Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті әңгіме.
«Aiqara.kz» әдеби порталында – №6 әңгіме.
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАЛ ДӘМІ
Күні бойғы сергелдең сарпылыс, жанталасқан жұмыстан кеңсеге келдік. Жоспарлы шараны ойдағыдай атқарып, мойындағы ауыр жүктен босағанымызға қуанып, екі кісілік аядай кабинетке келіп, жан шақырып отырмыз. Өзі айтпақшы «Сыпыра жыраудай тоғыз ханды өткермесе де, тоғыз әкімнің тұсында еңбек еткен», маңдайыма бұйырған тікелей бастығым креслосына жамбасы тиер-тиместен:
– Ал, бала, бүгінгі жұмыс та аяқталды. Маған сенсең, қаным кеуіп, қаталап отырмын. Сен енді жақын маңдағы дүкеннен оны-мұны алып кел. Мен шай қойып жіберейін.
«Жазған құлда шаршау жоқ». Екі қолымды өкпеме алып жүгірмесем де, тез арада шайға керектінің бәрін алып келдім. Кеңсеге келсем, тоқ шәйнектің буы бұрқырап, безгегі ұстаған адамдай дірілдеп тұр екен. «Кісінің кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деген сөзді есіме түсіріп, жасым да, жолым да төмен болған соң екі кесеге шәй демдеп, бастығымды үстелге шақырдым. Екеуіміз де аузымызға тас салғандай ыстық шайды жөпелдемете сораптап, үндемей отырмыз. Бір-екі шыны аяқты босатқан соң құрыс-тырысымыз жазылып, маңдайымыз жіпсіп, айналаға күншуақ көңілмен қарауға жарадық.
– Әй, күйеу, – деді ол қашанғы тік сөйлейтін әдетімен. – Сен осы
біздің қарындасымызды өзіңе қалай қаратып жүрсің? – деді төтесінен.
– Қарындасыңыздың өзі емес пе қыр соңымнан қалмай қойған?! –
дедім әзілдің түбін өзім де түсіре алатынымды сездіріп. – Маңдайына қарасам, есімім жазылып тұр екен. Сосын алдық қой!
– Әй, күйеу, қатырасың! – деді ол лекіте күліп. – Сен өзің шынымен
ғашық болып, ессі-түссіз сүйдің бе? Қарап отырсам, қазіргі жастардың көбінде шынайы сезім жоқ, жігіттер бойжеткеннің бетінің опасына, қыздар ұлдардың қалтасына қызығатындай ма?!
– Енді, Еңлік пен Кебектей, Төлеген мен Жібектей болмаса да бір-
бірін ұнатып, шаңырақ көтеріп жатыр ғой! – деймін мен де қолдан келгенше қорғанып. – Сіздің ойыңызша барлық бақытты жұп бала кезден бір-бірін сүйіп, Қозы мен Баяндай анасының құрсағында жатқанда атастырылмаған шығар! Таныса келіп, жүре келіп, ақылы мен көркі, мінезі мен қылығы жақса ғана, сөз салмай ма?
– Сен де бір бұғалықтан қашқан асаудай бұлтарасың-ау! Ия, біз де
жігіттік дәуренді бір кісідей бастан кешірдік қой! Ғашығыңды қолтықтап көше кезу, жігіттер мен қыздар болып бас қосу, түн баласы терезе аңдып, шамы сөнгенде үйге қайту дегендей, бәрі болды. Махаббаттың өзін де қазіргі кей данышпандар бала махаббат, шала махаббат, дана махаббат деп түр-түрге бөліп тастапты ғой! Мен саған балалық шақтың бір оқиғасын айтып берейін. Құлақ түріп, тыңдап ал.
Іштей «Не айтып жарытар екен» деп қоңылтақсынсам да, әуестігім ұстап, басымды изедім. Әрі-беріден соң қашып шығып та кете алмаймын. «Қос құлағым сізде» деген ишарамен орындығымда бұрылып отырып, айтушыға тесілдім.
«Мен бесінші сыныпқа ауысқанда бүкіл отбасымызбен қопарыла көшіп, ауданның шекарасындағы үлкен кентке қоныс аудардық. Танымайтын шет жерге барғым келмей тартыншақтап, «әжемнің қолында қалып, өз достарыммен оқимын» деп қиғылық салып көрсем де, әкемнің сөзі бұлжымайтын заң болған соң амалым қалмады. Ауылдың құмын жалаң аяқ кешіп, көшедегі иттерді абалатып, Торайғыр көліне шомылып, жағасындағы тастарға жатып қыздырынған, ауыл шетіндегі мұздай суық бұлақтан таласа-тармаса су ішкен достарымды қимай-қимай жүк тиелген дәу КамАЗ-дың тіркемесінде отырып, жаңа үйімізге жеттім. Әкеміз үлкен мекеменің есепшісі болғандықтан жұмысындағылар көп балалы отбасымызға үкіметтің даңғарадай бес бөлмелі үйін берген екен. Келе сала, отбасындағы ұл-қыздар бөлініп алып, бір-бір бөлмеден еншімізге тиді. Бастапқыда үйірінен айырылған жылқыдай үйірсектемей қалсам да, бара-бара жаңа жердің қызықтарына үйренісе бастадым. Алғашында алыстағы ауылымды, әжемді сағынып, кент шетіндегі қырға шығып, қыраттардың ар жағында мұнартқан тауларға қарап, мауқымды басушы едім. Шіркін, біздің ауылдың табиғаты тамаша ғой! Жақпар-жақпар таулардың қырқасындағы алып қарағай мен бұлақ басындағы қара қанды ағаштарды айтсаңшы. Жазғы ыстықта жүгіріп кеп, бұлақтан аққан суға қос алақаныңды тосып, меймілдегенше ішіп, құрбыларыңмен су шашып ойнағанға не жетсін?! Дегенмен ойын баласымыз ғой. Көрші үйдің балаларымен танысып, кеш батқанша үпір-шүпір боп ойнаймыз. Талдан садақ иіп, рогатка жасап, кей үйдің терезесін шағып, қым-қуыт, ию-қию боп жатқанымыз. Сөйтіп жүргенде мектепке баратын да кез келді. Шешейдің үтіктеп берген ақ көйлегі мен балағы қысқара бастаған шалбарымды киіп, жоғары-төмен оқитын аға-інілеріме еріп, мектепке келдім. Ауылымыздағы мектеп екі қабатты болса, мұндағы білім ошағы үш этаж екен. Кабинеттері де кең, спорт залы да ат шаптырым дерлік. Оны кейін көрдік қой. Өзімнен үш сынып жоғары оқитын ағам «Міне, мынау сенің класың» деп бір бөлмеге кіргізіп жіберді. Сынып жетекші апайым «Ә, Торайғырдан келген бала сен болдың ғой? Жаңа ғана оқу меңгерушісі сыныбыңызға бір бала қосылды деп еді. Кел, мұнда отыра ғой» деп бос орынды нұсқады. Сыныптағы балалардың бәрінің көзі менде. Қыздардың бәрі ақ фартук тағып, шаштарына көбелектің қанаттарындай ақ бантиктер тағып құлпырып отыр. Ұлдардың өздері жаз бойы тотыққан жүздерін ысқылап жуып, ағарып келгені көрініп тұр. Мен өзім әкеме тартқан сары бала едім. Күннің көзіне күйіп, қараюдың орнына нан салатын пештің отын алғандағы шоқтай боп қызарып жүремін. Оның үстіне күнге күйіп, жарылған мұрныма кеше жатарда әпкем вазелинді аямай жағып берген. Онсыз да күреңіткен түрім, балалардың бәрі ішіме кірердей қадалғанда тершіп сала бердім. Сол кезде артқы партаның бірінен: «Бұны сонда Торайғырдан үйірге түссін деп жіберген бе?» – деп бір бала саңқ ете қалды. Білесің ғой, өзім де біреуден қарызға сөз сұрамайтын, «ә» десең «мә», «е» десең «же» дейтін адаммын. Бала кезімде мүлдем сотқар болдым. Ауылдағы балалармен күрескенде, алысқанын алып жығып, жұлысқанын жұлып жығып, бастарынан аттап кететінмін. Осы жерде де өзімді ұстап тұрмай: «Үйірге түсіретіндей, қысыр қалған байталдарың бар ма еді?» деп шап ете түстім. Апайымның көзі шарасынан шығып кете жаздап: «Балалар, қойыңдар! Бұларың әдепсіздік қой! Саян, сен қонақ баланы ұялтпасаңшы! Мирас, сен де келмей жатып, төр менікі деп шаптықпа! Ақылдарың бар ғой. Әлі-ақ дос болып кетесіңдер», – деп екеуіміздің шайқасымызды жуып-шайып әкетті. Саян деген тікенек шаш, бадырақ көз баланың менімен дос болатын ойы болмады-ау деймін, отырған орнынан партаны тасалап, маған жұдырығын түйіп, сұқ саусақ пен ортан теректің арасынан бас бармағын көрсетіп үлгерді. «Әп, бәлем, сені ме! Ауылда болсақ, аузыңа құм құйып, бұтыңа тыштыратынның нағыз өзі екенсің» деп іштей кіжініп, алдыңғы қатардағы партаға жалғыз өзім отырдым.
Қызықтың көкесі үлкен үзілісте басталды. Апайымыздың соңынан қатарласып, асханаға келдік қой. Манағы Саян деген бала буфеттен алып тұрған томат шырыны құйылған стақанмен бұрылам дегенше қолымды қағып үлгерді. Шүпілдеп тұрған қан қызыл шырын ана аппақ қып жуып берген көйлегіме шашырады. Мектепте бір күн оқымай жатып, жаралы солдаттардай үстімді қан-жоса қылып келгенімді көрсе, үйдегілер құлағымның етін жеп, мал өрістен қайтқандағы масадай ызыңдайтыны ойыма келіп, «өзін аямаған кісінің бетін шиедей қылады» дегендей шырынның қалғанын әлгінің үстіне шашып жібердім. «Басың қақпай ма?! Неге үстімді былғайсың?» – деп ол жағама шап берді. Қолымдағы стақанмен басынан бір қоюға оқтала бергенімде әлгі жерде тұрған балалардың бірі ұстап алды. «Апай көріп қояды! Сосын екеуің де таяқ жейсіңдер», – деді үрген қарындай тығыршық, шымыр денелі бір бала. «Одан да үстеріңді тезірек жуып, кептіріп алыңдар. Қалған әңгімені мектептен соң шешесіңдер», – деді ол. Мектепке келген алғашқы күнде төбелес шығарып, директорға шақырып жатса, анам ренжіп, әкей үйдің төрінде ілулі тұрған қамшымен жон терімді сыпыратыны есіме түскенде тартынып қалдым. «Мейлі, мұның да әуселесін көрерміз» деген оймен көйлегіме жұққан дақты жуып, асқа да тәбетім қалмай сыныпқа қайта кірдім.
Соңғы сабақтан кейін мұғалім қоштасып, тағалы аттай биік тақалы туфлиін тықылдатып шығып кетті. Сыныптан шығып, ұзын дәліздің ішінде келе жатсам, Саян жанындағы төрт-бес нөкерімен алдымнан кес-кестеді.
– Бағанағы қылығың үшін жауап беретін кез келді. Жүр, төбелесеміз, –
деді ол әй-шәйға қаратпай. Осындағы аға-әпкелерімді іздеп табайын деп ойласам да қорыққандай болмайын деп соңдарынан ердім. Мектептен біраз ұзап, екі қабатты үйдің ауласына, тасалау жерге келдік. «Ауыл итінің құйрығы қайқы» демекші, Саян өзінің достарының ортасында тауықтарына қыр көрсеткен қораздай, шақарланып тұр. Әйтсе де, бірден төбелесе кетудің ретін таппай: «Сен біздің мектепке жаңадан келдің. Біз мұнда «нулевойдан» бастап, бес жыл бойы оқимыз. Біздің кластың шишкары менмін. Кластағы он бес ұлдың бәрі де менің айтқанымнан шықпайды. Бүгіннен бастап сен де менің айтқанымды істеп, жұмсағаныма көнетін боласың. Әйтпесе, өз обалың өзіңе!» – деп қарсы алдыма сүзетін бұқадай тақап келді. Бұған сөз шығындап әуре болмайын деп басымды артқа шалқайта беріп, маңдаймен ұрып жібердім. Ауылға қонаққа келген балаларға тиіскенде өзім осы тәсілді қолданып, талайының мұрнынан қызыл қанды дірдектеткен едім. Осы жолы олай болмады. Саян да талай төбелесте бас жарып, көз шығарған жырынды неме екен. Менің ойымды ұққандай, басын еңкейте қалып, мұрнын емес маңдайын төседі. Екеуіміз де сүзіскен қошқарлардай есеңгіреп қалдық. Қарап тұратын шама жоқ, есімізді жия сала, бірі-бірімізге тиген-тимегеніне қарамастан жұдырық жұмсап жібердік. Ебін тауып, қолынан ұстап, жамбасқа төсей бергенімде, ол да шалт қимылмен аяғымды орап, артқа қарай шалқайлата бастады. Екеуіміз итжығыс түсіп, қалың құм мен тастың үстінде аунап жатырмыз. Бір-екі рет үстіне қонжия бергенімде, Саян ары-бері жұлқып қап, қырымнан жатқыза қалады. Қашанғы домаларымыз белгісіз еді. Әлеуетті қолдар екеуімізді орнымыздан көтеріп, екі жаққа айырды. Алақ-жұлақ етіп жанымызға қарасақ, Саян екеуімізді ажыратып, екі жаққа бөліп тұрған бағанағы шымыр денелі бала екен. «Екеуің бір сыныпта оқисыңдар! Келмей жатып, қонақ баланы төмпештегеніміз ұят қой. Осымен төбелесті доғарыңдар», – деді ол кәдімгі үлкен адамдардай есті сөзбен. Саянымның мысы басылып, жынын қаққан бақсыдай үндемейді. «Келе сала төбелесті бастаған мен емес. Саян өзі айтсын», – дедім бар кінәні жауыма аударып. «Олай болса, екеуің қол алысып, бұдан әрі төбелеспейміз деп серт беріңдер», – деді төрешіміз. Саянның ықылассыз созылған қолын қысып, үсті-басымның шаңын қаға бастадым. Саян да олпы-солпы болған түрін дұрыстап, жанындағы балалармен жөніне кетті. Бізді бұйым көрмей екіге айырып, ырылдасқан күшіктерді қайырғандай екіге бөлген бала мені күтіп тұр екен.
– Атың кім? Қайдан келдің?, – деді ол қос сұрақты қатар қойып.
– Мираспын. Торайғыр ауылынан боламын, – дедім мен.
– Ә-ә-ә, білемін! Ол жерге отбасымызбен көлге шомылып, кәуәп
қақтап, палаткада демалған едік. Керемет жер! Ауасын айтсаңшы. Қанша жұтсаң да тоймайсың, – деді ол тамсанып, дәл қазір ауылдан келгендей.
– Менің атым – Әмзе. Бұл сыныпқа үшінші класта қосылдым. Бұрын
қалада тұрғанбыз.
Қала дегенде мен онысы көмір шығатын Екібастұз ба, облыс орталығы болған орыс атындағы қала ма деп ойланып қалдым. Әмзе зауыты-фабрикасы көп, қалың түтінге оранған қаладан екен. Бала кезінде байқалмай, өсе келе көлік пен зауыт түтінінен демікпеге шалдығып, ата-анасы таза ауа іздеп келгенде тапқан орындары осы кент болып шықты. Мұнда да кен орындары бар, көлік те жетерлік. Дегенмен дертке дауа, тәнге шипа Баян таулары алыс емес. Әр демалыс сайын әке-шешесі Әмзені көліктеріне отырғызып, ауданның таулы-сулы жерлерін шарлап, қыдырғанды ұнатады екен. Жаңадан дос тапқаныма қуанып, оны-мұны сөз қылып жүріп, үйге келгенімді де байқамай қалдым. Әмзе де маңайдағы үйдің бірінде тұрады екен. Қанжармен білегімізді тіліп, қымызға қан тамызып, бөлісіп ішкен анда болмасақ та жақсы араласып кеттік. Мектепке бірге барып, бірге қайтамыз. Әмзе кітапты көп оқып, өзінің білгенін маған айтып беруден шаршаған емес. Қалалық жерде өскен соң орыс тіліне де жатық, кітаптарды екі тілде емін-еркін оқиды. Екеулеп жүріп, маған бұрын мәлімсіз Жюль Верн, Майн Рид, Густав Эмар, Александр Дюма деген жазушылардың шытырман оқиғаға толы кітаптарын бас алмай оқып шықтық. Маған әсіресе ұнағаны Густав Эмардың «Ермінез» деген кітабы болды. Қанды қол қарақшыларға қарсы тайсалмай жалғыз шығып, ғашығына ұмтылған ягуарларды қанжармен сұлатып түсіретін батыр жігіттің тұлғасын ойша елестетіп жүрдім. Кітап мұқабасындағы кең жиекті шляпа киіп, ат үстінде шауып бара жатқан жігіттей болсам ғой деп армандадым. Бұған дейін ата-әжем айтып беретін, өзім оқыған қазақтың төрт батыры Алпамыс пен Қобыланды, Қамбар мен Тарғындардан кейінгі еліктеген адамым «Ермінез» деген атқа ие болған Диего есімді жігіт. Кітапханадан әкелген кітаптың қызығына түскенім сонша әкемнің ескертуін жүре тыңдап, артынша таяқ та жеп үлгердім.
Осылай жүргенде бірінші тоқсанды аяқтап, күзгі каникулге де шықтық. Демалыс басталысымен әкейден жалынып сұрап жүріп, бір аптаға ауылдағы әжеме барып, мауқымды басып қайттым. Ескі достарыммен шүйіркелесіп, жаңа жердегі қызықтарды айтып тауыса алмадым. «Қысқы каникулда тағы келемін» деген уәдемді беріп, үйге де оралдым.
Мектепке келіп, сыныптастарыммен амандасып, ұлдармен каникулда көрген-білгенімізді айтып, класқа кірдік. Үйреншікті орныма отырып, Әмзені күттім. Ата-анасының жағдайымен алыс курортқа кеткен ол әлі келмеген екен. Есесіне, сынып жетекшіміз біздің үстімізге жалғыз өзі емес, қос бұрымын тәтті тоқаш сияқты екі жағына әдемілеп өріп, ақ бантикпен түйген сүйкімді қызды жетектеп кірді.
– Ал, балалар, бұл қыздың аты – Алма. Бүгіннен бастап сендермен бірге оқиды, – деп таныстырды. Апайымыз жан-жағымызға көз жүгіртіп, менің жанымдағы бос орынды байқаған соң: «Әзірше осы партаға, Мирастың жанына отыр. Ертең Әмзе келгенде тағы парта алдырамыз, соған отырасың» деп жаныма әкелді. Әдемі қоңыр портфелін партаның ілгегіне ілген қыз жаныма жайғасып, тіп-тік болып отыра қалды. Мен болсам, көзімнің қиығымен ұрлана қарап қоямын. «Өзі де Алма десе, алма екен» деп қоямын ішімнен. Ол кезде Алматыға барып көрмесек те алыстағы астанада оқу оқитын әпкеміз посылкамен салып жіберген жеңсік жемісті сілекейіміз шұбырып, үйдегі ұл-қыздар таласып-тармасып тауысқан едік. Сондағы апорт алманың өз қандай еді. Бір-біреуі жас сәбидің басындай, қос қолдап ұстап отырып, бір шетінен кірш еткізгенде аузыңа толған тәтті дәмге сілкейіңмен шашалып, қасық жұтқандай қақалып қала жаздайтынсың. Мына қыз апорттай қызыл болмаса да, ақ сары жүзінің ұшы қызғылт тартып, езу тартқанда бетінің шұңқыры көрінеді екен. Таң-тамаша қалып, аузым ашылып кетсе керек, Алма маған жайлап бұрылып: «Бірдеңе боп қалды ма?» деп сыбырлады. «Жоқ, жай, ештеңе емес» деп тақтаға қараған адамша басымды бұрып әкеттім.
Алма мен ойлағандай көрікті ғана емес, ақылды қыз да болып шықты. Мұғалім сабақ сұрағанда таңдайы таңдайына жұқпай сайрайды дерсің. Менің есіл-дертім оның аузына қарап, айтқан сөздерін шала-шарпы ұқсам да қарай бергім кеп тұрады. Кабинеттен кабинетке көшкенде портфелін көтерісіп, өзімше «абориген» болып, мектепті таныстырып жүрмін. Ол да маған біраз әңгімесін айтып үлгерді. Әкесі осы кенттегі алтын шығаратын кәсіпорынға жұмыс бабымен ауысқаннан кейін анасы екеуі соңынан жеткен беттері екен. Тұратын жайлары да біздің үйден алыс емес. Мектептен шыққан соң өз сөмкеммен қоса Алманың портфелін де арқалап шықтым. «Өзім ұстаймын» дегенінен қарамастан: «Апай бізге қыздардың сөмкелерін көтерісіп жүріңдер деп айтады» деп сөз тауып кеттім. Ертеңгі күні мектепке бірге баруға келісіп те үлгердім.
Келер күнді түнімен қиял көзімен атырып, әкейдің «Жау қырып келгендей жатсыңдар ма? Тұрыңдар!» деген сөзін күтпестен атып тұрып, анамның берген таңғы асын апыл-ғұпыл ішіп, аға-әпкелемінің керіліп-созылғанын күтпестен үйден қасқыр қуған қояндай ытып шықтым. Өз ауламнан әрірек барып, Алманың үйінің маңына қарап тұрмын. Осы кезде жаныма Әмзе келді. Арсалаңдап келіп, құшақтап, қалымды сұрап жатыр. Алыс курорттан әкелген ұлу қабыршағын алып шығып, құлағыма тосты.
– Тыңдашы, теңіздің толқындары естілгендей болады, – деді Әмзе жымиып. Есіл-дертім Алмада болып тұрса да, досымның көңілін жықпайын деп тыңдаған болдым. Шынымен де алыстан талықсып жеткен теңіз толқынындай дыбысқа ұқсайды. Теңізді тірідей көрмеген мен оның толқындары қандай болатынын білмеймін ғой. Торайғыр көлінің толқындары желді күннің өзінде туламай, жағаға шып-шып етіп қана тиеді. Осы кезде Алма да үйінен шықты. Менің елең-алаң күйімнің сырын ұққан Әмзе жұмбақ күйде күлімсіреп, мектепке қарай жалғыз аяңдап кетті.
Алғашқы кірген кабинетімізде орын жетерлік екен. Сөйтсе де бір тоқсан бойы жанында отырған Әмзенің жанына бармай, Алмамен бір партаға отырдым. Досыма опасыздық жасағандай болсам да, ішімнен Ермінез сүйіктісі үшін мұндай қадамға ойланбастан барар еді деп түйдім. Әмзе мұны көріп тұрып, түк болмағандай жайбарақат отыра берді. Сабақтан соң да Алманың сөмкесін көтеріп, үйге бір жолмен қайттық. Әмзе соңымыздан еріп, ту сыртымнан қадала қарап келе жатқанын сездім. Сонда да оған бұрылып қарауға құлқым болмады. Осы оқиға күн санап қайталана берді. Әмзе де мені іздемеді, мен де оған бармадым. Алма екеуіміз жұбымыз жазылмай, сиам егіздеріндей қатар жүреміз. Сыныптағы балалар да мұны байқап, сыртымыздан келемеждеуге айналды. «Күйеу менен қалыңдық, Бұйрығыңа бағындық. Мирас жеген Алманы, таба алмай сабылдық» деген өлең жазып, оқушылардың арасында таратып жүрген баланың Саян екенін білгенде қаным қайнап, ол сүйікті атамды өлтірген фашисті жек көргендей ызаландым. Бас салып, ұрайын десем, айтқан әжуалары шын болғаны ғой деп өз-өзімді тоқтаттым.
Әмзе болса, менің жүріс-тұрысымды көріп тұрып, бір ауыз сөз айтпады, өзі де мені қайтып іздемеді. Осылайша қанша жүргеніміз белгісіз, мысқыл өлең Алманың да құлағына тиіпті. Мектептен бірге қайтуға дайындалып сөмкесін ала берем дегенде, портфелін қолымнан жұлып алып, «Маған жолаушы болма, үйге өзім қайтамын» деп тез-тез басып шығып кетті. Не болғанын түсінбей, аңырып қала бердім. Соңынан қуа жөнелуге де ұялдым. Сол кезде жаныма келген Әмзе: «Не болды? Үріккен лақтай қашты ғой?» – деп сұрады. «Онда сенің не шаруаң бар? Сенен біреу ақыл сұрады ма?» деп онсыз да жарылардай боп тұрған мен оған шап бердім. Тәжікелесуге орын тар дегендей, Әмзе иығын қиқайтты да жүре берді.
Сыныпта жападан-жалғыз қашанғы отыра берейін, салым суға кетіп мен де үйге келдім. Түнімен дөңбекшіп жатып, «Алманы шын жақсы көрсем, онымен сүйісуім керек» деп шештім. Ол кезде баламыз ғой. Шын ғашық адамдар ернімен сүйіседі дегенді жасы ересектеу ағаларымнан естігенім бар еді. Ол қалай болатынын білмеймін ғой. Әкеміз анамызды біздің көзімізше ернінен сүймек түгілі, шашынан иіскегенін де көрмедік. Әкеміз бала тәрбиесіне де қаталдау кісі еді. Үйдегі он бала мен отыз жыл отасқан жарын қас-қабағымен ғана жұмсайтын. Қияңқылық жасап, жаман атқа ілінсек, атасынан қалған дойыр қамшымен бір тартқанда жауыр аттай қиқаңдап, көзімізден ыршып түскен жасты көрсетпеуге тырысатынбыз. Жылағанымызды байқаса, «Ынжық немелер. Нағашыларыңа тартқансыңдар ғой» деп тағы да осып түсірер еді.
Келесі күні таңертең Алманың үйін торуылдап, мектепке бірге барайық деп ойлаған ойымнан түк шықпады. Жанына анасын ертіп, жалғыз өзі ыздиып тартып отырды. Енесі жеріген қозыдай сөлбірейіп соңдарынан ердім. Жолда жаныма Әмзе қосылды. Жан досым қиналғанымды байқаса да, түк болмағандай амандасып, курорттағы қызықтарын айта жөнелді. Өзінің де іші толып қалған екен. Әңгімесі таусылар емес. Алманы ойлап, ойым онға, санам санға кеткен мен оның айтқанын шала-шарпы ұғып келемін. Мекепке келген соң Әмземен бір партаға отырдық. Алманы көзіммен іздеп қарасам, ата жауыма айналып үлгерген Саянның жанына жайғасыпты. Қаным мұндай қараймас! «Әп, бәлем, сабақтан соң қолыма түсерсің» деп кіжіндім. Алмаға жақындаудың реті келмеді. Бар тапқан ақылым бір жапырақ қағазға «Кеш батқан соң кездесейік» деп жазып, үзілісте Алманың сөмкесне салып жібердім. Артынша атымды жазбағаным есіме түсіп, портфелін қайта аша бергенімде Саян есіктен кіріп: «Әй, ұры! Біреудің сөмкесін неге ақтарасың?» – деп айғай салды. Усойқының тілі қандай ащы еді! «Кімді ұры деп тұрсың?!» – деп өзіне қарсы шыға бергенімде, сыныпқа мұғалім кіріп, жымдай болдым. Қазақ әдебиетінен сабақ беретін Мүсілім ағай екен. «Не болды, балалар? Бірдеңені бөлісе алмай қалдыңдар ма?» – деді ол өзіне тән мейіріммен. Ағайды сыныптағы барлық оқушылар жақсы көруші еді. Мен де үй тапсырмасын жаттап келіп, үнемі ағайға жақсы көрінуге тырысушы едім. «Саян, оңбаған! Бәрін бүлдірдің» дегендей оқты көзіммен қарап қойдым. Кіжінгенмен амал қанша? Саян болса: «Мұғалім, ол Алманың сөмкесін ақтарып жатыр екен. Мен көріп қалдым. Ішінен бірдеңе алды» деп зуылдап жатыр. Ағайымыз сенер-сенбесін білмей: «Кәне, Мирас, шыныңды айт! Алманың сөмкесінен бірдеңе алдың ба?» – деп сұрады. Қапелімде не айтарымды білмей: «Жоқ» деуге ғана мұршам келді. Қолымдағы сығымдап ұстаған қағаздағы жазуды мұғалім көрсе, менің күнім не болатыны белгілі! Бесінші сыныпта оқитын мен түгілі мектеп бітіретін балалардың мұндай хат жазып, қыз баланы кездесуге шақырғанын білсе, директордың алдына дедектетіп апарып, жиналысқа ата-анамызды шақырып, қаққанда қанымызды, сыққанда сөлімізді алар еді. Қазір ғой, «Әулие Валентин күні» деп мектепке жәшік қойып, оған балалар хат салып, батыстың әулекі дәстүрін енгізіп қойғаны.
Сонымен не керек, Мүсілім ағай: «Саян, сен байқамай қалған шығарсың? Әйтпесе, Мирас мұндай қылыққа бармайтын таза бала», – деп өзімді мақтап жіберді. Таза баланың сондағы қысылғаны-ай! Ағайды алдап, қызға хат жазып жүр. Өз-өзіме жыным келіп, одан Алмаға ашуланып, Саянды тірідей түтіп жеуге шақ қалдым.
Қойшы, құрысын, сол хаттың астына атымды жазып, Алманың сөмкесіне салып үлгердім. Кешке жақын Алманың үйінің жанын торуылдап жүрдім. «Шыға ма, шықпай ма, хатымды оқыды ма, жоқ па?». Жауабы жоқ сансыз сауал мазалап, жүрегім атқақтап, алабұртып тұрмын. Бір кезде Алма ауласынан шығып, мені көрген соң, қарсы жүрді. Мен де жақындадым. Үндемей тұрмын. Тыныштықты ақыры оның өзі бұзды. «Бірдеңе айтайын деп пе едің?» Үні қандай суық еді. Қанша жерден батыл болсам да, қыздың алдында қалтырап кеттім. «Жоқ, жай» деп күмілжи жауап қаттым. «Онда мен кеттім. Онсыз да балалар бізді күйеу мен қалыңдық деп мазақтап жүр» деп бұртиған түр танытты. Бұдан кейін Алмадан мәңгі-бақи айрылатындай, қолынан ұстап, өзіме қарай тарттым да, ернінен сүйдім. Ең алғаш рет еріннен сүйгенім еді. Онша шықпады-ау деймін. Алма кеудемнен итеріп жіберіп, «Оңбаған! Аузың да сасық екен» деп жекірді. Төбемнен біреу қос қолдап ұрғандай мелшидім де қалдым. Сүйіктімнен мұндай сөз естимін деп үш ойласам түсіме де кірмес еді. Нокаут алып, есін жинай алмаған боксшыдай тәлтіректеп үйге келдім. Ана көңілі қандай сезімтал. «Сары ұлының» көңілсіз келгенін көрген анашым сұраулы қалыппен бетіме қарады. Дауыстап сұрауға төргі бөлмеде газет оқып отырған әкемнен сескенеді. Анама сыбырлап «тіс тазалайтын зат керек» деп жыламсырадым. Менің жылағанымды анам ғана түсінеді. «Құлыным-ау, жарайды. Қасқалдақтың қанын сұрамасаң болды ғой» деп күлімсіреді. Қазір ғой тіс пастасы мен щетканың түр-түрі бар. Үш түске боялған, жалбыздан бастап түймедаққа дейінгі шөптер мен гүлдердің дәмі бар тіс пасталары. Ауыз шаятын щетканың өзінің неше атасы бар. Одан қала берді тістің арасында қалған қалдықты тазартатын жіптер де бар. Тіс шұқығыш таяқшаны айтпаса да түсінікті. Араб елдеріне барғанда мисуақ ағашының бірнеше талын да әкелдім. Біздің бала кезімізде осы тіс пастасы тым қат болды ма? Ауылдағы дүкен түгілі, қаладағы универсамдардан таппайсың.
Келесі күні таңертең тұрсам, жуынатын жерде анам қолына ішінде тіс ұнтағы бар темір қалбыр мен ағаш сапты тіс щеткасын ұстап тұр. Қуанғаным сонша, анамды қапсыра құшақтап, бауырына тығылдым. Анашым шашымнан иіскеп, қалбырдың сыртындағы жазуды оқып, осылай-осылай тазалайсың деп түсіндіріп берді. Сол жерде ауызыма ұнтақты толтыра, жаңа щеткамен отыз екі тісімді ары-бері ысқыладым. Аузымнан жұпар иісі аңқығандай болды. Қуанғаным сонша, дымым қалмай мектепке жүгірдім. Сыныпқа кіре бере көзіммен Алманы іздей бастадым. Сүйіктімнің қарасы көрінсе, алдынан жүгіре шығып, аппақ тісімді ақситып, өкпемнен шыққан хош иіспен есінен тандырмақпын. «Қайыршыға жел қарсы» демекші, ол ойым жүзеге аспай қалды. Алма сол күні сабаққа келмеді. Келесі күні де, одан арғы күні де. Отбасымен бірге туған қаласына оралған екен. Әкесінің іс-сапар мерзімі таусылыпты. Сыныптағы балалардың ешбірімен қоштаспай, табелін алып, жүре берген. Оны мен кейін білдім. Күн сайын келеді-ау деп күтіп жүрдім. Үйінің жанына барып, шақыруға дәтім жетпеді».
Бастығым осы жерге келгенде үнсіз қап, қайтып оралмас балалық шағына қиял кемесін мініп кеткендей үндемей қалды.
– Сонымен не болды? Алманы қайта кездестірмедіңіз бе?
– Кездестік қой! Одан да көрмегенім жақсы еді, – деді ол тұнжырап.
– Неге? Әлі ренжіп жүр ме екен? – дедім мен әзілге басып.
– Бірде үйдегі жеңгеңнің айтқан заттарын алайын деп жақын маңдағы
дүкенге бардым. Сол жерде көше тазалап жүрген жұмысшылар жүр екен. Заттарымды алып, дүкеннен шыға бергенімде алдымнан екі жұмысшы әйел шықты. Сырттағы аяздан жылынбақ болып, ішке беттеген түрлері екен. Біреуі маған тесіле қарап, «Мирас, сенбісің?» деді. «Бұл мені қайдан таниды?» деп, жауап берудің орнына, оған одырая қарап тұрмын. «Бұл мен ғой, Алмамын» дегенде есімді жидым. Алыстағы ауылда қалған балалық шағым, еліктің лағындай сүйкімді қыз, ең алғаш өпкен ерін жадымды тіліп түсті. Алманың бетіне әжім тым ерте түсіп, көз алды кіреуке тартыпты. Күн суық еді, жылыну үшін жанындағылармен жүз грамдатқан болу керек, аузынан күлімсі иіс шығып тұр. Жас кезімде ащы судың да, небір заһардың дәмін татсақ та, соңғы он жылда ол пәленің маңынан жүрмейтінім өзіңе белгілі. Ішпек түгілі, ішімдік қойылатын той-жиындарға да бармаймын. Сол үшін кей ағайындармен де жүз шайысып қалған кезіміз болды. Мейлі ғой, әр адам өзіне-өзі төреші. Оларды түзете алмаспын. Біреуді соттауға да асықпаймын. Алманың мүсәпір күйін көре тұрып, оған деген аяушылық пен жек көрушілік сезімдерім қатар жүрді. Балалық балғын кезімде сүйген еріндері қанша тәтті болса, маған айтқан сөзі сондай суық еді. Енді менің бала қиялымның бәрінің быт-шытын шығарып, шынайы өмірмен кездескенде ішімді ащы өкініш оттай қарыды. Алманың тағдыры қандай болды? Неғып мұндай күйге ұшырады? Алманы танымаған адамдай басымды бұрып қаша жөнелдім. Сүйікті болған адамымның тағдырына қарсы тұрар дәрменім қалмады. Ұяттан өртеніп, тұла-бойым дірілдеп үйге жеткенше өз-өзімді ұстай алмадым. Қайран Алма! Кім екен сені мұндай күйге ұшыратқан?
Білесің ғой, ұлымның сырқатына байланысты Алматыдағы аты жер жарған клиникаға жиі барамыз. Алдыңғы жылы барғанда апорт алма есіме түсіп, үйіне қонған апама «Апорт алма әкеп бер» деп қолқа салдым. Ұлым да дәмін татсын дегенім ғой. Қазір дүкендерде апорт алма жоғалып кетті ғой. Алманың түр-түрі бар, тек апорт жоқ. Апам апорттың қазір жоқ екенін, тау бөктерлеріндегі алма бақтарын бай-бағаландар қырқып үш-төрт қабатты үй-жайлар салып алғанын айтса да, қыстап болмадым. Ақыр соңында апам менен құтылмасын сезіп, бір пакет алма әкелді. Әлгі алмасы апорттан садаға кетсін. Сырты мыжырайған, дақ басқан ұсқынсыз алманы ұстағанда қазіргі Алманың кейпін көргендей болдым.
Ол үнсіз қалды. Үнсіздікті бөлуге менің де құлқым болмады.