«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №8 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

АУА РАЙЫ БОЛЖАМ: АҚБЕТТАУДАН СЕЛ ЖҮРУІ МҮМКІН

(әңгіме)

– Құдайдың күні сонша шыжыды ғой!

Сәуле трассада жүйткіп келе жатқан көліктің терезесін түсіріп, қолын сыртқа шығарды. Майқайыңда бірер минут аялдаған соң ұзын жолға қайта түскен сұр түсті Toyota Camry зымырап келеді. Осы екпінмен аз ғана уақытта Баянауылда болуы тиіс. Көз ұшында мұнартып көріне бастаған жоталар маусымның ортасы енді жетсе де көне жазбаның парақтарындай сарғая бастапты. Шоқылардың сауырына жармаса кереге құрған жартастар да қамығыңқы. Осының бәрі Сәуленің көңіліне еш жақпай келеді. Қалай жақсын? Шаруаның жайы не болмақ? Жайлаудың да сұрқы қашып, қуара бастағанын өткенде өз көзімен көріп қайтқан. «Ондағы малдың жайы не болды екен? Одан бері де он күн өтті. Күйі түсіп кеткен болар? Баға сүймей, қырсық шалмаса болды!». Тым құрыса осындай қысылтаяң сәтте еш әрекет етпей, қамсыз жүрген күйеуіне тіптен қапалы. Сырттай Сәуле күйеуінің осынау алаңсыз, жайбарақат қалпына үйренген, төселген жандай көрінеді. Бірақ, кейде әйелдік түйсігі тыным бермей Маратты әр түрлі іске қайрап, жөн көрсетіп жүреді. Оны Марат қалай қабылдап, өз ішінде қалай түйіп жүр оның өзіне ғана аян.

– Терезені жапшы! – деді Марат. – Салқындатқыш қосам.

Мараттың бұл бұйрығы терезе уілінен Сәулеге естілмеді. Көлік әрмен қарай зулады. Сарыадырға жеткен кезде жаңа ғана басылған өткінші жауынның иісі аңқыды. Бұл да жұбаныш… Үй ауласындағы шаң басылғандай болғанымен әп сәтте бәрі кеуіпті… Мұрттары қурай бастаған селеулердің арасында қылтиып өскен бір топ бақбақтың күлтесі ғана дымқыл әлі… Ол да ұзақ алданыш бола алмады… Күн қайта ысып, әп сәтте кеберсіді… Бақбақ гүлі қайтадан бүкірейіп алды.

– Қазірден бастап жылқыларды  сата бастайық, күзге дейін семірмек түгілі осы күйіне зар боламыз, – деді Сәуле. Бұл кезде күн еңкейіп Ақбет баурайын көлеңке жапқан сәт еді. Тау жақтан болмашы ғана салқын білінді. Терезеден сыртқа қарап үнсіз отырған Марат жауап қатпады. Қолында көлік кілті. Саусақтарының арасында сығымдалып ары-бері жылжиды.  – Тайыншаларды да азайта берсек жөн болар еді. Өткенде көрдің ғой, күйлері нашар, орта құрсақ байғұстар қылтанақ іздеп жаланып тұр. Жайылым жылан жалағандай тақыр. Мый қайнатар ыстық мынау. Обал екен, тіпті. Арам қатпай тұрғанда құтылған дұрыс. Арам қатпаса да,  ыңыршағы шығып, бұратылған малдан не қайыр, не берекет?

– Иә, жөн болар еді. Марат салқын шайдан арагідік қана ұрттап отыр. Үні самарқау. Жауабы да селқос. Сәуле кең бөлмені арлы-берлі кезіп шашылған киімдер мен көрпе-жастықты жинай жүріп күйеуіне тағы да көп кеңес айтты. Сөз түйіні: жұтамай тұрғанда мал санын азайту. Сәуленің бұл кеңесін Мараттың қалай қабыл алатындығы беймәлім. Әйел ол жағына көңіл қоймайды да. Әйтеуір алаңын білдіріп, ақыл қосқан болды. Өзгесін өзі білер.

– Ертең мал өткізетін орындарға сөйлесейін. Бағаларын білейін, – деді Марат жатар уақытта. – Содан бір мәні болар. – Карташылар бас қосамыз деген соң бірер сағат қастарында болып қайтты. Ойынға араласпаған сияқты.

Сол күні түнде Сәуле түс көрді. Балалық шағы, өзінің ауылы екен. Дәл бүгінгідей әуе айналып жерге түсердей ыстық. Ал, бұл бір топ баламен бірге ауыл іргесіндегі арық бойында ойнап жүр.  Ойнап жүріп шығыс жаққа күн салып қарап қояды. Даланың шегі қиялына да жеткізбейтін алыс сияқты. Алыстағы, өзінің аяғы әлі тиіп көрмеген төбелердің басын көк мұнар бүркеп алған.  Күн сала қарап аз тұрады да қайтадан жіңішке арықтың екі жағасына кезек секіріп асыр салады. Жағада түймедақтар көп өскен екен. Оларды бір талдап жұлып, арыққа тастай салады да қарап тұрады. Сосын жағалап еріп отырады. Суға малшынған түймедақ қадам сайын сәл бөгеледі де әрмен қарай жол тартады. Балалардан бөлініп аппақ түймедақты біршама жерге дейін шығарып салады. Қайта оралып, тағы бірін жұлады.

Ертеңінде екеуі де ерте оянды. Таңғы шайды асықпай отырып ішті. Сәуле іштей түндегі түсін айтсам ба деп те ойлады. Ұзын аққан жіңішке арық пен жасыл құрақты жағасы көңіліне қалай да жақсы әсер етті. Ал, жағада асыр салған балалық шағы тіптен ыстық. Ешкімге, тіпті, күйеуіне де айтқысы келмейтін терең сырындай сезілген соң сосын, оңтайлы сәтте бір айтырмын деге ойға келді.

– Мен алдымен малдың жайын тағы бір көріп келейінші, – деді Марат. – Сату ешқайда қашпайды ғой. Қарағанды мен Павлодардың қай бұрышына барсаң да – жалаңдаған қасапшы. Оларды тіпті, Екібастан шақырып алып алуға да болады, – деді де, жұмсақ бауырсақтың бір түйірін үзіп алды. Сәуле үстемелеп шай құйды. Марат болса Сәуледен «Қайта-қайта барып қайтесің, белгілі ғой бәрі» деп өз пікірін білдіре ме деп тосқан еді. Бұл жолы еш қарсылық болмады.

Шаруашылық Қалмаққыралғанға жақын, Баянауылдың шұрайлы саналатын кең алқабында. Анық білмеген адам тарам-тарам жолдардан шатасып ферманы ешқашан таба алмас еді. Айналасына асықпай көз салып, барлап келеді. Жайлау расымен жүдеген. Нәр тамбаған дала кенезесі кеуіп-ақ жатыр. Үп еткен жел де жоқ. Ұзыннан-ұзақ созылған қою шаң баяу таралып ауаға сіңіп жатыр. Ол көңілін аулағысы келіп ән қосты. Өткенде ұлына таңдап отырып жаздырып алған әндердің бірі ойнады. Эстрада ырғағындағы халық әні. Өмір жайлы ән. Бұл күнде Марат осындай сарындағы әндерді көп тыңдайтын болған. Әншінің де дауысы жағымды естілді. Әннің әсері ме таң алдында көрген түсі есіне  түсті. Тіпті, түсі деуге де келмес басынан өткен оқиға қайта жаңғырғандай әсер… Әкесі екеуі биік жартасқа шығып, айналаға қарап тұр екен. Бұл алғаш рет көріп тұрған кеңістікке бой үйрете алмай мең-зең күйде тұрып қалды. Әкесі жан-жаққа дүрбі салып жіті бақылап тұрды. Бұл басы айналғандай болды да жүрелеп отыра кетті. Айнала тыс-тырыс. Көбелек қанатының сусылы естілер еді. Осыншама тыныштыққа әрең үйренген соң өзі де айналаны еппен, сақ барлады. Бетегелі шоқының бұлар тұрған жерінде жусан мол өскен екен. Иісін де енді сезді. Әрмен қарай барлағанда ғана ақ, көк, қызыл түсті бұған бейтаныс гүлдердің әр жерде топтанып жусанмен арласа өскенін көрді.

– Әне, әне! – деген әкесінің дауыс селк еткізді. – Әне, кетті! Сен соңынан қалма, мен алдын орайын! – деді де қалбалақтап жүгіре жөнелді. Не болғанын аздан соң ғана ұқты. Оң жақ тұсындағы қыраттан бір түлкі жай басып бұлардың желке тұсындағы биік жартасқа қарай беттепті. Бұл қуанып кетті. Өйткені, әжесінің «Түсімде бір түлкіні құйрығынан сүйреп әкеліппін. Келін түсе ме сонда?» деп кеңкілдеп күлгені есіне сап етті. Әжесіне қосылып таңғы шайда отырған бәрі жамырай күлген. Күліп отырып бәрі бұған қарап еді. Күлкі күшейіп, жаңғырыққа ұласты. Бәрі бұны мазақ етіп отырғанын түсінді де қатты қысылып өкпелеген күйі сыртқа тұра жүгірді. Көп өтпей-ақ аяғы талықсып, бір орнына тұралай берді. Қанша ұмтылса да жүрісі өнбеді. Құлағына айқай жеткендей болды. Әкесінің дауысы! «Қалма, ер соңынан, көз жазба!», – деп келеді. Түлкі тасаға қарай кетіп барады екен. Өрге қарай жүрісі өнбей алқына берді. Еңбектей келіп бетеге қарманып, жусанға жармасты, жүре алмады. Көзі қарауытты, кеш батқан екен. Қараңғылық басты. Түлкі жоқ… Оянса, таң атпапты. Шай ішіп отырып, осы түсін әйеліне айтқысы келген еді. Әңгіме ауаны қуаңшылық пен мал қамына ауа берген соң, сосын реті келгенде айтармын деп ойлады.

Бақташының алабай иті алыстан қарсы алып үйге дейін ертіп келді. Арпылдаған үні көлікті тоқтатып, терезені ашқан соң ғана естілді. Бұл көліктен түсе бергенде бақташы да қасына келіп сәлем берген еді. Оның жұпынылау бір бөлмелі кірпіш үйінің іші қоңыр салқын екен. Марат төрде қазидып отырған шалға сәлем берді де оң жағын ала келіп жайғасты. Оны бақташы әкем деп таныстырды.

– Ауылда іші пықсан соң осында алдырдым, әрі өмір бойы мал баққан адам, осындай кезде ақылын қоссын дедім.

– Жөн екен… Ақсақал, қуаңшылық қысып барады ғой, соңы не болар екен? – деді келген жайын бірден аңғартпаққа.  Шал ыстық шайдан бір ұрттап алды да:

– Иә, қиындап кетті ғой, – деді де қойды.

– Мал қайда жайылып жүр? – Бұл сұраққа бақташының өзі жауап берді.

– Маңайдың шөбі таусылды. Шабындыққа қарай жақындап барамыз.

– Иә, қиын болды, – деп Марат та ыстық шайдан ұрттады. Бірнеше кесе шай ішкен соң Мараттың көзі үй ішіне үйреніп, айналаны түгел шола бастады. Дәл желке тұсында домбыра ілініп тұрғанын көрді де, орнынан ұмтыла тұрып қолына алды. Құлақ күйінен әбден тайған ескі домбыра екен. Бір-екі рет қағып көріп еді даңғырлап, үні аса жағымды болмады. Сағақ тұсындағы бірнеше перне тіпті босап та кетіпті. Содан баяу қоңыр әндерден бірнешеуін әрең шалды. Саусақтары да икемге келмей әр жерде бір тұралап қала берді.

– Жаяудың әніне салшы, –  деп шал сығырая қарап. Маңдайы тершіп, жүзі балбырапты.  Марат қағысын кілт тоқтатты да:

– Қане, мал шетіне барайық. Күйін көрейік, – деді.

Алдымен көзіне көкала құнан түсті. Саяқ қалпы, шеттеп жайылатын әдетінен танбаған. Марат қойы мен сиырын жиі түгендеп, бас-басымен санап кететін де, жылқыны алыстан шолып өте шығатын. Бұл жолы үйірге арнайы жақындады. Жусайтын мезгіл жақындаған, бастарын шұлғып, пысқырынып орындарын сайлағандай тұрақтала бастапты.

– Негізі жылқылардың күйі жақсы, – деді  бақташы. Әсіресе қысырақтар биыл жақсы шықты. Ал, енді тай мен құнанның кез-келгенін құрықтап алыңыз да, шыңғыртып шыға беріңіз! Еш өкінбейсіз! Бақташының дауысы даланы жаңғыртып жарқын шықты. Марат үйірге біраз көз салып қыраттан ары асқанша қарап тұрды. Қайтарда жұпыны үйге қайтадан соғып, ыстық шайдан тағы бірнеше кесені асықпай отырып ішті. Манағыдай емес үй іші ысыңқырып кетті, бусанып терлей бастады.

– Үйің қай маңайда? – деді шал.

– Ақбетке жақын.

– Еее, қайран, Ақбет.

– Иә, қайран дейтініңіздей бар. Нәр тамбады ғой онда да.

– Жоқ, мен Ақбет аруды айтам, – деп шал жөнделіп отырды да шайды молынан бір ұрттады. – Баяғыда шалдар айтатын Ақбет аруды.

– Білем ғой. Сүйгеніне қосыла алмай өзін құрбан етіпті дейтін аңыз. Домбыраны шал қолына алыпты. Қаққан да жоқ әр жеріне сығырая қарап үңіліп отыр. Сосын әңгіме малдың жайын қайта ауысып біршама уақыт өткізді. Күн еңкейе бастаған соң Марат қайтатын болды.

Жаздың кеші ұзақ. Біраз жерді жүргенше дала бозарып жатты. Ақыры айналаны ымырт бүркеп бейқам тыныштық орнапты. Марат көлігінің терезесін ашып тастап, жүйіткіп келеді. Екі торғай бірде алдына шығып, кейде артынан еріп біразға дейін шықылықтап еріп жүрді. Марат күні бойы аралап көз салған малдарын ойлап келеді. Шындап келгенде сатуға мұқтаж емес. Тек, қуаңшылық созылып кетіп, шығынға батамыз ба деген әйелінің алаңы. Өзінің көңіліндегісі болмашы ғана күдік. Шынтуайтында бәрібір екен. Қаладағы ұлы мен қызын оқытып, жеткізуге әкеден қалған аз ғана малсыз да қауқары жетеді. Бақташы да «түңілмеңіз» дегендей қылды. Шал тіпті бұның алаңына құлақ асатын емес. «Жөндетіп әкел» деп ескі домбыраны қолына ұстатты. Сәуленікі не алаң екен? Жұт бірінші рет болып жатыр ма еді? Екеуі үйленген жылы да жұт болған. Мынау ештеңе емес. Ол кезде расымен шығын болды. Сол кезде жасы үлкен шалдар: «Бұл түк емес, баяғыда ауылдың жарты малы далада шашылып қалған» деп отырды. «Түңілетін ештеңе жоқ» деп бекіді іштей. Жаз енді басталды емес пе? Маусым мен шілденің өз несібесі бар. Күздің қара жаңбыры алда. Әйтеуір кім көрінгеннің сөзіне еріп даурығады да жүреді. Марат жолдан шығып кеткен екен. Аңтарылып барып қайтадан тапты. Бұл уақытта қараңғылық көкжиектерді де бүркеп алып еді. Алыстан қарауытқан қыраттардың сұлбасы да жасырынған. Жаңбыр иісі келгендей болды.

Үйге келгенде Сәуле мен Гүлден шай ішіп отыр екен. Сәуле бұны көңілді қарсы алды. Алдынан шығып бәйек болды:

– Гүлден де қазір ғана келіп отыр еді. Бүгін қаладан келіпті, ол жақта да осы жаздың қалай болатындығы жайлы әңгіме екен. Ауыл шаруашылығы басқармасы биыл шаруаларға қиын болады депті. Ептеп жем-шөпке көмектесерміз, бірақ, ол жағдайды реттейді дегенге сенбейміз, –  деп ашық айтыпты.

– Қиын болған екен. – Марат беті қолын жуып, асықпай сүртінді.

– Біздің жайлау қалай екен? Тозып кеткен болар? Әйтеуір әлі ештеңе өле қоймаған шығар?

– Бәрі жақсы. Жылқы да, қойда да күйлі екен. Бақташы да бәрі дін аман болады, – деп отыр.

Осы кештен кейін Марат пен Сәуле сөйлесуден қалды. Сәулені қабағы жазылар емес. Марат та еш сыр білдірмейді. Бір шаңырақ астында болса да әрқайсысы өз көкжиектеріне көз салып жүрді де алды. Марат әкеден қалған тұяқтан ештеңе сатпауға бекінді. «Өлсе өлер. Өлмегені қалады. Бұйырғаннан асып қайда барамыз». Оның ойы – осы. Сәуленің ойы есен тұрғанда бәрін сатып пұлын ержетіп келе жатқан балалардың қолына ұстату. Осы күндері Марат ерте тұруды әдетке айналдырды. Дүниенің ең ғажабы таңсәрі екен деп ұқты. Күннің алғашқы шапағын үйдің сыртында кеудесін кере тыныстап тұрып қарсы алады да, шайды өзі қайнатып ішіп жөніне кетеді. Кешке түн ортасында келеді. Ол кезде Сәуле ұйықтап жатады. Марат төрге төсеніш жаяды да жантая салады.  Осылай жұбайлардың тоң-торыс күйінде біршама күн өтті.

Бірде әдеттегідей кеш келіп өзі шай қайнатып ішіп, өзі жатын орынын жайлап жатты. Неге екенін қайдам, ұйқысы келмеді. Дөңбекшіді де қалды. Ұйқы келмеген соң бір түрлі ой шартарапты шарлап, ой безек қаққан соң ұйқы одан бетер безінді. Ақыры басын көтеріп түн қараңғысында состиып жалғыз отырды. Әлдене уақытта әйелінің телефоны шырылдады. Ол қоңырауды ұзақ күттіріп барып қабылдады. Аман-саулық сұрасқанынан балаларының бірі екенін білді. Тек, «Неге беймезгіл уақытта хабарласты екен?» деген ой ғана келді. Ойлады да сыртқа шықққысы келіп киіне бастады. Бұл дәлізден өтіп бара жатқанда әдеттегі амандықтан басталған әңгіме өзгеше екпенге ауысқанын сезді. Сәуленің сасқан кездегі сөйлеу мәнерін аңғарды. «Бірдеңе болған екен». Ол босағада аялдап тың тыңдады…

Қалаға жеткен кезде таң сібірлеп ата бастады. Шаһардың алыстан жарқырай көрініп баураған шамдары біртіндеп өшіп, көшелер демін ішіне тарта қалды. Орташа жылдамдықпен зырлап Торайғыров көшесіне жеткен кезде мүлгіген көпқабатты үйлердің қабырғаларына күн сәулесі тарай бастады. Дүкендер мен шайханалардың есігі тарс жабық. Паркте аяқтарын әрең басып бара жатқан бірді-екілі адам болмаса, қала әлі ұйқыда еді. Көп бағдаршамнан өтіп балалары тұратын аулаға енгенде де қала терең ұйқыда еді. Көліктер қатар тізіліп, мүлгіп тұрған ауладағы қоқыс жәшігінің айналасында ғана бір топ көгершін жүрді. Әрсен ояу екен. Есікті бірден ашты. Сәния қазір ғана ұйықтапты.

– Кешке көңілсіз келді, – деп бастады сөзін Әрсен. Бұндайы бұрын болмаған. Бөлмесіне кірді де жатып қалды. Шаршаған болар деп ойладым.

– Шаршады, шаршады. Сабақтары да қиындап кеткен, – деп Сәуле деміге сөйледі. – Соңғы қоңырау қашан болды? Мектептен әлі босатпады, – деп қосты.

– Кешкі тамаққа тұрмады. Сосын есігін қағып едім, ашпады. – Әрсен жағдайды тиянақты баяндап отыр.

– Ол ашпаса өзің неге ашып кірмейсің? – деп Марат қатқыл сөйледі.

– Рұқсат етпейді.

– Рұқсат етпеді деп, жағдайын білуден қаласың ба? – Әрсен сөзін кілт үзіп үндемей қалды.

– Жарайды, қойшы, Марат! Не болғанын сұрай алдың ба? – Сөзге Сәуле араласып, қыздарына не болғанын дереу білгісі келді.

– Түн ортасында еңкілдеп қатты жылады. Сасқалақтап бөлмесіне кіріп бардым. Төсекте солқылап жылап отыр екен. Көп жылаған екен. Мен тек соңғы сәтте естіген болсам керек. – Әрсен сөзін кілт үзіп, қарындасы жатқан бөлмеге мойын созып қарап қойды.

– Құлыным-ай… – Сәуле тыпыршып әрлі-берлі жүре берді. Марат қаққан қазықтай тік отырып, Әрсенді әрмен тыңдады.

– Сіздер келгенше жұбатумен болдым. Сырын ашып айтты. Телефонын берді. Әрсен қалтасынан қарындасының телефонын шығарып, экран кодын терді. –  Өзінің құрбылары буллинг жасапты.

Сәуле терезеден қарап тұр. Көліктер от алып, жан-жаққа аттанып жатыр. Аулада арлы-берлі асыққан адамдар қарасы молайды. Күйеуі мен ұлы ас үйде күбірлесіп әлденені сөз қылып отыр. Түнгі суыт жүрістен бойы шаршағанын сезді. Қызы талдырмаш бойын жинақы ұстап, алаңсыз ұйықтап жатыр. Еппен келіп қасына жантайып, қызының маңдайынын сүйді.

Күннің ыстығына қарамастан қыздары кафенің ашық алаңқайын таңдады. Шатыр орналасқан үстелге қарай сүйреді. Бұнысын бәрі құп көрді. Тапсырысты да Сәния түгел өзі айтты.

– Әке, меніңше сен етті көп жейсің, бүгін тек бұқтырылған картоп жейсің! – деп шешті. Марат жымиып, басын изеді. – Маманың сүйікті сорпасын білемін, қазір алдырамыз. Мәзірдің бірнеше бетін аударыстырып, өзіне тек кофе алдырды да, мәзірдің Әрсенге ұсынды. –Сенің таңдауың күнде өзгереді. Өзің айтшы!

Тамақтану кезінде Сәния көңілді, еркін отырды. Кешегі әбігер болмағандай, таңға дейін басқа қыз жылағандай. Үстелдері көшеге жақын орналасқан екен. Түс әлетінде көлік көбейіп, шу күшейіп кетті. Сәнияның көңілді сәтін аңдаған Сәуле:

– Қызым, оқу жылының шаруалары аяқталды ма? Ауылға кел, демалсаңшы! – деп еді, Сәния:

– Иә, мам, қайтамын, – деп қысқа қайырды. Балалары ұзақ жиналған жоқ. Екеуі екі шабаданды сүйреп әкеліп көліктің жүк салғышына салды. Көлік жайбасар ғана жылжып көшеге шықты. Қиылыстарды санамалап даңғылға түсті. Үйлер, дүкендер, сауда үйлері бір-бірлеп артта қалып жатты.  Сәния көпірден өтіп бара жатқан кезде Ертіске зер салып қарады. Сыр бүккен тұңғиық ағысын алғаш рет аңғарды. Әрмен қарай – мұрттары қурай бастаған биік бетегелі жайылма. Содан соң шексіз дала толқынданып кете барады. Радиодан эстрада ырғанындағы халық әндері қосылып тұр. Жанына жағымды әсер етті. Қиялымен ұштасатындай. Әнші дауысы да баураған еді.  Әлдене уақытта ән кілт үзіліп, радио Астана уақытын хабарлады да диктор жылдамдата жаңалықтарды сайрай жөнелді. Артынша ауа райы болжамын хабарлады. Ауа райы деген кезде әкесі радио даусын ұлғайтты. «Казгидормет алдағы аптада облыс аумағында толассыз жаңбыр болатынын хабарлайды. Таулы жерлерде сел жүру қаупі бар екендігін ескертеді».

Әкесі баладай мәз болып дауысы жарқын шыға бастады. Анасына бірдеңелер айтып жатыр.  Артына қарап:

– Ауа райы болжамы: Ақбеттаудан сел жүруі мүмкін, – деп даусын созды.

Добавить комментарий