«Aiqara.kz» әдеби порталы майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған әңгімелерді жариялауды жалғастырады. Назарларыңызда – №4 әңгіме. Байқау Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
КӨК ӨГІЗ
(Болған оқиға ізімен)
Бұл – өткен ғасырдың сексенінші жылдары болған оқиға.
Рақым шопан күндегі әдетінше таң бозынан тұрды.
– Ойхой, Ертіс тасыпты ғой!, – деп қуанғаны да, қобалжығаны да аралас үн шығарды алды аппақ айдын даланы көріп. Қуанатыны – Ертіс тасыса, атшаптырым айналаға, арнаға, сай-салаға, жыра мен ойпаңға су толады да, шабындық жерге үлкен кісінің кіндігінен келетін түрлі-түрлі шөп шығады; ол шөпті дер кезінде орып, шауып, шөмелелеп, шошақтап, маялап алса, совхоздағы қыруар мал қыстан қысылмай шығады; «елде болса, ерінге тиеді» деп, ауыл-ауылдағы иін тіресе отырған қалың жұрт та нәпақасыз қалмайды, бір-екі сиыр, бес-он ұсағына да азық табылады.
Ал қобалжитыны – кеше тоғайға қарай кеткен Зеңгі баба тұқымы түгелдей оралды ма, теңіз боп кеткен мына топан суда қалып қойды ма деген күдік-күмән. Жоқ, мал түгел сияқты… Әне, қызыл қасқа мама сиыр бастатқан мүйізді біткен жайбарақат күйіс қайырып жатыр.
«Тоқта! Тоқта! Өгіздер түгел ме?» Мүйізі қарағайдай алып өгіздерін асықпай санап шықты. Жетеу! Біреуі жоқ… «Қайсысы екен? Ә, анау күлгін түстес көк өгізім жоқ қой!»
Інісі Құрман Алматыдан арнайы әкеп берген әскери дүрбімен төңірекке бажайлай көз салды. «Міне, міне!» Тоғайдың шетіндегі бір дөңесте (тегі бұрыннан қалған бұзылған қыстау болуы керек) ағараңдап бірдеңе көрінеді. Сол, соның өзі! Мұның көк өгізі!
Басқа шопандар өгіздерін етке өткізіп тастағанда, бұл үлкен-кіші бастықтармен айғайласып жүріп, күш көліктерін бір сапарға аман алып қалған-тұғын. Соның қызығын биыл қыста көрген. Арқадағы апталап соғатын алапат бораннан түгел жолдар жабылып, алып тракторлар жүрмей қалғанда да, Рақым отарын ашықтырған жоқ. Көмекшісі екеуі таңертең екі пар өгізбен шығады да, сықитып сықап тиеп әкеледі шөпті. Бір шананы терлаға таңертең шашады, екіншісін – кешке. Күнде – осылай. Сондықтан Рақым шопанның қойы қоңын бермейді. Қысы-жазы күйлі. «Семіздің соңы – сегіз» деген. Құдайға шүкір, төл алудан совхоздағы ғана емес, мұқым аудандағы, әйтпесе облыстағы ең озат шопандар қатарында.
– Қап, мына өгізді не істесем екен?! Мына жайдақ жойқын су қашан қайтады? Бір ай тұруы мүмкін. Оған дейін менің көк өгізім ашығып, өліп қалмай ма?! Қой, қарап отырмай, қайық іздейін…
Қайық ауылдағы Бекен досынан табылды. Былайғы жұрт сыртқы түр-түсіне қарап, «қара Бекен» дейді. Сырты қара болғанымен, жүрегі – ақ. Рақым дегенде ішкен асын жерге қояды…
Бекен қайығын қарамайлап, ау-қармағын сайлап, алдағы балық маусымына шарт түйін даяр отыр екен.
– Жарайды, інімнің қайығын ала тұрармын. Бір сұрап келгеніңде, сенің көңілің қалмасын… Қарап отырып, өгізіңді өлтіруге бола ма?! – Бар айтқаны осы болды ескі достың…
Рақым ескек есуді де бір кісідей білетін. Оған да «баулыған» осы Бекен досы. Осындай су келгенде, әйтпесе маса мен сона азайған жаз соңына қарай отарды келіншегі Айгүлге, балдыз, жиендеріне тастап, бір-екі күн қайықпен Ертіс ортасындағы аралға барып, Бекен досы екеуі балық қызығын көріп қайтатыны бар…
Қайықтың екі бөлігіне де иісі аңқыған көк шөптен сықап тиеді. Өзі ортасында. Үйілген пішеннен басы ғана қылтияды. Ағаш ескек қолға әжептәуір салмақ екен. Дегенмен самауыр қайнағанша дейтін уақытта көк өгізінің жанына да барып қалды. Көкшуланы мұны танып, екі-үш мәрте ішін тартып мөңіреп жіберді. Әйтеуір, тұрған жері құрғақ екен. Бұрын қора болған ба, үй болған ба – әжептәуір оқшау да биік төбешік екен. Қысқа сапты ашасымен әкелген шөбін жаймалап өгіздің алдына тастады. «Ертеңге шейін жетіп те қалар!» – деп өгізінің кедір-бұдыр мойнынан қағып-қағып қойды. Ол байғұс қайқы қылыш мүйізін шайқап қойып, әкелінген шөпті қомағайлана тілімен орай бастады.
Келген ізімен кері шықты. Ертіс жарықтық осы уақытта тұп-тура теңізге бергісіз болып кетеді ғой. Жан-жағы түгел жайпақ жалтыраған су. Құдды су үстінде өмір сүретін кей халықтар секілдіміз. Жағадағы Ақсарай көз ұшында ғана ағараңдайды.
Әкесі Әлкен елуінші жылдардың орта тұсында Қытайдан «елге барайық» деген ағайындарына ілесіп, ағасы Ожай екеуі үй-үйелменімен осылай қарай жөңкіле көшіп, ақыр соңында осы Ақсарайды мекен етіп қалған. Бұл сонда 7-8 жаста ғана болар. Інісі Құрман – ол кезде емшектегі бала. Иә, Құдайға шүкір, осында мектеп бітіріп, осыннан әскерге алынды. Әскерден келгесін үйленді. Осы Бекен досы септесіп…
Соқыр ішегіне операция жасатып, Қызылсуаттағы аудандық ауруханаға түскен. Оң жақ бүйірі солқылдап, сыздап ауыра берген соң, ауылдағы дәрігерге көрінген. Ол бірден ауданға жіберді. Қара мұртты дембелше хирург:
– У вас аппендицит. Будем оперировать! – деп қарап тұр.
Операциядан соң бір-екі күн өткенде кереует жағалап ептеп жүре бастады. Бекен досы бензовозымен күн құрғатпай келіп тұрады.
– Әй, Рақым, сен бекер жатпай, былай жан-жағыңа көз салып байқасаңшы… Мына кіреберістегі телефонда отырған Айгүл қыз «нешауа» сияқты ғой. Өзі саған «кет әрі» емес секілді, – деп кеткен. Содан бері үңіле қараса, шынында да, баяғы ертегіде айтылатын «Ай десе – аузы, Күн десе – көзі бар» дейтіндей сүп-сүйкімді, күлгенде бетінің шұқыршағы көрінетін биязы мінезді ақсары қыз екен.
Жұмысы болсын-болмасын, сол қыздың жанынан шықпауға айналды. Былтыр мектеп бітіргенін, Семей мединститутына түсе алмай қайтқанын, келер жазда, Құдай бұйыртса, қайта сонда баратынын, кәрі шешесімен бірге жалғыз ағасының қолында тұратынын, ағасы да, жеңгесі де осындағы мектепте мұғалім екендерін жасырмай айтып берген.
Сөйтіп жүргенде, ауруханадан шығатын күн де таяп қалған. Айгүлді қанша қимағанымен, жата берудің реті жоқ.
– Завтра выпишем, – деді Ақат хирург. Ендеше бүгін – ең соңғы күні мен түні…
Айгүлге ауыз бөлмедегі телефоннан алыс кетуге болмайды. Екі жас сонда да ретін тауып, телефон тұрған бөлменің есігін ашып қойып, қараңғы дәліз түкпірінде ұзақ сырласқан…
Ауруханадан тағы да Бекен досы шығарды.
– Әй, Рақым, мен білсем, саған осы Айгүлден артық жар табылмайды… Қолыңа қонған бақ құсынан айырылып қалма!, – деп ақылын да айтып үлгерді жолшыбай…
Бұл ретін тауып, бұдан кейін де Айгүл кезекшілігінде ауруханаға келіп-кетіп жүрді. Сонымен қыс та жетті қыраулатып, борандатып, аяздатып…
– Тәуекел! – деді бір күні Бекен досы. – Қашанғы жүресің осылай, екі ауылдың арасын жол қылып? Ертең-ақ тәйт дейді бұл қызың… Әлде оқуына, әлде басқа бір жігітке… Сол ауруханада сенен де басқа емделіп жатқан жігіттер бар ғой… «Темірді қызған кезінде соқ!»
Сол күні қыздың Қызылсуаттағы көше бұрышындағы көк үйіне: «Су ішуге бола ма екен?» деп Бекен досы кіріп еді.
– Бұ кім, әй? Қыстың көзі қырауда су сұрап, аңқасы кеуіп жүрген?, – деп кәрі шешесі жақтырмай қараған.
– Әй, апам-ай, жол үстіндегі үй болғасын кіреді де, – деп Айгүл мұны танып, дәліздегі фляг тұрған қуысқа беттеген. Сол екі ортада бұл: «Рақым екеуіміз сені сыртта тосып отырмыз», – деп сыбырлап үлгерген қыз құлағына.
– Суыңа рахмет, қарындас… Балдай екен, – деп Бекен шыға берген… Жұқа шыт көйлегінің үстіне күпәйке ғана киген Айгүлді бұлар қоярда-қоймай машинаға отырғызып, Ақсарайға бір-ақ тартқан…
«Зулап жатқан өмір-ай!» – деп басын шайқап қойды Рақым… Сол Айгүлі қазір ұлы бар, қызы бар – 8 баланың анасы атанды. Құдайға шүкір!
Үш-төрт күннен кейін Бекен досы қайықтың артына қойылатын, бензинмен жүретін жаңа мотор әкеп берді. Енді тіпті рахат болды! Зу етіп, көк өгізінің алдына әп-сәтте жетіп барады… Ол жарықтық та ішін тарта 2-3 рет мөңіреп алып, бұл әкелген иісі бұрқыраған көк шөпті ұзын тілімен орай соқтырта бастайды…
– Шыда, шыда! Аз қалды! Ей, Көкшулан! – деп өгізінің қатпар-қатпар мойнынан қағып қояды…
– Иә, әзірге Социалистік Еңбек Ері атағы бұйырмай тұр! – деді өзіне-өзі моторлы қайығымен кері зулатып келе жатып…
Бұл атаққа 3 рет ұсынылып, 3 ретінде де көрші аудандардың қойшыларына беріліп кете барған. Әлгілердің көрсеткіші бұдан жоғары емес, төмен болмаса…
Бәріне кінәлі – үш әріп. «ҚХР-да туды» деген жазу. Қайтеді енді, Қытайда, оның ішінде Шәуешек қаласында туғаны өтірік емес. Кәмпеске деген аласапыран басталғанда, бай, ауқатты әкелерінің бас сауғалап, Қытай асқаны да – шындық…
Әйтсе де өкінбейді. Еңбек Ерінен басқа атақтардың бәрін де алды. Кеудесі жарқыраған орден-медальға толы бұл күнде. Қанағат! Тәуба!
Тек соңынан ерген жалғыз інісінің, Құрманның қазасы жүрегіне ауыр соқты. «Қайтыс болды!» деген суық хабарды естігенде, шайқалақтап кетті. «Қалай? Қалай?» дей беріпті. «Өй, АЗВИ-ді қызыл дипломмен бітіріп, аспирантурасында оқып жүрген жігіт емес пе еді? Құдай бұйыртса, биязы жүнді қой өсіру технологиясына арналған кандидаттық диссертациясы да орталанып қалған. Қалайша көктей солды, қыршынынан қиылды? Орда бұзар отызында?». 86-дағы желтоқсанның ызғары бұл шаңырақты да айналып өткен жоқ. «Өлген іні – өлді. Енді қайтып келмейді. Қопарып, қозғап қайтесің, Раха! Өзіңе, балаларыңа кесірі тиеді!» – деген соң інісінің жұмбақ өлімін де көп індетіп қазбаламаған… Тек ел аяғы басылғасын, ешкім жоқта, қашар түкпіріндегі бір қуысқа барып қатты өкіріп, көпке дейін уана алмай жылағаны есінде…
Ұрпақсыз өткен жоқ інісі… Соңында өрімдей екі қызы қалды… Енді өз балаларымен қоса солардың да болашағын ойлауы керек…
Таңертең тағы да ерте тұрып, дүрбі салып қарады. Көк өгізі көрінбейді. «Құдай-ау, бұл қайда кете қойды?!» Жанынан қатты мөңіреген дыбыс шықты. Сол, көк өгізі! Өзі келіпті. Су біраз тартылған соң, кешіп өтіп келген ғой…
«Өй, жарайсың! Көкшуланым! Бар бол! Біз де бар болайық!»
Алып Күннің алғашқы ақ сәулесі шығыс жақ беттегі көк тоғайдың ұшар басынан жарқ етіп көрініп қалды..
Тағы бір таң атып келеді…