Биыл – майдангер жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қалмұқан Исабайдың туғанына 100 жыл толды. Қаламгердің мерейтойына орай Баянауыл ауданы әкімдігі «Aiqara.kz» әдеби порталымен бірлесіп, облыстық прозалық шығармалар байқауын ұйымдастырды.
Үміткерлердің жасына шектеу қойылмаған әдеби байқау әңгіме жанрында өтті. Бірнеше кезеңді қамтитын байқаудың іріктеуіне облысымыздың түкпір-түкпірінен отызға тарта қаламгер қатысты. Олардың ішінде үздік 18 шығарма іріктеліп, бағалау үшін қазылар алқасына берілді. Ереже бойынша, марапаттау рәсіміне дейін қазылар құрамы жарияланбайды және оларға шығармалар автордың аты-жөні көрсетілмей, нөмірленіп ұсынылды. Бұл – байқаудың әділ өтуіне мүмкіндік береді.
Маусымның 8-інен бастап, шығармалар, авторы көрсетілмей, «Aiqara.kz» әдеби порталында жарияланады. Бүгін назарларыңызға Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған №18 әңгімені ұсынамыз.
Байқаудың қорытындысы тамыз айында мерейтой иелерінің құрметіне арналып Баянауылда өткізілетін салтанатты жиын барысында шығарылады. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және Баянауыл аудандық әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Жазушы Қалмұқан Исабайдың ізбасарларының әдеби байқауында кімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жанатынын асыға күткен оқырман, бізбен бірге болыңыз! Жеңімпаздың есімі жарияланар күнде жүздескенше!
АҚКЕЛІН ШОҚЫСЫ
Шоқының басында Шорман отыр. Таң бозамық. Айнала меңіреу. Аспан да, дала да үнсіз тұнжырап тұр. Бірақ бұл үнсіздік – тыным емес, тылсым. Тығырық. Кеудесін көк мұнар кеулеген. Кешегі түннің көлеңкесі сейіле қойған жоқ. Таң нұры төгіле алмай, бозарып тұрып қалған. Кеудеде алау, бетте суық. Өртеніп жатып тоңады адам – бұл да сондай хәл. Шорман қозғалар емес. Айнала сұп-сұр. Тек ішіндегі жалын ғана тірі. Көзі – көкжиекте, көкірегі – кешегі түнде.
Бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Жер дауы емес, жан дауы. Еліне ере шыққан жігіттерді кері қайтарып, тек бір сенімді серігін алып, Қаракесек ішіне жалғыз тартқан. Бұл – сырттан ішке, өзгенің үкімінен – өзінің үнсіз үкіміне қарай жасалған сапар еді.
«Ақ торғынға оранып, күміс күлкісімен ел аузында жүрген. Жауқазындай үлбіреген Ақбала есімді ару бар» деген сыбыс жеткен. Қыз мұраты сөз, ер мұраты бір-ақ сәт. Соның сынына бет алған.
Күн екіндіге ойысқанда ауыл шетіне ілікті. Құдық басында су алып тұрған бір қызды көзі шалды. Бұралған бел, сабырлы жүріс, шолпыдағы үнсіздік – бәрі де тым бөтен, тым таныс. Ақ торғын көйлегі аппақ нұрға оранып, шашы белден төмен құлдилап, білезігі мен шолпысы күн шапағына шағылысады. Уақыт тоқтап қалған. Шолпының сыңғыры мен Шорманның жүрек дүрсілі ғана қалған. Көз бен көз тоғысқанда – екі тағдыр бетпе-бет келген.
Жеңгелері арқылы сәлемін жолдады. Кәдесі мен жөн-жоралғысын аямады. Кешке жүздесуге келісім алынды. Қыз үндемеді. Бірақ сол үнсіздік – бүкіл түннің тағдырын тастап кеткен еді.
Түн. Аспан тұнжырап, жұлдыздар қара түнектің арғы бетіне сіңіп кеткен. Белгіленген үйге жетіп, іркіліп қалды. Ақырын ғана енген. Шымылдық. Көкшіл. Әлсіз ғана тербеледі. Әлдебір тыныс бар ішінде. Қыз басын жастықтан көтерді де, ышқыр бауын меңзеп:
– Тісіңмен шеш, – деді салмақпен.
Сол сәтте дүние тынысын тоқтатқандай. Шорман кілт тоқтады. Ішінен бір үміт үзіліп түсті. Еңкейе бергенде – аяғымен кеудеден теуіп жіберді қыз. Шорман шалқасынан түсті. Ауыртпалық емес, аңтарылу. Тағдырдың тылсым тартысы.
– Адам тағдырын екі ауыз сөзбен шешетін ер болсаң, ұрғашының ауына неге ауыз салдың?! – деді қыз. Жай ғана үнмен. Бірақ жанарында – намыс оты. Ардың жарығы. Бәлкім, іштей әлденені үміт еткен, бірақ сол үмітпен бірге өз қадірін де сақтағысы келген. Шорман үн қатпады. Жауап бермеді. Жауабы – сол үнсіздік еді. Ар алдында сөздің орны жоқ. Шымылдықты кейін сырды да, түн түнегіне сіңіп кете барды.
Бірақ сол бір жанар… Сол көзқарас. Ішінара үміт, ішінара үкім. Жүрегіне таңбадай басылды. Сол түн – өмірінің өрісін өзгерткен түн еді. Кешегі асығыстық, бүгінгі өкінішке айналып, ертеңгі тынысын басқаша арнаға бұрып жіберді.
Шоқының басында ол әлі отыр. Таң нұры баяу құйылып жатыр. Атқа мінді. Басын төмен салып, аяңдай басып келе жатыр. Артқа бұрылмады. Бірақ көңілі қайырылды. Қайырылып тұрып қалды… сол жанардың астында. Сол түн – жүрек есігін өмір бойы ашық қалдырған.
Содан бері сол жанар – күндіз ұмыт болғанмен, түннің ортасында қайта оралып, жүрегінің босағасын ақырын ғана қағып тұратын болған. Ар секілді. Арман секілді…
***
Қыс өтті. Көктем келді. Дала түрленді. Жапырақ бүр жарды. Күн шуағын төкті. Тыныш қыстақ тіріліп, бозторғай әнімен көк аспанды жаңғыртты. Табиғат түлеп, тіршілік жаңарды.
Бір күні Шорманға хабар жетті: шоқының ар жағында ақбоз атты, аппақ киінген қыз тосып тұр екен.
Шорман бозжорғасын шайқалтып, шоқыға тіке тартты. Етекте үш салт атты көрінді. Ат үстінен секіріп түсті. Алдында – бетін ақ шілтермен жапқан ару. Жақындап, жүзін ашқанда – сол, баяғы… меселін қайтарған Ақбала. Сол мұңлы жанар.
– Ауылға құдалар келіп жатыр… – деді Ақбала сыбырлап. – Күйеуімді қаламаймын. Бірақ әкемнің сөзінен аса алмаймын…
Дауысы тым бәсең еді, бірақ әр сөзінің астында қайыспас өкініштің салмағы бардай сезілді.
– Некелі жарың ет, болмаса қыз дәуренімді осы түнде қалдырамын…
Жанарында – шарасыздық. Даусында – жылап тұрған үн. Ал көзінің түбінде… көздің түбінде – тұтас тағдыр. Жыламаған, бірақ жанары жылатты. Ақ шілтері тұмшаланған жүзі – түннің өзінен де нұрлы еді. Саусақтары майда, ұзын. Қолын созғанда – өміріңді ұсынуға дайын тұратын бейне. Үндемеді. Бірақ жанары сөйлеп тұрды. Көзіндегі мұңнан, ішкі қарсылықтан, өмірге деген шарасыз күрес сезілетін. Қолының сәл ғана дірілінен, демінің тереңдігінен – бүкіл жан дүниесімен қоштасып тұрғаны байқалатын.
Шорман көзін тайдырмай тұрып қалды. Уақыт тұрып қалғандай. Ол ақырын ғана:
– Отауыңа қауызың жарылмаған күйіңде бар. Ардан аттамалық. Ертең бетіңе шіркеу болады. Тағдырыңа қарсы жүзе алмайсың. Мен де ата салтын бұзсам, ертең қалай билік айтам?.. – деді.
Сол түн тән емес, тағдыр тоғысқан түн еді. Қара түнге жұтылған, бірақ мәңгі ұмытылмас түн. Ай аунап, Шолпан туды. Таң нұры тау сілемін шымылдықтай түре бастағанда, Ақбала жолға жиналды. Жанары сабырлы, бірақ қапалы. Ақбаланы қолтығынан демеп атқа қондырды. Ақбала жасқа толған көзімен қарағанда, Шорман іштей егілді. Тек ішінен: «Қош бол…» – деді.
Ақбоз атты ару құрбыларымен бірге тау асып бара жатты. Шорман тебініп барып, тізгінді тартып тоқтады. Оны тоқтатқан Топышқа берген серті еді. Жетімдіктің зарын тартқан шағында тапқан жұбанышы болатын. Әкесінің, туыстарының қарсылығына қарамай етегінен ұстаған Топыш. Сонда: «Үстіңе әйел алмаймын», – деп түн жамылып серт берген.
Шорман ұзақ қарап тұрып:
– Бүгіннен бастап бұл шоқы Ақкелін шоқысы аталады, – деді. Төңірек тым-тырыс еді.
Тек алыста тау асқан салт аттылардың дүбірі бірте-бірте өшіп, көктемгі шөп сыбдырымен сіңісіп бара жатты…
***
Жылдар жылжыды. Өмір өз иіріміне салып, шым-шытырық арнамен ағып жатты. Шорман ел ішінде танымал би болды. Талай дауды шешіп, талай биікке жетті. Атағы алты алашқа жайылды.
Бірақ жүрек түбінде тым терең бір тұңғиық бар еді. Ұмытылғандай болғанмен, шын мәнінде ұмытылмаған. Сол тереңде – әлдебір жанардың елесі… Уақыт бәрін жуып, өшіргендей. Бірақ… жүрек түбіндегі сол бір жанар – жоғалмапты. Баяғыдай. Сол күйі. Өзгермеген. Кейде түсінде көрінеді. Кейде жалғыз отырып, көз ұшындағы даланы үнсіз шолып отырғанда – сол жанар қайта тіріліп, жүректі шымырлатып өтеді.
***
Жаздың соңы. Күздің иісі білініп, тамыздың самалы тал-дарақтың жапырағын әлсін-әлсін сыбдырлатады. Күн еңкейіп бара жатса да, төбелердің қызуы басыла қоймаған.
Семізбұғы бойындағы шеткері ауылда, жесір дауына бітім айтуға келген. Дау тарқап, бітім орнап, ел жоралғысы басталған. Енді, ел рәсімімен, жақсылардың үйінде кеңес, бата, құрмет дастарханы. Ән мен күй кезек тербелген шақ. Самал үй ішін кезіп тұрған кезде, есік сықыр етіп ашылды.
Ішке бойын тік ұстаған келіншек кірді. Аппақ жүзінен шуақ есіп тұрғандай. Жанары – тұңғиық. Үнсіз адымымен-ақ үй ішіндегі тыныштық өзгеріп сала берді. Бейне бір жарық сәуле үйге енгендей. Келіншек босағадан аттаған сәтте-ақ Шорман жүрек тұсынан шым еткен дірілді сезді.
Ақбала… Ақбала… Ақбала…
Сол баяғы жанар. Жылдар ішінде көмескі тартпаған, қайта тереңдей түскендей. Шорман үнсіз қадалды. Келіншек иіліп сәлем берді.
Үй иесі сөз бастады:
– Жесір келінім. Інім барымта үстінде қаза тапқан. Биыл асын беріп, қаралысын шештік. Ақбала – соның жары.
Келіншек байыппен тіл қатты:
– Келгеніңді естіп, сәлем беріп шығайын деп едім. Көңілің баяғыдай болса, есік ашық…
Сөзінің астарында тым алыста қалған бір көктемнің елесі бар еді. Сол көктем, жүрекке шаншудай қадалып, ұмытылмаған шақ. Шорман жауап қатпады. Тек көзқарасы сөйледі. Жанар мен жанар түйіскенде – бүкіл өмір баяндалғандай. Үнсіздік жүрекпен сөйлеп тұрды. Бәрі сол сәтте, сол тыныштықта айтылды.
***
Түн. Дала тынған. Үй ішінде көмескі жарық. Шаңырақтан сызылып түскен ай сәулесі кеңістікті жұмбақ әлемге айналдырып жіберген. Ақбала оң жақтағы төсекте тізесін құшақтап үнсіз отыр. Тарқатылған шашы иығынан төгіліп тұр. Бейне бір түннің өзіне айналып кеткендей.
Шорман төрге шықты. Дауысы баяу, сабырлы:
– Мен сені ұмыта алмадым…
Ақбала үнсіз ғана кеудесіне сүйенді. Сол сәтте жібек көйлегі иығынан сырғып, төмен сусып түсті. Ақ мәрмәрдай мінсіз мүсін жарқ етті. Аппақ тән – кіршіксіз. Уақыт пен тыныс сол сәтте тоқтап қалғандай. Екі анары – толқындай дөңгеленіп, ақ төсінің үстінде қара барқыт меңмен көмкерілген. Ажар емес – ар. Сұлулық емес – сыр. Бұл көрініс – түсі емес, өңі. Көзбен емес, жүрекпен көретін сәт. Ай жарығы сол бейнені көмкеріп, көктен түскен киелі сәуле сынды төгіліп тұр. Бірақ дәл мұндай сәтті бұрын бастан кешпегені анық. Бұл – уақыт тоқтаған, тілсіз танылған, жүрекпен ұғынылған шақ. Ақбала үнсіз. Бірақ тәні де, тынысы да – үнсіз сөйлеп тұрғандай. Сол сәтте адам мен жарық, тән мен жан, күнә мен кешірім, аңсау мен тыныштық – бір-біріне үйлесе қалғандай.
Ал Шорман – танауын кең ашып, сол сәттің иісін жұтып тұрғандай. Көз алдына алыста қалған көктем елестеді: ақбоз ат, торғын көйлек, желбіреген ақ шілтер… Бірақ мына бейне – бұрынғыдан да сұлу. Ақбала – басқа. Уақыт оның бойына сабыр мен мейір қоса түскен. Бұл түн де басқа. Қаракөздерінен жылдар бойы тұнған сағыныш жылт етті. Сол көзқараста кінә да, үміт те, өкініш те, кешірім де – бәрі бар еді.
Бұл түн – өткеннің емі емес, аңсаудың шыңы. Жанның жарылуы. Үнсіз қосылған екі жүрек. Сөзсіз аққан көз жасы. Тек жан дірілі ғана естілді. Түн – сыр бүгіп тұр. Тағдыр – тіл қатпай тұр.
***
Таң бозарып келе жатты. Шорман сыртқа шықты. Тамыздың таңғы самалы – таныс иіс, жылы саз. Сәлден соң атшы күміс ертоқымы жарқыраған, жабуланған тұлпарды жетелеп әкеліп, кермеге байлады.
Шорман үнсіз бұрылып, баяу сөйледі:
– Ақжан… Енді Құдай айырмаса, адам айыра алмас. Топыштың алдынан өтейін. Алланың жазғанын көреміз. Көзімдей болсын деп, Айқабақты тастап кетем…
Ақбала сәл жымиып, көзбен ғана қош айтты:
– Жолыңды… Айқабақ екеуіміз тосамыз…
Аттанарда Шорман Ақбаланың қайнағасына бұрылып, сәл бөгеліп:
– Құдалар келеді. Қалыңмалын бара айдатам, – деді.
Бетіне тіке қарауға дәті жетпей, үнсіз бас изеді. «Кеш пе, ерте ме – осы сәт боларын сезіп едім» дегендей.
Шорман аттанып кетті. Таңмен бірге – тағдыр да жолға шықты…
***
Керегетастың арғы бетінен көтерілген күннің алғашқы шапағы жерге түсті. Бірақ сол сәуле Шорманның өңін жылытпады. Жанары ішке қайтқан көлеңке. Жол бойы түнеріп, үн қатпады Көңілі күпті, жан дүниесі жүдеу. Жаратқан көп нәрсе берді оған – дәулет, даңқ, биік мансап. Бірақ ең қымбаты – өзін сүйген, өзі сүйген жанды – тым кеш таныды. Еңсесін езіп бара жатқан өкініш – сол жанды тым кеш түсінгені. Ешкім жетектеп әкеткен жоқ, өзі өткеріп алды. Артына оралу жоқ. Бірақ сол күндердің лебі жүрегінде әлі тірі – ең жұмсақ, ең шымыр тұсында тірі. Өзегін ащы күйік шарпыды.
Ақкелін шоқысының тұсына іліккенде жүрегі шаншып, көкірегі қысылып, тұла бойы мұздап, тынысы тарылды. Қосшылары жанталаса жүріп, оны жайлаудағы Ерейменнің арғы бетіндегі етегіндегі ауылына әрең жеткізді. Жанында – Топыш. Жанарында өмірдің оты емес, үнсіз қош айтыс қана қалса керек… Бірақ сол үнсіз жанардың ар жағында тұтас бір дәуірдің қоштасуы тұрды. Тілі күрмеліп, жүрегі жібінен үзіліп түскендей…. Таң алдында төртінші мүшелінде, көктем мен күздің арасында Шорман би дүниеден озды. Қара жер сүйінді, қатыны күйінді, елі күңіренді. Аты аңыз, зары мұң боп қала берді.
Топышпен байласқан серт – сөзсіз орындалды: сол босағадан өзге жан аттамады.
Ақбала қаралы хабарды естігенде, дүние тоқтап қалғандай болды. Жер теңселіп, аспан төбесінен төңкеріліп түскендей. Ес жиюға мұрша болмады. Құлағына өз жүрегінің дүрсілі ғана естілді. Бірақ бұл – жай ғана дүрсіл емес, кеудені тілгілеген күйік, іштен шыққан жан арпалысы еді.
Ол тым-тырыс сыртқа шықты. Кермеде байлаулы тұрған Айқабаққа қарғып мініп, жапан түзге қарай тұра шапты. Бар зары мен арманы — тұлпардың тұяғына ілесіп, желмен бірге жөңкіле жөнелді. Жібек көйлегінің етегі желбіреп, шашы ұйтқып ұшты. Бірақ жел жылаған жоқ. Жылаған – Ақбала еді. Көзінен жас емес – үміт сорғалады. Ол жас – өзегінен шыққан, жүректен аққан сағыныштың шері еді. Көкірегі үнсіз. Сөз жоғалған. Жол үстінде үміт үзіліп жатты. Әр тамшы – жүректен аққан шаншу. Әр күрсініс – жанды жалаңаштаған мұң. Қасында тірі пенде де, артында көлеңке де қалмады.
Семізбұғының ұшар басына жеткенде ғана тоқтады. Аттан түсіп, жерге тізерлей отырды. Топырақты уыстап алып, жерді тоқпақтап ұрды. Ішіндегі барлық нала, іштен шықпай іште тұншыққан сағыныш – сол жерге ақтарылды. Жер – үнсіз. Жер – есті.
– Шұнақ құдай… алмаған нең қалды? Тілегіме жеттім дегенде… соны да көпсіндің бе?! – деді.
Дыбыс шықты ма – өзі де аңғармады. Әлде іште бірдеңе үзіліп түсті ме?.. Бірақ аспан тұнжырады. Жер тына қалды. Бұл – бір ғана әйелдің зары емес, бұл – өмір бойы көмейге тығылып, айтуға ерік берілмеген махаббаттың өксігі еді. Ешкім естімеді. Бірақ аспан дір етті. Жер тың тыңдады. Бұл үн – жалғыз әйелдің ғана емес, тұтас үнсіз махаббаттың зары еді. Айтылмаған. Тек көкіректе ғана көсіліп өткен, ішке жұтылған сүйіспеншіліктің шерлі сазы еді.
Сол бір кештің өзінде-ақ, Ақбала бұрынғы күйіне қайтып келмесін білді. Енді ештеңе маңызды емес. Еш сөз, еш тілек, еш үміт – оны қайта тірілтпейді. Ішіндегі от – өшті. Көкіректе – үнсіз шаншу ғана қалған.
Кеш бата атының басын ауылға бұрды. Жол – бұлдыр. Көз – көрмейді. Басы айналды, жүрегі баяулап соқты. Бәрі артта. Енді Ақбала үшін күн шықпайды. Таң да атпайды…
Көп ұзамай, Арқаның асыл аруы – Ақбала да дүние салды. Неден – беймәлім. Қалай – жұмбақ. Бірақ не үшін – елдің бәрі білді. Мүмкін, бұл дүниеде қосыла алмаған соң, ана дүниеде қауышуға асыққан болар?!
Ақбала дүние салған күннің таңында, кермеде байланып тұрған күміс ертоқымды тұлпар – Айқабақ ізім-ғайым жоғалды.
Содан бері, көктем сайын Ақкелін шоқысының ұшар басында сары себетгүлдерден құралған гүл шоғыры пайда болады. Жаз бойы сол гүл солмай тұрады.
Ел арасында: «Бұл – бір-біріне мәңгі адал, бірақ бұл өмірде қосыла алмаған екі ғашықтың рухы», – деген сөз қалған.
Келіндер бұл шоқыға жалғыз шықпайды. Қыздар гүл термейді. Бірақ бір жүрегі шерге толы, зары ішінде қалған жан болса, сол шоқының басына үнсіз барып, үнсіз қайтады.
Жылдар өтсе де, сол шоқының ұшар басында самал соққанда, ақ торғын желбірегендей әсер қалады. Бір бейне – иығы иілген, жібек көйлегі желмен тербелген келіншек елестейді. Тағы бір сәт – күміс ертоқымды тұлпардың дүбірі алыстан жеткендей.
Сол самал – сағыныштың сазы…