Енеме екі шелек
Көрші көршінің үйіне аптығып кіреді. Аяғын жылы суға салып қойып, жүз грамын алып қойып, қиярды тіске басып, демалысты әйбат өткізіп отырған қожайын:
– О, төрлет көрші! – дейді құрақ ұша.
Екі қолына екі шелек ұстай кірген анау:
– С-с-с-сәлем! Қал ж-ж-жақсы ма? Мен бір шаруамен… Өте-мөте қатты қажет болып тұр… Сенің құдығыңнан екі шелек су алсам деп ем. Одан артық керегі жоқ… Өтінемін… – дейді дегбірі қашып.
– Е, тәйірі, сол ма еді… Құдай үшін, ала бер!
Анау асыға шығып, көршісінің құдығынан екі шелек суды толтыра алып, жөніне кетеді. Бірер минуттан соң екі шелекті ұстап тағы кіріп келеді.
– Реніш болмасын, көрші. Жетпей қалды, құдығыңнан тағы екі шелек су алсам…
– Құдай үшін деймін, ала бер!
Көршінің құдығынан тағы екі шелек су алған әлгі өз үйіне қарай жеделдетіп тайып тұрады.
Көзді-ашып жұмғандай уақытта қос шелегімен қайта оралған ол:
– Сәлем! Бұл тағы мен ғой. Мазаңды алған жоқпын ба? Тағы екі шелек су керек еді…
– Ала бер!
Ала берді айта салғанымен, «Бұл сабазың суды қайда тасып жүр өзі» деп көрші ойға шомады. Дереу соңынан аңди шығып, бақша ағаштарының тасасынан көз тастаса, әлгі сабаз шелектердегі суды өз үйінің құдығына құйып жатыр екен.
«Ах, оңбаған, менің құдығымнан алған суды өзіңнің құдығыңа тасып жүр екенсің ғой. Қап бәлем…» – деп тістенген көрші шұғыл үйіне қайта кіріп, орнына қайта жайғасып, әлгіні күтіп отырады.
Анау шелектерімен кезекті рет кіріп келіп:
– Сәлем! Тағы да екі шелек… – деп бастай бергенде:
– Жоқ! Бермеймін! – дейді көрші жұлып алғандай.
– Өтінемін…
– Бер-мей-мін!
– Қатты өтініп сұраймын…
– Айттым ғой саған, бер-мей-мін, бітті!
– Мен саған жалынамын… Менің енем абайсызда құдыққа құлап кетті. Құдығымдағы су енемнің иегінен сәл ғана асып тұр. Тек енді екі-ақ қана шелек су жетіспейді, – депті әлгі.
Сауалнама
Америка Құрама Штаттары. Аспанмен астасқан көп қабатты ғимараттың алдында бір азамат шылым шегіп тұр. Оның қасына бір қыз жайлап басып, жақындап келіп:
– Кеш жарық! Мен шылым шегуге қарсы қоғамдық бірлестіктің өкілі едім. Әлеуметтік сауалнама жүргізіп жүрмін, – дейді таңдайы тақылдап.
– Қуаныштымын!
– Айтыңызшы, сіз осындай зиянды әдетті, яғни шылым шегуді қашаннан бері «серік етіп» келесіз?
– Жаңылмасам, шылым шеккеніме отыз жылдай болып қалды-ау деймін…
– Отыз жыл! Неткен масқара! – деп басын шайқаған қыз қолына калькуляторын алып, саусағымен тетіктерді сызыла басып, есептей жөнеледі.
Аздан соң:
– Айтыңызшы, күніне шамамен қанша қорап шылым шегесіз? – деп сұрайды.
– Екі қораптай.
– Масқара! Қалайша өз денсаулығыңызды осынша құртуға болады, ә… – деген қыз қолындағы калькуляторға қайта шұқшиып, «отыз жыл… екі қорап…» деп өзімен өзі күбірлеп, бірдеңелерді есептеп жатыр. Сәлден соң:
– Ммм, білесіз бе, өте қызықты жайт шығып тұр. Қараңызшы, егер сіз шылым шекпесеңіз, одан үнемделген қаржыға аспанмен астасқан мына зәулім ғимартты сатып алуыңызға болатын еді, – дейді сауалнама жүргізуші қыз әлгінің «соқыр» санасына сәуле сіңіріп, көзін ашқандай масаттанып.
– Ал өзіңіз ше, шылым шегесіз бе? – дейді азамат.
– Әрине, шекпеймін! – дейді сауалнамашы қыз.
– Сіздің аспанмен астасқан зәулім ғимаратыңыз бар ма?
– Жоқ.
– Ал мен шылым да шегемін және мына зәулім ғимарат та менікі!
Соңғы рет
Бір дос екінші достың үйіне басы салбырап, қатты түнеріп-түңіліп келеді.
– Гена, жаңа ғана дәрігерде болдым. Білесің бе, ол маған жарық дүниеде жеті сағаттық қана өмірім қалғанын естіртті. Бұл суық хабарды ести сала, ешқайда бұрылмастан, міне, тура саған келіп отырмын. Балалық шақтан бергі өмірлік досым өзіңе келмегенде кімге барайын. Мен үшін енді тірлікте түк те мән қалған жоқ. Сондықтан, досым, бүгін соңғы рет кәдімгідей отты отырыс жасап, өзіміздің баяғы әдетімізге басып, таң атқанша жақсылап тұрып бір жырғайықшы! Тойғанымызша ішелікші!
– Қой ей! Сен де қатырасың-ау! Саған бәрібір, ертең жатқан жеріңнен тұрмайсың! Ал маған таң атпай жұмысқа кету керек.
Аударған – Асыл ӘБІШЕВ.