Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті әңгіме.

 «Aiqara.kz» әдеби порталында – №17 әңгіме.

 ТҰМАРКІНДІК

(Әңгіме)

           Марлен ұйқысынан оянып, орындықтың үстінде жатқан қалта телефонын алып сағатына қарады. Әдетте оны анасы есігін қағып оятатын. Айтпақшы, күн – жексенбі. Әлі біраз жата тұруға болады. Марлен осы ойымен басын жастықтан көтеріп әйнекке қарап еді, таң арайы бұған жаңалық алып келгендей сәулесін төгіп тұр екен. Көзін жұмып көріп еді, жүрегі алабұртып тынышын алды. Неге ерте оянып кеттім деп ойланып жатып, таң алдында көрген түсін есіне алды. Қалай болып еді? Өркеш-өркеш тауды көрді. Ұшар басын ақтаңдақ мұздақтар мен аппақ қар басқан. Бірақ  тау жоталары ала түсті сияқты. Биік заңғар тау. Таудың бауырында қара қойлар, жоқ түсі өзгеше мал ма, аңдар ма кезіп жүрген секілді  Оның көзіне тауға өрмелей шыққан жасыл шыршалар, балауса қарағайлар түсті. Енді бірде соқпақ жолмен таудан түсіп, жадағай салынған қоңыр үйге жүгіріп бара жатып, оянып кеткен. Ғажап! Ол сол жерді өңінде көрген сияқты. Негізі ол осындай бояулы түстерді туған күні қарсаңында көреді.  Иә, бүгін оның туған күні! Оның жүрегі жиі-жиі соғып кетті…

– Бақыт дегеніміз не?! Бақыт жалпы ұғым ғой. Адам құдайдың қалауымен бақытты болып өмірге келеді. Марленнің әке-шешесі қасында, жоғары білімді де тауысты. Соңғы кезде әкесі «Үйленгенің жөн болар еді» деп мазасын алып жүр. Бұл оған дайын емес. Оған сары шашты, селтеңдеген қыздар ұнамайды. Мектепте оқып жүргенде бір қызды өзінше ұнатып қалып еді, кейін балалық махаббаты көзден ғайып болды.

Марлен оң жамбасына аунап түсті. Одан қайта айналып, екі қолын жастық қылып, шалқасынан жатты. Көзі ілініп кеткен екен, беймәлім үйдің есігін ашып кіріп бара жатқандай болды. Бұл не ғажап! Қатар түзген желекті  қарағайларды бұрын көрген секілді, қайдан көрді? Мэриленд штатында шың басын аппақ қар жапқан ерекше әдемі тау жоқ қой. Мүмкін кинодан көрді ме? Айтпақшы, адам бір рет емес, бірнеше рет өмірге келеді дейді. Яғни денесінен жаны шығып кеткенде рухы аспанға көтеріліп, өмірге келіп жатқан сәбиге келіп қонады екен. Мәселен, он бес жасында о дүниелік болған баланың рухы сәбиге қонса, ол сәби он бес жыл өмір сүреді-міс. Ал сексенге келіп дүние салғандар, рухы қонған сәби  сол жасты жасайды дейді. Сонда бұл да бірінші рет өмірге келмеген шығар, түсінде көрген таудың етегі, әдемі әлемі болған шығар.

Марлен  төсектен тұрып, аяқ киімін іле салып есік алдына  шықты. Екі табанына тас батқандай болды. Жерге қарады, ешқандай қиыршық тастарды көре алмады, денесі ысып, демалысы жиілеп, жүрегі дүрсілдеді. Тамағы жыбырлап, жөтел қысты. Сол сәтте өзіне бір түсінікті  сөздер құлағына келгендей. Оның санасына сонау тұңғиықтан бір күбірлер жеткендей болды. Ол өзінен өзі шошыды. Ойы онға бөлініп, сөйлейін десе сөйлейтін тілін таба алмай, қиналып барып  «Ой, ай!» деп айғайлап жіберді. Осы кезде баласының даусын естіген әйел, үстіне сусылдақ халатын іле сала:

– Hello, dear baby! Happy birthbay! – деп күлімдеп қасына жетіп барды. Туған күнің құтты болсын! Бүгін ерте тұрдың ғой. Міне сен де үлкен жігіт болдың. Оқуыңды түгестің, енді әрі қарай оқисың ба? Мүмкін әкеңнің бизнесіне көмектесетін шығарсың, – деп әйел сөйлей жүріп ұлын ас үйге шақырып,  туған күніне сыйлық әперетін әдеті бойынша қорапшаны қолына ұстатты. Құшағына алып, бетінен сүйді. Содан кейін «Әкең сыйлығын өзі береді, жаңа ғана жылқы зауытына кетті», – деді де, таңертеңгі асқа шақырды.

– Thank you! Iove you! Менің жасым жиырма бесте. Әлі бала көресіз бе?

Сыйлығыңызға рахмет! Марлен алтын сағатты қолына тағып алды да, «Менің бір ойым бар. Ел араласам, жер көрсем деймін! Менің түсімнен шықпай жүрген әдемі бір таулы жер бар, өзіңіз айтушы едіңіз ғой, мені Москвадан алып келдім деп, сол жерді көріп келсем қайтеді? Әкемнің маған берген сыйлығы сол болсын».

Әйел ойланып қалды. Марлен жеті-сегіз жасында бұларға бала болды. Мектепте оқып жүргенде: «Мен неге Сіздерге тартпағанмын. Менің  түр-келбетім қоңыр. Көзім де көк емес, шашым қара», – деп  сұрай берген соң   «Туу туралы куәлігін» көрсеткен болатын. Бейтаныс куәлік басқа тілде жазылғандықтан оқи алмаған. «Не деп жазылған деген сұрағына өскен соң түсінесің» – деген еді анасы. Бірақ көкейінде «Мен кіммін?» деген сұрақ жиі-жиі есіне түсетін. Соңғы кезде тау-тасты жерді  жиі көретін болды. Түсінде атқа мініп, кең далаға қарай шауып бара жатады.

Анасы жігіт бетіне таңдана қарады. Екі көзі жасқа толып, бойын  бір үрей билегендей орнынан қозғалып, сырт айналды. Марлен де оның әрбір қимылын бағып, маған не деп жауап берер екен деп күтіп  тұрса да, беймаза сырдың жылт еткенін сезді. «Мен бала емеспін, қашанғы қызғыштай қорғай береді екен?» –  деген ой мазасын алса да, жол жүру туралы ештеңе деместен, бөлмесіне кетті. Жұмсақ диванға қисая кетіп еді, көз алдына қызылды-жасылды таудың етегінде түр-түсі ешкімге ұқсамайтын бір қызбен қыдырып жүргендей болды. Жүзі қандай мейірімді, бұған күле қарайды. О, ғажап бұл өзіне түсініксіз тілде қасындағы қызға тіл қатқандай болды. Әлгі періште бұған тез-тез жауап берді де, көзден ғайып болды. Бұл шашы арқасына түсіп тұрған қой көзді, бұрымды қызды іздеді. Оу, бұл түсі емес, қиялы болды ғой.

Көңілі құлазып, алай-түлей оймен наутбукті іске қосып, қиялындағы қызды іздей бастады. Алайда тізбектеліп өтіп жатқан неше түрлі әдемі қыздарды оған ұқсата алмады. Қайтадан диванға келіп жатты, ұйықтап кетсе әлгі қызды қайта көретін шығармын деп ойлап жатыр еді, есіктен жайраң қағып келе жатқан әкесінің сұлбасын көрді.

– Hello! – деді. Бұл үндемеді. Алдында тұрған әкесіне емес, жан-жағына  қарап біреуді іздегендей  болды. Әкесі  «good mornind! Happy birthbay!» деп қаусыра құшақтап, қуана құттықтап жатқанда ғана Марлен есін жиып,  бауырына кіре берді. «Папа, маған тұлпар сыйладыңыз ба? Ой керемет бүгін атқа отырып, серуендеп келетін болдым», – деп сыртқа жүгіріп шықты.

 

***

          Ақ күмістей алып лайнер жалт-жұлт етіп, ұшу алаңындағы тас  жолмен ерсілі-қарсылы сырғанап жүріп, қанатын жайып, жонын берді де көк ала бұлтты жырып өтіп, биікке көтеріле берді. Марлен екі құлағын жауып алып, илюменатордан әуе жолындағы иірім ұлпаларды тамашалады. Қасына жайғасқан жігітке де назар салмады. Бұған айналадағы тіршілік онша әсер етпеді. Қасында отырғандарға  стюрдесса бірдеңе дегендей болды. Бұл қыздың жүзіне таңырқай қарап қалып еді, әлгі сия көк шашты қыз бұған белбеуіңді  байла дегендей болды.  Жалма-жан  тартатын жерін іздей беріп еді, қасындағы серіктесі оның әбігерге түскенін көріп, еңкейіп, бір ұшын қолына ұстатты. Қасындағы  жігіт бұған тесіле қараған кезде Марленнің жүрегі аунап түскендей болды. «Япыр-ай, мына жігіт…» Салон ішінде таза ағылшынша беріліп жатқан ақпаратқа енді ғана ден қойып, өзінің аңғал мінезіне іштей күліп алды. Алып лайнер Нью-Иорктен Москваға қарай бет түзеген болатын. Ұшақтың іші кәдімгі үй бөлмелеріне ұқсайды. Қатар-қатар орындықта  тізіліп отырғандардың жүздері де, киген киімдері де әр түрлі. Аузы-басын тұмшалаған қара киімділердің қасында басына ақ сәлдесін жамыла салған арабтар да, ақ сары, қара торы, шикіл сары, түрлі-түсті, сия көк жолаушылар, жігіттер мен қыздар тағдырларын ұшқыштарға беріп жайбарақат отыр. Біреулер журнал ақтарып, бірі көздерін жұмып, ойға батып, біреулері қасындағылармен әңгіме дүкен құрып алтын уақыттарын өткізуде.

Әлемдегі  еркін өмірдің ошағы саналатын Америка Құрама Штатынан  ұшып шыққалы  Марленнің ешкіммен сөйлескісі келмеді. Көңілі ештеңеге соқпай, үн-түнсіз кітап оқуға кірісті. Бірақ оқып отыр  деген аты ғана, ойы он саққа жүгіріп, көзін жұмды. Қасындағы жігітке көз қырын салды. Оның келбеті, қоңыр барқын жүзі, сәл ашық ерні өзіне ұқсайтын секілді.  Көршісі мұның ойын оқып қойғандай, ақырын иығын қозғап алды да бұған қарады. Әлгі жігіт мұның алдында жатқан кітабына көз қиығын салды да, қолын ұсынды:  – Самат! Марлен  соны күтіп отырғандай  орнынан ұшып тұра жаздап, атын айтты. Екеуі де абдырап қалғандай. Самат Марленнің ағылшынша оқып отырған кітабын көргендіктен бе, бұған өзінің білетін  сөздерінің басын қосып жауаптаса бастады.

– Es, es Kazakhstan! Америкадан  білімімді жетілдіріп, озық үлгідегі техника тілін меңгеріп, сертификат алып  қайтып бара жатырмын, мамандығым диагностик, ренгенолог,  жаңа бір дүниелерді меңгердім, ұлтым қазақ, – деді де, Марленге қарады.

– Es es Speaking English!

Мына жігіт қазақ сияқты ма қалай өзі, американдықпын, – дейді, бірақ  ол жақта қазаққа ұқсайтын басқа да ұлттар тұрып жатыр ғой. Тағы сұрасам ба екен? – деп Самат оған қарап еді ол:

– Марлен Томас! – деді. Самат қазақ  екен деген ойынан айнып қалды.  Екеуі де үн-түнсіз  өз ойларымен өзі болып, бірі кітабын, бірі басқа тілдегі оқулығын оқып отыра берді. Алайда Марленнің көрші жігіттің ұлтым қазақ деген жауабы мазасын ала берді. Бұл Қазақстан деген сөзді естігенмен, қазақ деген сөзді бірінші рет естіген еді.

Марлен  мектепте де, жоғары оқу орнында да математика, физика, алгебра  деп, кілең есептерді шығарумен, зерттеулермен жүріп айналасына онша мән бермепті. Әдеби кітаптарды да өзіне ұнаған  көрнекіліктерді де ағылшынша оқыды.  Көз алдында ылғи быжынаған сандар мен көбейтулер, алу мен қосу, бөлу мен теңгерімдер, тангенс, катенгенс… Байлық көзі ақша, байлық есептен, ақыл-ойдан тұрады. Жершары туралы, басқа елде тұратын ұлттар туралы не біліпті? Нөл. Қазақ деген ұлт туралы ойына да келмепті. Қасында отырған жігіт өзін қазақпын деді. Бұл таңданып отыр. Қытай, жапон, кәріс, неміс, орыс…

Десе де Саматқа іш тартып, өзіне жақын көріп қалған секілді.  Он екі-он үш сағат бойы бір орындықта байланып отырғанда екеуінің де ойлары айран асыр болды. Бірақ  сөйлесуге, бірдеңе деп сұрауға жасқанды. Десе де Марлен Саматқа бауырындай әсер қалдырды.  Артық сөз айтуға екеуінің де батылдары жетпеді. Ұшақтан түскен соң, Марлен күн ауысып, кешкі қараңғылық түскенше бауыр басып  қалған жігіттен қалғысы келмеді,  әуежай дәлізімен келе жатып, бірінші болып тіл қатты. Мәскеуді білмейтінін, қайда баруға болатынын, қалай қарай жүретінін сұрады. Кеңпейіл көпшіл болып өскен Самат Москваны аз білсе де бейтаныс жолаушының ниетін танып, жарайды бірге жүрейік, бірақ қайда барамыз деп қалды.

Марлен шетелден келген визасын тіркетіп болған соң Самат күтіп отырған жерге көңілсіздеу келді. Тегі «Не мақсатпен келдің, қайда барасың?» деп тергеген шығар. Шынында да Марлен келуін келсе де, не мақсатпен келгенін ешкімге айта алмады. Оның мақсаты Москвадағы өкпе клиникасына барып, өзінің түпкі тамырын іздеу болатын. Биологиялық әкесі мен шешесін сол клиника арқылы табатынына сенімді екенін жүрегі сезеді. Күн кешкіріп қалды. Бұлар қонақ үйге  бармақшы болып тұрғанда, Самат  қабырғаға ілінген телефонмен нөмірін теріп сөйлесе бастады. Қасында  жайбарақат тұрған Марлен таныс емес, бірақ жүрегіне жақын бір түрлі дауыс ырғағын, кейбір сөздерді аңғарғандай болды. Бұл қалай мен бұл тілді ұғатын сияқтымын. Түсімде көрген қолаң шашты қара қыз  маған осы тілде жауап қатқан секілді еді. Марлен Самат жүрсейші дегенде мең-зең күйде тұрған болатын.

Мәскеуде не көп, қонақүйлер көп, бірақ әуежайға жақын қонақүйде орын болмады. Енді екеуі елшілікке жақын қонақ үйге таксимен келіп, құжаттарын көрсетіп, екі кісілік жататын орынға орналасты. Тамақтанып алған соң, екеуі біріне-бірі ағылшынша сұрақтар қойып, түсінісе бастады.  Самат үш айдай Нью-Иоркте тұрғанда ауыз екі сөйлеу тілін жақсы меңгеріп алған болатын. Олар біріне-бірі кей сөздерін, ыммен, қолының белгісімен жеткізді. Марлен құрлықтың аржағынан келген мақсатын айтып, өзімен бірге алып шыққан «Туу туралы куәлігін» көрсетті. Мына жазуларды оқи аласыз ба? Менің кім екенімді айғақтайтын жалғыз құжатым. Сіз… – деп  ол қолындағы сарғайған қағазды бұған ашып берді.

«Япырмай, ә? Бұл құжат кімдікі? Мына жігіттікі ме? Бұл қалай? Америкалық жігіт менің бауырым болмасын? Бәрі жазулы тұр, қазақ?» Самат бұл сөзін Марленге естіртпеді. Бірақ іші жылып, енді Сіз менімен бірге жүресіз деді. Жер көремін, ел көремін, көздеген мақсатыма жетемін деп келген жігіт, қуанып кетті. Қайда болса да баруға дайын екенін айтып, қаражат үшін қысылмауын сұрады. Самат құжатын өзіне қайтарып берді де, «Жоғалтып алма, бұл – сенің тағдырың. Енді екеуміз ешқайда бармаймыз, өзіміз бұл куәліктің сырын ашатын боламыз», – деді. «Жарайсың, жігітім! Бойыңда қазақтың қаны бар, туған жеріңе барасың», – деді ішінен. Бірақ Марленге тіс-жарып ештеңе айтпады. Екеуі екі жерде дөңбекшіп, қанша шаршап тұрса да, ұйықтай алмады. Есіне елшіліктегі басқа елге шығуға рұқсат қағазын беретін әскери адамның тергегені, оған беретін жауабын ойластырып алмағаны түсті. Бұл турист емес, жеке қандай мақсатпен Қазақстанға бармақшы, мүмкін жансыз шығар. Әйтеуір мұның әке-шешесін де, қайда оқығанын да, немен айналысқанын да сұрады.  Қиындықсыз жол болмайтынын өзі де білген, біле тұра осы сапарға құлшынып кіріскен. Негізі өзінің түпкі түйсігінде американдық емес екенін, ол жаққа қалай барғанын білгісі келетінін ойынан шығарған емес. Жол жүргелі тұрғанда анасы да бір жіптің ұшын ұстатып еді…

 

***

          Алматы бағытына жүретін жүрдек поезға отырған соң, Марлен купеде отырып, өзі туралы қайтадан айта бастады. Әкемнің есімі – Джордж-банкир. Дэвис қаласында тұрамыз.  Жылқы фермасы бар. Джорджден деген бауырым бар. Оның есімін менің есіміме ұйқастырып қойыпты. Анамның аты – мадам Ларен. Әйелдер дәрігері, гениколог-нейрохирург. Өте мәдениетті жандар. Мені тұңғышым деп қатты жақсы көреді. Үйден алысқа шықпаған едім, мені көп қыдырта бермейтін. Інім кез келген қалада емін-еркін жүре береді. Менің түсім өзгеше болғандықтан ба, үнемі бақылауда жүретінмін. Жасым – жиырма бесте… Самат оның кейбір сөздерін түсіне алмай қалса да, жасын айтқан кезде елең ете түсті. Куәліктен туған жерін, жасын көргенде бұлай сезінбеп еді. Жол алыс. Бұлар Алматыға екі тәуліктен кейін жетеді. Егер бұл Қазақстаннан 6-7 жаста кеткен болса, оған дейін өз ана тілінде, уыз тілінде сөйледі ғой. Бір сөзінде таныс тіл деп айтып қалды. Жол бойы қазақша сөйлеуге үйретіп көрсем қайтеді деген ой келді. Содан өзі оған қазақша сұрақ қоя бастады. Марленнің көзі шарасына шығып, таңдана қарап қалғанмен, оның жүзінен бір түрлі жылылық байқалғандай болды. Сөйтіп зерек жігіт жол бойы бір-бірімен қазақша ұғынысуға қол жеткізді. Кейбір сөздерін ыммен, саусақпен, қабақпен ұқтырды.

– Балалық шағым қызықты өтті дей алмаймын. Үздік оқу керек, сенің қолыңнан бәрі келеді, мына есептің шешуін тап, шахматтан жарысқа бар, атқа мініп серуенде дегеннен басқа тәрбие алғамын жоқ. Үйде қызметші ұстайды. Тамағымыз дайын. Бірқалыпты өмір, студенттік кезде де солай болды. Қыздармен танысайын десем олар маған бір түрлі көзбен қарайды. Бірде өзім ұнатып қалған қызым «Азиатсың ба?» деп сұрақ қойды. Түсінбедім. Денсаулығым онша емес, өкпемнен аурамын. Бір өкпемде дақ болса керек, өкпе ауруы емес, дәрігерлер басқаша айтады. Соңғы кезде мен шынымен азиат шығармын деген ой келетін болды. Анамнан сұрасам айтқысы келмейді, «Уақыты келгенде түсінесің», – дейді. Бұл жауаптың тегін емес екенін ішім сезеді…

Самат бір нүктеге тесіле қарап отырған Марленнің көзінен іркілген жасты байқап қалды. Сөзді әрі қарай  жалғастырып, жанды жеріне тиіп кетіп жүрермін деп ойлады да, Алматы туралы мақтаныш сезіммен әңгімелей бастады. Кейбір сөздерін әдейі қазақша жалғастырды. Әсіресе Алматының  алмасы туралы, қызғалдақтар мен раушан гүлдері жайында айтты. Біздің Алматының гүлдері Голландияда өсетін гүлдерден ерекше. Алматы Алатау деген таудың етегіне орналасқан. Міне қолымдағы картаға қарашы, ана асудан әрі ассаң Қытай, одан бері дөңгелене жүрсең Қырғыз елі. Төсекте басымыз, төскейде  малымыз қосылған, қыз беріп, қыз алысып, құдандалы болып жатқан ағайындармыз, мына жақта Ресей.

– Әне қарашы айнала көкпеңбек, қызылды-жасылды гүлдердің  арасында бір қыз кетіп бара жатқан секілді. Гүлдерді үзіп жүр-ау! Самат туған жерге деген сағынышын ыңылдап әнмен басқысы келген секілді.

«Сағындым алма бағын, сағындым Алматымды. Еске  алсам Көктөбені, жаныма от береді. Алғашқы махаббатқа, куәгер – көк терегі. Ғашықпын жауыныңа, талпынған тау ұлына. Сағынып жетем саған, бас мені бауырыңа».  Ғажап! Бұл әуенді Марлен бұрын естіген секілді. Бірақ қашан, қай уақытта, қайда? Есіне түсіре алмады. Сұрауға ыңғайсыз. Ол Саматқа риза болғаны сондай, өйткені ол Астанаға үй-жайына барудың орнына мұнымен бірге Алматыға кетіп барады.

Самат жеті баланың бірі. Төрт ұл, үш қыз. Кенжелері бес жасында көкірек ауруынан қайтыс болыпты. Анасы да осы аурумен ауырған, бірақ жол апатына түсіп, дүние салған екен. Ағайындылар тым бауырмал болып өсті. Самат мектеп бітірген соң, мединститутқа барды. Жоғары оқуын бітірген соң, Астанада жеке клиниканың зертханасында  сарапшы болып істеп жүрді де, білімін одан әрі жетілдіру мақсатында шетелге оқуға кетті. Дәм жазып Американың Нью-Иорктегі зерттеу академиясында  осы саламен айналысты. Яғни өкпенің бірнеше түрлі ауруы бар. Құрт ауруы бір басқа, көмей қуыстарының ауруы бір басқа, өкпе гипоплазиясы, аллергиялық ринит. Осылайша тармақталып кете береді. Сонда Марленнің сырқаты өкпе ауруының  қай түріне жатады екен? Егер құрт ауру болса мұны Москваға бұлай жібермес еді. Өзінен сұрасам ба екен? Есейген соң операция жасату керек деді ме? Яғни бұның сырқатына операция керек десе, емдеуге болады ғой. Екеуі де үнсіз. Самат байыптап қараса екеуінің түрінде ғана емес, мінезінде, жүріс-тұрысында, тіпті дауыстарында да бір ұқсастық бар секілді. Қойшы, өзіме несіне жақындата беремін, – деді де қайтадан ойға шомды.

Поезд екінші Алматы сапаржайына келіп тоқтады. Бұларды қарсы алатын  ешкім болмады. Тізгінді Самат өзі қолына  алып, Көктөбеге қарай жүретін автобусқа келіп отырды. Қол жүктері де соншалықты ауыр емес, екеуінде де бір-бір рюкзак. Кешкі Алматы! Москвадан бір кем емес, айнала жарқыраған шамдар. Олар Республика даңғылынан өтіп, Абай даңғылының бойымен,  одан әрі тауға қарай зырылдап келеді. Әр аялдамаға кісі түсірген сайын, жүргізуші өзіне таныс емес адамдардың атын атайды. Бұл әрбір құбылысқа мән беріп, мұқият тыңдап, айналаны қызықтап отыр. Әсіресе автобусқа отырған түр-түстері бір-біріне ұқсас қара қошқыл, қоңыр көзді адамдарды, тіпті ақшыл жүзділерді  де қазақтар болды ғой деп ойлап қояды. Алматыда басқа ұлт өкілдері де тұрады. Олар негр ме, үнді ме, тіпті  орыстар да  осы қаланың тұрғындары.

Екі жолаушы автобустан түскен соң, соқпақ жолмен жаяулап тау жолымен  жоғары  қарай жаяу жүрді. Марлен айналасындағы тауға өрлеген балауса  шыршаларды қызықтап келеді. Таудың қысымы ма, әлде шаршап қалды ма, өкпесі  таза ауаны қабылдамай жатыр ма, алқынып қалды.  Қасындағы жолдасына өзінің жағдайын сездіргісі келмей, соңынан еріп келеді. Бұл кезде түнгі он екі болатын. Бұлар есік қоңырауын қағып, жөн сұрасып үйге кіргенде, алдарынан алпысты алқымдаған үлкен адам шықты да, алдымен Саматқа құшағын жайды. Амандасулары да өзгеше ме, төске-төс қағыстырып, қайта-қайта құшақтасты. Бірер минут өткен соң, әлгі үлкен адам Марленге назар аударып, «Ассалаумағалейкум!» деп, қол берді. «Амансың ба, қалқам, шешін, төрге шық!»

– Әке, ол қазақша да, орысша да түсінбейді. Ыммен сөйлесіңіз, – деп Самат өзінің қазақша үйреткенін есінен шығып кетті. Қонақтың бетіне жарық сәуле түскен соң ғана әкесі: – Оу, қазақтың жігіті ғой! – деп қалды.

– Әке біз ешкімді мазаламай демалайық, ертең келген жұмысымызды айтамыз, – деді. Осы кезде  Қадиша шешей бөлмесінен шығып, бұларды ас үйге шақырды. Марлен дастарханға түскен тағамдарға тесіле қарады. Неге бәрі таныс, бұл нанды, не деп айтады екен? Бір-екеуін қолымен ұстап отырып, аузына салды. Қандай дәмді. Саматтан сұрағысы келген еді, аузына сөз түспеді. Алматының түні тұп-тұнық, ауасы қандай, тынысың кеңейді. Таудың етегінде қарағайдан ойып тұрып салынған үйдің іші де көңіліңді көтеріп жіберді. Екі жолаушы да шайларын ішіп, қызыл алмадан дәм татып, демалуға кетті. Үй иесі шәй үстінде қонағына назар салып, қарай берді.  Жөн сұрасқысы келіп еді, Самат тіл білмейді деген соң, үнсіз шығарып салды.

Таң саябырлап атып келе жатқан еді,  Марлен «апа» деп қатты айғайлап төсегінен басын көтерді. Самат қатты шыққан дауыстан оянып кетті де, ұйқысын аша алмай, оң жамбасына аунап түсті. «Апа» деді ме, әлде менің құлағыма солай естілді ме?».  Таңертең бұлар ұйқыдан тұрғанда сәске түс еді. Үйдегілер дыбыстарын шығармай өз жөндеріне кетіпті. Екеуі үндемей отырып  дастарханға отырды. Үстелдегі тағамдар туралы тағы да сұрағысы келді, бірақ мұным жөн болмас деп ойлап үлгергенше Самат қонағына қарады, «Жайсыз ұйықтадың ба?» – деп сұрағысы келген секілді, ол соны сезгендей қатты ұйықтаппын деп жауап берді.

– Біздің қазақ атқа құмар келеді. Әкең туған күніңе тұлпар сыйлады деп едің ғой. Мына таудың етегінде жылқы фермасы бар. Әкей сонда мал дәрігері болып істейді. Мен де жылқы малын жақсы көремін. Ердің бір қанаты – тұлпар дейді. Білесің бе, қазақ халқы жылқының түр-түстерін қылаң, баран деп екі топқа бөледі. Қылаң дегені – ақ боз, шаңқан, шаңқан боз. Тарлан, боз тарлан. Сенің маған айтқан тұлпарың қылаң түске жатады. Баран дегені – қара, қоңыр, жасыл, қызыл, күрең, жирен торы, құла, сары ат… Мен мектепте оқып жүргенде жылқы туралы, қазіргілер ғылыми жұмыс дейді ғой, реферат жазғанмын.

Иә, Самат жылқыға жайдақ мініп, тау-тасты аралауға құмар болып өсті. Бірақ адам дәрігері болуды армандады. Саматтың есіне  әкесі айтқан әңгіме  түсті. Егер ұқтыра алсам, Марленге де айтып берейін деді де, тарихи қызықты деректерді айта бастады. «ХІХ ғасырда қытай мен орыс қазақ жерін  екіге бөлмеген кезде Тянь-Шянь жаққа найман ішінде қаракерей ауып барыпты (Сүйегім – найман, тегіміз – Найманбаев). Найманның бір атасы  Мәмбет елінің көсемі Отыншы Тұматайұлын орыстар ұстап алып, Керекуге апарып түрмеге қамайды. Қазақстанда Павлодар деген қала бар, көне атауы – Кереку. Жазықсыз қамалған Отыншыны  аға сұлтан Алшынбай бастаған ел-жұрт шығарып алмақ болып жиналып (ақын Абай туралы сосын айтармын), алтын-күміс пен өте сирек кездесетін қарабас ат жетектеп Керекуге келеді. Мұндай сыйлықты көрген орыстар Отыншыны түрмеден босатып, астына екі құлағы қап-қара, ақ ат мінгізіп, тұмсығы мен тұйықтары қызыл екі сұңқар сыйлайды. Өздері аппақ, басы қара-қарабас, екі құлағы қара – қарақұлақ аттар да біздің жақта болған. Сен ғой ағылшын тұқымдас аттарыңды мақтаныш етесің, – деп Самат әңгімесінің басын қайырды. Ана туу туралы куәлігінде баланың аты Әрсен деп жазылғанын бұл Марленге айтпаған еді. Себебі өзі осы менің бауырым болар деп Москвада топшылап қойған. Себебі әкесінің аты-жөні, анасының есімі де осы куәлікте анық жазылып тұрған болатын. Іші сезсе де жат-жерде тәрбиеленген жігіт бұның «Сен менің бауырымсың» дейтін сөзін қалай қабылдайды деп, анық-қанығына жеткісі келген.

Марлен  қабырғадағы сөреде  жинақталып қойған кітаптарды қарай бастады. Үй жиһаздары өзгеше.  Шыныланған рамкадағы суреттерге тесіле қарады. Бейтаныс адамдар. «Мынау Самат болар» – дейді бір суретті көріп, Ал мына ақ орамал салған әйел қандай таныс еді. Көзіне жылы ұшырайтын секілді. Кім деп сұраса  қайтеді, жоқ. Марлен суреттердің алдында ойланып ұзақ тұрды.  Бұлар жеті ағайындымыз деп еді ғой. Мына суретте алтауы ғана тұр. Мына бір суретте  ұсақ балалар, бұлар да алтау, әйелдің алдында тым арықша келген  төрт-бес жасар ұл бала отыр.  Сүйкімді бала екен? Кішкентай кезінде түскен өз суретіне ұқсайды. Марлен төрдегі қабырғаны жауып тұрған кілемнің үстінде шегеде ілулі тұрған оюы бар қалташаға назар аударды. Бұл не болды екен? Оюланған қалташаны қолына алғысы келді. Осы кезде ас үй жақта жүрген Самат кіріп келді де, мұның  ойлы жүзіне таңырқай қарады. Мынау менің інілерім, мына отырған анамыз Әлия, алдында отырған Әрсен. Сенің туу туралы куәлігіңде анаң Әлия, әкең Қайрат деп жазылған. Мына қалташа Әрсендікі. Ішінде не барын білмеймін, әйтеуір анамыз біздің  кіндігімізді, қарын шашымызды, тырнағымызды осындай қалташада жинап жүретін. Кейін анамыз қайтыс болған соң, бір көріпкел  сіздердің араларыңызда жоқ кенже ұлдың қалташасын төрге іліп қойыңдар, түбі іздеп келеді депті. Сол кісінің айтуымен Қадиша  қалташаны тұмар сияқты үш бұрыштап, ою-өрнегін салып осы шегеге ілген болатын. Одан бері қанша жыл өтті. Әрсен болса келген жоқ?, – деп Самат оған көз қиығын тастады.

 

***

          Мадам Ларен Англияның бір қаласында туып-өсті.  Ең атақты медициналық университетті бітірді. Аккушерлік және гинекология институтында қызмет жасап жүріп, Америкаға барды.  Осында жұмыс бабымен жүріп Джорждбен танысып, тұрмысқа шығып,  жеке меншік көп-салалы  клиникаға орналасады. Зерттеу жұмысына ден қойғаны сондай, аты-шулы дәрігер болады. Отбасы болғанымен сәбилі болуға қызметі, әрі денсаулығы жарамайды.  Ларенге бедеу әйелдер жиі келетін. Бірде  отыз бестен асқан әйелге жатыр мойнының эрозиясы бар деп диагноз қойып дәрі-дәрмектерін айтып, шығарып салмақ еді. Ақысын төлеп келген әйел операция жасап, жатырды ауыстыруға болады екен, осында ондай операция жасалады екен деп отырып алады. Негізі бұл әйелдің  жатырында басқа да ауру белгілері бар болатын. Сол күннен бастап мадам Ларен жаңа бір медициналық кітаптарды ақтарып, компьютердегі соңғы жаңалықтар мен жетістіктерді оқи жүріп, бұрын өзі істеп жүрген клиникада осындай операция жасалғанын, бірақ сәтсіз аяқталғанын біледі.

Жылдар жылжып өте береді.  Күндердің күнінде  бір қызметшісі Москвадан  тәжірибе ретінде пайдалануға сырқаты ерекше   балаларды  сатып әкелгенін айтады. Алты-жеті жастағы балалар, көбі туа біткен ауру болса, кейбіреулерін ата-анасы өздері клиникаға тапсырып кеткендер болатын. Бірге істеп жүрген дәрігер сөзден сөз шығып, «Бір қарабаланың  өкпесі ауырады, – дейді, – диагнозы жобамен қойылған. Өзі сондай сүйкімді. жеті жасқа келсе де төрт жастағы бала сияқты, арық. Бірақ басқа бір тілде ауыз жаппай сөйлей береді», – дейді Ларен қарабала, өкпесі ауырады екен дегенді естігенде, елең ете түсті. Негр емес екені анық. Өйткені Москвадан келді ғой. Қызметте әңгіме болған жайды үйде Джорджға айтады. Сіз қаржыландырсаңыз, мен сол баланы емдесем, қажет болса операция жасасам қайтеді дегенде, күйеуі қарсы болмайды. Сөйтіп мадам Ларен қарабаланы іздеп барады. Бұл бала әлі сынақтан өтпеген екен. Содан клиниканың қожасына барып, ресми түрде сөйлесіп, өзі осы баланы емдегісі келетінін айтады. Ол үшін Ларен баланы өз атына жаздырып, қамқорлығына алу керек болады. Бүкіл құжаттарын тексереді. Оған орыс тілін жетік білетіні көмектеседі. Бұл тілді өз еркімен үйренген болатын. Негізі анасы басқа ұлт болса керек. Тіл үйрену оған қиындық туғызбапты. Сөйтіп  қағаз жүзінде баланың құнын төлеп, өз аттарына жаздырады. Құжат дайындауға біраз уақыт өтеді. Бұл кезде бала  клиникада ем алып жатады. Ұлтына да, затына да мән берместен, сырқат баланы бауырына салған Ларенге  қызметтестері сын көзбен қарайды. Әр түрлі сыбыстар шығады. Бірақ оған ерлі-зайыптылар мән бермейді. Баланың бұрынғы  құжаттарын да өздеріне алып қалады. Баланың туған жері Қазақстан.  Жалпы бұл ел туралы, ондағы адамдар туралы естіген. Жауангер, ер жүрек халық дейді. Джоржд бен мадам Ларен Әрсен деген есімін қалдырғысы келгенімен, Марлен болсын деп ұйғарады. Сөйтіп Томос Марлен  болып шығады. Туған күнін бұрынғы құжатпен қалдырады.

Марлен жаңа отбасына  келгеннен бастап ерлі-зайыптылар арасындағы  қарым-қатынас өзгереді.  Мәдениетті сөйлеуге, баланың тілін ағылшынша  бейімдеп, сөйлеуге үйретеді. Өз ана тілінде аузы жабылмай сөйлейтін баланың үні осы үйдің табалдырығын аттаған күні жабылды.  Кей кездері  басқа тілде сөйлеп қалатын болса, оны магнитофонға түсіретін. Өскен соң өзіне тыңдатайық дейтін ерлі-зайыптылар. Марлен ағылшын тілін тез үйренеді. Ұғымтал, зеректігі тіл үйренуден басталды. Сегіз  жасқа толғанда Лареннің аяғы ауыр болып, көптен күтіп жүрген перзенттері өмірге келді. Оның атын Арсен қояды. Сөйтіп бір үйде екі түсті бала ержетеді. Марленге жасалатын операция да ұмыт болады. Өйткені  атақты профессорлардың өзі баланы есінен тандыратын ғажайып сырқаттың құпиясын тап басып айта алмай қойған. Ауырмай-сырқамай операцияға жатқызудың реті болмас деген оймен уақыттың еншісіне қалдырған.  Операция ержеткен соң  жасалатын болғандықтан, бала салмақ қосып, ержете бастайды.  Кейде  жөтел қысып  немесе түшкіре бастаса анасы оның асты-үстіне түсіп, дәрісін беріп, ерекше қамқорлығына алатын. Сарымсаққа бал қосып қайнатып береді. Алдына жеміс-жидегін қояды. Асыранды  бала екенін ешкім де есіне алмайды. Мектепте жүргенде бұның кім екенін оқушылар ғана анда-санда есіне салғаны болмаса, ешкімнен де жәбір көрмей өседі. Тек көктем мен күз айларында есінен танып қалатынды шығарып жүр.  Оған бала жасынан үйреніп те кетті.

 

***

          Қайрат мектеп бітірген соң Аякөз қаласынан Алматыға ауылшаруашылығы институтына  малдәрігерлік оқуға түсуге келген еді. Жатақханада орын болмады.  Екі жігіт  «Арман» кинотеатрынан жоғары  жақта орналасқан  бір  туысқаны берген мекенжайды іздеп тауып, пәтерге тұрады. Бұл үйде  ерлі-зайыптылар қарт адамдар тұрады екен. Қолдарында Әлия деген немерелері бар. Баласы, яғни қыздың әкесі аты жоқ қалада әскери қызметте көрінеді. Ақсақал зираты жоқ қалада қызмет істейтін баласын қатты уайымдайды екен. Себебі баласының Нұрлан деген жолдасы сол жақта қайтыс болып, мәйітін туған жеріне, осында әкеліп қойыпты. Әлияның Москваға барып жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі болыпты. Бірақ ұлы атасы мен әжесінің қасында болсын, оқуын сонда оқысын деп шешкен соң, биыл ол да университетке құжат тапсырып, емтихан күндерін күтіп жүр.

– Пәтерші ұстап көргеміз жоқ. Егер мына жазғы үй қолайлы болса,  өздерің  жөндеп алып, тұра беріңдер. Бөтен бала емес екенсіңдер, – деп ақсақал рұқсатын бергенде Қайрат қатты қуанды. Бұл үйдің қызы Әлия заң факультетіне емтихан тапсырып, барлық пәндерден сүрінбей өтсе де, конкурстан өте алмады.  Ал Қайрат болса, ауылшаруашылығы институтына қабылданды. Жатақхана да берді. Бірақ бір айдан бері үлкен адамдарға бауыр басып қалған соң, әрі Әлияны ұнатып қалып, жатақханадан гөрі осында қалғанды жөн санады. Ақсақал өмірден озған күні аты жоқ қаладағы  Нұрлан топырақ салуға кешігіп келді. Бұл кезде Қайрат ақсақалдың  өсиеті бойынша бүкіл ауыртпалықты өзі мойнына алып, қажеттің бәрін жасап, Нұрланды күтеді. Сара әжей де тоқсанға таяп қалған еді, соңғы кезде екі жастың ыңғайларын байқап, үйленіңдер деп жүретін. Алайда Әлия әкесі Нұрланның рұқсатынсыз келісім бермей жүрген.

Нұрлан жастарға рұқсатын берді. Олар тойды сосын жасайтын болып, некеге отырды. Сөйтіп Қайрат осы үйдің отағасы болып қалды. Оқуын бітірді, жас маман жылқы фермасына орналасады. Самат осы Қайраттың  бесінші баласы.  Өзінен кейін қарындасы бар. Жетінші бауыры туралы бұл жақсы біледі. Кішкентай кезінде ойнататын. Қарындасы екеуі тетелес болғандықтан ба, үнемі кенжелерін ренжітіп қойғанда осы Самат араша түсетін еді. Кейін Әрсен қатты ауырып, мұндағы дәрігерлер шарасыздық көрсеткен соң емдетуге Москваға алып кеткені есінде қалыпты. Кейін анасы Әлия жол апатына түскенде, Әрсен де шейіт болыпты деп естиді. Негізі Әрсен туғаннан бастап сирек кездесетін ауруға ұшыраған болатын.

1988 жылы Қайрат Әлия мен Әрсенді Мәскеуге поезға отырғызып жібереді. Әлия мекенжайды тауып барғанымен ондағылар баланы біржола тапсырып кет деп кеңес береді. Әлия көп ойланады. Қайта алып кетуге  қаншама тексеруден өткен кезде төлеген қаражаты бітіп қалған соң, мүмкін тәуір болып, жазылып кетсе, кейін қайтарып алармыз деген оймен қолхат жазып береді. Сөйтіп баласын уайымдап, жылап-еңіреп  поезға барып отырады.  Екі күннен кейін Алматыға жетіп, түнде тауға қарай жаяулап келе жатқанда автокөліктің астына түседі. Жеделжәрдем келіп, ауруханаға апара жатқанда, Әлия бір ауыз тілге келмей о дүниелік болады. Абырой болғанда сөмкесіндегі  құжаттары арқылы милиция үйге келіп, Қайратқа болған жағдайды айтып, құжаттарын қолына беріп, мәйітхана адресін қалдырады.  Қайғылы қазаны естіп есін жия алмай Қайрат Әрсен туралы сұрауды ұмытып кетеді. Өткен жолы телефонмен сөйлескенде институтқа қалдырамын деген.

Қайрат әйелін қағып кеткен көлік иесімен соттасып жүріп, баласы туралы ойламайды. Оның үстіне қайғының салмағын көтере алмай, күн сайын ішкілікке әуестенеді. Балаларына сыра ішіп жүрмін деп, ақталғанмен, ер азаматтың азып бара жатқаны көршілерін бей-жай қалдыра алмайды. Әйелінің бір жылдығын үйде беріп жатқанда, Москвадан хат келеді. Оқып көрсе, «Сіздің балаңыз дүние салды, біздің мекеменің заңы бойынша сүйегін бере алмаймыз. Анасымен келісім солай…» – деген жазуларды оқиды. Қайрат Әлияның жылының үстінде Әрсенге де құран шығартып, дұға оқытқызады.

Қайрат Марленді көргенде тілі байланып қалады. Ертеңінде алды-артына қарамай, әйелі Қадишаның қайда асығып бара жатырсың дегеніне жауап берместен жылқы фермасына кетіп қалған еді. Таудың етегіндегі фермаға жеткенше «Япыр-ай, көзі  Әлияға келеді екен, не деген ұқсастық, осы қонақ бала менің балам болмасын, Саматттан да ештеңе сұрамадым, ол бөтен жігітті жайдан-жай үйге әкелмесе керек еді. Астанаға бармастан Алматыға келді. Самолетке де отырмапты. Неше жыл өтті екен? Мен ол баланы  жеті жасында шығарып салдым. Оның бойы да, аяқ-қолдары да қысқа, өзі нәзік болатын. Содан бері он сегіз жыл уақыт өтті. Сонша жыл Әрсен деген баламның  болғанын есімнен қалай шығарғанмын».

Жоқ, алғашқы жылдары дұғасына қосып жүруші еді, кейін есімі аузына түспей қойыпты. Қазір арақты аузына алмайды, шалыс баспайды. Бұрынғы кінәларын, жасаған қылықтарына Алладан кешірім сұрап, жалбырынып жүреді. Соңғы бес жыл қатты өзгерді.  Қонақ жігіт келіп енді Әлиясын да есіне түсірді. Ол өзі орысша тәрбиеленгенімен, қарапайым да, мейірімді еді. Қайратты құлай сүйді, оның айтқанын істеп, балаларымның асқар таудай әкесі деп құрметтеді. Бар қылығына, еркелігіне де шыдайтын. Қарсы сөз айтпайтын.  Үйде отыр, балаларды бақ деп, қызметке де шығармай қойды. Сөйткен жан-жары мұны шиеттей алты баламен артына қалдырып, мәңгілік мекеніне кете барды. Өкінішті. Бұл балалар жас болған соң, екінші рет үйленді. Бұрын тұрмысқа шықпаған өз үйінен алыс тұрмайтын, көршінің қызы Қадиша балаларды күнде көріп жүргендіктен, бұның ұсынысын қабылдады.

– Туған аналарындай бола алмаспын, бірақ жылатпаймын, ес біліп қалған балалар ғой, мені жатсынбас. Күнде көріп жүрді ғой, – деп Қайраттың етегінен ұстады. Айтқанындай балалар ержетті, ұлдары мен қыздары жоғары білім алды,  үйленді. Үлкен қызы  тұрмыс құрды. Үйленбей жүрген Самат пен қазір Астанада тұратын Құралай ғана. Олар да уақыты келгенде бақыттарын табады. Ал Қадиша  бала көтермеді. Бірақ екеуі  тағдырдың жазуымен тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Қайрат әлгі оймен жүріп, түстен кейін жұмысын қалдырып, үйіне оралды. Келісімен Саматты іздеді. Марлен екеуі тауға шығып кетсе керек. Олар қашан оралады, белгісіз. Төргі үйдегі айнаның алдына келді. Өзінің түрін көргісі келді. Бәлкім Марленге ұқсайтын жерім бар шығар деп, өзінен-өзі сөйлеп келе жатып,  айна алдында  жатқан сарғайған  қағазға көзі түсті. Аздап ескіргені болмаса, туу туралы куәлік деп екі тілде жазулы тұр. Ішін ашып көрсе, өзінің аты мен тегі жазылған – Әрсен. Бұл қайдан келді? Әлия өзімен бірге әкетіп еді ғой, бұл қалай? Әлде бұл куәлік қонақ баланікі ме? Оның аты-жөні басқа емес пе?

Қайрат жүгіріп далаға шықты. Маңайда ешкім көрінбейді.  Сөйлесетін тірі пенде жоқ. Жүгіре басып үйге кірді. Төрге тұтылған кілемнің үстіндегі шегеде ілулі тұратын қалташаны іздеді. Көрінбейді. Япыр-ай, бұл не? Менің есім дұрыс па? Қайрат қайтадан есік алдына шықты. Қолындағы қағазбен тауға қарай ентігіп шыға бастады. Балалар  қай бағытқа кетті екен? Медеудің тас жолына түсіп алып, басы ауған жағына жүре берді. Балаларын іздеп тапқысы келді. Қайрат көп жылдан бері көзіне жас алып көрмеген еді, Әлиясын сағынып көкірегі қарс айрылды. Өзінен-өзі кешірім сұрап келеді. Не үшін, өзі де білмейді…

 

***

          Марлен аурухана кереуетінің қасында орындықта жатқан қалта телефонын алып сағатына қарады. Алтыдан бес минут кетіпті. Бөлме іші жап-жарық, күннің көзі күндегіден де ерте шыққан сияқты. Айтпақшы күн жексенбі. Қазақ жерінде де таң әдемі атады екен, көздің жауын алып тұрғандай ма?  Марлен осы ойымен жастықтан басын көтеріп әйнекке қарап еді, күннің көзі жаңа бір  жаңалық алып келгендей сәулесін төгіп тұр екен. Көзін жұмып көріп еді, жүрегі алабұртып тынышын алды.  Мен неге ерте оянып кеттім екен деп  таң алдында көрген түсін есіне алды. Қалай болып еді? Өркеш-өркеш тауларды көрді. Ұшар басын, ақтаңдақ мұздақтар мен аппақ қар басқан. Бірақ  тау жоталары ала түсті сияқты. Биік заңғар тау. Таудың бауырында қара қойлар, жоқ түсі өзгеше мал ма аңдар ма кезіп жүр.  Оның көзіне тауға өрмелей шыққан жасыл шыршалар, балауса қарағайлар түсті. Енді бірде соқпақ жолмен таудан түсіп, жадағай салынған қоңыр үйге жүгіріп бара жатып, оянып кеткен. Ғажап! Ол түсінде көрген Алатауды  міне  өңінде көрді,  жүрді, қыдырды. Бірақ қасына өрімдей қыз ермеді. Оны кездестіре алмады. Бірақ  қазақтың ару  қызымен  кездесетініне сенеді, жүрегі сезеді. Бір аптадан соң  Марлен әуежайға  барады, Москваға, одан кейін Нью-Иоркке ұшады. Жүрегі жиі-жиі соғып кетті.

Марлен кіндік қаны тамған жерге, еліне келді. Тұмар ішіндегі кіндік Марленді сонау алыс құрылықтан,  жер шарының екі жағындағы Америкадан Алматыға алып келді. Өкпесіндегі жыбырлаған жазуларды емдеді… Самат оған ота жасады. Өзінің қанын құйды. Ол туған әкесімен қауышты, бауырларымен табысты.

Туған жердің маңдайының қырсығын,

Арылтуға керек болса бір шығын.

Аяма әке, құрбандыққа шал мені,

Аяма сен, қиылар деп қыршының… (Байрон)

Добавить комментарий