Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған майдангер жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауына ұсынылған кезекті әңгіме.
«Aiqara.kz» әдеби порталында – №14 әңгіме.
БЕЛГІ
(әңгіме)
Аудан орталығы Темірқаланың шетіне қарай орналасқан жұпынылау жер үйдегі екі қарияның бар-жоғы былайғы жұрттың назарын көп аудара бермейтін. Соғыстан соң есін жаңа жинаған ел іші қалт-құлт тұрмыстың шаужайына жармасып, әркім өз тірлігін жасап, өлместің күнін көріп жатқан уақыт. Бірақ осы бір бейнеті көп, берері шамалы қоңторғайлау тұрмысқа халық дән риза. Риза болатыны, бас көтерер азаматтарды баудай түсірген сұрапыл соғыстың дүмпуі тоқтады, «Ендігісінің бір жөні болар» деген әлсіз үміт.
Шеткерек үйдегі қос қария да осы тәубешіл көптің бірі. Тәубешіл болмағанда, басқа қолдан келері жоқ. Маңдайға басқан жалғыз ұлды «Отан үшін» құрбандыққа берген екеуінің құдайдан ендігі тілегі тағдыр сызығы жеткен күні аққа орап, арулап көметін ағайын болса болғаны.
Таңертеңгі шайларын жұпынылау дастарханның басында әдеттегідей үн-түнсіз отырып ішкесін, Құддыс қарт күндегідей жаман үйінің күнгей жақ бетіндегі жалғыз теректің түбіндегі сәкіге жайғасып, темекісін орады. Осы жердегі орыс ағайындар өздері өсіріп, «самосад» деп атайтын удай ащы темекінің түтінін будақтата шығарып, күндегідей мағынасыз бір ойға берілген.
Адамның жасы ұлғайған сайын, өмірдің қызығы ғана емес, ойлайтын ой да таусылатын секілді. Қария кейінгі кезде осыны ұққандай. Иә, енді көзі жетіп отыр, ойлайтын ой да, алысқа жетелейтін арман да жас күніңде ғана екен. Қазір иесіз қалған қаралы үйдің төріндей үңірейген сана түпкірінде ой да, арман да жоқ. Бәрі де уақытпен бірге ағып кете барған секілді. Адамның арманы таусылғасын, өмірдің де мән-мағынасы қалмайды екен.
…Қарияның әкесі Алтай хазірет өз заманында Меккеге төрт мәрте қажылыққа барған, елдің пірі атанған адам еді. Әзелден аруақ ұялаған әулеттің жалғасы, ел сыйлаған пірадардың баласы деп, бұған да айнала ағайынның құрметі бөлек болатын. Әке беделінің арқасында аталы жерден қыз алды. Сәби сүйді. Не ішем, не кием демей, сол заманның қызығын бір адамдай бастан өткерген осы Құддыс еді. Бұл сонда: «Уақыт шіркін осылай беймарал күйінде уайым-қайғысыз жылжи берер, тірліктің қызығы таусылмас» деп ойлайтын. Жоқ, олай емес екен.
Осылай жүргенде бейқам жатқан елді дүрліктіріп «төңкеріс» деген алапат келіп, адам түсініп болмас аласапыранды бір заман басталды кетіп еді. Әуелі ел ішіндегі атқамінер, бай-бағландар мұрнынан тізіп айдалды. Соңынан «Алла – біреу, пайғамбар – хақ» деп исламның жолын ұстағандарға да кезек келген.
Әкесі Алтай қажының Алладан тілегі дұрыс болған шығар, қожа-моллаларды қуғындау басталмай тұрып, бақилық дүниеге бет түзеген. Әйтпесе, ұраншыл биліктің уысына ілігіп, айдалып кетіп, сүйегі адам білмес бір жерде көмусіз қалар ма еді?!
Өмірден өтерінде жалғыз ұлы Құддысты жанына шақырып, бақұлдасу алғандай болып, соңғы тілегін жеткізген.
– Заманның сыңайы бұзылды, балам, түбі не болары белгісіз алмағайып уақыт келді. Мен енді бұл дүниенің адамы емеспін, сендер не боласыңдар, соны ойлаймын! Қалай қылам десе де бір Жаратушы иенің билігінде ғой. Шамаң келсе анау екі балапаныңды аман жеткіз. Әлі талай аласапыранды заман келер, мынау ел түбі күні Ресей жеріне, ішке қарай ауар, сен де қалма, ағайынмен бірге бол! – деген.
Ауыр дем алып сәл үнсіз қалған әке иегімен нұсқап, жастығының астындағы Құран кітабын әпер деп меңзеді. Бұл сыртқы мұқабасы шүберекпен тысталған, қалыңдығы кере қарыс кітапты алып берген.
Қажы еті қашқан әлсіздеу қолымен Құранды ашып, ішінен көлемі тананың көзіндей, қоңыр-сарғыш түсті жұқалау келген бір дөңгелек затты алып бұған ұсынды.
– Мынау Алланың аты, аят сөздері жазылған бір қасиетті белгі еді, жезден соғылса керек. Меккеге соңғы барғанымда араптың бір ғұламасы берген болатын. Талай жыл Құранның ішінде сақтап ұстадым. Осыған енді өзің ие бол. Пәле-жаладан қағыс қылар. Ғұмыр болса, анау соңыңа ерген жалғызың Ғафурыңа тапсырарсың. Тәңір бұйыртса, оның ұрпағына да жалғасар…. Ал, мынау талай жыл жаныма серік болған Құран кітабы еді. Бұны енді адам білмес бір жерге жасыр, кейін дүние түзелсе қайтадан тауып аларсың. Қазір мына құдайсыздардың заманында өзіңе сор болып жүрер, – деген.
Бұл әкесінің көзіндей болған осы екі жәдігерді қайда жүрсе де ең бір жаннан артық көрер қымбатындай жасырып, осы уақытқа дейін сақтап келген еді.
Әкесі қайтқасын, оның айтқан болжамы тура келіп, ел ішіне аждаһадай аранын ашқан ашаршылық жетті. Жан сақтау үшін бұл да қопарыла ауған қалың елмен бірге Омбы жағына қарай жылжыған. Жан сауғалап сол өңірге барған қалың қазақ колхоз боп ұйымдасып, өлмес күндерін көрді. Маңдайға біткен екі перзенті – бір ұл, бір қызы елде жүріп алған ескіше оқуларын сол жақта совет мектебінде жаңаша біліммен жалғастырды. Екеуі де сабаққа зерек, қатарының алды болып оқыды. Әсіресе, ұлы Ғафурдың білімқұмар, пайымы бөлек азамат болып өсіп келе жатқанын байқап, іштей тәуба дейтін.
…Соғыс басталардың алдында бұлар «ел іші түзеліп, қайтадан колхоздар ашылып жатыр» дегесін, Омбы жағынан табан аударып, ата жұртқа қайтып оралып, Құддыс елдегі қарбаласы көп қым-қуыт колхоз тірлігіне араласып кеткен.
Ғафуры оқуын әрі қарай жалғастырып, Омбыға барып оқимын дегесін, қарсы болған жоқ. «Әке, қазір оқу мен білімнің заманы. Елде қалып біреудің малын баққанша, уақытқа лайық білім алайын, сосын оралармын елге. Қарындасым да оқысын, ұстамаңыз, Керекуде мұғалімдер даярлайтын училище бар, соған жіберіңіз», – деген. Сөйтіп кемпір екеуі екі перзенттің тілегін тілеп, ауылда қала берген еді.
Омбы мен Темірқаланың арасы аса алыс болмаса да, Ғафурдың елге келуі сирек. Бірақ әйтеуір хат-хабарын үзбейді. «Партия қатарына өттім, бұл жақта өмір деген қызық, қоғамдық жұмыстар көп, бәріне араласам. Қолым тисе барып-қайтармын», – деп жазыпты соңғы бір хатында.
Сол жалғыз ұл соғыс басталар жылдың мамыр айында келіп-кетіп еді-ау ауылға. Қалаша киінген, нағыз жаңа заманның адамы болыпты да қойыпты. Сөйлеген сөзі де бөлек. Кемпір екеуі оның айтқанының бірін түсінсе, бірін түсінбейді. Түн баласында көз ілмей, сығырайған білтелі шамның жарығымен кітап оқып, қағаз қарайды. Сөйткен Ғафур үйде үш-төрт күн аялдағасын, Омбыға қайтадан жүрмек болған.
– Оқуымды оқып, онымен қоса қызмет істеп жүрмін, әке, абыройым жаман емес, басшыларым орыс-қазақ бәрі сыйлайды, – деген ол шешесіне қарап: «Апа, сәтін салса күзге қарай келем, болашақ келіндеріңізді әкеліп көрсетем. Ұлты – татар халқынан. Қорықпаңыздар, өзіміз секілді мұсылман және мұсылмандығы бізден де артық. Сол жақта бір мектепте мұғалім. …Кім біледі, немерелеріңіз де болып қалар» – деп сөзінің соңын ойынды-шынды әзілмен аяқтаған.
«Келін» деген сөзді естігенде есі кете қуанған кемпірі: «Қарағым, өзің аман бол, өлер деймісің бізді, ел ішіндеміз ғой. Енді отау көтеріп, немере сүйгізсең, одан артық не арман бар?! Бір баланы бағатын хал-қуатым жетерлік әзірше, өзіме әкеліп тастаңдар!», – деп жатыр.
Аттанарда бұл Ғафурды оңаша шақырып, баяғы әкесі Алтай қажы берген «Алла» деген арап харпімен жазылған жазуы бар жез белгіні алып шықты.
– Балам, қиыр жерде, жат жұрттың ортасында жүрсің, қай арадан дәм жазса да, бір Алла жәрдемші болсын! Мынау атаң Алтай қажыдан қалған бір белгі – қасиетті дүние еді, осыны саған тапсырам аманат етіп, қалтаңнан тастама. Қысылғанда жебеушің болар. Кім біледі жазмыштың не жазып тұрғанын, ертеңгі күні сен жоқта біздер олай-былай бола қалсақ, біреулердің қолында кетер. Әкем аманаттап маған беріп еді, мен оны көзімнің қарашығындай сақтап, саған тапсырып отырмын, балам! Алла жазып өз бауырыңнан ұрпақ өрбісе, соларға ауысар. Тек әйтеуір жерде қалдырма, – деп ұсынған.
Алғашында абдырап қалған Ғафур:
– Әке, мен коммунистпін ғой, совет идеологиясы біздерді атеист болыңдар деп тәрбиелеп жатыр, маған бұндайды ұстауға болар ма екен өзі…, – деген әзіл-шыны аралас.
– Е, немене, кәмөнестің құдайы жоқ деп пе едің? Ертеңгі күн бәрінің баратын жері – бір Алланың алды. Сондықтан сөзімді жерге тастамай, көзіңдей көріп сақтап жүр, балам! – деп жез белгіні Ғафурға тапсырып еді.
***
Ғафур Омбыға аттанғасын, бірер ай өтер-өтпестен «Германиямен екі арада соғыс басталды» деген суық сөз ел ішін жыланша кезіп, тағы да қасіреті мол бір заманның басталғанынан хабар беріп еді. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннен кейін есін жаңа жиып, етек жауып жатқан қаймана халыққа қайғының қара бұлтын үйірген бұл жайсыз хабар Құддыс қария мен кемпіріне де оңай тиген жоқ, есеңгіретіп-ақ тастаған.
«Соғыс» деген қасіретті хабар жеткелі екеуінің көзі Омбы жақта. Ғафурдан бір хабар болар ма екен деген үміт баяғы. Әйтеуір, күндерден күндер өте, бұлар зарыға күткен бір жапырақ хат та жетті баладан. «Әке, апа, сау-саламатсыздар ма? Амандықтарыңызды тілеймін! Сіздерді көре алмайтын болдым. Өкінішті! Өзім сұранып майданға аттанып барамын. Осындай қиын-қыстау шақта Отанды біз қорғамағанда, кім қорғайды?! Енді тек аман көрісуге жазсын! Тілекші болыңыздар! Бір өкінішті жері, келіндеріңізді көрсете алмай кетіп барам. Майданнан аман-сау оралсам, жетектесіп барамыз ғой. Тек соған жазсын деп тілеңіздер.
Әке, өзіңіз берген «жез белгіні» Разияға, болашақ келіндеріңізге тапсырып кеттім. Кім біледі… мен алыс сапарға кетіп барам, өмірге ұрпақ келсе, соның қолында болсын дегенім ғой», – депті.
Ұлының майданға кеттім деп жазғанын білген кемпірі: «Құдай-ау, несіне жібердім екен жалғызымды сол атың өшкір Омбыға!», – деп дауыс салған. Бұл ақырып тоқтатты:
– Жап аузыңды, жаман ырым бастамай. Осы жерде жүрсе, соғысқа алмайды деп пе ең?! Енді тек Алладан амандығын тілейік! – деген.
***
… 1943 жылы жаз айларының бірінде «Майор Ғафур Алтаев Батыс майданда ерлікпен қаза тапты» деген «қара қағаз» әуелі Омбының әскери комиссариатына, одан соң араға айлар салып Темірқаланың түбіндегі шағын ауылға да жеткен еді…
***
Есіктің алдындағы кәрі теректің түбінде темекісін бұрқылдата шегіп отырып, Құддыс қарт осының бәрін ойдан өткізген. Бір елдің пірі атанған Алтай қажының арты осылай болар деп кім ойлаған. Енді мен бұл дүниеден кеткесін, біздің әулет тіпті өмірге келмегендей болады екен-ау. Алтай қажы деген адамның аты да, ұрпағы да біржола ұмытылады. Ертеде үлкендер айтып отыратын «жалған дүние» деген осы екен ғой деп күрсіне толғанған.
***
Сұрапыл соғыс аяқталып, бейбіт заман орнағасын, ел іші де аздап еңсе көтере бастады. Елуінші жылдардан бері қарай асқасын, үкімет баяғы колохоз уақытындағы «еңбеккүн» дегенді жойып, кәдімгідей ақшамен айлық еңбекақы төлейтін болған. Құддыс ақсақал да қарап отырғанша кемпірдің шай-суына сеп болсын деп, жалақысы жарытымсыз болса да, орталықтағы дүкеннің күзетіне шыққан. Бұның дүкен деген аты болғанымен, ішінде кісі қызығарлық дүние тұрмаса да, екі адам кезектесіп күзетеді. Бүгін өзінің кезегі. Кешқұрым солай қарай баруы керек.
Сөйтіп көз байланбай тұрып кемпірінің берген бір тілім наны мен бір әшмөшке шайын дорбасына салып, орталықтағы дүкенге жеткен.
Күндегі әдетінше, өздері баспана қылып жүрген шағын үйшіктің іргесіне арқасын сүйеп, темекісін шегіп отыр еді, ауданның сауда қызметіне басшы болып жүрген шолаққол Жексен келді. Оның мезгілсіз жүрісінен секем алып қалып еді, шынында да айтары бар екен.
– Құдеке, сақ болыңыз! Омбының балалар үйінен біраз бұзақылар қашып кетіпті. Солардың кейбірі мына Шарлақ арқылы осында жетіпті дейді. Қазір әркімнің қорасына, үйіне түсіп жүрген оқиғалар бар, байқаңыз! – деген.
«Ішінде алары жоқ сенің дүкеніңе кім тиер дейсің» – деп іштей мырс еткен Құддыс «жарайды» деп құлықсыз басын изей салған еді.
Көз байлана бере күйе-күйе болған жаман шәугімге су қайнатып, бірер тостақ шайын ішіп, темекісін бұрқыратып біраз отырды. Уақыт өтсін деп қос дүкенді бірер айналып шығып, күркедегі ағаш төсегіне келіп жантайған. Түн ортасына жақын түс көріп оянды. Өзінің Ғафуры екен дейді. Баяғыша ашық-жарқын мінезі, мәз болып күліп жүр. Қолында құндақталған нәресте, бұған ұсынып: «Әке, немереңіз мынау, алыңыз!», – дейді. Осылай жатып оянып кетті.
Жаңағы көрген түстің әсерінен арыла алмай біраз жатып еді, кенет дүкен жақта біреулердің дауысы естілгендей болды. Апырмау, бағанағы Жексен шолақтың айтқаны шын болды ма, кім екен бұлар, білейінші деп орнынан тұрған.
Жаман мылтығын алып, еппен басып дүкенді айналып еді, шынында да үш-төрт адам есіктегі құлыпқа үңіліп, шұқылап жатыр екен. Тіпті бұның таяғанын да сезер емес. Не істесем екен деп сәл тұрды. Тарс еткізіп атып, зәресін алайын десе, мылтығы түскірдің оғы жоқ. Есіктің құлпымен әуре болған аналар бұның жақындап келгенін де сезер емес. Бұл тура желке тұстарына барып: «Әй, кімсіңдер?», – дегенде ғана әлгілердің бірі «атас, бегите!» деп, жан-жаққа бытырай қашқан. Қария тым болмаса біреуін ұстап қалайын деген оймен кейіндіп қалған бірінің желке тұсынан мылтықтың дүмімен сілтей ұрып қалды. Омақаса құлаған оған жақындап барып, еңкейіп көз салып еді, он үш, он төрттердің шамасындағы жап-жас бала екен. «Қап, қолым қатты тиіп жазым болып кетпесе жарар еді?» – деп ойлаған шал баланы шалқасынан жатқызып еді, ыңырсып дыбыс бергендей болды.
«Е, тірі екен ғой!» деп қуана күбірлеген қария баланы екі иығынан ұстап сүйрелей отырып, өзінің күркесіне жеткізген. Әупірімдеп ағаш төсеккке жатқызып, шырпы жағып, баланың жүзін әрі-бері қараған болды. Әйтеуір, бет әлпеті қазаққа келетін сияқты. Сосын бүгжеңдей басып, құмандағы судан баланың бетіне шашып еді, ол есін жиғандай айналаға көз салып: «Где я?», – деді сыбырлай тіл қатып. Бұл тостағанмен салқын шай ұсынып еді, бала бірер жұтып, бағанағы сұрағын тағы қайталады.
– Я – сторож, охран, …күзет, күзет, – деді шал шамасы жеткенше түсіндіріп.
«Сторож» деген сөзі естіген бала милицияға тапсырады деп қауіптенсе керек, тұра салып қашпақ болып еді, алған соққының әсері ме, басы айналғандай сүріне құлады.
Шал тағы да сүйеп әкеп жатқызып, өзінше баланың көңілін жайландырмақ болып білгенін айтап жатыр.
– Әй, бала, сынок, …сен қорықпа, қазір домой пойдем, бабушка бар онда, кушать будем, шай, бар, нан бар….
Шалдың жаман ойы жоқ екенін бала да сезсе керек, осындай кейін тынышталған.
Күн шығар-шықпастан шал жаман мылтықты ағаш төсектің астына тығып, күркенің есігін бекітіп, баланы ертіп алып үйіне беттеді.
Шалының тым ертелетіп келгеніне таң қалған кемпірі есік ашып, оның қасындағы шаш-тырнағы өскен, киімі алба-жұлба баланы көріп: «Кімді ертіп келген мына шал?», – деп ернін бір сылп еткізген.
Құддыс қария баланы теректің түбіндегі сәкіге отырғызып, бастан-аяқ тағы да бір көз салып шықты. Құдай-ау, жаңа байқады, мына бала өзінің Ғафурынан ауса не қылсын, тура сойып қаптағандай. Қоңқақтау келген мұрны, маңдай шашының қиғаш біткені, тіпті адамға мойын бұрып қарасына дейін ұқсап қапты.
Қарияның жүрегі алабұртып кеудесіне сыймай, білгенінше орысша-қазақшасын араластырып, баланың жөнін сұрады.
– Детдомовский я, – деген бала мұрнын қос-қос тартып. – Алтай меня зовут. Отца я не видел, он из фронта не вернулся, а маму убили хулиганы…
«Атым – Алтай» деген баланың сөзінен соң тіпті дегбірі қашқан шал не істерге білмей, сасқанынан:
– Кемпір-ай, – деп дауыстаған. – Кемпір-ай, Ғафуржаннан қалған жейде мен шалбар бар ма, әкелші бері. Мына байғұс баланың үстіндегі киім деген тек аты ғана екен. Әкелші..
– Не дейді мына шал, қайдағы бір қаңғыған балаға киім бергені несі! – деп күңкілдеген кемпір ақыры көнетоздау бір жейдені алып шығып, шалға ұстатты.
– Әй, балам, бері кел, мә, одевай, хороший рубашке, жейде, киіп ал, – деп орысша-қазақша араластыра сөйлеп балаға ұсынған.
Осы шал рас айтып тұр ма дегендей, сақтана жақындаған балаға шал тағы да: «Раздевай.., шешін, киіп ал мынаны» дегесін, бала екі жеңі сауыс-сауыс, өн бойы жамаудан көрінбейтін кенеп көйлегін басынан асыра шешкен.
Шал жаңа байқады, бала жейдесін шешіп бері бұрылғанда, мойнына тағып алған крес секілді бірдеңесі бар екен, күннің сәулесімен шағылысып жалт ете қалды.
«Мынау ит мойнына крес таққан кәпір болып шықты-ау! Мейлі кім болса да адамның баласы ғой, сауабы Алладан болар» деп ойлаған қария балаға жақындап барып көз салып еді, мойнындағы крес емес, дөңгелек пішінді сарғыш түсті зат екен. Көзіне жылы ұшырағасын, жақындап көрейінші деп, баланы иығынан тарта ұстап, мойнына асқан затқа үңіле қарап еді, баяғы өзі Ғафурына тапсырған Алла аты мен Құран аяты жазылған дөңгелек жез белгі көзіне оттай басылды. Иә, сол, әкесі Алтай қажыдан қалған жез белгі еді бұл. Тура сол!
Әп-сәтте қос тізесі дірілдеп, бойынан әлі кетіп қалған Құддыс қария қос жанарынан жас парлап: «Құдай-ау, сен шынымен-ақ Ғафурымның көзімісің!», – деп иегі кемсеңдей сөйлеп, баланы құшақтай бере құлап бара жатты.