Бақдәулет ТӨЛЕУХАН
2005 жылы 19 қыркүйекте Ертіс ауданы, Панфилов ауылында дүниеге келген. Бірнеше облыстық жыр мүшәйрасының жүлдегері. Бүгінгі күні Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің қарамағындағы М.Қанапиянов атындағы жоғарғы колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығынның 3-курс студенті. «Құс-қанат ғұмыр» әдеби-поэтикалық ұйымының мүшесі.
Мәңгүрт
Мұратқыл – білдей бір ұлттың аманаты мен мұратын арқалап жүрген азаматтардың бірі. Он бес жылдық мансабының өсуімен міне, «Тілдерді дамыту басқармасының» директоры боп келгеніне екі жылдан асып барады. «Елім, жерім, тілім!» деп еңірейтін ерлердің бірі де осы – Мұратқыл. Өзінің Құдайдан сұрап алған бір ұлы бар. Көңіл жарастырып, бірге шаңырақ көтерген жары – Қарақат. Бірақ оны көбісі Катя деп атап кеткен. Бәлкім орыс тілі пәнінен мұғалімдік қызметте жүргесін бе, бәлки Пушкин аталары: «Атыңды өзгерт!» деді ме екен, немесе орыс тіліне машықтанып қалғаннан кейін бе белгісіз, қазақы аты «жаман иттің атын бөрібасар қояды» іспеттіге ауып кеткені содан болар, кім білсін. Тіпті жалғыз ұлдары дүниеге есігін «қиқ» етіп ашқанында, әубаста тәп-тәуір есім беріп, «Әмір» деген-ді. Ақыры Катя тәтеміз Амир қып тынды. Көңілдерінің жұбанышы болады деген ұлдарының тілі былдырлап «қорсылдай» шықты. Мұраке кей сәттері өзін бөтен сезініп жүрді. Үйінде қазақша сөйлесе болды, отбасы үйге ит кіріп кеткендей бажырая қарайтынды шығарды. Амир сабақққа барар кезінде шаң басқан кілемнің шаңындай бұрқылдап Катя шықты. Бірақ Катя бұрқылдағанды қойып, керісінше Мұратқылдың шаңы мен қоса жынын қағып алғандай болды.
– Баланы қинап неміз бар? Кейін қазақшасын бірдеңе қылармыз. Оған сенің бір жерің кетіп бара ма, қара пәле?, – деп орысшалап кілемдей қылып сілкіді-ақ. Мұратқыл қанша тырысты екінші анасы көнбеді, соңында ұлы орысша оқитын болды.
Бұндай жайт Мұратқылды тыныш қалдырмады. Ауылдағы әке-шешесі былай тұрсын, ата-әжесі де Мұракеңнің құлақ етін талай рет жеген еді, ол сөздер әлі есіне сақталып, жанына біздей қадалғаны рас. «Өй, тұқымың өскірлер-ай, не жетіскеннен орыс сыныпқа бердіңдер, ей! Тілі солай шықты екен деп сөйтуге бола ма екен? Бұл мына сендердің кінәларың. Баламыз енді мәңгүрт боп өте ме? Ұят емес пе! Ештеңе білмейміз, Әміртайымыздың аталап, әжелеп, қазақша сөйлегенін естіп, көріп кетсек, осыған да ризамыз» деген сөз Мұратқылдың көкейін көптен бері төмпештеп жүр. Осы сөз, кейіндері ниетке айналып, енді міне әрекетке айналды. Осыдан бірер күн бұрын ғана таныстарының шашылып-төгілетін кеңестері арқылы қаладағы ең мықты тіл маманына ұлын жаздырып, қазақ тілін оқытпаққа бел буды. Бірақ бұл ісінен екінші анасы хабарсыз еді. Сөйтіп демалыс күндері Әмірдің қазақшасын «ремонттайтын» адам табылды. Тапқан адамы емес, үмітін жалғаушысындай көрер адамы ол – Құдайберген.
Ертең сенбі, «ремонттың» алғашқы күні. Таң атты. Мұраке тұрып жуынып-шайынды, кейін ұлы жатқан бөлмеге келіп:
– Атаңның басына, түнімен қой күзеткен адамдай жатсың. Тұр, киін!, -деді.
Бұндай сөзді алғаш естіген Амир бұтына жіберіп қоярдай шошып, жылы көрпесін ашып, киінуге кірісті. Қазандай басынан жейдесін асыра беріп:
– Пап, а мы куда барамиииз?, – деді.
– Көп оттамай, оданша тез киініп, бет-қолыңды жуып, ас үйге кел, – деді де, өзі ас үйге еніп кетті. Ұйқысын ашып үлгермеген, екі көзін тонна-тонна былшық басқан ұлымен бірге отырып, оразасын ашты. Тірі адамдардың ояу екенін хабарлар дауыстардан ұйқысынан тұрып, тоққа түскен тауық құсап, шашы додырайып Катя келді.
– Мура, вы куда-то собираетесь?, – деді, іші бірдеңені сезгендей.
– Иә барып шошқа тағалайық деп едік, бір орыс көкем шақырған-ды, – деді мысқылдап. Әрі қайда барарымызды бұл қатын білсе, даудың көкесі болады деп іштей және пайымдады. Тәтті ұйқының буы әлі тарқамағаннан ба әйтеуір, Катя артық сұрақ қоймады да. Бір шошқаны тағалаймыз деген сөз сұрағына күткен жауабы болды ма екен, ит біле ме әйтеу әрі қарай ұйқы соғуға кетті. Мұратқыл дастарханнан тұра бере ұлына қарап:
– Сағызша созылмай, сөмкеңе қалам мен дәптеріңді салып сыртқа шық. Мен көлікті қыздыра беремін, – деді де, сырт киімін киіп шығып кетті. Көп ұзамай сөмкесін арқалап үйден Амир шықты. Көлікке кеп жайғасты. Сөйтті де екеуі «ремонт» жаққа жүріп кетті. Кенеттен жолда баласы әкесіне үрейлі үнмен:
– Пап, сиэн мены куда везешь? Если к хирургу, то не пойду. Мэн сундетке в прошлом году отирдым, – деп безек қақты.
– Уайымының түрін қараш бұның. Сол жеріңді емес, тіліңді кескізер ме ем, ақылым болса, – деп қысқа қайырды.
Әне-міне дегенше дөптеген жеріне жетті. Амир де сабасына түскен, күшіктей қыңсылауын қойып. Баласын жетектеп, мекен-жайда жазылған ғимаратқа кірді. Ішке кірсе, көк көзді, шашы күннен де сап-сары, үшкір танауды бір орыс жігіт, алдына он шақты баланы парталарға қаз-қатар отырғызып, дәріс өткізіп жатыр екен. Бұл көріністі көрген Мұракеңнің нақ көзі ытқып шығып, аяғының алдына түскелі тұр. Орыс жігіттің қазақша сайрағанына іштей таңдайы тесілгенше таңдай қақты. Жігіт байқап кеп:
– Ассалаумағалейкум, көке! Алдын сізбен тілдескен Құдайберген деген мен болам. Бұйырса, балаңыз қазақша сөйлейтін болады, – деді көк көз жігіт. Мұратқыл қолын созып, орыс жігіттің қазақша сөйлегеніне сүйсінді ме, әлде ұяғаннан ба мүсіндей қатты да қалды.
– Ағоу, олай таң қалмаңыз. Бала кезден қазақ балаларының арасында асыр сап ойнап өстім. Сөйтіп, қазақтың сары домалақ баласы болдым, – деді күлімдей. Сөзін жалғай: – Шын есімім – Богдан, кейін өзім есімімді қазақшалап қойдым, – деді қоса сөйлеп. Аузына құм құйылған қалпында, Мұраке баласын аманаттап тапсырды да, көлігіне кеп отырды. Көлікте отырып іштей ғана:
– О, құдірет! Бұндай да болады екен-ау, ә!, – деп басын түсердей шайқап- шайқап қойып: – Құдайберген десе, Құдай бере салған неменің нақ өзі екен, -деп көк көз жігітке риза боп отырды. Кейін көлігін оталдырып, шаруасына жол тартты. Мұратқылға сол мезетте мынадай ой топ ете қалды:
– Әй, осы біз оңбай кетеміз бе, қайтеміз? Заман не болып барады. Басқа тілді судай сапырып, шошқадай қорсылдап алып, кейін солардың өзіне барып қазақша үйретші дейтіндей, сондай болардай не жетті? Сондай сорлы болар ма ек?, – деп үнсіз өзін-өзі кінәлай да, ұялып терең ойдың жетегінде кете берді.
Бақдәулет ТӨЛЕУХАН.