«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №9 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
ҒАШЫҚТЫҚ ҒАЛАМАТЫ
1611 жыл.
Ол кез – даланың күркіреген дүбірі, жұрттың бірде еңсесін тіктеп, бірде еңкейген заманы еді. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жердің тынысы ауырлап тұрған… Әулие туғанда табиғат құбылушы еді ғой?!
Он алтыға жаңа толған Ғұмар есімді бозбала таққа отырды. Әкесінен қалған мұра – ішкі алашұбыр, сыртқы жаудың кесірінен іріңдеген жарасы бар, бытыраған ел еді. Жас ханның иығына түскен жүк – таудай, ал жүрегінде ел білмейтін ұшқыны бар…
Кейбірі «Әттең, бала ғойӘ» деп күбірлесті, көнекөз билер «Мұнымен қалай күн көреміз?» деп қабақтарын түйді.
Ол таққа отыра сала, ең алдымен, өз билігін нығайтуға кірісті. Әкесінің тұсында әлі де болса еркін сөйлеп, тіл қататын билердің дауы тоқтап, әр ру өз алдына тіккендей еркіндіктің лебі мүлдем жоғалды. Ғұмар ескі наным-сенімдерді, рулық жікшілдікті пайдалана отырып, жұртты бір кісідей бағындырып тынды.
Айналдырған екі айдың ішінде өткен биліктен қалған шенді-шекпеннің жартысы жоқ. Хандыққа көз тіккен шет ел иен далаға көз тіге бастап еді. Шешімі қатын алу болды. Жиырмаға толған шағында ірі патшаның уыз қызын қойнына алды. Алды ма?
***
– Патшам, ханыммен некелесіп, үй болғандарыңызға үш жылдан асты. Тақ мұрагерін күтіп отырмыз, – деді сумақай уәзірі.
– Екі ай уақыт бер!, – деді бір амал тапқандай.
***
– Тақсыр, шақырыпсыз.
Бұл жолы оның жүзінде, әсіресе жанарынан, әлдебір ерекше жұмсақтық, бұрын-соңды Ғұмар көрмеген нәзіктік есіп тұрғандай. Әрдайым алғашы рет… Шатырға кірген сәттен-ақ, Сақыптың айналасынан бір түрлі жылы леп ескендей болды. Әдеттегі қара түсті киімдерінің орнына, бұл жолы ашық түсті, әйелге тән әсем киім киген. Бұрымдары да жаңаша өріліп, мойнына алтын әшекей таққан.
Басын көтермей, тастарды сылдырлата:
– Кел, Сақып. Отыр.
Шатырдағы дірілдеген шырақ сәулесі олардың көлеңкесін үлкейтіп көрсетеді. Біраз үнсіздіктен соң, тастарды ысырып тастап, тік отырып:
– Сен маған бәрінен де жақынсың. Сенімдісің. Әрбір бұйрығымды сөзсіз орындайсың. Түнде де, күндіз де маған қызмет етесің, – деп, Сақыпқа опа-далаптарын ашып берді.
Отыз жігіттен іріктелген жасақ Ғұмардың жеке оққағар, сенімді жауынгерлері. Арнайы жасақтың басшысы – Сақып. Сумақай уәзір Ғұмардың өтінішіне орай жасақтаған. Әлдебір соғыстан әкесі өліп, анасы қайтқан балалардан құрылған. Тақсырдың сеніміне адалмын.
– Рахмет, Сақып, бүгін мен жақта болмайсың. Уәзірлердің не деп жүргенін естіген шығарсың. Кешкісін ханшайымға бар. Тақ мұрагерін маған сен сыйлауың керек!
– Ыыы, хан иее… Мақұл.
Ғұмар Сақыпқа ұзақ қарады. Мынау – гүлдей жайқалып, таңғы шықтай мөлдіреп тұрған Сақып. Оның жүзіндегі күлімсіреу – бұрын тек қатқылдық пен қабақ түйгендікті ғана көрген Ғұмар үшін таңсық, жаңа бір құбылыс. Оның нәзік саусақтары, ұзын бұрымдары (арнайы жасақ шаш өсіретін), әр қимылынан төгілген сырлы әсемдік… Ғұмардың ішінде бір нәрсе дір ете қалғандай. Қатал жүрегінің қатқан қабығын енді ғана жарып шыққан нәзік бұтақтай, бір сезім бүршік жара бастағандай. Бәрі алғашқы рет…
Оның әрбір қозғалысы – нәзік, әрбір тынысы – сырлы. Шатырдағы дірілдеген шырақ сәулесі оның жүзіне түсіп, жанарынан ерекше бір нұр шашып тұрғандай. Ғұмар одан көзін ала алмайды. Бұл – Сақыптың өмірге деген жаңа құлшынысы, оның әйелдік болмысының оянғандығының белгісі ме?
Ғұмардың санасында мың сан ой арпалысып жатыр. Сақып – билеушіні баурап алған ерекше бір құбылыс. Оның мөлдір жанарына үңілген сайын, Ғұмар өзін басқа әлемге енгендей сезінеді. Қаталдық пен қаһардың бұрқасындысынан шығып, жайлы, жылы бір лепке бөленгендей. Бірақ ол бұл сезімін ешкімге, тіпті өзіне де мойындағысы келмейді. Ол – билеуші. Ол – қатал. Ол – әмірші. Бірақ Сақыптың сұлулығы оның ішкі әлемін қалайша бозғырып жіберді?! Күнде қайталанады, күнде жаңаша сезім…
Түн. Ханшайымның ордасында жалғыз шырақтың жарығы дірілдеп, көлеңкелерді билетуде. Орда іші әдемі, бірақ суық. Әр заттан, әр бұрыштан өксіген мұң мен жасырын үрейдің ізі аңғарылады. Ханшайым осыдан бірер күн бұрын Ғұмардың өзінен естіген қатал үкімінен кейін ұйқысыз күндер кешіп жүр. Оның сұлу жүзіндегі күлкі мүлдем өшкен. Тек көздерінен мұң мен тағдырға мойынсұнғандық аңғарылады.
Есік ақырын ашылып, Сақып кірді. Оның жүзіндегі қаталдық әдеттегіден де арта түскендей. Бірақ ішіндегі дауылды ешкім білмейді. Ғұмардың бұйрығы – Сақып үшін ауыр жүк, жүрегін тілімдеген өткір қылыш. Ол Ханшайымға жақындап, әдеппен тізе бүгеді. Ханшайым оған басын да бұрмай, сыртқа тесіле қарап:
– Айтатын сөзің бар ма, Сақып? Әлде… бұйрықты орындауға келдің бе?
Орда ішін қалың тыныштық басты. Сақып басын көтермей, Ханшайымның нәзік иықтарына, дірілдеген қолдарына қарады. Ол Ғұмардың әрбір бұйрығын сөзсіз орындауға үйренген жан. Бірақ мына бұйрық… бұл – адамның жан дүниесін таптау, тағдырын күштеу.
Енді осы бұйрық… өзінің әйелімен жақын болуды бұйырған ханның бұйрығы.
Ғұмардың бұйрығы оның жан дүниесін оятып, бұрын соңды болмаған сезімдердің есігін ашатынын білген жоқ.
Бұрын ол оған тек ханшайым ретінде, Ғұмардың жұбайы ретінде қарайтын. Ол – биліктің құрбаны, тағдырдың тәлкегіне түскен нәзік гүл.
Ол Ғұмардың бұйрығын орындау үшін келгенін біледі, бірақ бұл сұлулыққа қол сұғу – оның адамдық ар-намысын таптаумен тең.
– Білемін. Тақ мұрагері керек. Ол үшін… менің кімнен босанатыным маңызды емес. Маңыздысы – оның қаны таққа лайық болуы. Сонда менің де, сенің де тағдырың шешіледі.
Ханшайым орнынан тұрып, Сақыптың қасына келіп тұрды. Олардың арасындағы қашықтық азайған сайын, Сақыптың жүрегі жиі соғады. Ол өзінің ханға деген адалдығы мен осы әйелге деген аянышының арасында қалғандай.
– Мен… мен бұл бұйрықты қалай орындайтынымды білмеймін, – деді Сақып дауысы дірілдеп.
– Адалдық? Бұл заманда адалдық деген не? Біз – құрбандармыз, Сақып. Сен де, мен де. Оның билігінің құрбандары. Бірақ… егер оның қалағаны орындалса, бәлкім, бәріміз де тыныштық табармыз. Сен де, мен де.
– Ханшайым…
– Бұл тағдырдың жазғаны шығар, Сақып. Біз одан қаша алмаймыз. Екеуіміз де…
***
Таң атты. Түнгі амалсыз жасалған байланыс Сақыпты мең-зең жағдайға түсірді. Ханшайымның Ғұмардың айтқанына көнуі, ханнан басқа нәзік жандының құшағында жату ой санасын төңкеріп жіберді.
Бұл келесі он күн қайталанды…
Түн ортасы ауып, таңға жақын уақыт. Ғұмардың жеке шатырындағы жалғыз шырақ баяу дірілдеп, жансыз сәулесін шашып тұр. Ғұмар төсекке қисаймаған, орынан тік отырған күйі. Қолындағы тастарды да теріп отырған жоқ. Оның жанары алдындағы қараңғылыққа қадалған. Ішіндегі дауылды ешкім білмейді.
Сақыпты кеше түнде Ханшайымға жіберген. Жібергені – билік үшін, ұрпақ үшін. Алайда, одан кейін оның жүрегінде біртүрлі мазасыздық пайда болды. Түн ұйқысы төрт бөлінді. Әдеттегідей тыныш, салқынқанды Ғұмардың бойын әлдебір беймәлім сезім билегендей. Бұл қызғаныш па? Өзінің әмірімен жіберсе де, оның жүрегін тырнаған бір өрт, жан дүниесін шарпыған от бар. Әлде, бұл – оның ханшайымына деген иеленушілік сезімі ме? Ол оны тек биліктің бір бөлшегі, тақ мұрагерін әкелуге арналған құрал ретінде қараған. Алайда, қазір… оның санасында Сақып пен Ханшайымның бейнесі қатар тұр. Олардың арасындағы жақындықты ойлаған сайын, Ғұмардың ішінде бір нәрсе сыздап, ашуы кернегендей болады.
– Келмеді. Әлі келмеді. Неге?
Шатырдың сырты тыныш, ешқандай дыбыс жоқ. Тек даланың салқын желі ғана. Ғұмардың көз алдына Ханшайымның сұлу бейнесі, оның нәзік иықтары, Сақыптың оған жақындап, қол созған сәті елестейді.
Ол – бұл даланың қатал билеушісі, кез келген қарсылықты басып-жаншыған, ешкімге тізе бүкпеген жан. Бірақ қазір, оның жүрегін тырнап, мазасын алған бұл сезім – оның билігінен де күштірек, оның қаталдығынан да өткір. Бұл – өзінің иелігіндегі нәрсенің басқа біреумен бөлісуіне деген қарсылық, қызғаныш. Оның ойынша, Ханшайым да, Сақып та – оның құралдары. Ал қазір бұл құралдардың арасында оның билігінен тыс, жеке бір байланыс орнағандай сезім.
«Ол менің бұйрығымды орындайды. Орындауға тиіс! Бірақ… бұл неге бұлай?» деп адамның табиғатына тән, адамдық сезімдердің қатал әміршіні де билей бастады. Өзі де сезінгендей. Ханшайымның Сақыпқа деген көзқарасы, Сақыптың оған деген нәзіктігі… Санасын улай берді, улай берді…
Өзінің бұйрығымен өз тағдырын осылай қиған, қазіргі сәтте «оның» ханшайымымен бірге отырған Сақыпқа деген қызғаныш бойын билей бастады. Қызғаныш атаулыдан жиіркенгендей болды. Себебі, хан үшін мұндай әлсіздік – қауіпті. Өте қауіпті…
– Келсін… Тек келсін. – деумен болды.
***
Ғұмардың жүрегіндегі махаббат арпалысы күн өткен сайын тереңдей берді. Бұл махаббат ешқашан дауыстап айтылмаған, тіпті өз ойына да толық мойындалмаған, бірақ оның әрбір жасушасына сіңіп, өмірінің әр сәтін билеп тұрған сезім. Сақыптың жарқын күлкісі, оның сөйлеген сөздеріндегі жұмсақ әуен, тіпті алыстан естілген қадамының дыбысы да Ғұмардың жүрегіндегі үміт отын тұтататын. Махаббат деген тылсымның – кешірім атты биігі әміршіге де тиіп өткені өтірік емес.
Бірақ бұл биікті қызғаныштың уы жеңіп тынды. Ханшайымның Сақыппен бірге болған әрбір сәті Ғұмардың жанын тілгілеп, оның ішкі әлемінде өшпес өрт тұтатты. Көз алдында қол ұстасып жүргендері, бір-біріне қараған жанарларындағы махаббат оты жүгіріп өтті. Өзінің қалаған бақытының басқа біреудің қолында екенін қабылдай алмады.
Ғұмардың санасындағы басты арпалыс осы жерде басталды: «Олардың махаббатын, Сақыптың Ханшайымға деген осы бір шынайы, еш бүкпесіз сезімін мен өз көзіммен көруім керек. Әрбір жанасуын, әрбір күлкісін, әрбір құпия сөзін. Тек сонда ғана мен бұл шындықтың ащы дәмін толықтай татып, мәңгілікке жүрегіме қабылдай аламын», – деген ой жеңіп берді.
Кешірім – кез-келгенге беріле бермейтін, сана биігінің өлшемі.
***
Ғұмар бүгінде Сақыптың келмейтінін түсініп, Ханшайымның шатырына бет алды. Сақып пен Ханшайымның бір-біріне деген ыстық ықыласын, жанарларынан төгілген сүйіспеншілікті алыстан бақылағысы келді.
– Хан ием, сіз келді деп хабар берейін, – деді күтуші қыз.
– Жоқ, өзім кірем. Мені күтіп отыр.
– Бірақ…
Ханшайымның шатыры – тыныштық пен әсемдіктің ошағы. Шатырдың төрінде, ең төбесіндегі түндік айқара ашық. Күндіз аспанның көгілдір түсін, түнде жұлдыздардың жымыңдаған сәулесін ішке қарай төгеді. Ауа еркін ағып, ішті жұмсақ самалмен толтырады, ал күн сәулесі шатырдың ортасындағы кеңістікті жылы шуаққа бөлейді.
Ортада, нағыз патшайымға лайықтай, биік төсек орналасқан. Ол ақ, таза, жұмсақ орамалмен мұқият оралған. Орамалдың шеттері майда кестелермен безендірілген, көз тартады. Төсектің үстіндегі жұмсақ көрпе-жастықтар да аппақ, бұлттай жұмсақ. Осы төсектің әр бұрышынан пәк тазалық пен тыныштық лебі еседі.
Шатырдың ішіне ай сәулесі түскен кезде, ашық түндік арқылы төсекке дейін созылып, ақ орамалдың үстінде билеп тұрғандай әсер береді.
Әмірші шатырдың сыртынан ұрлана қарап еді, әр күлкісі, әрбір жанасуы, тіпті айтылған әрбір жылы сөзі естіліп тұр. Бұл Ғұмардың жанын тілгілеп, ішкі әлемінде өшпес өрт тұтатты. Ол олардың бақытты сәттерін көрген сайын, өз жүрегінің қызғаныш пен өкініштен күйіп бара жатқанын сезді.
Ғұмардың бойын қайнаған ашу кернеді. «Неге? Неге біз емес?» деген сұрақ санасын шырмап, жүрегін шырылдатып барады.
Ханшайымның ақ төсегінде Сақып екеуі тыныш ұйықтап жатқанда, кенеттен шатырдың ауыр мата есігінің тарсылынан зор дауыс естілді. Хан ішке лап қойды.
– Сақып! – Ханның дауысы шатырдың ішін жаңғыртып, кенеттен келген найзағайдай әсер етті. Сақып пен Ханшайым ұйқыдан шошып оянып, бір мезетте төсектерінен атып тұрды. Олардың жүздеріндегі ұйқының ізі бірден үрейге, сосын қорқынышқа ауысты. Сақып бірден Ханшайымның алдына тұрып, оны қорғаштағандай кейіп танытты. Ханның көздері Сақыпқа қадалып, от лақтырғандай болды.
– Сен мені саттың! Менің абыройымды, менің сенімімді аяққа таптадың! Қалай ғана сен осылай істей алдың?! Оның дауысы шатырдың төбесін тілгендей шықты. – Сен осы жерде, менің шатырымда, мынамен! Менің сенімімді жерге қараттың, Сақып! Сен мені алдадың, үлкен, кешірілмес күнә жасадың!
Ханның ішінде жиналып қалған барлық ыза осы сәтте Сақыпқа қарай құйылып, шатырдың ішіндегі ауаны ауырлатып жіберді. Ханшайым Сақыптың артында тұрып, үрейден дір-дір етеді.
Әмірші қасындағы жасақ жауынгеріне қарап:
– Мынаны байлаңдар! – деді де, – Шалбарын шеш!, – деп бұйырды. Жауынгер Сақыпты байлап, белбеуін сыпырып, шалбарды ағытып жіберді.
Үрейден жан дауысы шыққан Сақып, не болғалы тұрғанын түсініп ақырып жіберді.
Көзін кек шалған әмірші жауынгердің қиғаш қылышын суырып Сақыптың мүшесін түбінен кесіп алды. Үнсіздік. Өкіру. Қызғаныш. Кек. Дала жұтқан шындық. Адам естімеген, адам айтпайтын тарих – осы.
Заман ауысты. Көш жүрді. Сенім мен сезімнің тағы бір айтылмай қалған дастаны тарихтың қатал парағына жазылмай қалды.
***
1624 жыл.
Хан тағына жаңа әмірші отырды. Уәзір тақ мұрагері керек екендігін ескертті. Әмірші Ханшайымның аяғы ауыр екенін айтып, той жасады.