор:

– Неге?

Студент:

– Себебі ауырған адамды біз емес дәрігерлер емдеуге тиіс.

 

Қызық

Күн шықты. Жұрт мәз. Жарқырап төбеге көтерілді. Ешкім елең етпеді. Батып бара жатыр. Барша ел қимай тұр.

 

Аманат

Кезінде тайлы-тұяғы қалмай дауыс беріп құрмет көрсеткен депутаттарының өзге депутаттар сияқты мәселе көтеріп сөйлемегеніне күйінген сайлаушылары: «Айналайын-ау, тым болмаса теледидардан бір көрінсеңші» деп хат жолдапты. Содан ол қатты толқыған екен. Өзін қолдаушылардың аманатын орындайын деп бірнеше күн дайындалады да бір отырыста төрағадан сөз сұрап сөйлейді:

«Құрметті сайлаушыларым! Хаттарыңызды алдым. Дәл қазір мені теледидар экранынан көріп отырған боларсыздар. Егер көрмей қалғандар болса көргендер айтар деген үміттемін. Сау болыңыздар!», – дейді.

 

Алик, малик ортасында шарик

«Күтіп ал…» деген бір-ақ ауыз сөз жазылған тілдей қағаз қолыма тиісімен алып-ұшып вокзалға жеттім. «Кешігіп қалыпсыз…», – деді, сыпайы ғана анықтама бюросында отырған секпіл бет сары қыз. Күлімсі иісі қолқаны қуырған жолаушылар залын қарадым. Шөбеннің өзі де, өмірі соңынан қалмайтын сабалақ иті Шарик те көрінбеді. Бөтен қалада адасып кетті-ау деген күдікті оймен сол маңайда біраз жүрдім, жоқ. Бар амалым құрып ұнжырғам түсіп вокзалдан шыққаным сол еді, Шөбеннің шыр-шыр еткен дауысы келіп жетті құлаққа. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп деген бірдеңеге ұрынып қалмаса игі еді. Етегімді қолыма алып дауыс шыққан жақты бетке алып тұра жүгірдім…

Тізерлеп отырып алып, алдындағы аржаның үстінде үш оймақты оңды-солды жүгірткен қара жігіт:

Алик пен малик,

Ортасында – шарик.

Ақшаңды саласың,

Ұтсаң еселеп аласың,

Ұтылсаң үйіңе барасың…, – деп жырлап отыр. Қаумалаған жұрт әлгінің айтқанын тыңдап ұйып тұр. Ал керек болса, Шөбенім әлгінің алдына жайғасыпты. Қолында 1000 теңге. Дәл өзі. Тіпті жанындағы итін де жазбай таныдым. Ойыншы жігіт «шарик, малик» деген сайын сыпырғыштың тұтылылып қалған басындай құйрығын бұлғаңдатып қояды.

– Әй, Шөбен!

– Ау, ойбай, амансың ба, ей? – Шөбен отырған жерінен тұруға шамасы келмей етегімнен тартып еңкейтіп алып бетімнен сүйді.

– Тұр. Кеттік.

– Қазір, мына 5000 теңгені құдай өзі бергелі тұр екен ұтып ала қояйын.

– Ұта алмайсың. Әуре болма.

– Қазір, қара да тұр…

Екі беті қып-қызыл болып ойынға әбден құмартып алған Шөбен бірінен кейін бірін үш-төрт мыңды тағы да салды. Ұтқан бір тиыны жоқ. Қалтасы қағылған ол алақтап жан-жағына қарады. Әлден уақытта: «Ұтысқа итімді салсам аласың ба?», – деді. Шарик өзін саудалап жатқанын қайдан білсін, иесіне еркелей қарайды.

– Келістім, – деді ол. Жұрт не болар екен деп үймелей түсті.

Алик пен малик,

Ортасында – шарик.

Итіңді саласың,

Ұтсаң сенікі,

Ұтылсаң менікі, – деп жырлады енді ойыншы жігіт.

– Әй, Шөбен, итке обал жасама, – дедім шынымен жаным ашып.

– Әкемнің мұраға қалдырған дүниесі емес, барсын, – деп Шөбен бір оймақты көтеріп қалды. Шарик жоқ. Қап деп санды бір соққан Шөбен иттің қарғы бауын әлгіге ұстата берді.

Аялдамаға қарай келе жатырмыз. Біртүрлі итті қимай қипақтап соңыма қарай бердім.

– Бұл жерге қайдан келіп едің?

– Қайдан білейін. Елдің бәрі ентелеп тұрғанға.

Кенет арт жақтан біреулер шыңғырып жіберді. Әлгінде ғана үймелеп тұрған жұрт жан-жаққа бытырай қашып барады. Не болды екен?

«Мынау кімнің иті?» деді  қайдан келгені белгісіз сол сәтте сол жерде пайда болған милиция сұқ саусағымен Шарикті нұсқап. Ешкім үндемеді. Әбден ызаланып алған ит жұртқа жағалай ырылдап сес көрсетіп әлек. Бір мезетте Шөбенді көріп құйрығын бұлғаңдатты. «Ит біздікі» дедім мен…

Шөбен, Шарик және мен милицияның алдына түсіп алып томпаңдап келеміз. Көпшілік болса қызықты ойынға қайта бас қойды.

 

Аты жоқ әңгіме

…жиналыс көп. Әртүрлі. Партиялардың. Ұйымдардың. Әкімдердің. Әркімдердің. Бәрінде өзекті мәселе… Жиналыс журналисті жарылқайды. Жаңалықпен. Жалықтыратын да сол.

…мына жиналыс өзгеше. Мүлдем бөлек. Жиналғандар еркектер. Тақырып – әйел. Президиумда жасамыс отыр. Шашы буырыл. Қабағы сәлең. Бұл жерге зорлықтың күшімен келгендей. Күрсіне береді… «Бұл өзекті мәселе. Кеңесіп келіспей болмайды». Жиналыстың мәнін жасамыс осылай түсіндірді. «Пікір айтуды бастайық», – деді ол сәл үнсіздіктен кейін. Мінбеге жұқалтаң жігіт шықты. Шашы сирек. Құлағы біраз бар екен. Шамалы жөткерініп тұрып сөйледі:

– Әйелім оңбаған. Ішкіш. Қой десем өзімді боқтайды. Төбелеседі. Мас болып келіп балаларды ұрады. Өте тәрбиесіз жан.

Залдан біреу жылап жіберді. Өксіп отыр. Жұрт оған ошарылды.

– Не болды, – деді президиумдағы.

– Анамды сағындым.

– Қайтыс болып па еді?

– Тірі.

– Ауылда ма?

– Қарттар үйінде.

– Қайтесің енді…

Әр жерден әлгіні қоштағандардың қорсылы естілді. Жұқалтаң бір стақан су ішті де «болдым» деп мінбеден түсті. Қараторы, орта бойлы көтерілді:

– Менікі ақшаға тоймайды. Қанша тапсам да қанағат жоқ. Үйдегінің бәрін төркініне тасиды.

Президиумдағы түртіп алып отыр. Қабағын түйіп басын шайқап қояды. Анау кетіп келесі келді мінбеге. Ұзынтұра. Жағы суалған. Қоңқиған мұрын үстінде көзелдірік. Салалы саусақтарын сыртылдатып тұрды да көзілдірігін шешті. Қалтасынан орамал алып көзін сүртті. Көзілдірікті қайта киді.

– Менде тұрақты дос жоқ. Туыстарым да келмейді үйге. Өзім де… Қысқасы қатынас қайын жұртпен ғана. Мен осыны айтайын деп… Адымдап барып орнына отырды.

«Енді мені тыңдаңыздар!», – деді президиумдағы. – Отасқанымызға отыз жылдан асты. Бала жоқ. Жаратқан ием бермеді дей алмаймын… Ит асырап отырмыз. Біз соның папасы мен мамасымыз. Байқап отырсыздар бәрімізде проблема бар. Қайтсек болады? Қандай амал бар?

«Ұйым құрайық!».

Залдан біреу дауыстады. «Орынды ұсыныс», – деді тағы біреу.

– Мен қолдаймын!, – деп жиналысты жүргізуші оң қолын көтерді, – дауысқа салайық. Жұрт қол көтеріп жатыр. Қозғалған жоқпын.

– Түгелге жуық қолдады. Ұйым қалай аталсын?, – деп президиумдағы жұртқа сұрау салды. «Әйелдерінен қағажу көрген еркектер қауымдастығы болсын». Бағанағы жұқалтаңның ұсынысы.

– Парламентке өтініш жасаймыз. Заң қабылдату керек.

Мен қолымды көтердім. Сөйлеңіз дегенді жүргізіп отырған ишарамен білдірді. Орнымнан тұрдым.

– Ұйым әйелдерінен қағажу көрген ез еркектер қауымдастығы аталсын. Президиумдағы орындығын сықырлатып қозғалақтай берді.

– Сіз кімсіз өзі? – Дауысы қатқылдау шықты.

– Журналистпін.

– Кім жіберді?

– Бастық.

– Жаз деді ме?

– Жазам. Айтыңызшы кім кінәлі осыған?

– Қоғам.

– Қоғамға кім кінәлі?

– Сіз барыңыз.

Әр жерден «кетсін», «шығарып жіберу керек» деген ашулы дауыстар шықты.

«Сіз бізге бөгет жасап отырсыз».

Жүргізуші орнынан тұрып есікті нұсқады. Шығып жүре бердім…

Автобуста кісі көп. Кондуктор кіжініп сөйлеп жүр. Қасыма келді де «за проезд» деді. Қазақ әйел. Төледім. Терезеден сыртқа қарадым. Қар жауып тұр. Бір топ әйел жол тазалап жүр…

Редакцияға келдім де кабинетке кіріп есікті кілттеп алдым. Жазу керек. Қалай? Көргендерімді, естігендерімді ой елегінен өткізіп отырмын. Көз алдымда өңшең мұңды бейне. Құлақта ызың… Орнымнан тұрдым. Отырдым. Ерсілі-қарсылы жүрдім. Тоқтай қалдым. Қолымнан қаламым түсіп кетті. Жоқ мен мұны жаза алмаймын…

 

Журналист пен қасқыр

Журналист пен қасқырды бір-біріне қатты ұқсатамын. Оларды аяқтары асырайды. Қазақтың «жүргенге жөргем ілінер» деген мақалы журналистің де, қасқырдың да өмірлік басты қағидасы. Қасқыр қой аңдиды, журналист ой аңдиды. Екеуі де жемтіктеріне жету жолында бастарын қатерге тігеді.

 

Үйлену

Үйлену – өз еркіңмен қойныңа жылан салу. Онымен өмір бойы арбасып өту. Егер ол шақпайтын болып кездессе – бағың жанды. Ал улы болса сорыңды қайнатып шағады да отырады. Жыланның тісін қағып алып залалсыздандыруға болады ғой. Бірақ ондай шеберлер сирек кездеседі.

Добавить комментарий